Accessibility links

Геннадий Павлюктің өліміне қатысты күдіктілер Қырғызстандағы сайлау алдында жария етілді


Геннадий Павлюк, қастандықтан қаза тапқан қырғыз журналисі

Геннадий Павлюк, қастандықтан қаза тапқан қырғыз журналисі

Қазақ полициясы Алматыда мерт болған қырғыз журналисі Геннадий Павлюкті ұрлаған күдіктілердің ұсталғанын хабарлады. Журналист өліміне қатысты жаңа ақпараттардың Қырғызстандағы парламенттік сайлау алдында пайда болып жатқаны сарапшылар арасында түрлі ой-пікір туғызды.


КҮДІКТІЛЕРДІҢ ТАБЫЛУЫ

Қазанның 6-сы күні Қазақстанның Ішкі істер министрлігі өткен жылы Алматыда кісі қолынан өлген қырғыз журналисі Геннадий Павлюкті ұрлауға қатысы бар екі күдіктінің ұсталғаны жайлы қысқа ақпарат таратты.

- Өткен аптада криминалдық полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында Алматыдағы мейрамханалардың бірінде өткен жылы 16 желтоқсанда дене жарақаттарымен қаланың емдеу мекемесіне жеткізілген және соның салдарынан қайтыс болған Геннадий Павлюкты ұрлауда күдікті деген екі азамат ұсталды, - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Қуанышбек Жұманов сәрсенбілік брифингте.

Министрлік өкілдері журналистер қойған өзге сұрақтарға жауап беріп жатпады. - Қалған ақпараттарды тергеу аяқталысымен аласыздар, - деді министрліктің баспасөз хатшысы Олег Ивашенко Азаттыққа.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылғы желтоқсанның 16-ы қырғыз журналисі Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі желтоқсанның 22-і қайтыс болған еді. Осының ізінше қазақ полициясы кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, істі зерттеуге Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау орган өкілдері кірісіп кеткен болатын.

Жыл басында Қазақстанның Ішкі істер министрлігі журналистің өліміне қатысы бар күдіктілердің ізіне түскенін мәлімдеді. Және олардың барлығы да Қырғызстан азаматтары екенін айтқан еді. Осыдан соң екі жақта да ақпараттық үнсіздік орнады. Жарты жылға астам уақыт бойы бұл мәселе жайлы сұраған ақпарат құралдарына министрлік өкілдері «тергеудің құпиялылығына байланысты мәліметтерді жария ете алмаймыз» деп жауап беріп келеді.

КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ ПА, ӘЛДЕ...?

Осындай үзілістен кейін Қырғызстандағы парламент сайлауы қарсаңында осы іске қатысы бар екі күдіктінің ұсталғаны туралы ақпарат жария болып отыр. Бұған дейін яғни, қыркүйектің 24-і күні Геннадий Павлюкпен тығыз қарым-қатынаста болған, Қырғызстанның «Атамекен» партиясының төрағасы Өмірбек Текебаев Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен еді. Осылардың барлығы кездейсоқтық па, әлде мұның сайлауға қатысы бар ма деген сұраққа сарапшылар әртүрлі жауап береді.

Қырғыз омбудсмені Алмамбет Шықмамбетов Павлюктің ісіне қатысты күдіктілердің табылуы өз міндетін толық атқарып жүрген қазақ полициясы жұмысының жемісі. Және бұдан саяси астар іздеудің қажеті жоқтығын айтады.

- Павлюк «Атамекен» партиясымен, оның төрағасымен тығыз қарым- қатынаста жұмыс істеді. Кейбіреулер мұны партияны жарнамалау үшін Қазақстан билігінің жасап жатқан көмегі деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Қазақстан сияқты беделді мемлекет Қырғызстандағы партияға танымал емес әдіспен қолдау көрсетеді деп ойламаймын. Павлюкке қатысты қылмыстық істің ашылуы партияның беделін жоғарылатпайды да, төмендетпейді де, - деді Алмамбет Шықмамбетов.

Қырғыз журналисті Құбан Әбдімен журналист ісінің саяси құралға айналуын жоққа шығармаса да, кесімді тұжырым жасамады.

- Мұның Қырғызстандағы сайлаумен қаншалықты байланысты екенін айту қиын. Назарбаев пен Текебаевтің кездесуін ескерсек, бұл біреуді жарнамалау үшін жасалған акция болуы әбден мүмкін. Бірақ бұл жерде нәтижесін тосқан абзал сияқты. Неге десеңіз, егер партия бұл істі жарнамалайтын болса, онда бәрі түсінікті болады, - деді Құбан Әбдімен.

Қазанның 8-і күні Бішкекте Геннадий Павлюкке арналған ескерткіштің ашылу салтанаты ұйымдастырылмақ. Мамандар бұл да сайлау алды дайындықтардың бірі болуы ғажап емес дейді.

- Мұны да пиар-компания ретінде қарауға болады. Себебі, Павлюк өмірінің соңына дейін Текебаевпен бірге қызмет атқарған. Текебаев сайлау алдында сайлаушыларының мүдделеріне орай компанияны пайдалануға тырысуы мүмкін. Бірақ екі оқиға кездейсоқ болуы да мүмкін. Нақты кесіп айта алмаймын. Ал тергеуді тезірек аяқтап, халықаралық қауымдастыққа шынайы жағдайды көрсету Қазақстанға сын, - деді Құбан Әбдімен.

Павлюктің ісіне қатысты әңгімелердің неге бұрын айтылмағанын меңзеген саясаттанушы Айдос Сарым мұның Қырғызстандағы сайлауға қатысы бар деп пайымдайды.

- Қазақстан мен Ресей бүгінгі күні «Отынбаева, Текебаев және Құлов» триадасына үміт артып отыр. Солардың билікке өткенін және солардың өз елінде жасап жатқан тіршіліктеріне қандай да бір сеп болсын деп жасап жатқан шара ма деп ойлаймын. Мен білсем, іске қатысушылардың аты- жөндері біздің арнайы қызмет органдарына жасырын болмаған сияқты, - деді Айдос Сарым.

Ал Өмірбек Текебаевтің өзі болса, Назарбаевпен кездесуде журналистің ісі жайлы әңгіме болмағанын айтады.

- Әңгіме өте қысқа болды. Осы уақыттың ішінде тек аймақтық қауіпсіздік мәселесін талқылап ғана үлгердік, - деді Өмірбек Текебаев Азаттық тілшісіне.

Айта кетейік, Қырғызстанда қазіргі таңда сайлауалды науқандар жалғасып жатыр. Парламенттік сайлау қазанның 10-ы күні өтеді. Парламенттегі 120 орынға 29 партия таласады. Оның ішінде Қырғызстан уақытша үкіметі мүшелерінің партиялары мен оппозициялық күштер де бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG