Accessibility links

«Уральская неделя» газеті мен оның журналисіне миллиондаған теңге айыппұл салынды


Журналист Лұқпан Ахмедьяров. Орал қаласы, 6 қазан 2009 жыл.

Журналист Лұқпан Ахмедьяров. Орал қаласы, 6 қазан 2009 жыл.

Орал қалалық соты «Уральская неделя» газеті мен осы басылымның тілшісі Лұқпан Ахмедьяровқа «Тенгизнефтестрой» компаниясына моральдық тұрғыдан залал келтіргені үшін өтемақы ретінде 20 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге шешім шығарды.


АЙЫППҰЛДЫҢ ӘЛЕГІ

Орал қалалық №2 сотының судьясы Айша Иргалиева 21 сәуір күні «Тенгизнефтестрой» компаниясының «Уральская неделя» газеті мен осы басылымның тілшісі Лұқпан Ахмедьяровқа қарсы берген талап арызын жартылай қанағаттандырды. Судья талап арыз иесіне 20 миллион теңге айыппұл ретінде төленсін деген шешім шығарды (бұл шамамен 136 мың доллар).

Айта кетелік, сот айыппұл мөлшерін айтарлықтай қысқартты, әу баста мұнай құрылыс компаниясы өзіне келтірілген «моральдық шығынды» 70 миллион теңгеге бағалаған еді (шамамен 467 мың доллар).

Істің насырға шауып, тіпті сотқа дейін ұласуына Лұқпан Ахмедьяровтың 2009 жылдың 6-шы тамызында аталмыш газетте жарық көрген «За ширмой тендера» («Тендер пердесінің астары») деп аталатын мақаласы себеп болған. Мақалада журналист «Тенгизнефтестрой» компаниясы Жымпиты-Қаратөбе бағытында жүргізілер газ құбырының құрылысын тендер өткізілмес бұрын бастап кеткендігін жазыпты.

Сот отырысында шағымданушы тараптың өкілі тендер өткізілмес бұрын компанияның техника мен керекті құбырларды алдын ала әкеліп, болашақ құрылыс орнында күні бұрын жұмысшы ауылы пайда болғанын жасырмады. Дегенмен, «Тенгизнефтестрой» компаниясы журналист Лұқпан Ахмедьяровтың мақаласы мекеменің іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін алға тартып, жаза қолдануды талап етті.

Ал Лұқпан Ахмедьяровтың сөзінше, өте ірі көлемдегі мұндай айыппұлды төлеуге мәжбүрлеу тәуелсіз басылымның банкротқа ұшырауына әкеп соғады.

– Заң аясында менің қолымнан келер нәрсе біреу ғана, ол – сот шешіміне қарсылық білдіру. Өйткені, мұндай көлемдегі ірі айыппұлды төлеу – біздің басылымды банкротқа ұшыратады, – дейді Лұқпан Ахмедьяров Азаттық радиосына берген сұхбатында.

ІС НАСЫРҒА ШАПТЫ

«Тенгизнефтестрой» компаниясының вице-президенті Айбар Ағеділов сотқа дейін «Уральская неделя» басылымының редакциясына шағым түсіргенін жеткізді. Бұл хатта компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтірер айыптауларды редакцияның теріске шығаруы керектігі айтылған екен.

– Біз бұл дауды сотқа жеткізбей, бейбіт түрде шешпек болдық, бірақ, «Уральская неделя» басылымы мұны құптамады. Сосын, сотқа арыз беруге тура келді, біз келтірілген моральдық шығынды өзімізше 70 миллион теңгеге бағаладық, – дейді Айбар Ағеділов.

Азаттық радиосының тілшісі соттасқан компания басшылығынан сот шешіміне қатысты пікірін де сұраған еді. Бұл сауалға Айбар Ағеділовтың жауабы мынадай болды:

– Мен компания президентімен бұл мәселе туралы әлі сөйлескен жоқпын. Сондықтан, соттың бұл шешіміне наразылығымызды білдіріп қарсы шығамыз ба, әлде құп аламыз ба – бұл арасы әзірге белгісіз.

Бұл сот отырысы «Уральская неделя» газетінің алғашқы көрген құқайы емес. Жыл сайын бұл басылымға қарсы ондаған талап арыз келіп түседі екен. Газет мақалаларына қарсылығын білдірушілер қатарында мемлекеттік органдар, жеке меншік компаниялар, шенеуніктер мен кәсіпкерлерді айтуға болады. Дегенмен, оқырмандары арасында танымал басылымның таралым тиражы 18 мың данадан асады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG