Accessibility links

Дау туғызған «Байғұс латифундист» филологиялық сараптамаға тағы жіберілді


Алмас Көшербаев сот залында. Алматы, 14 қаңтар 2009 ж.
Алмас Көшербаев сот залында. Алматы, 14 қаңтар 2009 ж.

«Тасжарған» газетінде 2008 жылдың 14-ші сәуірінде жарияланған Алмас Көшербаевтың «Байғұс латифундист» деген мақаласына байланысты бүгін болған соттың үшінші отырысына арыз беруші, мәжіліс депутаты Ромин Мадиновтың өзі келген жоқ.

Ал депутаттың адвокаты София Кулинич болса, осының алдында ғана мақала мәтініне филологиялық сараптама жасаған «Әділ сөз» халықаралық ұйымының қорытындысымен келіспейтіндігін айтты. Арызданушы тараптың пікірінше, бұл мақала Әділет министрлігінің қарамағындағы сот-сараптамалық орталығында зерттелуі керек.

Өйткені, «Әділ сөз» қорының сараптамалық қорытындысының заңнамалық күші жоқ деп санайды Ромин Мадиновтың адвокаты София Кулинич. Ал аталмыш қордың шығарған сараптамалық қорытындысына сүйенсек, дау тудырып отырған бұл мақалада Ромин Мадиновтың ар-ожданына нұқсан келтіретіндей сөздер жоқ.

- Ромин Мадиновтың адвокатының осы іске байланысты нақты талабы жоқ, – деп бастады әңгімесін адвокат Алтай Сабденов. - Бірінші сот отырысы да нақты талаптың болмауына байланысты кейінге шегерілген еді. Олар мақаланы түгелімен теріске шығарып, газет арқылы кешірім сұрауды талап етіп отыр. «Байғұс латифундист» деп аталатын мақаладағы Ромин Мадиновтың ар-ожданына нақты қай сөз немесе қай сөйлем нұқсан келтірді деген сұрағымызға депутаттың адвокаты жауап бере алмай отыр. Егер де, олардың талабы бойынша бұл мақаланың әрбір сөзін сараптайтын болсақ, жұмыс барысында пайда болған құжаттар қалың кітапқа айналады. Соттың үшінші отырысы да арызданушы тараптың тәжірибесіздігіне байланысты кейінге шегеріліп отыр, - деді ол.

"Тасжарған" газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай. Сәуір, 2008 ж.
Ал мақала авторы Алмас Көшербаевтың өзі болса, арызданушы тараптың талабын орындаудан бас тартып отыр. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында «өзінің жеке пікірі үшін Ромин Мадиновтан еш уақытта кешірім сұрамайтынын» айтты.

«Менің ойымша, қазақстандық қоғамда еркін пікір айтқан адамдарды, әсіресе, журналистерді сотқа тартатын депутаттар болмауы керек. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, демократияның негізгі принциптерінің бірі болып саналатын сөз бостандығына жасалып отырған соққы. Сонымен қатар, бұл іс ЕҚЫҰ-на төраға болуға дайындалып отырған Қазақстанға абырой әпермейді», - деді Алмас Көшербаев.

Сонымен, соттың үшінші отырысында да екі тараптың қорғаушылары бір мәмілеге келе алмай тарады. Ромин Мадиновтың адвокаты «Тасжарған» газетінде жарияланған мақаланы түгелімен теріске шығаруды талап етсе, Алмас Көшербаевтың адвокаты олардың өздерінен депутаттың ар-ожданына нұқсан келтірді деген сөздерді тауып беруді сұрады.

Бүгінгі отырысқа соттың шақыртуымен Әділет министрлігінің қарамағындағы сот-сараптамалық орталығының өкілі Әркен Смағұлов келді. Алайда, ол адвокаттардың сұрақтарына жауап беруден бас тартып, сот төрағасынан мақаланы толығымен зерттеп шығуға бірнеше күн уақыт беруді сұрады. Оның өтініші қанағаттандырылып, соттың келесі отырысы 16-шы қаңтарға белгіленді.

«Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақыткүл Мәкімбай бұл дау мақала авторы Алмас Көшербаевқа емес, басылымға қарсы бағытталып отыр деген пікірде. Оның сөзіне қарағанда, осының алдында да қазақстандық басылым беттерінде Ромин Мадиновқа қарсы ауыр сындар айтылған.

«Алайда, ол оның ешқайсысына мән бермеген еді. Енді болса, біздің газетке шүйлігіп отыр. «Латифундист» деген сөз — үлкен жердің қожайыны деген мағынаны білдіреді. Осы сөзге Мадиновтың не үшін шамданып отырғаны белгісіз. Сондай-ақ, ол бұл дауды парламенттің атынан қозғап отыр. Ол осы мемлекеттік органның өкілі болса да, оған мұндай мәртебені ешкім берген жоқ», - деді Б.Мәкімбай.
XS
SM
MD
LG