Accessibility links

Жол-көлік оқиғаларынан балалар зардап шегуде


Қазақстанда күн сайын көбейіп бара жатқан жол-көлік оқиғаларында балалар жиі құрбан болады. Мамандар балаларды жолдан дұрыс өтуге дағдыландыру керек десе, кейбір ата-аналар бұл жерде жол ережелерін сақтамайтын ересектердің де кінәсі бар екенін айтады.

Сәния Ережепқызын күннен-күнге қауіпті болып бара жатқан Алматыдағы жол қозғалысы алаңдатады. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендер саны көбейіп бара жатқандықтан, Сәния өсіп келе жатқан балалары үшін қорқатынын жасырмайды:

- Балам келесі жылы мектепке барады. Қаладағы жол қозғалысы болса мынау. Біріншіден, қалада көлік өте көп. Екіншіден, онда отырған жүргізушілер жол ережелерін үнемі сақтай бермейді. Жүргізушілер куәлігін қолдан сатып алады, көбісі тер төгіп оқуға ерінеді. Қазір куәлік жылдан-жылға қымбаттап, оған сұраныс та көбейіп бара жатыр.

Қазақстанның Жол полициясы комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2008 жылдың алғашқы бес айында республикада 615 бала жол-көлік оқиғасынан жарақат алған. Мамандарды балалардың жолда жүру ережелерін сақтамауы емес, олардың жолдағы жағдайды ескермеуі алаңдатып отыр.

Жол полициясының өкілі Болатбек Баятанов балаларды жолдан дұрыс өтуге дағдыландыру қажеттігін айтады. Алматы, 11 қыркүйек 2008 ж.

- Балалар қандай жол белгілері бар екенін, қалай жолдан өту керек екенін біледі. Бірақ, балалардың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты көп жағдайда олар жолдағы қауіпті нақты өлшей алмайды. Мәселен, олар ойнап жатса, тек қана ойынға беріледі. Ойнап жүріп, добы ұшып кетсе, мақсаты тек қана допты алу болады да, төніп тұрған қауіпті байқамайды, - дейді Алматы қалалық Жол полициясы басқармасының аға инспекторы Болатбек Баятанов.

Маман балаларды жолды тік емес, көлденең кесіп өтуге дағдыландыру арқылы олардың қауіпсіздігін сақтауға болатындығын айтады.

- Біз турникеттерді көлік ағымына қарсы шығатындай 45 градусқа бұрып қойдық. Яғни, олар көшеден тік өтпейтін болады. Балалар көшеге шыққанда екі жағындағы жағдайды бақылай алмайды, сол үшін біртіндеп оларды осы тәртіпке дағдыландыру керек, - дейді полиция майоры Болатбек Баятанов.

Алматы қаласының тұрғыны Күләш Әлімханова ересектердің жол қозғалысы ережесін сақтамауы да балалар өміріне үлкен қауіп туғызып отыр деп санайды.

- Қарасаңыз, көбіне көліктің алдында балалы әйел отырады. Қызық көре ме, балаларын ойнақтатып алдына отырғызып алатын жүргізушілер көп. Бұл бала үшін де, жүргізуші үшін де өте қауіпті. Ереже бойынша, олар көліктің артқы орындарында отырулары керек, - дейді Күләш.

Статистикалық деректер бойынша, соңғы он жылда Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 2,5 мың бала көз жұмған. Жол полициясы комитетінің мәліметінше, Қазақстан жол-көлік оқиғаларынан мерт болған адамдардың саны бойынша ТМД көлемінде екінші орында тұр екен.


Алматыда қыркүйектің 12-і күні болған бір жол-көлік оқиғасының салдарын мына жерден көріңіз.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG