Accessibility links

Зілзаладан кейін баспанасыз қалған Текелі тұрғындары киіз үйде күн кешуде

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Оралман Сайламқан Қауан. Текелі қаласы. Алматы облысы. 1 шілде 2009 жыл.

Оралман Сайламқан Қауан. Текелі қаласы. Алматы облысы. 1 шілде 2009 жыл.

Алматы облысының Текелі қаласында болған зілзаладан зардап шеккен тұрғындар өз бетінше тапқан уақытша баспаналарда тұрып жатыр. Бірақ олар өз үй-пәтерлерінің суық түскенге дейін қалпына келтірілетіндігіне сенімді емес.

Маусымның 13-і күні Текелі қаласында болған күші 7 баллдық жер сілкінісі 400 миллион теңгенің (2,7 миллион доллар) зардабын әкелді. Жарты айға жуық үйлер мен әкімшілік ғимараттарды тексеріп-зерттеген үкімет комиссиясы осындай қортынды жасады. Бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмысына керекті қаржы мәселесі әлі шешілген жоқ.

Күшті зілзала қаладағы ондаған құрылыс нысандарын қиратып кеткен. Текелі әкімінің орынбасары Геннадий Савинов комиссияның жұмысы жайында Азатттық радиосына былай деп түсініктеме берді:

Геннадий Савинов, Текелі әкімінің орынбасары, Алматы облысы. 1 шілде 2009 ж.
«Зілзаладан соң біз 15 топ құрып, қаладағы барлық көшелерді аралап, келген зардаптың көлемін, кімге қандай көмек қажеттігін анықтадық. Түскен өтініштерді қабылдап, зерттеу жасадық. Қазір әлгі 15 топ басқа бағыттар бойынша жұмыс істеп жатыр. Алдымен олар қандай көлемде зардап келгенін анықтады, енді олар, бюджеттің қаржыландыруын күтпей-ақ, құм, сазбалшық, цемент секілді құрылыс материалдарын әкеліп жатыр».

Зардап шеккендердің көпшілігі бүлінген тұрғын-жайларды қалпына келтіру үшін тек қана өз күштеріне сенуге тура келе ме деп алаңдаулы. Әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектер қатты уайымдап отыр. Киіз үйде тұрып жатқан оралман Сайламқан Қауанның отбасы зілзала қиратып кеткен үйіне кіргісі жоқ, басқа баспана сұрайды.

«Өзім дімкәс адаммын, үйді жөндеуге шамам келмейді. Зілзаладан соң бір түнді далада өткіздік, ал келесі күні біздің ауламызға осы киіз үйді құрып берді. Күн сайын комиссия келіп жағдайымызды көріп кетеді, тіпті облыстан да келді. Бірақ бұл үй енді тұруға жарамайды деп ойлаймын, сондықтан маған басқа үй беруді сұрап отырмын», – деді Сайламқан Қауан Азаттық тілшісіне.

Баспанасын зілзала қиратып кеткен оралман Сайламқан Қауанның отбасы осы киіз үйде тұрып жатыр. Текелі, Алматы облысы. 2 шілде 2009 ж.
Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов зілзаладан зардап шеккендерге тез арада жәрдем жасауға уәде берген еді. Алайда содан бері жиырма күн өтсе де, қаржы мәселесі шешілген жоқ. Зілзаладан бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары тым созылып кете ме деп қорыққан тұрғындар енді қараусыз қалған үйлеріндегі мүлік-заттарын сұғанақ қолдан қорып-сақтауды ұйымдастыруды билік орындарынан сұрап отыр.

Текелі қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Айбасов зардап шеккендердің дүние-мүлкін күзету мәселесі жайында Азаттық тілшісіне былай деді:

«Біз негізінен түнгі мезгілде күзету үшін екі қызметкер бөлдік. Қолдағы бар күштің, патруль топтарының күзетілетін аймаққа неғұрлым жақынырақ болуын ұйымдастырдық. Күзет ұйымдастырылған сәттен бастап қазіргі күнге дейін ол жерде ұрлық, тонау оқиғалары болған жоқ».

Бүгінде Текелі тұрғындарының көбі зілзаладан кейін етек-жеңін жинай бастады. Зардап шеккендердің көпшілігі туыстары мен таныстарының көмегімен уақытша баспаналарда тұрып жатыр. Билік ұсынған жатақханалар бос тұр десе болады.

Адамдарды толғандыратыны жалғыз нәрсе – суық түскенше билік олардың үй-пәтерлерін жөндеп үлгере ме, жоқ па?
XS
SM
MD
LG