Accessibility links

Түркменстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін 23 млрд. долларды құрылысқа жұмсамақшы


Түркменстан астанасы - Ашхабадтың келбеті. 2008 жыл.
Түркменстан астанасы - Ашхабадтың келбеті. 2008 жыл.

Ғаламдық экономикалық дағдарыс салдарынан көп елдерде құрылыс жобалары тоқтап тұр. Бірақ Түркменстанда жағдай басқаша. Бес миллиондай халқы бар бұл елдің президенті Гурбангулы Бердімұхамедов алдағы екі жылда 23,6 млрд. доллар болатын құрылыс жобаларын бастады.

Түркменстан президенті 2011 жылдың қазан айында 20 жыл болатын елдің тәуелсіздік күнін атап өткенде, мемлекеттің келбетін жақсырақ етіп көрсетуге тырысып, құрылыс нысандарына өте көп қаржы жұмсауды жоспарланып отырғанын айтты:

«Ұлттық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы 2010 және 2011 жылдары Түркменстанда жалпы құны 23,6 млрд. доллар болатын жүздеген жаңа ғимарат салынады».

Президент Бердімұхамедов өткен жылдың қарашасында 2010 жылғы құрылысқа 12 млрд. доллар бөлінеді деп айтқан. Ал түркмен үкіметінің жылдық бюджетінің өзі 16 млрд. долларды құрайды.

Құрылыс саласына беріліп отырған қомақты қаржы негізінен Ашхабад қаласын көркейтуге арналған. Ел астанасында 1990 жылдардың ортасынан бері құрылыстар белсенді түрде жүргізілген еді. Он жылдан аса уақыт бұрын бұрынғы президент Сапармұрад Ниязов барлық министрлерге өздері үшін жаңа ғимарат салуға нұсқау беріп, жаңадан бес жұлдызды қонақ үйлер тұрғызуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда бұл қонақ үйлер көп дегенде 30 пайыз адамға ғана толып отыр.

Ашхабадта сондай-ақ қаланың ортасы арқылы өтетін қолдан жасалған өзен бар. Фонтондар орнатылып, жаз айларында күннің қызуы 50 градусқа дейін көтерілетін бұл елде мұздан сырғанақ айдын жасалып, тіпті қаладағы хаюанаттар бағына пингвиндер де әкелінген.

Дәстүрі бойынша негізінен шөл даланың көшпенділері болған түркмендер ақалтеке жылқыларын ұлттың мақтанышы санайды, олар үшін қалада салқын ауа беріліп тұратын ат спорты орталығы да құрылды.

Ашхабад тұрғындары жаңа құрылыстар туралы жаңалықты оң қабылдай қоймауы мүмкін. Бұрынғы жылдары түркмен билігі өте үлкен әсем ғимараттар тұрғызуды қолға алғанда, ол маңдағы көптеген басқа үйлер құлатылды. Жаңа ғимараттар салу үшін мыңдаған адам Ашхабад орталығынан алысырақ көшуге мәжбүр болды. Үкімет оларға келтірілген шығындар үшін өте мардымсыз өтемақы төледі.

Сонымен қатар, Түркменстан заңы бойынша, үйінен арылғаны үшін өтемақы талап етіп шағымданғандар мемлекетке қарсы шыққандар болып саналып, жазаға тартылды.

Әзірге түркмен билігі нақты қандай ғимараттар бұзуға жатқызылғанын айтпады.

Бірақ Ашхабад орталығындағы бұрынғы түркменбашы Сапармұрад Ниязовтың биіктігі 75 метр болатын күнге қарап айналатын алтын жалатылған алып ескерткіші орнынан алынатын болды.

Президент Бердімұхамедов ол ескерткішті наурыз айының соңына дейін бұл жерден алып, қала сыртына көшіру жөнінде нұсқау берді. Ниязовтың бұл ескерткіші алынады деген хабарды түркмендердің көбісі оң қабылдаған.

Азаттықтың түркмен қызметіне берген сұхбатында тәуелсіз журналист Довлет Язгулиев өзінің пікірін былай жеткізді:

«Адамдар өз араларында үш аяқ деп аталып кеткен бұл монументті құлату жөніндегі жаңалықты оң қабылдады. Сондай-ақ, бұрынғы диктаторды еске салатын Рухнама сияқты барлық ескерткіштердің алынғанын қалайды».

Дегенмен, оның орнына, ел астанасының оңтүстік жағына, биіктігі 95 метр болатын Тәуелсіздік монументі қойылады деп айтылды. Оның құны 200 млн. долларды құрамақшы. Бұл ескерткіш БҰҰ-ның 1995 жылы Түркменстанды егемен ел ретінде таныған рәмізі ретінде болмақ.

Құрылыс жобасына бөлінген 23,6 млрд. доллар қаражаттың ішіне Түркменстанның Каспий жағалауындағы Аваза туристік курортын дамыту жоспары да еніп отыр.

Бұл жаңа құрылыстың кейбір келісім-шарттарын Францияның Винчи фирмасы алатын сияқты. Осыған дейін де француздың Буигс құрылыс компаниясы Түркменстандағы ғимараттардың бірқатарын салған болаты.

Сонымен қатар түркиялық Полимекс фирмасы да Түркменстанның құрылыс серпілісінен келісім-шарт алатындар қатарынан көрініп отыр.
XS
SM
MD
LG