Accessibility links

Құлыбаевты жауапқа тартпақ болған Әблязовтың өзіне қарсы сот басталды


Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.
Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев өзіне қарсы компромат жариялап, жемқор деп айыптағаны үшін қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовты сотқа берді. Ол өзінің ар-ожданы мен іскерлік беделіне Әблязов нұқсан келтірді деп есептейді.


ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ТАЛАБЫ

Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовке қарсы азаматтық арыз-шағымы дүйсенбі күні түстен кейін Алматыдағы Медеу аудандық сотында қаралды. Істі судья Құралай Калекеева жүргізді. Сотқа жауапкер Әблязов жағынан – адковат Сергей Уткин, талапкер Құлыбаевтың атынан оның өкілі Байрамалы Ахмедов қатысты.

Құлыбаевтың өкілінің айтуынша, сотқа шағым түсіруге Әблязовтың осы жылдың қаңтар айында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәлімдемесі, бұған қоса Азаттық радиосына берген сұхбаты түрткі болыпты.

– 2010 жылы 15 қаңтарда zakon.kz сайтында Құлыбаев мырзаның ар-ожданына нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын, соңында
Талапкер Тимур Құлыбаевтың атынан сотқа қатысқан оның өкілі Байрамалы Ахмедов. Алматы, 14 маусым 2010 жыл.
Әблязовтың қолы қойылған хат жарияланды. Атап айтқанда, хатта 2003 жылы ол «Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының мемлекеттік акцияларын параға сатып алған делінген. 18 қаңтарда хаттың орысша аудармасы «Республика» газетінің сайтында басылды. Ал, осы жылы 19 қаңтарда Азаттық радиосына берген сұхбатында Мұхтар Әблязов сол хаттың авторы екендігін растады, – деді Байрамалы Ахмедов.

Бұған қоса, Құлыбаевтың өкілі қуғындағы бизнесменнің осы хатын жариялаған тағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарын атап өтіп, әрі қарай кәсіпкер хатының қысқаша мазмұнына тоқталды.

Бұл жердегі әңгіме Тимур Құлыбаевтың 2003 жылы көктемде жасаған келісім-шарттары туралы еді. Мұхтар Әблязов хатта келісімдерге сәуір айында қол қойылғандығы, онда биржадағы бағаның қандай болатындығы туралы және ол баға 150 миллион доллардан сәл ғана асуы керек еді деп баяндаған.

«Келісімде Құлыбаев мырзаның өкілі Арлин Киквук мырзаның не алатындығы айтылады. Атап айтқанда, осы жиырма бес пайыз акцияның жартысына жуығы аталған қызметіне төлем ретінде Тимур Құлыбаевқа тегін кетуі керек болған. Содан аз ғана уақыт өткен соң Тимур Құлыбаев дәл осы акцияларды қытай компанияларына 170 миллион долларға сатты және арасында одан дивиденд алып та үлгерді» деп мәлімдеген еді Мұхтар Әблязов.

Бұған қоса қуғындағы кәсіпкер бұл қаржылардың қайда жіберілгендігі туралы деректер келтіреді. «Шамамен елу миллион доллардай ақша оған «Боинг» ұшағын сатып алуға кетті. Қазір ол осы ұшақпен ұшып жүр» деді Мұхтар Әблязов. Осы хатында ол Тимур Құлыбаевты сыбайласқан жемқорлық қылмысы үшін айыптады.

Хатта айтылғандардың барлығын сотта тізіп баяндап өткен Байрамалы Ахмедов бұл материалдарды кейін Мұхтар Әблязовтың өз талабы бойынша қаржы полициясы қарағандығын, ал бұл мекеме деректерге қатысты Тимур Құлыбаевқа қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ деп тапқандығын да ескертіп өтті. Соның негізінде Мұхтар Әблязов келтірген деректер жалған деп шешкен Тимур Құлыбаевтың өкілі аудандық соттан хатты «шындыққа жанаспайды және ол Құлыбаевтың ар-ожданы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді» деп тануын сұрады.

«ИНТЕЛЛИГЕНТТІК ШАҒЫМ»

Айта кетерлік жайт, Тимур Құлыбаев хат авторынан, әдеттегідей моральдық өтем, не болмаса, жауапкердің хат мазмұнын көпшілік алдында жоққа шығаруы секілді талаптар қойып отырған жоқ. Осыны тілге тиек еткен адвокат Сергей Уткин президент күйеу баласының бұл арызын
Сотқа жауапкер Мұхтар Әблязовтың мүддесін қорғаған адковат Сергей Уткин. Алматы, 14 маусым 2010 жыл.
«интеллигенттік шағым» деп атады.

Бірақ адвокат Уткин сотта Құлыбаевтың қойып отырған талаптарымен үзілді-кесілді келіспейтіндігін бірден мәлімдеді.

Бұған қоса, адвокат Уткин Құлыбаевтың өкіліне Әблязовтың мәлімдемесінде келтірілген деректерге қатысты бірқатар сауалдар қойды. Алайда Байрамалы Ахмедов оның хатта келтірілген кісілермен таныс еместігін, компаниялардан хабары жоқтығын айтып, адвокаттың бұл сауалдары арыз-шағым аясынан тыс деп мәлімдеді. Сол кезде Уткин судьядан сотқа Құлыбаевтың өзін шақыртуды сұрады.

– Құрметті сот, онда мен сотқа Тимур Құлыбаевтың өзін шақыртамын. Өйткені оның өкілі мәліметтер туралы ештеме білмейді. Менің ойымша, бұл жағдайдың іс үшін маңызы жоғары, – деді Сергей Уткин.

Құлыбаевтың өкілі адвокаттың бұл өтінішіне қарсылық білдірді. Судья Калекеева да адвокаттың талабын қанағаттандырған жоқ. Судьяның айтуынша, Тимур Құлыбаев өзінің атынан әрекет ету үшін Байрамалы Ахмедовке сенімхат берген.

«ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ КҮМӘН ТУҒЫЗАДЫ»

Бірақ Сергей Уткин сот мәжілісі барысында Мұхтар Әблязовтың хатында айтылған деректердің рас-өтірігін дәлелдеу маңызды екендігіне судьяны сендіруге тырысты. Соған байланысты адвокат Уткин Әблязовтың материалдары бойынша зерттеу жүргізген қаржы полициясының түпкілікті шешімі көпшілікке жарияланбағандығын алға тартып, оның мазмұнына күмән келтірді.

Уткиннің пікірінше, қаржы полициясының деректері де осы азаматтық істің материалдарында болуы тиіс. Яғни, заңгердің сотқа екінші бір талабы – Мұхтар Әблязовтың деректеріне қатысты қаржы полициясының шығарған қорытындысын сотқа алдырту туралы болды.

Жауапкердің бұл талабына Байрамалы Ахмедов қарсы болған жоқ. Судья осы мәселеге қатысты кеңесу үшін үзіліс жариялады. Бірақ судья Калекеева сол кеткеннен сот мәжілісі залына қайтып оралған жоқ. Кейін оның көмекшісі сот залындағыларға адвокаттың талабы бойынша судьяның шешімі сейсенбі күні таңертең шығарылады деп хабарлады.

Сот мәжілісі аяқталған соң Азаттық тілшісі Байрамалы Ахмедовтен арыз-талап барысында аты аталған бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қандайда бір шағым бар-жоғын анықтап білген еді. Сөзге сараңдық танытқан Құлыбаевтың өкілі: «Бұл мәселені біз әлі қарастырған жоқпыз», – деп қысқа ғана қайырды.
XS
SM
MD
LG