Accessibility links

«Үшінші күштің» пайда болуы биліктің бөліншектенгенін және оппозицияның әлсіздігін білдіреді дейді кейбір саясаткерлер. Ал енді біреулері оларды қылмыстық құрылымдармен тұтасып кеткен биліктің өзі құрған деп жатыр. Олай болса, «үшінші күштің» артында не тұр?

Ақ орданың астыртын құпиясы

Сарапшылардың, құқық қорғаушылардың, оппозицияның ортақ пікіріне қарағанда, қазақстандық биліктің кейбір әрекеттері, нақты айтқанда, оппозицияның белсенділері мен көсемдеріне қарсы жаңа қылмыстық іс қозғау, басы қатты шу туғызған, ал аяғы сәтсіз аяқталған «Құлекеев ісі», оппозициялық баспасөзге қарсы жаңа тергеу істері, әсіресе Ақ орданың ЕҚЫҰ төрағалығы қарсаңында, Қазақстанның халықаралық имиджіне нұқсан келтіреді.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың Азаттық радиосына берген сұхбатында сенімді түрде мәлімдегеніндей, президент әкімшілігінің бұл іске, атап айтқанда, оппозиция көсемдерінің ісіне «ешқандай қатысы жоқ». Президент кеңесшісінің пікірінше, « бұл İшкі істер министрлігінің ойланбай жасаған бастамасы».

Алайда тәуелсіз журналист Сергей Дуванов, Ермұхамет Ертісбаевтың "қауіпті қылмыскерлерді жасырғаны үшін" деген күнә тағып, оппозицияның көсемдеріне қарсы қылмыстық іс қозғаған Қазақстан ішкі істер министрлігі мен атышулы «Құлекеев ісін» қолдан жасаушы қаржы полициясы президент Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілігінің келісімінсіз әрекет етеді деген бұл мәлімдемесімен мүлде келіспейді.

Сергей Дуванов: «Бірінші. Біздің билік өзінің қандай да болмасын әрекеттерінің негізінде пайда болған әрбір жағымсыз нәтижені қадағалап отырады деп ойламаймын. Бізде айтылып жүргендей билік бұған әлдеқашан «қол сілтеп», өзінің ойындағысын жасай береді.
Екінші. «Құлекеев ісімен» және ағайынды Байсақовтарға байланысты бірқатар оппозиция көсемдеріне қарсы іспен жұмыс жүргізіп отырған үшінші күш емес. Бұл жоғары жақтың өзі мақұлдаған – Ақ орданың саяси тапсырысы және ағайынды Байсақовтарға байланысты іс - Ғалымжан Жақияновты көздеп отыр. Оның жазасын өтеу мерзімі аяқталып келеді, сондықтан да билік Ғалымжан Жақияновқа тағы да қандай істі «артып қоюға» болады деп бас қатыруда, өйткені оның тағы да саясатқа оралуы мүмкін ғой»

Сонымен «үшінші күш» дегеніміз кім? Рахат Әлиев пе?

Қазақстанда билік мүддесімен келіспейтін, сонымен бірге саяси оппозицияға да қарсы қандай да бір «үшінші күш» болған және бола да береді деген пікірдің ұдайы айтылып жүргеніне бірталай болды.

Сергей Дувановтың мәлімдеуінше, ондай "күштің" бар екенін кезінде Ермұхамет Ертісбаев бірнеше рет айтқан және қазір де жоққа шығармайды , оппозиция да бар екенін мойындап отырған «үшінші күш»- кезінде Қазақстан президентінің күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның тобы деген ұғым болатын

Алайда, кейіннен Австрияда қуғынға түскен уақытында Рахат Әлиев Ақ орданың ас үй саясатына қатысуы басқа топтардың көсемдерінен артық болмағандығын айтқан еді. Рахат Әлиев сонымен бірге Ақ ордададағы өзінің жағымсыз бейнесі әуел бастан – ақ сарайдың жазылмаған ережелеріне сәйкес арнайы сомдалып, ақылды да әділетті патша тұсындағы ақымақ - Иванушканың рөлін бәрібір біреу ойнауға тура келді дейді.

2002 – 2005 жылдардағы оппозициялық журналистерді және саяси оппозицияның өкілдерін қатал түрде қуғындауды, кейбір саясаткерлер мен журналистерді өлтіруге дейін жасалған істерді, сол кезде де және бүгінде президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып отырған Ермұхамет Ертісбаев әлдебір бір «үшінші күштің» «тіміскіленуі» деп түсіндіруге тырысты.

«Үшінші күш» –бұл кім болды сонда? Сергей Дуванов Рахат Әлиевтің тобынан басқа да топтардың бар екенін айтады:
- Ертісбаев және басқа да сарапшылар «үшінші күш» дегенде сол кезде кейбір саяси топтардың, оның ішінде Рахат Әлиевтің тобының мүддесін меңзеді деп ойлаймын. Бұл топтан басқа өз ойынын жүргізіп отырған тағы бір топтар бар. Және бұл ойындар кей уақытта оппозицияның әрекеттерімен немесе биліктің мүддесімен де сәйкес келмей жатады.
Бұл күштің иесі Рахат Әлиев екенін айтқан Сергей Дувановтың пікіріне Ермұхамет Ертісбаев екі -ақ ауыз сөзбен түсініктеме береді:
- Бұл Сергей Дувановтың пікірі. Ол барынша тиімді және өмір сүруге құқылы.

Рахат қуылды. Алайда «үшінші күш» көрінбей әрекет етуін жалғастыруда

Сонымен қатар Ермұхамет Ертісбаев бүгінде «үшінші күштің» болуы «әбден мүмкін» деп есептейді. Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында Ермұхамет Ертісбаев:
- Мен бірнеше элиталық топ нақты пайда болды деп ойлаймын, -деп мәлімдеді.

“Свобода слова” оппозициялық газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева «үшінші күш» ол- Рахат Әлиев және ұйымдасқан қылмыстық топ дегенмен толық келіспейді.
Азаттық радиосына берген сұхбатында Гүлжан Ерғалиева: «Рахат Әлиев, енді мәлім болғанындай, екіжүзді Янус болып келген. Яғни ол президент отбасының жақын мүшесі, туысқаны, бір жағынан жоғары мемлекеттік қайраткер болып келген. Ал кейін анықталып отырғандай, ол өте күрделі, жан-жаққа тамыр жайған, аса қауіпті және ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі ғана болған.
Мен Рахат Әлиевтің Қазақстаннан аластатылуымен бірге қауіп сейілді деп ойламаймын. Бұл – осындай тасадағы, көлеңкелі «үшінші күшпен» ұдайы жалғасқан жүйенің нағыз өзі. Себебі «үшінші күш» жеке тұлғалардың жасағаны емес, бүгінгі Қазақстанда үстемдік етіп отырған саяси жүйемен астасып, кірігіп кеткен заңды күш. Сондықтан біз Рахат Әлиевпен шектеліп қалмаймыз. Дүрліктіруші «үшінші күш» бұған дейін болған және бола да беретін шығар»,- деп мәлімдеді.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Асылбек Қожахметов - кезінде елде өз мүдделерін ғана көздейтін азулы «үшінші күштің» бар екенін мойындаған оппозициялық саясаткерлердің бірі. Алайда, оның пікірінше, қазір елде басқа да күштер бар.

Асылбек Қожахметов: «Біріншіден, ол кезде мен де қандай да бір «үшінші күштің» бар екенін мойындағанмын, ол қолайсыз жағдайда, тіпті кейде билікке де зиян тигізетін әрекеттер жасап жатады және онысы қашанда тиімді болатын. Ал қазір «үшінші күштен» де басқа «төртінші, бесінші және т.т. күштер» бар. Биліктің бөлшектенуі жүріп жатыр, ал біз билік тарапынан ондай бірлескен әрекеттерді көрмейміз. Әрине ол басым болғысы келеді, басымдық танытады да. Және өзінің бар ресурсын сақтап қалды.
Сонымен бірге, билік тарапынан жасалған қадамға сәйкес келмейтін бір қадамдардың жасалып жатқанын көреміз. Міне бұл басқа «төртінші, бесінші және т.т. күштер» бар екенін дәлелдейді»,- деп мәлімдейді.

Журналист Сергей Дуванов та осындай пікірде:
«Әрине мұндай күштердің жиынтығы Қазақстанда бар. Мен «үшінші күш» жалғыз емес дегенді айтайын дегенмін.
Менің ойымша, қандай жағдайда да саяси алаңда түрлі көзқарастағы пікірлер орын алады. Бұл арадағы басқа мәселе, өз кезінде Рахат Әлиев арқылы көрінген күштен басқа күштердің ерекшелігі - олар мейлінше жасырын әрекет етіп, саяси аренада көп «көзге түсе бермейді». Дегенмен олардың осы елде бар екені және Қазақстанда қалыптасып отырған жағдайға ықпалы зор екені даусыз».

Ақ орданың үшінші күші

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «үшінші күш» немесе оның сөзі бойынша «элиталық топ» үнемі жасырын әрекет етеді және көбіне биліктің мүддесіне қайшы келеді деген пікірмен келіспейді:
- Келіспеймін, себебі, негізгі, басты ойыншылардың бәрі «Нұр отан » партиясының құрамында. Менің айтайын дегенім, элитаның іске қабілетті, елдің қозғаушы бөлігі бола алатын тобы оны басқарып, ішкі саясат және т.б. саладағы дамудың басты бағыттарын көрсетіп және анықтап отырғандығы.

Жалпы алғанда, Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, ол күштер « мемлекет басшысының бағытын қолдайды, себебі олардың бәрі де бұрынғысынша Н. Назарбаевқа балама болатын ешкім жоқ деп түсінеді. Әсіресе әлемдік қаржы дағдарысы тұсында мемлекет басшысын барынша қолдау керек. Олай болмағанда жағдай ушығып, шиеленісе түсуі мүмкін, сөйтіп ол дағдарыс салдарларын тереңдете түсетін қосымша катализатор ролін атқаруы ғажап емес».

Асылбек Қожахметов барлық «үшінші күш» ресми биліктің иелігінде және сол биліктің қатпарларында қызмет етеді дегенмен келіседі:
- Биліктің өз қатарында екені анық. Яғни олар билікке түрлі дәрежеде жақындаған болса керек және олардың түрлі қаржылай және медиалық қайнар көздері болуы мүмкін. Алайда олардың бәрі де ауқымды, бірақ бірігіп қимылдамайды.
Осыған байланысты Асылбек Қожахметов « Қазақстан мемлекетіне мықты билік немесе күшті оппозиция керек» деп есептейді. Бірақ оның пікірінше, «бүгінде қойнауында «төртінші, бесінші және т.т. күштер» пайда болып жатса, онда билік те бөлшектеніп кеткен, ал оппозиция одан да нашар халде».
«Оппозицияның бытыраңқы екені рас, -деп келіседі Ермұхамет Ертісбаев , -ал бейнелеп айтқанда тартылыстың бірнеше орталығының болуы елде плюрализмнің бар екенін айғақтайды, мұның өзі керісінше мемлекеттің - демократиялық мемлекеттің күші екенін танытады».

“Свобода слова” оппозициялық газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева Асылбек Қожахметовпен де, Ермұхамет Ертісбаевпен де үзілді кесілді келіспейді.
Азаттық радиосына берген сұхбатында Гүлжан Ерғалиева:
«Оппозицияның бұл жерде мүлдем қатысы жоқ. Ол осы топтардың құрбаны ғана болып отыр. Асхат Шәріпжанов, Нури Муфтах және басқа да журналистердің "қапияда" қаза тауып, көздерінің жойылуы, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің өлімі – барлығы да сол «үшінші » немесе «оныншы» күштердің жұмыстарының нәтижесі», -деп мәлімдеді.

Бұл күштердің әрекеттері, өкілеттіктері шексіз -шетсіз, егер қателеспесем, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі КСРО ішкі істер Халықтық комиссариаты жанынан құрылған СМЕРШ тобының өкілеттігіндей деуге болады. Міне осындай «смерштер» Қазақстанда мұздай қаруланып, барынша әрекет жасауда.

Оппозицияға алғыс айту керек. Оппозиция өз өмірінің құнымен Қазақстанда билік пен қылмыстық «үшінші күш» тығыз байланыста, жымдасып жұмыс істейтін жүйе бар екенін дәлелдеп жатыр.
Алтынбек Сарсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділов сияқты оппозицияның жарқын көсемдерінің өлімі арқылы ғана қоғам елде «үшінші күш» немесе «ажал эскадроны» делінетіндердің бар екенін білді. Олар бір адамның мүддесіне ғана лайықталған саяси жүйені қылмыстық әдістермен қорғау үшін ғана адам өлтірумен айналысты, себебі аталған тұлғалар билікке немесе аз ғана туыстық топтың мүддесіне қауіп төндірген еді.

Билік органдары қылмыстық құрылымдармен біте қайнасып кеткенін ашық жариялайтын уақыт әлдеқашан жетті. Мұнда билік «заңды ұры» және тағы да басқа қылмыстық топтардай емес, өздерінің «табиғи» қылмыстық элементтерден гөрі ұйымдасқан, анағұрлым азулы қылмыстық құрылымдарын жасап шығарды. Себебі олар– заңнан тыс, ал жаңа биліктегі қылмыстық құрылымдар – заңнан үстем тұр».

(“Свобода слова” оппозициялық газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиевамен болған сұхбаттың толық нұсқасын жақын күндерде сайтымыздан оқи аласыздар).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG