Accessibility links

Қазақстан түрмелерінде тұтқындарды азаптау тоқтамай тұр


Кісен. Көрнекі сурет.

Кісен. Көрнекі сурет.

Діни көзқарасы үшін бес жыл түрмеге отырып шыққан босқын Қазақстан түрмелерінде өзінің құқығын талап еткені үшін ғана адамдарды бір мезетте қалай мүгедек қылып тастайтындығы жайында айтып берді.


БУХЕНВАЛЬДТІҢ КОНЦЛАГЕРІНДЕГІ СИЯҚТЫ

Бұрынғы қазақ тұтқынының айтуына қарағанда, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған елде екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі концлагерлердегідей жазалау түрлері әлі бар көрінеді. Қазақстандық қылмыстық-атқару жүйесінің жазалау тәсілдерін өз басынан өткерген Әділжан Мұздыбаев қазақ түрмелеріндегі азаптаулардың ауырлығы соншалық, тіпті адамды мүгедек қылып тастайтындығы жайында Азаттық радиосына айтып берді.

- Олар заң бойынша кепілдік берілген қарапайым ғана құқықтарын талап еткен тұтқындарды айуандықпен азапқа салады. Қостанай, Ақмола облыстарының түзеу колонияларында ондай «ақылы сауларға» қатысты адам төзгісіз азаптаулар қолданылады. Тұтқындардан келіп түсіп жатқан жасырын хаттарға қарағанда, өзге облыстарда да дәл осылай болса керек. Бір жолы түрмеде отырғанымда Бухенвальд концлагеріндегі азаптаулар жайында советтік кезеңде жазылған Әбдірахмановтың кітабын оқыдым. Қазіргі қазақ түрмелерінде де шамамен осындай тәсілдер қолданылатындығын айтқым келеді. Азаптаулар бірінен-бірі өтеді. Көнгісі келмеген тұтқынды изоляторға апарып қамайды. Содан соң төрт қызметкердің бірі басынан, бірі қолынан т.б. ұстап тұрып ойларына келгендерін істейді. Алдымен резеңке келдекпен өкшесінен ұрады. Өкшеден ұрғанда ауырмайтын сияқты көрінеді, бірақ өкшеден тиген соққы миға бір-ақ жетеді. Балғамен үлкен қоңырауды ұрған сияқты. Егер бұған шыдай алсаң, онда екінші тәсіл іске қосылады. Енді келдекпен майлы жеріңнен ұра бастайды, -дейді Әділжан Мұздыбаев.

Оның айтуынша, азаптаудың бұл тәсілінің салдары жаман көрінеді. Егер адамның құйрығынан келдекпен көп ұра берсе, онда бұған шыдай алмай омыртқа зақымданатын көрінеді. Бұлай азаптаған кезде адамның жүйке тамырлары да қысылып қалып, таяқ жеген бейшара мүгедекке айналады. Ең сорақысы, мұндай азаптаудан соң адамның денесінде ешқандай соққының ізі қалмайды. Осыдан соң
Қазақ босқыны Әділжан Мұздыбаев. Прага, сәуір, 2010 жыл.
сенің омыртқаңды ұрып зақымдағанын дәлелдеп көр.

Әділжан Мұздыбаев болжам бойынша қазақ түрмесі осылай мүгедек қылған тұтқындардың бірі жайында Азаттық радиосының тілшісіне айтып берді.

- Мысалы үшін 1965 жылы туған Марат Сәтхожинды алсақ болады. Азаптаулардан соң ол мүгедек болып қалды. Қалғандарының фамилиялары есімде жоқ. Бірақ, нақты білетінім 2006 мен 2010 жылдардың аралығында Степногорскінің түзеу колонияларында төрт-бес адам қатты азапталып, ақырында қазір балдаққа сүйеніп қалды. Ал кейбіреулері мүлдем мүгедектер арбасына таңылды, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

ӘЙТЕУІР ТҮРМЕДЕН ШЫҒАРМАС ҮШІН

Бұрынғы қазақ тұтқынының айтуынша, түрме қызметкерлерінің бұл азаптауларды жүргізудегі басты мақсаты - адамның ерік-жігерін мұқалту. Әсіресе, өзінің құқықтарын талап еткендерге, діни немесе саяси көзқарастары үшін отырғандарға келгенде түрме қызметкерлері ерекше құтырынып кетеді.

Бірақ қатардағы кәдімгі қылмыскерлердің де түрмеден шығуға мүмкіндіктері аз. Болмашыны сылтауратып олардың да жаза мерзімін соза береді, дейді Мұздыбаев. Оның айтуынша, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде жазылмаған мынадай бір заң бар сияқты. Алты жылға сотталдың ба, түрмеде тағы алты жылды жамап береміз. Осылайша жалғаса береді. Әңгіме мынада. Түрмелер орналасқан жердің жергілікті соттары қоғамдық жұмыстардан бас тартты, тәртіп бұзды-мыс деген желеумен үкімдерді топырлатып шығара береді. Бұл – бұрыннан бері қолданылып келе жатқан ескі тәсіл. Алайда Қазақстандық баспасөзде бұл жайында ләм деп айтылмайды. Осы бір барлық құқықтарынан айрылған тұтқындарды ешкім көрмейтін сияқты.

Мұндай тұтқындарға моральдық қысым жасалады. Әдейілеп олардың шамына тиеді. Содан соң «Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбаушылық» деген бапқа ыңғайлап қолдан іс қозғайды. Бұның барлығын олар патриоттық сезімінің күштілігінен емес, бір ғана мақсатпен - әйтеуір адамның ерік-жігерін мұқалту үшін жасайды, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

Бұрынғы тұтқынның айтуынша, оларға мал сияқты қараған.

- Колонияда бізді маршпен жүруге мәжбүрлейтін. Иә, жай ғана саппен жүру емес, тура парадтағы сияқты маршпен жүргізетін. Біз әр күні
Солтүстік Қазақстан облысындағы түрменің тікенек қоршауы. 9 қыркүйек 2008 жыл.
таңертең тура парадтағы сияқты маршпен жүріп, түрме бақылаушыларының алдынан салтанатты саппен сәлем беріп өтуге мәжбүр болатынбыз. Біздің бұлайша жүруіміз оларға қатты ұнайтын болса керек. Егер біздің жүрісіміз оларға ұнамаса, олар «дұрыстап жүріңдер!» деп айқайлап, қайтадан жүргізе беретін. Кейде парадты завхозға басқартатын. Әдетте елұран аса бір салтанатты жағдайда, ту көтеріліп түсірілгенде, спорттық шаралар кезінде ғана орындалуы керек қой. Ал біз елдің басты әнін күнде айтатынбыз, -дейді ол.

Мұздыбаевтың айтуынша қазақ түрмелерінде мәжбүрлеп жұмысқа салу әдеттегі жағдай көрінеді. Және де тұтқындар түрме ережесіне сәйкес екі сағат емес, таң атқаннан күн батқанға дейін ақысыз жұмыс істейді.

- Әрине, жұмыстан бас тартпайсың ғой, - дейді бұрынғы тұтқын. - Бірақ әдетте мынадай жұмыс берілетін. Алдымен ұзындығы мен ені және тереңдігі екі метрлік шұңқыр қаздырады. Бұдан кейін түрме қызметкері темекі тартып, тұқылын әлгі шұңқырға тастайды да қайтадан көмдіреді. Олар осылайша бізді келемеж қылатын.

АЙУАНША АЗАПТАУ

Түрмешілердің ойдан шығарып алған келемеждерін орындаудан бас тартқан, өзінің өмірлік принциптерінен айнымайтын адамдарды жан түршігерлік қорлау көреді.

- Болмашыға бола ұдайы ұратын. Бірақ азаптаудың бұдан да жан шошырлық түрлері де бар. Төрт адам тұтқынды тапжылтпай ұстап тұрады. Енді біреуі қолына резеңке қолғап киіп, қолын тұтқынның тік ішегіне тығып, тік ішекті ішінен шымши бастайды. Мен мұндай оқиғалар жайында білемін. Бұдан соң тұтқынның тік ішегі бір ай бойы қанап жүреді, азаптауға ұшыраған бейшаралар біраз уақыт талтаңдап жүре алмай қалады. Мұндай азаптаулардан соң есін талайдан соң барып жинайды, - дейді бұрынғы тұтқын Әділжан Мұздыбаев.

Осы жерде айта кететін бір мәселе, қазақстандық түрмелерде осындай азаптаулардың жүргізілетіндігі жайында жергілікті ақпарат
Вадим Курамшинді АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесіне кездесуге кіргізбей тұр. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.
құралдарында мүлдем ешнәрсе жазылмайды десе болады. Жалпы алғанда әлемде осындай азаптаулардың қолданылатындығы жайында интернетте жалпылама ғана жазылады. Азаттық радиосының қызметкерлері түсініктеме берулерін сұрап хабарласқан қазақ құқыққорғаушылары бір нәрсе деп айтуға қиналды. Бірақ, есесіне құқыққорғаушы Вадим Курамшин бізге адамның тік ішегіне резеңке келдек тығып азаптау жайында айтып берді.

Курамшиннің айтуынша, полицейлер презерватив кигізілген келдекті тұтқынның тік ішегіне тығады, ол үшін алдымен санитарлық даярлық жүргізілетін көрінеді, яғни түрмешілерге қызмет ететін тұтқындар әлгі бейшара тұтқынға клизма жасайды. Бұның алдында тұтқынды ұрып, психологиялық жағынан сағын сындырады.

«Резеңке келдекпен азаптау нағыз барып тұрған хайуандықтың өзі. Төрт-бес полицей кінәлі болып қалған тұтқынды тырп еткізбей ұстап тұрады. Ал екі полицей басына презерватив кигізілген келдекті бейшараның тік ішегіне күштеп тығады. Бұдан кейін тік ішегің екі-үш ай емес, өмір бойы қанап жүреді. Үлкен дәретке барған сайын унитаз қанға толып қалады. Дәрігерлер бұны тік ішектегі майда қан тамырларының зақымдануынан деп айтты», - деген куәлік береді Вадим Курамшин. Оның өзі де бұрынғы сталиндік ГУЛАГ аумағындағы қазақ түрмелерінің тамұғынан екі рет өткен адам.

«НАМАЗ ОҚИТЫНДАР ЕСІРТКІ САТУМЕН АЙНАЛЫСА МА?»

Өзінің айтуынша, Әділжан Мұздыбаев кісі өлтірмеген, ешкімге зиянын тигізбеген. Тек бес уақыт намазын оқып, бейресми мұсылман қауымының мүшесі болғандығы үшін ғана бес жыл түрмеге отырып шыққан. Бұны «Таза дін» қауымы деп атайды. Жергілікті баспасөзде оларды уаххабилер деп күстаналайды. Бірақ ол «Есіртікі заттарын сату мақсатында заңсыз сатып алу, тасымалдау, сақтау, даярлау, қайта өңдеу, салып жіберу немесе сату» бабы бойынша отырды. «Қазақстан: Маңғыстаудағы салафилермен күрес» атты баяндамасында мәскеулік құқыққорғаушы Виталий Пономарев Қазақстанда «өзгеше» ойлайтындардың ешқайсысы мұндай стандартты айыптаудан қашып құтыла алған жоқ деп жазды. Аталған баяндамада Әділжан Мұздыбаевтың ісінің қалайша қолдан жасалғаны барынша егжей-тегжейлі жазылған. Біз Әділжанның өзінің айтқанын тыңдап көрелік:

- 2005 жылдың ақпан айында ҰҚК қызметкерлері маған есірткі заттарын өздері салып жіберді. Біз анам екеуіміз базарға барып, азық-түлік алып келе жатқанбыз. Үйге жақындағанымызда біздің жанымызға бірнеше машина келіп тоқтап, олардан ҰҚК қызметкерлері секіріп түсті. Мен азық-түлік салынған дорбалар мен машинаның кілтін анама беріп үлгердім. Содан соң менің қолымды бұрап, анамды бірнеше метр аулақ жерге алып барды. Олардың не үшін бұлай жасағанын кейін барып түсіндім. Олар менің қалтама есірткі салып жатқанда
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу абақтысының қақпасы. Астана, 4 маусым 2009 жыл.
артық куәгердің болуын қаламаған. Менің қолыма кісен салып жатқанда олардың қалтамды тінткілеп, саусақтарыма бір нәрсе жасап жатқанын сездім. Сөйтсем олар героин ұнтақтарын менің тырнағымның астына тығып жатыпты ғой. Содан соң олар мені үйге кіргізіп, тырнағымды алған соң оның астынан героин бөлшектерін тапқан-мыс болып шықты. Үйде әйелім мен екі, үш және алты жастағы үш балам бар болатын. Мен ҰҚК қызметкерлеріне «егер қолымда есірткі бар болса, онда мен азық-түлік пен машина кілтін берген сияқты оны да тастай салар едім ғой» дедім. Бірақ, олар менің сөзіме құлақ асқан жоқ.

Бұл шаралардың ақырғы мақсаты - адамдарды өздерінің бейресми діни нанымынан бас тартуға мәжбүрлеу. Өйтпеген жағдайда тұтқындарды жаза мерзімін өтеп шыққан соң да бостандыққа шығармайды, дейді құқыққорғаушылар. Олар түрлі желеулермен жаза мерзімін ұзарта береді. Исламның дәстүрлі емес жолын ұстанатындарға қазақстандық түрмелерде жаза мерзімін қалай ұзартатындығы туралы мысалдарды Азаттық радиосы бұған дейін келтірген болатын.

- Исламды ресми мешіттерде талап еткендегіден өзгешелеу түрде ұстанатындардың барлығына қазақ түрмелерінде ерте ме, кеш пе жаза мерзімі ұзартылады. Біреуге бір айдан соң, екінші біреулерге бір жылдан кейін. Негізінен оларға түрме тәртібіне бағынбады деген айып тағылады. Осылайша оларға қосымша мерзім жамалады, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

Біздің кейіпкеріміздің жолдастарының бірі Темірбек Көптілеуов есірткіні сақтап, сатқаны үшін деген стандартты айыптаумен 2007 жылы бір жарым жылға сотталған. Темірбек Көптілеуов жаза мерзімін Петропавл колониясында өтеді. Ол 2009 жылдың мамыр айында бостандыққа шығуы керек болатын. Алайда оның жаза мерзімін тағы бір жылға ұзартты.

Біздің кейіпкеріміздің басынан да осындай жағдай өтті. Бес жылға сотталған Әділжан Мұздыбаевқа колонияда отырған кезінде, 2006 жылғы қазанның 17-сі күні тағы үш жарым жылдық қатаң режимдегі жазаны қосып берді. Алайда, оны және оның сотталған жолдастарын қорғау науқанының басталуына байланысты Қазақстан билігі Әділжан Мұздыбаевты қуғындау қарқынын бәсеңдетіп, оны түрмеден мерзімнен бұрын шартты түрде босатты. Ол полиция бақылауына алынатын болды.

Түрмеден босап шыққан соң да оған маза бермейтінін түсінген Әділжан Мұздыбаев көп ұзамай Аустриядан бір-ақ шықты. Биліктің қуғынына түскен оның әйелі мен үш баласы Қазақстаннан бұдан бұрын кетіп қалған болатын.

Құқыққорғаушылардың айтуынша, бүгінде Қазақстан түрмелерінде өзінің діни көзқарастары үшін 700-дей адам отырған көрінеді. Және де, біздің атап өткеніміздей, тұтқындар дінге ешқандай қатысы жоқ түрлі қылмыстық баптар бойынша сотталады.

- ҰҚК қызметкерлері менің уаххабизмнен бас тартуымды талап етті. Егер мен ешқандай уаххаби болмасам, онда қайтіп бас тартамын дедім мен. Меніңше олар кімді ұстап отырғандарын өздері де білмейді. Оларға барлығы бірдей. Сонда олар мені намаз оқып жүріп Құранда тыйым салынған есірткіні сатумен айналысады деп қалай ойлайды? Біздің қауымымыз «Таза дін» деп аталады. Біздің уаххабшыларға да, «Хизб-ут-Тахрирге» де ешқандай қатысымыз жоқ. Мен бұны ҰҚК қызметкерлеріне айттым, сотта да осылай дедім. Осы сөздерімді қағазға жазып, камераға түсіруге де даяр екендігімді білдірдім. Алайда ҰҚК қызметкерлері сенің бұл сөздеріңнің бізге қажеті жоқ деп бас тартты, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

ӨМІР БОЙЫ ТҮРМЕГЕ КЕСІЛГЕНДЕР ТҮРМЕСІНДЕ

Қазақстанның Қостанай облысындағы Жітіқара қаласындағы 20-шы түзеу колониясын Гуантанамо сияқты лагерьге айналдырмақ болғандарын Азаттық радиосы бұдан бұрын айтқан болатын. Сол жерге түскен 19 қазақ жігітінің арасында Әділжан Мұздыбаев та бар болатын. Оларды Қазақстанның барлық колонияларынан жинаған. Осы адамдар намаз оқып жатқан камераға түрме қызметкерлері кез-келген уақытта кіріп келіп, оларды ұрып-соғып, тепкіге алып, балағаттай беретін. Бұдан бөлек, мұсылмандардың доңыз етін жемейтіндігін біле тұра олардың тамағына доңыздың етін әдейілеп қосатын.

Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде Әділжан Мұздыбаев осы түрмеде болған кездегі бұрын айтылмаған жайлардың да шетін шығарды. Бұл түрмеде негізінен өмір бойы түрмеге немесе өлім жазасына кесілгендер ұсталады.

- Ол жерде екі корпус ерекше режимге жатады. Бізді өмір бойы түрме жазасына кесілгендермен араластырып жіберді. Олар көрші камерада отырған. Таңертеңгі және кешкі түгендеу кезінде біз олардың дауыстарын еститінбіз. Олардың камераларының есіктерін ашпайтын. Олардан өз фамилияларын айғайлап айтуын талап ететін. Бізге тамақты өмір бойы түрмеге кесілгендер сияқты есіктегі терезе арқылы беретін. Қол жуғыш та, дені дұрыс су да болған емес. Намаз оқитын біз үшін бұл үлкен қиындық тудырды. Адамша жуына алмайтын едік. Бұрышта тұрған үлкен ыдысқа дәретке отыратынбыз. Дәретхана болған жоқ. Содан соң оны біз өзіміз төгетінбіз. Күніне бір жарым сағат қана қыдыруға алып шығатын, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

Осы түрмеге келген Қазақстан прокуратурасы заңдылықты сақтау және адам құқықтары басқармасының бастығы Ерлан Кенжетаевпен Әділжан Мұздыбаев та, оның жолдастары да сөйлесуге мүмкіндік алған.

- Бұның бәрі не үшін керек деп сұрадық біз одан. Біздің біреуіміз жалпы режимге сотталғанбыз, менікі қатаң режим болатын. Ал біздің барлығымызды өмір бойы түрме жазасына кесілгендермен бірге ерекше режимде ұстады. Ол қазіргі уақытта біздің мәселеміз шешіліп жатыр деп жауап берді. 2007 жылдың наурыз айында біздің барлығымызды Қазақстанның колонияларына шашып тастады. Мені Степногорскідегі 90-шы түзеу колониясына жіберді, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

Бұл жайында да, өзі болған Қазақстанның өзге де түрмелері жайында ол бей-жай отырып әңгімелей алмайды. Оның айтуынша түзеу колониясы «қызыл лагерьдің» өзі болған. Бұл жерде билік - түрме қызметкерлерімен байланыстары бар тұтқындардың қолында. Олар тұтқынның киімін, темекісі мен тамағын қалаған кезде тартып ала салатын. Бұл үшін оларға ешқандай жаза қолданылмайды. Түрме басшылығының үнсіз қолдауы арқылы олар «өзі би, өзі қожа» топқа айналған.

- Олардың өздерін қауіпсіз сезінгендері соншалық, үнемі штабқа жүгіріп барып, тұтқындардың үстінен өсек тасып жүретін. Кейде оған себеп те болмайтын. Бұл тыңшыларға түк те істей алмайтынбыз. Оларға саусағыңның ұшын тигізсең, жаза мерзімін жамап беретін. Олардың белгілі бір артықшылықтары бар болатын. Мысалы олар душқа күнде түсе алатын. Ал қатардағы тұтқындар аптасына бір-ақ рет жуынатын, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

- Тәулігіне бізге 500 грамдай нан берілетін, - деп еске алады бұрынғы түрмеде жаза өтеуші. - Таңертең мен кешке 150 граммнан, ал түскі тамаққа 200 грамм. Таңғы асқа суға пісірілген тары, түскі және кешкі тамақтарға арпа жармасын немесе шіріген картоп беретін. Етті сирек қосатын. Май, шырын, жұмыртқа туралы айтудың да қажеті жоқ. Мереке күндері салат беріп қалатын. Шайды таңертең және кешке ғана беретін. Бірақ, оны шай деп айтудың өзі қиын. Қантсыз жылымшы су.

ТОЗАҚҚА ҚАЙТЫП ТҮСПЕУДІҢ АМАЛЫ

Түрмеден босап шыққан соң Әділжан Мұздыбаев үйіне келіп, содан соң саяси баспана сұрау үшін өз отбасының соңынан Аустрияға өтіп кетті.

- Егер мені депортациялайтын болса, қырсоңымнан қалмайтындығын білемін. Қайтадан түрмеге тығу үшін әлдебір сылтауды ойлап табады. Мені көп болса екі-үш айға дейін ғана тыныш қояды. Содан соң мазаны ала бастайды, немесе өздеріне қызмет етуге айналдырады. Мен осы бір тозақ отынан өтіп шықтым. Енді оның барлығын қайтадан басымнан өткергім келмейді. Менің тірі қалуымның өзі жолымның болғандығынан сияқты. Егер мен қайтып оралсам, олардың зығырдандары қайнап, кек алатын болады. Елдің беделіне нұқсан келтірдің деп айыптайды. Ал мен дінімнен бас тарта алмаймын. Бұл дегеніңіз маған мешітке баруға, намаз оқуға болмайды деген сөз, - дейді Әділжан Мұздыбаев.

Әділжан Мұздыбаев қазір Аустриядағы босқындар лагерлерінің бірінде. Азаттық радиосы оның отбасы жайында осыған дейін
Карлагтағы тікенек сым қоршаудың көрінісі. www.karlag.kz сайтындағы сурет.
әңгімелеген болатын. Оның әйелі Әлия Артықбаева 2006 жылы үш баласымен алдымен Чехияға, одан Аустрияға қашты. Оның Чехиядан қашу себебі - чех билігі баспана сұрау жөніндегі оның өтінішін сенімсіздеу деп танып, Қазақстанға депортацияламақ болған.

Чехия билігі оны Чехиядан Аустрияға заңсыз түрде қашты деп есептейді. Өздеріңізге белгілі, 2005 жылдан бері Қазақстанның 200-ден астам азаматы Чехияда балаларымен бірге депортациялау жағдайында тұр. Чех билігі бұл диаспораның белсенділерін адамдарды заңсыз алып өткендігі үшін айыптайды. Яғни, оларды Әлия Артықбаеваны үш баласымен Чехиядан қашуына қолдау жасады деп санайды. Әділжанның айтуынша, Аустрия билігі оның отбасының проблемасына анағұрлым төзімділікпен қарап отырған көрінеді. Әділжан Мұздыбаев бес жыл бойы қазақ түрмелерінің тозағынан өткен соң ғана отбасымен кездесті.

Сонда Қазақстан түрмелерін гуманизациялау мен сырттан келіп тексеріп тұратын халықаралық бақылаушылардың игі ықпалы қайда қалды? Бұл сұрағымызға жауап ретінде Әділжан Мұздыбаев бір ғана оқиғаны мысал қып келтірді. Әдеттегідей шетелден құқыққорғаушылар келген кезде түрме қызметкерлері ұрып-соққаннан төсекке таңылып мүгедек болып қалған тұтқынды бақылаушының көзіне түспеу үшін бір камерадан екінші камераға сүйреп жасырып қалған. Сөйтіп, шетелдік қонақтар арнайы дайындалған бөлмелерді тамашалап кете барған. Оларға басқа тұтқындар да жақ ашып шағым жасай алмаған. Өйткені мұндай «тілі сала-құлаш» тұтқындардың жағдайы қалай болатынын бәрі жақсы түсінеді дейді Әділжан Мұздыбаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG