Accessibility links

Кавказда тұтқындалған Астана тұрғындарына лаңкестік топ құрды деген айып тағылды


«Әл-Фараби жамағаты» лаңкестік тобын құрды деп айыпталған Жасұлан Сүлейменов. Астана, тамыз, 2009 жыл.

«Әл-Фараби жамағаты» лаңкестік тобын құрды деп айыпталған Жасұлан Сүлейменов. Астана, тамыз, 2009 жыл.

Астанада «Әл-Фараби жамағаты» лаңкестік тобын құрды деп айыпталушы Қуат Жоболаев пен Жасұлан Сүлейменовтың үстінен сот жүріп жатыр. Сотталушылар ҰҚК қызметкерлері бізді қысым арқылы мойындатты дейді.

НАЗРАНДАҒЫ ТҰТҚЫНДАУ

Тергеу барысында куәгерлерге айналып шыға келген топтың бұрынғы мүшелері делінгендерден жауап алу кезінде олардың берген айғақтары оқиғаның келесідей бағытта өрбігенін көрсетті.

2009 жылғы жаңажылдық демалыста Астананың жас тұрғындары бірнеше аутокөлікпен Қызылжарға кеткен, сол жақтан олар пойызбен Қап тауындағы Минералды Суларға аттанған.

Жастар (1980 жылы дүниеге келгендер) ата-аналарына Бурабайда демаламыз деп кеткен. Айтпақшы, бірнеше күннен кейін балаларының ұялы телефондары байланыс аймағынан тыс болып тұрған соң, бірінші болып дабыл қаққан да сол туғандары.

Бірінші топ: мүгедек Жасұлан Сүлейменов, Азат Әбденов, Ілияс Смағұлов және Шонғаевтар топ өздері түсіндіргендей, соңғы кезде Солтүстік Кавказда кеңінен тараған Құранмен емделу курсын алу үшін Назрань қаласына (Ингушетия) бет түзеген.

Бұлардың сөздеріне қарағанда, Назранда оларды ресейлік арнаулы қызмет адамдары халық емшісінің алдынан ұстап әкеткен.

Ал екінші, А. Бейсембаев пен Виталий Гришиннен құралған топ сәл кейінірек, Қазақстанға қайтуға билет сатып алайын деп жатқан жерлерінен Пятигорск вокзалында тұтқындалған.

Назранда тұтқында отырғандарына бір ай өткенде олар «Әл-Фараби жамағаты» деген әлдебір лаңкестік топтың мүшелері екенін айтып айғақ берген. Сол айғақ беру үстінде мұнымен қоса олар «Кавказдағы қарулы бандиттік құрылымдардың сабына тұру, сол арқылы кәпірлерге қарсы күресте мұсылман бауырларға жәрдемдесу ниетінде болғандарын» айтқан.

ЭКСТРАДИЦИЯ, ГРАНАТА, СОТ

Соңыра олар Қазақстанға әкелініп, Астана ҰҚКД-нің тергеу изоляторына орналастырылған. Тергеу ақпараты бойынша, айыпталушылардың пәтерлеріне тінту жүргізілген кезде қол гранатасы, діни әдебиет, діни мағынадағы материалдары бар компакт-дискілер мен флеш-карта табылған.

2009 жылдың маусымында олардың бесеуі босатылған, ал, немере бауырлары – 1976 жылы туған Жасұлан Сүлейменов пен 1987 жылы туған Қуат Жоболаевқа қарсы лаңкестік топ құрды деген айып тағылған. Бүгінде Астананың Алматы соты осы айыптауларға сүйенген қылмыстық істі қарау үстінде.

Куәгерлер А. Чонгаев, Азат Әбденов, Ілияс Смағұлов және Виталий Гришин өздері берген айғақтардың тек белгілі бір тұстарын ғана растады. Олар сотталушылардың Солтүстік Кавказға бұларды ертіп шыққандарын және Жасұлан Сүлейменовтың «Әл-Фараби жамағаты» лаңкестік тобының «әмірі» екенін, ал сол топқа өздерінің мүше екендіктерін үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Олар Астананың №37-мектебінде оқыған, бірін-бірі бала жастан біледі, көбісі бір аулада өскен, ортақ қызығы футбол, қаланың сыртындағы тоғайда пневматикалық мылтықпен атысу және діни білім алу болған.

Прокуратура, судья және адвокаттардың қойған сұрақтарының көбісі исламды тану деңгейіне, «жиһад» және «жамағат» терминдерін түсіну деңгейлеріне байланысты болды.

«ҰҚК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕКІНІҢ БІРІН ТАҢДАУЫМА МӘЖБҮР ЕТТІ…»

Жолы болмаған лаңкестердің бірі 22 жасар Ілияс Смағұлов Құран оқитынын, бірақ, намаз оқымайтынын айтты. Ол дінге қызығушылық танытатынын және иудаизм, христианшылық, ислам негіздерімен танысқанын мойындады. «Жиһад» терминін ол «адамның өзін- өзі жеңуі» деп ұғады.

Оның дүниетанымына айыпталушылардың жасаған ықпалы турасында қойылған сұраққа Ілияс Смағұлов былай деді:

- Маған кім, не айтса да, мен әуелі өзімнің талқыма салам, сосын барып шешім қабылдаймын.

«Мұсылман бауырларға көмектесу ниетің болды ма?» деген сұраққа Ілияс Смағұлов: «Көмектесу керек болса, осында жүріп көмектесу керек, Кавказға барып емес», - деп жауап берді.

Ол өзінің ешқашан Жасұлан Сүлейменовты «әмір» етіп сайламағанын, бірақ, оны Құдайға сенетін жан ретінде құрмет тұтатынын мәлімдеді. Ал, өзінің мәртебесі жайында Ілияс Смағұлов былай деді:

- Мен Құдайға келген жоқпын әлі, бірақ, ниетім бар.

Алдын ала тергеу кезінде берген айғақтарының кейбір тұстарын жоққа шығаруының себебін Ілияс Смағұлов былай түсіндірді:

- ҰҚК қызметкерлері: «не 15 жыл түрмеде отырасың, не Жасұлан Сүлейменов пен Қуат Жоболаевқа қарсы куәгер боласың» деп мені екеуінің біреуін таңдауға мәжбүр етті.

ҚҰРАНДЫ ЖӘНЕ ӘЛ-БҰХАРИДІҢ КІТАПТАРЫН ОҚЫҒАН

1989 жылы туылған Азат Әбденов те сот тыңдауы кезінде дінге ешкімнің тартпағанын, лаңкестік әрекет жасауға тапсырма алмағанын айтып, осы бағыттағы өз айғақтарының жалған екенін мәлімдеді.

Бірақ, өз басы Кавказдағы қысым көрушілерге медициналық көмек көрсетуге әзір болғанын (ол студент-медик) жоққа шығармады.

«Құран соғысқа шақыра ма, «жиһад» ұғымын қалай түсінесің» деп сұрақ қойған адвокаттарға Азат Әбденов мынадай жауап қайтарды:

- Жиһад деген Аллаһ жолындағы төзімділік. Құранда қорғануға болатын кездер айтылған, бірақ, жайдан-жай адам өлтір демейді.

Діни әдебиеттер жөнінде айтқан кезде ол кез-келген кітап дүкенінен сатып алуға болатын Құранды, Әл-Бұхаридің (классик ғалым-мухаддис, хадистердің білгірі. - Аутор) кітаптарын оқығанын жеткізді.

Азат Әбденов исламды тануда сонымен қатар Интернетті де, оның ішінде «Кавказ-Центр» (қазір қазақстандық провайдерлер тосқауыл қойған. - Аутор) сайтын көп пайдаланғанын жоққа шығармады.

Азат Әбденов Кавказға барудағы мақсатын:

- Басында мен қарулы құрылымдарға барлау жасағым келді, сосын оларға қосылу-қосылмау туралы шешім қабылдау болды мақсатым, - деп түсіндірді.

ҚҰЛАҚҚА БҰРАҒЫШ ТЫҒУ

«Жиһадшылардың» көрші тобындағы Виталий Гришин де Кавказдағы мұсылман бауырлар қыспақтың астында ма, жоқ па деп, соны анықтау үшін барғанын мойындады.

Ол өз еркімен барғанын, оның алдында Әл-Фараби даңғылының маңындағы тоғайда пневматикалық қарудан атып ойнағанын және спортпен шұғылданғанын айтты. Виталийдің берген айғақтары бойынша, ол исламды саналы түрде қабылдаған, Астананың барлық мешіттеріне барып тұрған және де тек жұма күні ғана емес, басқа күндерде де барып тұрған.

Бұл куәгер ФҚҚ адамдарының Назранда керек айғақтарды бұдан қалай алғанын айтып берді:

- Таяқтарға асып қойып, электр тогімен соқтырса, немесе құлағыңа бұрағыш салса, көрер едім сол кезде болмағанды болды деуге көніп, қол қоймағандарыңды!

Судьяның «басқа дінді қабылдағаныңа ата-анаң қалай қарады?» деген сұрағына Виталий Гришин:

- Ең әуелі менің исламды қабылдағанымды естіген кезде әке-шешем шошып кетті, бірақ, мен оларға жайлап түсіндірдім. Сосын олар мені түсінді, - деп жауап берді.

«Қазір де мұсылмансың ба» деген сұраққа ол: «мұсылманмын, бұл жолдан қайтпаймын» деп жауап қайырды. «Жиһадқа даярлығың қандай?» деген сұраққа Виталий Гришин былай деді:

- Қайдағы әскери жиһад? Мен әлі өзімді жеңе алған жоқпын.

Өзінің айтуы бойынша, ол Назрандағы Ачулук ауылында болған, тіпті орманда жүріп, «түнде қасқыр жеп қоя жаздаған». Бұлардың белгілі ислам уағызшысы Саид Бурятскийдің аудиодәрістерін тыңдағаны судьяның құлағын елең еткізді.

(Саид өзін шейх Әбу Саад Саид әл-Буряти деп атайды, ол Улан-Удэде туған. Жуырда ғана Шешенстан президенті Рамзан Қадыров оны қарулы содырлардың бас идеологы және өзімнің жеке дұшпаным деп жариялаған.)

«Интернетте іздеу сайттары бар, соған кілт сөзді енгізесің», - деп Виталий Гришин түсіндірмекші болып еді, оның сөзін судья: «Интернетте қалай іздеу керек екенін біз білеміз», - деп үзіп жіберді.

Пневматикалық мылтықтан банкілерді ату әдетінің мақсатын сұраған адвокаттарға куәгер Гришин Виталий оның жай ғана ермек екенін айтты.

АЙЫПТАЛУШЫЛАР – АТАҚТЫ МОЛДАНЫҢ НЕМЕРЕЛЕРІ

Айыпталушылардың туған әпкелері Нұрила Сүлейменова біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

- Менің бауырларым – 40-станциядағы (Астананың сырт жағы) атақты молда Сүлейменов Мәжиттің немерелері. Олар аталарының намаз оқығанын бала кездерінен көріп өскен, олардың исламға тез мойынсұнуларының сыры сонда жатыр.

Оның айтуынша, екі бауыры да мектепті беске бітірген, білім-пайым жағынан қатар құрбыларының алды болған, бірақ, Жасұлан Сүлейменов Еуразия университетінің бірінші курсында оқып жүрген кезінде 5-інші қабаттан құлап кетіп, мүгедек болып қалған.

- Ол мүгедек болып жүріп те университеттің екі курсын аяқтады, содан кейін барып қана денсаулығына байланысты оқуды тастауға мәжбүр болды, - дейді тағы бір тәтелері Мәриям Сүлейменова.

САРАПТАМА ЖҮРГІЗУДІ ТАЛАП ЕТУ

Немере бауырларға қатысты қылмыстық істі туыстары негізсіз қуғындау деп бағалауда және олар Қуат Жолобаевтың пәтеріне қожайындардың қатысуынсыз ҰҚК жүргізген тінтудің әділдігіне күмән келтіреді. Сондықтан олар өз-өзінен пәтерден қол гранатасының табыла кеткеніне еш таңданбайды.

Айыпталушылардың туыстары, сондай-ақ, табылған әдебиеттердің «экстремистік» бағытқа жататын-жатпайтындығын анықтап, әділ қорытынды шығаратындай дінтанушылық сараптаманың жүргізілуін талап етуде.

Олардың айтуынша, ҰҚКД тергеушілері Қуат Жоболаевты «бәрін өз мойынына алған» жағдайда мүгедек бауыры Жасұлан Сүлейменовты куәгерлер қатарына ауыстырамыз деп алдап көндірген.

- Олар Қуатты солай алдап соқты, енді ештеңе істей алмайсың. Оның берген айғақтары қылмыстық істің материалдарына енгізілген, ал мүгедек бауырын көмекші әрі «Әл-Фараби жамағатын» құрушы ретінде бекіткен, - деп торығады Азаттық радиосына сұхбат берген ағайындылардың әпкесі.

Оның пікірі бойынша, бауырларымен бірге айыпталушы ретінде ҰҚКД тергеу изоляторында болған басқа куәгерлерге де сол тәсіл қолданылған.

Айыпталушылардың әпкесі Мәриям Сүлейменова. Астана, тамыз, 2009 жыл.
- Балалар қорыққандарынан айтып салған, енді берген айғақтарынан бас тартуда, - деп түсіндіреді Мәриям Сүлейменова.

Қуат Жоболаев мәжіліс соңында, 12 тамызда Астананың Алматылық сотынан 13 жыл бойы медициналық қараумен келе жатқан Жасұлан Сүлейменовке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Судья болса, әзірге бұлтартпау шарасын өзгертетіндей еш негіз көріп тұрмағанын айтып, өтінішті қабылдамай тастады.

ТӘУЕЛСІЗ АДВОКАТТАРСЫЗ

Алайда, айыпталушылардың туыстары ең алдымен – 2009 жылдың ақпанында айыпталушылар Қазақстанға әкелінген күннен бастап бізге тәуелсіз адвокат жалдауға рұқсат бермей келеді деп шағым айтуда. Туыстарының қорғаушы болуына да рұқсат бермеген. Айыпталушылардың туыстары тағайындалған мемлекеттік адвокаттардың бір де бір рет Астана ҰҚКД тергеу изоляторына бармағанын және ағайындылардың әлі күнге не айып тағылып отырғанын білмейтінін айтты.

12 тамыздағы сот мәжілісінің соңына таман судья Нұрлан Баяхметов пен айыпталушы Қуат Жоболаевтың арасында болған диалог-дискуссия айыпталушылардың әлі күнге дейін қылмыстық іс материалдарымен толық таныс емес екендігін көрсетті.

Қуат Жоболаев Қазақстанның Қылмыстық кодексіне сүйеніп, басқа куәгерлердің айғақтарымен таныстыруды талап етті, судья оған қылмыстық істің барлық материалдарын ұсынуға міндетті еместігін айтып, оған адвокатпен бірге жеті томның екеуімен келесі мәжіліске дейін танысып шығуға ұсыныс жасады.

Әдетте, осындай жағдайларда айыпталушының құқығын шектемеу туралы өтініш жасайтын, судьяға қорғалушыға жолатпай жатқанын айтуға тиіс мемлекеттік адвокаттардың қорғау әдісі де біртүрлі күдік туғызарлықтай.

Тағы да сот процесінің куәгерлеріне қойған адвокаттардың жетелегіш сұрақтары айыптау тарапының сұрақтарына көбірек ұқсайды.
XS
SM
MD
LG