Accessibility links

Тұрсын Жұртбай: Қазақстанда жалғандық үстемдік құрып тұр


Тұрсын Жұртбай, 12 қараша. 2009 жыл.

Тұрсын Жұртбай, 12 қараша. 2009 жыл.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстан ғылымының жалғандыққа ұрынып отырғандығын және Қазақстандағы Алашқа көзқарастың солғын екенін айтады.


Тұрсын Жұртбай 1951 жылы 15 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шаған ауылында дүниеге келген. Жазушы, алаштанушы ғалым қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. Алғашқы өлеңдер жинағы «Қоңыр қаз» деген атпен 1978 жылы жарияланған. «Дулыға» атты үш томдық тарихи романның және «Ұраным – Алаш» деп аталатын үш томдық тарихи зерттеу кітабының авторы.

«КІМНЕН НЕНІ ЖАСЫРҒЫМЫЗ КЕЛІП ЖҮРГЕНІМІЗДІ БІЛМЕЙМІН»

Кейбір алаштанушы ғалымдар ҰҚК-нің және басқа да мемлекеттік мұрағаттардағы алашқа байланысты деректер ғылыми айналымға түспей жатыр деген пікірде. Осының себебі неде?
Әлихан Бөкейханның пәтерінде тінту жүргізу туралы берілген ордер. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат. Мәскеу, ақпан, 1995 жыл.


– Себеп жалқаулықта жатыр. Мен жиырма екі жыл бойы Алашқа қатысты жылт еткен деректің бәрін жинадым, іздедім. Ал, осы уақытқа дейін олардың бір де біреуі оны іздемеген, бармаған. Енді соны алсақ дейді. Біздің тарихшылар – қасқыр тартып кеткен нәрсенің артынан сүмелеңдеп жүретін бұралқы иттер сияқты. Өз бетінше бастама көтеретін, өз бетінше ойлайтын адам жоқ. «анау неге істеп қойды, мынау неге істемейді» дейді. Ал, «Ұраным – Алашта» төрт жүздей тарихи деректер мен құжаттарды жарияладым. Оқысын соны. Мұндай мәселе – қолынан келмейтін, қолынан келетін адамды көре алмайтын, аузында – Алаш, қолымен доктринаны жазып жүрген желбуаз адамдардың айтып жүргені. Шын оқысы келсе, «Ұраным – Алашта» 2100 беттік құжаттар жарияланды. Тағы білгісі келсе, «Алаш қозғалысы» деген Мәмбет Қойгелдінің төрт томдық кітабы шықты. Алаш туралы материалдардың дені, сексен пайызы қамтылған. Ал енді Алаш туралы деректер, тарихи құжаттар ғылыми айналымға түспей жатыр деген сөз – билік пен халықтың, етпен терінің арасында жүрген ғалымсымақтардың пікірі. Олардың ойы мен сияқты тарихқа араласып, көзқарасын білдіріп жүрген адамдарды арандату. Өйткені, олардың өздері тоқырауға ұшыраған.

Осы уақытқа дейін мүмкіндігі бар, сауатты Алаш қозғалысын өте жақсы білетін тарихшы Мәмбет Қойгелдіге Алаш идеясын жасауға неге мүмкіндік бермеді? Мәмбет Қойгелді сол идеяны жасап, жолға түсіргісі келмеді дейсіз бе? Біздегі биліктің Алашқа деген жеккөрінішті көзқарасы және жоғарыдағыдай жалған өсек таратып, адамдардың арасына сына қағуы әлгіндей үлкен істерге жол бермейді. Мұны кейінгі екі айда анық, толық байқап, сезіп жүрмін.

Біздің Қазақстан президентінің мұрағаты, ҰҚК-нің және басқа да мемлекеттік мұрағаттар әлі күнге дейін көпшілік қауымға, ұлтқа ашылған жоқ. Қарапайым зерттеуші мемлекеттік мұрағаттардың арнайы бөліміне кіре алмайды. Біз кімнен нені жасырғымыз келіп жүргенімізді білмеймін. Бұл өзі - бір үлкен мәселе.

Ал, біз өткен ғасырдың сексенші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басында ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына кіруге рұқсат алдық. Сол партияның кезінде әлгіндей мұрағаттарға кіру бүгінгіден жеңіл болатын. Бұл – парадокс. Сондықтан, мұрағаттардың көпшілік үшін ашылуын қолдаймын.

Мемлекет неліктен мұрағаттардың көпшілікке ашылмауына мүдделі болып отыр?

– Мемлекет деген ұғым - мен үшін қазір шартты. Өйткені, сол мұрағаттағы материалдар мемлекеттің қауіпсіздігіне қаншалықты қатысты деп ойлап отырған мемлекеттік, идеологиялық қызметкерді мен көріп отырған жоқпын.

Мұның бәрі – бір ғана мүдде үшін, тек бір ғана адамның ыңғайлы саясаты үшін істелініп отырған нәрсе. Мен бір нәрсеге таңқалам: қазіргі ресми орындарында отырғандар және мұрағат жұмыс істейтіндер компартияның кезінде мұрағатты осыншалықты қызғанышпен қорғаған емес. Және қазір әрбір жеке мұрағат, республикалық мұрағаттар, республикалық басқарма өз ережелерін жасап, өзгеден өздерінің басымдығын көрсету үшін сол ережемен жұмысын көлегейлеп тастаған. Мен қазір мұрағаттарға барсам, бұрынғыдай мұрағат құжаттарымен емін-еркін айналыса алмайтыныма көзім жетті.

«ХАЛЫҚ ҚОЗҒАЛСА, ОЛ – БІР ИДЕЯҒА, БІР АДАМНЫҢ МАҢЫНА ТОПТАСУЫ МҮМКІН ЕМЕС»

Бүгінгі қоғамның кешегі Алаш идеясымен сусындаған, Алаш жеткізген халықтық, ұлттық психологияға қайта орала алмауының астарында не жатыр?

– Алаш идеясы деген ұғымды, Алаш деген сөзді қазіргі кезде Қазақстанда айту, оның ішінде мемлекеттік мекемеде айту кеңес одағы кезіндегі Алаш деген сөздің құрметінен әлдеқайда төмен, әлдеқайда жеккөрінішті. Біздің жоғарғы оқу орнындағы дәріс беретін тарихшыларымыз, бүгінгі заман тарихшылары Алашқа деген көзқарасты тек қана жеккөрінішпен, ұлтшылдық ретінде және қазақтың тәуелсіз автономиялы мемлекеті болмаған деген пікірді оқулыққа кіргізіп, студенттердің миына сіңіріп тастаған. Таяуда бір университетте студенттер екіге бөлініп бір тобы «Алаш болған, қазақ территориясын анықтап берген, олар автономия жариялаған», деп таласса, екінші жағы «Алаш деген жоқ, тәуелсіздік деген болған жоқ, тәуелсіздік тоқсан бірінші жылы келген, олар автономия жарияламаған, Алаш қазаққа қарсы жұмыс істеген», – деп екі күн бойы студенттер жиналып, үлкен аудиторияда пікірталас өткізген. Ақыры оларға мен барып, түсіндіріп, өз пікірімді айттым. Ұлттық тарихты, ұлттық сананы, ұлттық мүддемізді қалпына келтірмей, бүгінгі қоғамды бірлікке шақыру, қоғамдық қозғалыс жасау мүмкін емес.

Біз 2001-2009 жылдар аралығында идеологиядан үлкен қателік жібердік. Қазір Қазақстан халқы ассамблеясы деген жасанды құрылым арқылы Алаш идеясының быт-шытын шығарды. Бұл тек қана Алаш идеясы үшін емес, тек қана тарих үшін емес, Қазақстан мемлекеттілігінің идеологиясына, қазақ халқының ұлт ретінде ұюына қарсы бағытталған әрекеттің жемісі деп ойлаймын. Біз мұны он жылдың ішінде қайта қалыпқа келтіріп алмасақ, ертең Алаш деген атау айтылмасын деген қаулы шығып, оны Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы ұсынып жатса, мен оған таңқалмаймын.

Мұның бірден бір себебі, Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық идеологияның болмауы. Қазір Қазақстанның басын біріктіріп отырған не деп ойлайсыз? Қазақстан халқы ассамблеясы ме? Этностар ма? Керісінше, бізде қазіргі таңда солардың әмірімен жүруге деген бейімділік бар. Және бүкіл еңбек пен танымның, ақыл-ойдың бір адамның көзқарасына бейімделгені.

Сол тұлғаның көңілін табудан, соның ойына бейімделуден басқа Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінде ешқандай идея жоқ. Бұл анық.

Ал, осының салдарынан түптің түбінде қазіргі ұлттық қозғалыстар анархиялық сипат алып кетуі мүмкін. Сол кезде Қырғызстандағы оқиға – оқиға ма, біздегі оқиға мүлдем басқаруға келмейтін азаматтық қақтығыстар бір емес бірнеше топқа бөлініп, өзара берекеге келмеуі мүмкін. Егер мемлекет осы тұрғыда дами беріп, тік басқарудан құтылмаса, мемлекеттік идеология халыққа жақындамаса, оның ішінде жергілікті ұлттың мүддесі қорғалмаса анархиялық қозғалысқа әкелетіні анық.

Халықтың бір рет бетін қайтаруға болады, екінші рет алдауға болады. Бірақ үшіншіге халық көнбейді. Халық қозғалса, ол бір идеяға, бір адамның маңына топтасуы мүмкін емес. Ондай ортақ мақсатқа жүгіндіретін тұлға қазір жоқ.

Оппозиция – өзінің құрған партиясының не істеп, не қоятынын білмей сайлау алдындағы тақ үшін таластың құралына айналған топ деп қараймын. Оларда қоғамдық ой, ұлттық сана, қоғамның даму заңдылықтары деген идея атымен жоқ.

Сол оппозициялық құрамдардан Алаштың идеясы не екен деп сұраңызшы? Алашты, Алашорданы, Алаш партиясын, Алашорда үкіметін, Алашорда кеңесін бір-бірінен ажырата алмайды. Ал, халықтың танымы мен тағдырынан тұл өскен оппозиция бізді қайда апарады?! Себеп осындай жағдай деп білемін. Бірақ та, қалайда алдағы үш-бес жылдың ішінде Алаш қозғалысы халықтың ішінен кең сипат алады деп ойлаймын.

«ҚАЗАҚСТАН ӨЗ БЕТІНЕН АЙРЫЛДЫ»

«Ұраным Алаш» тарихи зерттеу кітабыңызда кімдердің не істегенін, қандай жағдайда нендей іске барғанын атын атап, түсін түстеп жазғансыз. Алайда, кейінгі жылдары қазақ баспасөзінде тарихта қатысты сол кезеңдегі азаматтардың кейбір істері айтылмаса, бұл олардың көзқарасына, ұстанымына, заманға байланысты болған деген пікір көтеріліп жүр. Осыған не дейсіз?

– Жеке басым әу бастан әр азаматтың азаматтық ісіне азаматтық тұрғыдан, ар-ұят тұрғысынан баға берілгенін қалаймын. Әсіресе, кейінгі он, жиырма жылдың ішінде орын алған саяси бей-берекетсіздіктің кесірінен тұлғаға деген талғам жойылды.

Егер де біз Алаш идеясын, Алаш ардагерлерін бағалап ақтайтын болсақ, тарихи тұрғыдан олардың бағасын беруіміз керек. Өзгесін былай қойғанда, төрт миллион қазақтың аштан өлгеніне тікелей жауапты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің екінші хатшысы, партияның идеология жөніндегі хатшысы, партияның комиссарлар кеңесінің төрағасы, партия комиттерінің басшылары мен сол кезеңдегі барлық министрлер мен облыстық, аудандық бірінші, екінші хатшылардың атына көше, ауыл беріліп жатыр. Басқасын айтпағанда, біз Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтбаевты ұлттық тұлға деп есептейміз бе?

Мен қазір 1947-1951 жылғы қуған-сүргін туралы құжаттармен жұмыс істеп отырмын. Ғылым мен идеология саласындағы барлық әшкерелеумен шабуылдарды ұйымдастырған, тікелей жазалау мақсатындағы жұмыстармен айналысқан, яғни қауіпсіздік комитетінің Қазақстанның ғылым саласындағы бейресми комиссары болып есептелетін Сақтаған Бәйішевтің атында көше бар. Әлихан Бөкейханов пен Сақтаған Бәйішевке берілген көшені салыстырып көріңіз.

Не үшін Сақтаған Бәйішевке көше берілуі керек? Қаныш Сәтбаевты, Мұхтар Әуезовты, Бекмаханов бастаған талай адамды қуғынға түсіргені үшін бе? Қазақ тарихын, оның ішінде Кенесары қозғалысын, Дулат, Мұрат, Шортанбайларды елу жыл өз ұлтынан бөліп тастаған қаулы шығарған үшін бе? Не үшін Сақтаған Бәйішевке халық көше беруі керек? Сол халық өзін құртқан, іштен іріткен, ұлттық бірлік идеясын таратқан адамға не үшін көше береді?

Ораз Исаев ашаршылық жылдары жауапты адам болған. Сол Ораз Исаев 1931 жылы Семей облысы, Шыңғыстау ауданына қарасты
Босқын қазақтар, 1930 жылдарғы сурет.
Қарауыл ауылына келіп, Қарауыл өзенінің бойында қырылып жатқан адамдарды көріп: «Бұлар неғып жатқан адамдар» деп сұрапты. Сонда қасындағы біреу «Бұлар сіздің қабылдауыңызды күтіп жатқан адамдар. Сіз бәрін қабылдауға міндетті емессіз. Үкімет олай болмайды», – дегенде, «Е, бәсе, маған басқаша көрініп еді» деп жастыққа қисая кетіпті. Сол жерде Шәкәрім Құдайбердіұлы «Бұлар – аштан қырылып жатқан ел, жағдайлары мүшкіл», – деп айтып жатса, Ораз Исаев ұйықтап кетіпті. Сонда Шәкәрім «Е, біздің халықтың билігі осыған жеткен екен ғой», – деп орнынан тұрып кетіп қалыпты. Ал, біз осы адамдарға көшенің атын беріп неге марапаттауымыз керек!

Біз тарихи санамызды тазартпай, ар-ұятымызды қалпына келтірмей, әр нәрсені орнына қоймай біздің мемлекеттің руханияты тазармайды.

Математик Нұрлан Темірғалиев деген профессор айтады: «Біздің Қазақстанның ғылымы, өзгесін былай қойып, техникалық және жаратылыстану ғылымдары жалған ғылымға бойын үйретіп барады. Бұрын жалған ғылымға бет алса, қазір жалған ғылымды зерттей бастады. Бұл – ғылымды да, ұлтты да құртатын бағыт» дейді. Оған мыңдаған дәлел келтіреді. Біз қазір жалған ғылым, жалған идеология, жалған экономика, жалған саяси астарлар, жалған бағыт-бағдарға, жалған мәліметтерге үйреніп алдық. Қазақстан өз бетінен айрылды. Өздеріңізде байқап жүрген шығарсыздар, қазіргі кезде тура айтатын, өз пікірін бүкпесіз жеткізетін ғалым адам өте сирек.

Марқұм Хасен Оралтай: «Шіркін-ай, «made in Kazakhstan» деген сөзді көріп, өлсем арманым болмас еді. Қазақстан сонда ғана өз бетін табар еді», – дейтін. Бізде сол «made in Kazakhstan» дейтін идеология жоқ.

Қазір жалған тарихи қолжазбалар, жалған тарихи трактаттар, жалған батырлар мен елшілер, содан кейін қалмақтың, жоңғардың, француздың, орыстардың салған жалған суреттерін «менің ата-бабам» деп қолына ту ұстатып жүрген жалған шығармашылық адамдар біздің өміріміздің бетін бояп жатыр. Міне, осылай біздің қоғамда арсыздықтың бояу қалыңдап барады. Алаш идеясына бетпе-бет келуден қорқатындығымыздың бір себебі – осы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG