Accessibility links

Қазақстан «ҚазСат-2» екінші байланыс жер серігін 2009-жылға дейін жасап ғарышқа ұшырмақ


Биылғы жылы маусым айының 18-і күні қазақ топырағы Байқоңырдан ғарышқа Қазақстанның алғашқы байланыс жер серігі «ҚазСат-1» ұшырылған болатын. Бұл қазақстандық жер серігін Мәскеудегі М.В.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы жасағаны белгілі. Ресей мамандары құны 55 млн АҚШ долларына бағаланған бұл жер серігін мерзімінде жасау үшін біраз тер төкседе, Қазақстанның тұңғыш жер серігін толық жасап, оны ұшыру мерзімі белгісіз себептермен бірнеше рет кейінге қалдырылып, ақыры жыл басында ұшырылады деп жоспарланған «Қаз Сат-1» жыл ортасында Байқоңырдан ғарышқа аттанған болатын.

Қазақстанның ғарыштық байланыс орталығының вице-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша, маусым айының ортасында ғарышқа аттанған Қазақстанның алғашқы жер серігінің сынақ мерзімі қыркүйек айының 20-сы күні бітіпті. Қазақстан жағы Ресей жағынан «ҚазСат-1» ді ресми түрде қабылдап алған. Енді кешікпей, яғни қазанның 1-інен бастап «ҚазСат-1» жердегі қазақстандық операторлармен тікелей телебайланысқа шығып, өзінің мүмкіндігіне сай жұмыс міндеттерін атқаруға кіріспекші.

Алайда «ҚазСат-1»-дің Қазақстан жерінің бүкіл аумағын қамту мүмкіндігі шектеулі көрінеді, яғни жер серігі қазақ топырағының 1/3 бөлігін ғана қамти алмақшы. Сондықтан, мамандар енді «ҚазСат-2» жер серігін жасау жөнінде үкіметке ұсыныс жасаған екен. Үкімет тарапынан қолдау алып, бұл жобаға арнап мемлекет қазынасынан 115 млн доллардың қаржысын бөлуге келісіпті.

Қазақстанның ғарыштық байланыс орталығының вице-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша, осыдан бірер күн бұрын «ҚазСат-2» жер серігін жасау жөнінде тендер өтіп, тендерден мәскеулік М.В.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталық тағы да жеңіске жетіпті.

«Азаттық» радиосы тілшісінің әлемде жер серігін жасап ұшыруға маманданған Жапонияның, Францияның, Американың әйгілі компанияларын неге тендерге қатыстырмадыңыздар деген сұрағына, ғарыштық байланыс орталығының вице-президенті былай деп жауап берді:

- Әрине, ондай ойымызда да болды, бірақ та Хруничев атындағы орталықтың мамандары осы жолғы жер серігін алғашқы жер серігінің параметрлерінен де артық етіп істеуге өз уәделерін берді және байланыс жер серіктері ғарышта да бір бірімен байланыста жұмыс істейтіндіктен осы жағын да еске алдық. Сондай-ақ ресейлік мамандар 2009 жылға дейін «ҚазСат-2» ні жасап шығаруға уәде етіп отыр.

«ҚазҒарыш» ұлттық компаниясының конструкторылқ бюросының бас инженері Мұрат Исмайловтың айтуынша, әлемде көптеген елдерде ғарышта өзінікі деген жеке жер серіктері бар. Мысалы, сонау Африкадағы Нигерияның ғарышта жер серігі бар, Түркияда бір емес, екі бірдей жер серігі бар. Ал Қазақстан жаңадан осы ғарыш саласына бой бұрған ел болғандықтан бұл салаға үкімет әлі де көбірек көңіл бөліп, қаржы жағынан көмектескені абзал болмақ. Солай бола тұра Қазақстан ТМД елдері арасында ғарышты игеру жағынан Ресей, Украинадан кейінгі орында дейді ол.
XS
SM
MD
LG