Accessibility links

Украиналық сықақшы қиындықтан өтуге көмектесетін әзіл-оспақты қайта жаңғыртты


Украиналық сықақшы Дмитрий Чекалкин.

Украиналық сықақшы Дмитрий Чекалкин.

Дмитрий Чекалкин көп украиндықтардың әзіл мен саясат қатерлі қойыртпақ деген көзқарасын жоюға өзіндік үлес қосты.

«ӘЗІЛ - ҚОРҚЫНЫШ ПЕН ТҮҢІЛІСТЕН АЙЫҚТЫРАТЫН ҚҰРАЛДАРДЫҢ БІРІ БОП ШЫҚТЫ»

Бұрынғы әскери аудармашы және Израильдегі Украинаның бұрынғы консулы сықақшы ретінде «қызғылт сары революцияға» апарып соққан 2004 жылғы президенттік науқан уағында пайда болды.

Оның ең атақты жобасы «Көңілді жұмыртқалар» деп аталды. «Жұмыртқалар» жұбы сатиралық ән айтып, бір-бірімен әзілдесетін интернеттік сериялы мультфильм .

Сықақшы 5 жыл өткен уақытта жаңа саяси сілкіністер болмаса да, Украинаның әзілге шөлдегеніне сенімді. Дмитрий Чекалкин біздің Азаттық радиосының сұрақтарына жауап берген еді.

- Дмитрий мырза, Украинада саяси сатира дәстүрі қалыптасқан ба?

- Советтік заманда Украинада саяси сатираны сөз етуге де болмайтын. Ол кезде сатира өте енжар еді. Саяси сатираның әлдебір талпыныстары болды, бірақ, тек қана коммунистік партияның рұқсатымен ғана. Мен сықақшы Михаил Жванецкийдің сұхбатын оқып шықтым. Оның сатиралық көріністерін Леонид Брежневтің өзі ұнатқан, сол себепті ол тыйым салынған тақырыптарды да қозғаған.

Әйтпесе, бәрі жаппай қадағалаудың астында болды. Президент Леонид Кучманың билік құру тұсында да дәл сондай дерлік ахуал сақталды. Анық азат сатира 2004 жылы, біздің «Көңілді жұмыртқалар» сериялын бастауымызбен пайда болды.

Бұл жобаның пайда болуына Ивано-Франковскіде президенттікке кандидат Виктор Януковичке әлдебір студенттің жұмыртқа лақтырғаны түрткі болды.

Әзіл қорқыныш пен түңілістен айықтыратын құралдардың бірі боп шықты. Біз оны толыққанды пайдалана білдік.

Біздің «Көңілді жұмыртқаларымыз» оппозиция жетекшілері Виктор Ющенко және Юлия Тимошенкомен бірге 2004 жылғы президенттік науқан кезінде елді аралады, Украинаның 80-нен астам қаласында болып, саяси сатиралық әндер орындады.

Біз осы гастролдер уағында күлкіге кенеліп, қорқынышын жеңетініне қуанған қатардағы украиндіктерден көп дауыс жинадық.

«ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ КӨРГЕНІ АШТЫҚ ПЕН ЖОҚШЫЛЫҚ, АЛ САЯСАТКЕРЛЕРДЕН ПҰТ ЖАСАҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

- Дмитрий мырза, баспасөз немесе кинематография секілді басқалай ой білдіру нысандары жасай алмағанды сатира жасай ала ма?

- Мен сенімдімін, мысқыл және өзіңді өзің мысқылдау — интерактивтің әлемдегі анағұрлым тиімді нысан. Бұл — қиындықты жеңу жолы. Күлкі арқылы біз қорқыныштан айығып қана қоймаймыз, сонымен қатар өз олқылықтарымызбен күресеміз де.
Өмірдің мәні — өз сәтсіздіктеріміз бен қиындықтарымызды күлкіге айналдырудың дұрыс жолын табу. Айтады ғой, күлкі деген еріндеріміз атқаратын істердің ішіндегі ең жағымдысы деп.

- Сіздің әзіл-оспақпен айналысқаныңызға бірталай уақыт болды. Осы уақыт ішінде қандай да бір қиындықтар болды ма? Сатиралық жобаңызға байланысты қуғын-сүргінге ұшыраған жоқсыз ба?

- Қорқыту-үркітуді де көрдім. Бірақ, негізінен жасырын қорқытулар. Мені жиі-жиі ашық сынға іліктірді. Бірде, есігіме иістенген жұмыртқа тастап кетіпті. Қоғамдық орындарда қарсыластарымызбен кездесіп, тілдесіп қалған кездерімізде жайсыз шекісулер болып тұрады, бірақ, құдайға шүкір, тікелей қорқыту мен шабуылға ұшыраған емеспін.

- Осы жылдың соңында Украинада жаңа президенттік сайлау болады деп жоспарланған. Жұрт Виктор Ющенко, Виктор Янукович және Юлия Тимошенколар бір-бірімен айқасқа түседі деп күтуде. Осы науқаннан сіз қандай әзіл көресіз? Және де сол науқанда кім нағыз сатиралық нысана бола алады?

- Шын мәнінде олардың бәрі де күлкі етуге тұрарлық. Мен Куба және Солтүстік Корея секілді саясаткерден пұт жасайтын елдерде қарапайым халық аштық пен жоқшылық көріп жатқанын үнемі жұрттың есіне салып отырамын.

Және керісінше, саясаткерлер масс-медианың тұрақты назарында болатын, мұқатылып, өткір мысқылға ұшырайтын елдерде халықтың өмір сүру деңгейі жоғарғы стандартқа жетеді.

Мысалы, Құрама Штаттар, Ұлыбритания, Франция немесе Скандинавия елдері, оларда саяси сатира саяси және медиалық қызметтің ажырамас бөлшегі боп табылады.

- Дмитрий мырза, сықақ аттауға тиіс емес шекаралар бар ма?

- Сөзсіз, бар. Сықақ өткір болуға тиіс, бірақ, ол үшін жабық тақырыптар да бар. Мысалы, әлдекімнің ұлты, дене мүшесінің кемістігі, немесе сексуалдық талғамы. Біз адамның еркінен тыс нәрселерді күлкіге айналдырудан аулақ болуға тиіспіз. Мәселен, адамның сыртқы келбеті. Біз адамның айтқандары мен істегендерін ғана әзілге айналдыра аламыз.

- «Көңілді Жұмыртқалар» жобаңыздың болашағы қандай?

- Басты міндет – тоқтамау. Күн сайын біздің сайтқа мыңдаған адам кіреді және «Көңілді Жұмыртқалар» сатиралық ән айтуын жалғастыруда. Бүгіндері олар дәл бұрынғыдай саяси астарға тола емес. Өйткені, жұрт саясаттан жалыққан. Ал, екінші жағынан саяси алаңда әзірге сатираға қанық жаңа саяси нысана болмай тұр.

- Сұхбатыңызға рахмет, Дмитрий мырза.
XS
SM
MD
LG