Accessibility links

Сот Тимур Құлыбаевтың Мұхтар Әблязовқа қарсы арызын қанағаттандырды


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, топ-менеджер Тимур Құлыбаев. 27 қараша 2003 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, топ-менеджер Тимур Құлыбаев. 27 қараша 2003 жыл.

Алматының Медеу аудандық соты президент Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың үстінен берген талап-арызын қанағаттандырды. Әблязовтың адвокаты бұл сотта өздерін қорғауға мүмкіндік берілмегендігін айтады.


ҚҰЛЫБАЕВТЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРҒАН ШЕШІМ

Маусымның 16-сы күні түстен кейін Алматының Медеу аудандық сотының судьясы Құралай Калекеева жария еткен сот шешімінде қазірде шетелде бассауғалап жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязовтың Тимур Құлыбаевқа қарсы жариялаған деректерінің барлығы шындыққа жанаспайды және ешқандай дәлелсіз деп танылды.

Талап-арыздың иесі Тимур Құлыбаев соттан тура осыны сұраған болатын. Осы сотқа оның өкілі болып қатысқан Байрамалы Ахмедов бұл шешімге риза болды.

– Сот шешіміне толық қанағаттанамыз. Әрі қарай ешқандай қадамға бармаймыз. Қандайда бір өтемақы өндіру мәселесін Құлыбаев мырза өзі шешеді, – деді Байрамалы Ахмедов.

Ал Мұхтар Әблязовтың адвокаты Сергей Уткин болса қорғаушы тараптың барлық дерек-дәйектерін сот назарға алмады дейді.

Жауапкердің өкілі сот мәжілісі барысында бұл деректердің қажеттігіне тоқталып, ол құжаттарды Мұхтар Әблязовтың өзінен алдыртуға судьяның рұқсат беруін сұраған болатын.

– Әблязов ол деректерді беруге дайын. Құжаттарды қаржы полициясынан алдыру ұсынысын сот ресми түрде қабылдамады. Соттың бұл деректерді зерттегісі келген жоқ. Менің ойымша, бұл сот процесі Қазақстанның сот жүйесін жерге қаратты. Өйткені, ешнәрсе дәлелдеу мүмкін емес. Сот ісіне тіркелуі тиіс айғақтардың тең жартысы менің алдымда жатыр. Сондықтан да сот ісінде біз ешнәрсе дәлелдемеген болып шығамыз. Сот шешімінде Әблязов ешнәрсе дәлелдей алмады делінетіні анық. Бізге дәлелдеуге еш мүмкіндік берілмегені және анық, – деді Сергей Уткин шешім шыққанға дейінгі сот отырысында.

Уткин сотқа Мұхтар Әблязовтың деректерінде есімдері аталған адамдарды шақырып, солардың өзінен түсінік алу, іске қатысты әкелген айғақ материалдарды сот ісіне тіркеу, іске толық материал жинауға екі апта уақыт беру туралы өтініш айтқан болатын. Бірақ судья Құралай Калекеева адвокат Уткиннің өтініштерінің ешқайсысын қанағаттандырмай тастаған-ды.

– Барлық дәйек-деректерді шындыққа жанаспайды деп тапты. Міне, біздің сот жүйеміз осындай. Мен бұдан кейін сот шешіміне келіспейтіндігімізді айтып шағымданудың керегі бар ма деген ойға қалып тұрмын, – деді Сергей Уткин сот шешімі шыққан соң.

ҚАРСЫ СОҚҚЫ

Сәрсенбі күні түстен кейін судьяның шешімі жария етілген сот отырысына журналистерді кіргізбей қойды. Мұның себебін журналистерге ешкім түсіндірмеді.

– Меніңше, мұндай сот шешімін баспасөз өкілдері алдында жария етіп, оқуға судьяның өзі де ұялған болуы керек, – деді адвокат Сергей Уткин.

Адвокат үш күнге созылған сот отырысы – соттың қаржы полициясының Мұхтар Әблязовтың деректері бойынша
Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.
Тимур Құлыбаевқа қатысы тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде оған қарсы ешқандай қылмыстық іс қозғалмайтыны туралы қаулының шын мәнінде жоқ екенін дәлелдеп берді дейді.

Адвокат бұған дәлел ретінде қаржы полициясына соттың Тимур Құлыбаевқа қатысты жүргізілген тексеру қортындысы мен қылмыстық іс қозғалмайтыны туралы қаулыны жіберу туралы арнайы сұраным хатына жауап болмағанын атап өтті.

16 маусым күні таңертең басталған сот отырысы барысында адвокат Сергей Уткин судья Құралай Калекеева жауапкер жақтың ұстанымына қарсы болды деп, істі басқа судьяның қарауына беру жөнінде арыз жазған еді. Алайда, адвокаттың арызын қараған судья Бақытжан Тәжіханов істі қарауды судья Құралай Калекеева жалғастыратыны туралы шешім қабылдады.

Биылғы жылдың басында шетелде қуғында жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты «Қытай мұнай компаниясының кейбір басшыларынан пара алды, аса үлкен көлемде күмәнді ақшаны заңдастырып алды» деп айыптаған еді.

Содан кейін Мұхтар Әблязов Тимур Құлыбаевқа қарсы дерек-дәйектерін тізіп Қазақстанның бас прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, ішкі істер министріне және қаржы полициясының төрағасына арыз жолдаған болатын.

Тимур Құлыбаев бұл айтылғандарды жала деп тануды сұрап Мұхтар Әблязовтың үстінен сотқа талап-арыз түсірді.

Мұхтар Әблязов болса өзінің жазған хаты мен ондағы тізіп көрсеткен дерек-дәйектерді Қазақстанның құзырлы орындары қаперге алмай, керісінше, оның өзі мен дос-жарандарына қарсы айып тағып, іс қозғағанын мәлімдеген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG