Accessibility links

Хандар ескерткіші президент мүсінінен кейін қойылды


Керей мен Жәнібек хандарға қойылған ескерткіш. Aстана, 1 маусым 2010 ж.

Керей мен Жәнібек хандарға қойылған ескерткіш. Aстана, 1 маусым 2010 ж.

Маусымның 1-і күні Астанада, қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың көптен күткен ескерткіші ашылды. Алайда өткен жылы ашылған «Қазақ елі» монументінен орын таппай, Астана қаласының сыртында қалған хандардың ескі ескерткішінің жайы әлі белгісіз.


"МЕМЛЕКЕТТІКТІҢ БЕЛГІСІ"

Астанада көптен күткен Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашты.

«Бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағылымы мол сәулет туындысымен толыға түсті. Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды заманындай ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, қазақтық елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі», деді өз сөзінде Назарбаев.

Президент, бұл елордада Керей мен Жәнібек хандарға жасалып отырған құрметтің алғашқысы емес екендігін, Астананың сол жағалауында екі ханның атын иеленген үлкен көшелер бар екендігін атап өтті.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш ашу рәсімінде сөйлеп тұр. Астана, 1 маусым 2010 ж.

«Астанамыздың он жылдығына орай, елордамыздың бас алаңында зәулім Қазақ елі монументі тұрғызылды. Астана көшелеріне ұлы тұлғаларымыз бен тарихи қалаларымыздың аттары беріліп келеді. Бұның барлығы біздің ата-баба аманатына адалдығымыз бен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болуы қажет», деді Н. Назарбаев.

Ескерткіш мүсіндерінің іргетасынан бастап басына дейінгі жалпы биіктігі 12 метр. Таза қоладан құйылған ескерткіш салмағы 16,20 тонна. Композиция тұтас өз тұлғаларымен жаңа хандықтың ірге көтеруі еркіндіктің орнауын бейнелейтін екі мүсіннен тұрады.

ЕСКІ ЕСКЕРТКІШТЕР ҚАЙДА?

Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішінің ашылғанынан ашылуы қызық болды. Естеріңізде болса, өткен жылдың 20 қазанында Астанада «Қазақ елі» монументі ашылған еді.

Оған Астана әкімдігі Қазақстанның әр аймағынан 70 мыңнан астам адамды жинады. Алайда қазақ елінің іргетасы қалай қаланғанын баяндайтын ескерткіш-ансамбльде қазақтың хан, батырларына орын табылмаған еді. Оның орнында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні қойылды.
Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов ескерткіш ашу рәсімі кезінде. Астана, 1 маусым 2010 ж.

Ал бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп Қытайда арнайы дайындалған ескерткіштер Астананың шетінде, ашық аспан астында қараусыз қалғандығы жайлы Азаттық алғашқы болып дабыл қақты.

Сейсенбі күні ескі ескерткіштерді табу мақсатында оның авторы Сембіғали Смағұловқа хабарласқанымызбен, оның телефоны үнемі «байланыс аясынан тыс жерде» болды. Хандардың ескі ескерткіші бұрынғы орнында да жоқ болып шықты. Тіпті Астана қаласының әкімдігі де бірнеше тонналық ескерткіштердің қайда кеткендігін білмейді екен.

- Бұл сұрақ маған емес, менің білетінім тек ол ескерткіштер қайта ерітілген жоқ, - деп қысқа қайырды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Аспандиярова.

КОМИССИЯ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Астананың төрінен орын табылмай, сыртта қалған хандар мен батырлар ескерткіші төңірегіндегі дау-жанжал бір күні Алматыда, келесі күні Астанада жалғасты. Бұл мәселеде бір тоқтамға келуде Қазақстан тарихшылары Ассоциациясының бастамасымен арнайы сараптамалық комиссия құрылды. Оның құрамына кірген белгілі антрополог-ғалым Оразақ Ысмағұлұлы хандар мен батырлардың бет сүйектерінің пішіндері қазақ халқының антропологиялық ерекшеліктеріне мүлдем сәйкес келмейді деген тоқтам жасады. “Мен қазақ халқының антропологиялық ерекшеліктерін ғұмыр бойы зерттеп келе жатқан адаммын. Сондықтан бұл ескерткіштерді қою қай тұрғыдан алып қарағанда да үлкен қателік болар еді”, деді ғалым.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен президент әкімшілігінің жетекшісі А.Мусин. Астана, 1 маусым 2010 ж.

Комиссия қортындысында:

1.Хандар мен батырлардың мүсіндік пішіндері қазақ халқының антропологиялық ерекшеліктеріне мүлдем сәйкеспейді;

2.Мүсіндердегі тарихи тұлғалардың антуражын, олардың қару-жарақтары, киімдері мен басқа да тұрмыстық элементтерін жасауда тарихи сәйкессіздіктерге жол берілген. Олар қазақ емес қытай жауынгерлерінің сипатына еніп кеткен, - деп көрсетілген.

Сөйтіп, комиссия ұсыныс бойынша биыл Керей мен Жәнібек хандар ескерткіштеріне арналған эскиз-жобалар идеясына Республикалық конкурс жарияланды. Байқауға республика бойынша барлығы 10 жоба ұсынылды. Қорытындысы бойынша астаналық жас мүсінші Ринат Әбеновтың жоба-эскизі үздік деп танылған.

«Құрамына елімізге белгілі тарихшы-ғалымдар, антропологтар, саясаттанушылар мен сәулет өнерінің мамандары енгізілген конкурс комиссиясының пікірі бойынша автор ұлы хандардың сыртқы пішіндерін, олардың ұлттық сипатқа сай келбеттерін барынша нақты бейнелеген», - делінген Астана қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Автор композицияда әсіресе тарихи тұлғалардың антуражы, қару-жарақ ерекшеліктері мен сыртқы киім үлгілері сол дәуірге барынша сай келуіне баса назар аударған.

ҚАТЕЛІКТІ ЖУЫП-ШАЮДЫҢ АМАЛЫ

Қазақстанда соңғы кезде ескерткіштер тақырыбы жиі көтеріліп кеткендігін алға тартқан журналист Мырзан Кенжебай, ескерткіштердің қойылуына аса қуанбайтындығын айтады.
Керей мен Жәнібек ханның ескерткіші ретінде комиссия лайықсыз деп тапқан нұсқалардың бірі

- Өткен жылы уәде етілген хандардың ескерткіші қойылмады. Президентке жағымпаздардың шығарғаны болуы мүмкін, әйетеуір алдымен қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібекке емес Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойып жіберді. Содан халықтың наразылығына тап болғаннан соң соны жуып-шаю үшін әйтеуір үтіп-бүйтіп екі мүсінді қою керек болған соң қойылған сияқты, - дейді Мырзан Кенжебай.

Хандар ескерткішіне қатысты пікір білдірген саясаттанушы Айдос Сарым, бүгінгі шенеуніктерде волюнтаризмнің белгісін байқалып келе жатқандығын айтады.

- Ескерткіштерге қаншама ақша кетті, алдымен хандардың мүсінін қойямыз деп артынан жағымпазданып президенттің мүсіні қойылды. Мұның барлығы біздің елдегі шенеуніктердің жөнсіз, жағымпаздық мақсатында мемлекетті де, мемлекеттің тарихын да, мемлекеттің қыруар ақшасын да қоқысқа лақтырып тастауға дайын екендігінің көрсеткіші, - дейді саясаттанушы.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG