Accessibility links

Құсмұрын түрмесінде өлген сотталушыға қатысты тергеу басталды


Құсмұрындағы УК-164/4 колониясында қаза тапқан сотталушы Қанат Мұхамбетқалиев
Құсмұрындағы УК-164/4 колониясында қаза тапқан сотталушы Қанат Мұхамбетқалиев

Құсмұрында УК-164/4 колониясында сотталушы Қанат Мұхамбетқалиевтің қазасына қатысты тергеу ісі басталды. Сотталушының өліміне қатысты Азаттық радиосының тізбекті хабарларынан кейін, осы істі қарау үшін арнайы тергеу тобы құрылған.


Қыркүйектің 28-і күні Қанат Мұхамбетқалиев этаппен Қостанай облысының Құсмұрын түрмесіне жеткізілген. Қазанның 6-сы күні ол облыстағы Әулиекөл ауданына қарасты ауруханада көз жұмды. Ресми болжам бойынша «тұтқын мидың қабынуынан көз жұмған». Алайда, мәйітті ашу кезінде Мұхамбетқалиевтің денесінде көптеген қарайған іздер анықталған. Оның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, түрменің екі қызметкері қамауға алынған еді.

БАПТЫҢ ӨЗГЕРУІ

Қостанай облысындағы УК-164/4 колониясында жазасын өтеп жатып қаза болған Атырау облысының тумасы Қанат Мұхамбетқалиевтің өліміне қатысты қылмыстық кодекстің 308-ші бабы «қызметін асыра пайдалану» бабы бойынша іс қозғалған. Алайда Алматы және Алматы облысы бойынша түзеу мекемелеріндегі адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрайымы Ардақ Жанәбілованың сөзінше, бұл баптың өзгертілуі ықтимал.

- Құқық қорғаушы Вадим Курамшиннен сотталушының өлімі мен сот медициналық сараптаманың қортындысын алып, саралай келе, азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы бұл істе азаптау фактісі болған деген тұжырымға келіп отыр. Біздің ойымызшы бұл адамды аса қатыгездікпен азаптаған, соның салдарынан ол қайтыс болып отыр. Сондықтан біздің коалиция «адам өліміне себеп болған азаптау» фактісі бойынша іс қозғалуын талап етеді, - дейді Ардақ Жанәбілова.

Қайтыс болған Қанат Мұхамбетқалиевтің ісімен айналысып жатқан адам құқығын қорғаушы Вадим Курамшин, Азаттық радиосының Мұхамбетқалиев өліміне қатысты бірқатар хабарларынан кейін билік органдары істі қолға алғандығын айтады.

Оның сөзінше қазір бұл іске қатысты қылмыстық істен өзге, арнайы тергеу тобы жасақталған. Олар сотталушының өліміне не себеп болғандығын анықтауы тиіс. Курамшин өзінің жақында тергеу тобының аға тергеушісі Елена Тихоненкомен кездескендігін айтады.

- Аға тергеуші, 308-ші бап бойынша жауапқа тарту туралы қаулы шығару -қателік екендігін айтты. Себебі менің келтірген уәждерімнен өзге, бұл бапта адамның өлімі ескерілмеген. Сондықтан бұл іс сотта 103-ші «адам өліміне себеп болған қасақана ауыр зиян келтiру » немесе 96-шы «адам өлтіру» баптары бойынша қаралуы тиіс екендігі анық. Бұған дейін құзырлы органдарға жазған қаншама шағым-арыздарымыз, тіпті президентке жазған хатымыз да нәтиже бермеген еді. Бұл іс Азаттықта жарық көрген мақалалардың арқасында орнынан қозғалды, - деді Вадим Курамшин.

«ЖАЙ СӨЗ ҒАНА»

Курамшиннің сөзінше, ендігі мақсат сотталушының өзіне қол жұмсамағанын, оны азаптап өлтіргендігін дәлелдеу қажет. Ал ол үшін марқұммен сол кезде бірге этаппен келген сотталушылардан жауап алу қажет.

- Олар куәгерлер болуы мүмкін. Дегенмен, әзірге тергеушілер олардан жауап алу былай тұрсын, тіпті аттарын атаудан қашып отыр, - дейді Вадим Курамшин.

Ол ендігіде бұл істі аяғына дейін жеткізу қажет деп санайды. Ол үшін құқық қорғаушыға кәсіби білікті адвокат пен демеуші қажет екен. Бұл істе Курамшинге азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы қол ұшын беруге дайын екендіктерін жеткізді. Олар өз ұйымының атынан бұл істі бақылайтын маман бөліп отыр.

Бұдан бөлек, Курамшин қайтыс болған Мұхамбетқалиевтің өліміне қатысты жалған ақпарат берген Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы мен комитет баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасеновтер қызметтерінен кетуі тиіс дейді.

- Қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз хатшысының адамгершілікке жатпайтын мәлімдемесі наразылық тудырады. Біз баспасөз хатшысының, комитеттің басқа да басшылығын қызметінен кетуін талап етеміз. Себебі бұл көпшілікке жалған ақпаратты таратудан өзге, қылмысты жасыру болып табылады, - дейді Курамшин.

Алайда қылмыстық атқару жүйсендегілер құқық қорғаушының бұл сөзін елеп те жатқан жоқ.

- Ол кім бізге? Бізге ол ешкім емес. Ол осындай әңгімені айтып жүргеніне бір жыл болды. Мен де Азаттық радиосын жабу керек деп айта аламын, дұрыс па? Бұл жай сөз ғана. Сондықтан біз ешқандай жауап бермейміз, - дейді Ғалымжан Хасенов.

УК-164/4 колониясында қаза тапқан 23 жастағы Қанат Мұхамбетқалиев Атырау облысының Құрманғазы ауданының тумасы. Ол отбасындағы екінші бала еді. Ата-анасы Қанат Мұхамбетқалиевтың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 175-бабының 2-тармағы бойынша «ұрлық жасады» деген айыппен бес жылға сотталғаннын айтады.

Алайда, босап шығуына төрт жарым ай қалғанда, қазан айының ортасында Қанат Мұхамбетқалиев Қостанай облысы Әуликөл ауданындағы Құсмұрын ауылындағы түрмеде қаза болған еді. Оның ата-анасы балаларының өліміне түрме әкімшілігін кінәлаған. Ресми орган өкілі «тұтқын мидың қабынуынан көз жұмған» дейді.
XS
SM
MD
LG