Accessibility links

Лаңкестікпен күрестің әлемдегі ең сәтсіз әдістері


Лаңкестік қылмысқа қатысы бар деген күдікпен түрмеге қамалған тұтқын. Саргодха, Пәкістан, 2 ақпан 2010 жыл.
Лаңкестік қылмысқа қатысы бар деген күдікпен түрмеге қамалған тұтқын. Саргодха, Пәкістан, 2 ақпан 2010 жыл.

Әлем елдері діни лаңкестікпен күрестің алуан түрлі бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Олардың кейбірі сәтсіз аяқталды. Әсіресе, түрмеге қамап жазалау арқылы жөнге салуды көздейтін әдістің пайдасы шамалы болып шықты.


Германия


Америкалық «Форин полиси» журналы шілде айының соңында бірқатар елдердегі лаңкестікке қарсы күрестің алуан түрлі әдіс-тәсілдерін қарастырған зерттеуін жариялады. Мақала ауторы Джошуа Китинг соның ішінде лаңкестік топтарды ауыздықтау мәселесінде айта қаларлықтай тиімділігімен көзге түскен тәсілдер туралы әңгімелейді.

Немістің ресми мағлұматтарына қарағанда, Германияда 36 мың мүшесі бар кем дегенде 29 радикалды ислам ұйымдары бар көрінеді. Олардың арасында Пәкістандағы соғыс әрекеттеріне қатысы бар дейтін «Герман Тәлібі» деп аталатын ұйым да бар.

Біртіндеп қанат жайып келе жатқан радикалдану үрдісіне қарсы тұру мақсатында неміс барлау мекемесі «Шығу бағдарламасы» деп аталатын жаңа әдіс-тәсіл жасағандығын жария етті.

Бағдарламаның негізгі өзегі - радикалды топтардан өз ықтиярымен кеткісі келетіндер үшін арнаулы телефон желісін құру. «Хатиф» деп аталатын бағдарлама (араб тілінен аударғанда «Телефон» деген мағынада) діни экстремистер қатарынан шыққысы келетіндерге арналған.

Яғни бағдарламада өзге де жәрдемдермен қатар мұндай адамдарды жұмысқа орналастыру немесе діни топтардан іргесін аулақ салу үшін өзге жерлерге көшіру мәселесін қарастырады. Тұрақты телефон желісінде неміс, араб немес түрік тілінде еркін сөйлейтін адамдар жұмыс істемек.

Арнаулы телефон желісінің құрылғанын хабарлай отырып Ішкі істер министрі Томас де Маизьер жұртшылықты тыныштандыруға талпынып көрді. Мұнысы негізсіз де емес еді.

Өйткені «Хатиф» жаңадан пайда болған ұлтшыл жастардың радикалды ұстанымдарына тосқауыл қою жөнінде 2000 жылдардан жүзеге асырыла бастаған Германияның бұрынғы бағдарламасы негізінде жасалған болатын. Мұндай телефон орталығына 33 мыңға жетеқабыл жас скинхедтерден хабарласқандар некен-саяқ қана еді.

Йемен

Лаңкестерді бейбіт өмірге қайт бейімдеу мәселесінде, әсіресе 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-тағы лаңкестік шабуылдан соң Йемен көшбасшы болып саналды. Йемен үкіметі алғашқылардың бірі болып реабилитациялық бағдарлама қабылдады. Алайда, көптеген мамандар мен бақылаушылардың пікірлеріне қарағанда, «Діни сұхбат комитеті» деген атаумен мәлім бұл бағдарлама да, өкінішке қарай, сәтсіз болып шықты.

Бағдарлама бойынша Йемен абақтысына қамалған тұтқын радикалдар оларды зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақыратын жекелеген діни кеңесшілермен «теологиялық жекпе-жекке» тартылды. Айтыс-тартыс небәрі бірнеше күнге ғана созылды. Пікірталас аяқталған соң тұтқындар босатылып, бұрынғыдай бақылауға алынбайтын болды.

Тұтқындарды «қайта тәрбиелеу» барысында бір қауіпті тенденция байқалды. Оларды «Йемен - мұсылман мемлекеті» деп сендірді. Сөйтіп
Йемендегі лаңкестікке қарсы жаттығулардан көрініс. 6 қаңтар 2010 жыл.
оларды ел ішіндегі лаңкестіктен бас тартуға көндірмек болды.

Яғни Йеменнен тыс жерлерде де ұрыс қимылдарын бас тарту жайы күн тәртібіне қойылған жоқ. Сондықтан Йеменнің бұл ағартушылық бағдарламасына қатысқандардың кейін де қылмыс жолында жүргені ешкімді таңғалдырған жоқ.

Бостандыққа шыққан кейбір тұтқындардың өлі денесі Ирактағы америкалықтарға қарсы ұрыс қимылдарынан кейін табылды. Ал көпшілігінің қайда жүргені де белгісіз. Қаржы тапшылығының, оған қоса саяси ынтаның да болмауына байланысты бұл бағдарлама 2005 жылы тоқтап қалды.

Лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі арнаулы мамандар аса қауіпті экстремист, Америкада дүниеге келген клерикал Әнуар әл-Әлуақидің түрмеден босатылуын да Йеменмен байланыстырады. Бұл АҚШ-тың Техастағы Форт-Худ әскери базасындағы лаңкес Нидәл Мәлік Хасан мен «Рождестволық жарылғыш» деген лақап атпен танымал лаңкес Омар Фаруқ Әбдімүтәліпке тікелей бағыт-бағдар беруші адам болып саналады.

Пәкістан

Пәкістанда ұрыс қимылдарын жүргізіп жүрген көптеген көптеген радикалды топтар 1997 жылы лаңкестікке қарсы қабылданған заңның осал тұстарын пайдаланып, өз топтарының атын ғана өзгертіп, еркін әрекет етті. Заң бойынша қандай да бір лаңкестік топтың атауы өзгерсе, ол бұрынғы лаңкестік топ болып саналмайды. Жаңа топтың негізін қалаған адам бұрынғы топтың негізін қалаушы болса да мейлі.

Мәселен, 2008 жылғы Мумбаидегі лаңкестік шабуылға қатысты деп айыпталған Үндістанға қарсы «Лашкар-Тейба» радикалды тобына Пәкістан алғаш рет осыдан сегіз жыл бұрын тыйым салған болатын. Алайда оның көптеген көшбасшылары «Жамағат-у-Дауа» деген атаумен ұйымдасқан топ ішінен тағы да бой көрсетті.

Пәкістан үкіметі 2009 жылы ғана заңдағы олқылықтың орнын толтырып, өзгерістер енгізді. Осыдан кейін бұрын тыйым салынған топтың мүшелері қатысқан кез-келген топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

Ресей

2004 жылғы Бесландағы қанды уақиғадан соң көп ұзамай-ақ шешен үкіметі осыған қатысы бар лаңкестердің отбасыларына қарсы жазалау шараларын жүргізді.

Сол жылы шешен партизандарының жетекшісі Аслан Масхадовдың сегіз туысын қуықтай бөлмеге қамап қойып, әбден қорлады, электр
«Ислам лаңкестікке қарсы» атты бұқаралық шараға қатысушылар. Мәскеу, 20 сәуір 2010 жыл.
тогымен азаптады. Қалған лаңкестердің туыстары, тіпті, ұшты-күйлі жоқ боп кетті.

Кейінірек шешен басшылығы өзге тәсілге көшіп, партизан жетекшілері бас сұққан үйлердің барлығын өртеп жіберді. «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының құқық қорғаушылары 2008 жылдың маусымынан 2009 жылдың наурызына дейінгі аралықта кем дегенде 26 рет үй өртелгенін айтады.

Мәскеуден жан-жақты қолдау алған Шешенстан президенті Рамзан Қадыров бүлікшілердің отбасыларына ашық түрде ескерту айтты. Туыстарын ұстап бермегендерге жазаның неше түрін қолданатынын айтып қоқан-лоққы жасады.

Қадыровтың бұл әдісі басқаларға да іздегенге сұраған болды. Көршілес Дағыстанның жергілікті басшылығы ауыл тұрғындарынан тасада қарсылық жасап жүрген ағайындарын бұл әрекеттерден бас тартуға көндіруді талап етті. Өйтпесе оларды ауылдарымен қоса тас-талқанын шығармақ. Дегенмен бұл әдістің де нәтижесі күткендегідей болмады. Ресейде, әсіресе Қап тауындағы қанды қырғындардың тоқталар түрі көрінбейді.
XS
SM
MD
LG