Accessibility links

Бакиев пен Назарбаевтың тәсілін елемеген Ющенконың оппозициядан жеңілуі


Украина президенті Виктор Ющенко сайлаушыларға қол бұлғап тұр. Киев, 7 ақпан 2010 жыл.

Украина президенті Виктор Ющенко сайлаушыларға қол бұлғап тұр. Киев, 7 ақпан 2010 жыл.

Виктор Ющенко Украинадағы президент сайлауында бесінші орынды иеленді. Ел президентінің әкімшілік ресурстарын пайдаланбауы – ТМД елдеріндегі автократиялық режимдердің билеушілері үшін түсініксіз жағдай. Және бұл жағдай оларды шошытады.


АВТОКРАТТАР ҮШІН ҚИСЫНСЫЗ ЖАҒДАЙ

Украина президенті Виктор Ющенко қызметінен кетер алдында өткізген баспасөз-мәслихатында, ақпанның 25-күні Жоғары Радада өтетін салтанатты жиынға бармайтындығын хабарлады. Ол жиында елдің жаңадан сайланған президенті Виктор Янукович украин халқына ант беретін болады. Виктор Ющенко ел басқарып отырған уақытта Юлия Тимошенкомен бірге әріптес болғанын өзінің жіберген басты кемшілігі ретінде атады.

Украинада президенттік сайлауға қатысты не болғанын ТМД елдерінің басшылары толыққанды түсіне алды ма екен? Қалайша Виктор Ющенко өз қарсыластарына жеңісті оп-оңай бере салды деген сұрақ, сірә, қазір олар үшін ең негізгі сауал болып отырса керек.

Оның үстіне, ол тіпті бұл сайлаудың финалына да іліге алмады. Саяси тұрғыдан алғанда соншалықты жағымды емес бесінші орын ғана оған бұйырды. Ол бар болғаны 6 пайызға жетер-жетпес дауысты місе тұтты.

Президенттіктен дәмелі негізгі екі бақталас – Юлия Тимошенко мен Виктор Януковичті былай қойғанда, қалың көпшілікке енді ғана
Виктор Янукович, Аймақтар партиясының көсемі, Украинаның жаңадан сайланған президенті. Киев, 5 ақпан 2010 жыл.
кеңірек таныла бастаған саяси қайраткерлер де Ющенконы басып озып кетті. Олар – Орталық банктің бұрынғы басшысы Сергей Тигипко мен парламенттің бұрынғы спикері Арсений Яценюк.

Авторитаризмдігімен дүйім жұртқа танылған Орталық Азиядағы президенттерді айтпағанда, көршілес Беларусь пен Молдованың басшылары да бұны түсіне алар емес.

Болған жайтты олардың түсініп-түйсінуі қиынға соғар. Өйткені, Виктор Ющенко билікке келген кезде өз елінде де, бүкіл әлемде де (Ресейді қоспағанда, әрине) бас айналдырарлық қолдауға ие болған еді ғой. Ал бірінші мерзімнің соңындағы өткен сайлауда ол бейшаралық нәтижемен қалып қойды.

Бірақ, бастысы бұл емес. Егер сайлау Украинадағыдай өтетін болса, онда Эмомали Рахмонның, немесе Нұрсұлтан Назарбаевтың, немесе Гурбангулы Бердымухаммедовтың қандай нәтижелерге ие боларын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.

Ең бастысы, ТМД елдеріндегі билеушілердің көпшілігі Виктор Ющенконың билікті өз қолында ұстап қалуға неліктен жанталаспағандығын түсіне алар емес. Өйткені, бұл елдердің ешқайсысында оқиғалардың аздап болса да осылайша өрбуіне, яғни сайлауға даярлықтан бастап дауыс беру қортындысын жариялауға дейінгі кезеңдегі бүкіл сайлау процесін президенттің толық өз бақылауында ұстамауына жол бермес еді.

ТҮРЛІ-ТҮСТІ РЕВОЛЮЦИЯЛАРДЫҢ ЖЕМІСТЕРІ ӘРТҮРЛІ

Қырғызстанның президенті Құрманбек Бакиев 2009 жылдың шілдесінде өткен соңғы президент сайлауында мүмкін емес нәрсені де мүмкін етуге болатындығын көрсетіп берді. Яғни, биліктің қазіргі президенттен оның бақталастарына ауысуы туралы елдегі оппозицияны тіпті армандай да алмайтындай халге түсіруге болатындығын дәлелдеді.

Бакиев өте қарапайым ғана сценарий арқылы қолындағы әкімшілік күш-қуатты пайдаланып, сайлауды өз қалауынша өткізді. Сайлаудың
Президенттік сайлау науқаны кезінде Құрманбек Бакиев жас отау көтерген жұбайлармен әңгімелесіп тұр. Ыстықкөл, 9 шілде 2009 жыл.
барлық кезеңінде, әсіресе дауыстарды санаған кезде билік бақылау жасап отырды. Ал билікті қолында ұстап тұрғандардың тілінде «бақылау» деген сөз бір-ақ мағына береді: «Күштінің арты диірмен тартады».

Неліктен Виктор Ющенко өз қолындағы күш-қуатты пайдаланбады? Шынымен де оның енді билікте қалғысы келген жоқ па? Расында да ол билікті өз еркімен басқа біреуге беретіндей мейірімді ме?

Бұл сауалға жауап Александр Лукашенконы да, Нұрсұлтан Назарбаевты да, оның үстіне Гурбангулы Бердымухаммедовты да тағы бір рет таңдай қақтырары сөзсіз, егер әрине, олардың әлі де болса таңданатындай шамасы қалса. Егер олар бұл жайттан қандай да бір дұрыс мағына көре білетіндей күйде болса.

Іс жүзінде бұл мәселе соншалықты қарапайым болып шықты. Және де, осы қарапайымдылығы үшін, енді ТМД елдеріндегі осы әріптестерінің Виктор Ющенкоға деген өшпенділік пен ашу-ызасы бұрынғыдай тағы да қозуы мүмкін.

НАЗАРБАЕВ БАСПАСӨЗДІ ТҰНШЫҚТЫРУДА

Егер де тіпті Виктор Ющенко бақылауды өз қолына алуға әрекет жасаған күннің өзінде, яғни сайлауды диктатпен жүргізуге әрекет жасауға тырысып көрсе де, бәрібір оның қолынан ешнәрсе келмес еді. Ол тіпті әлгі 6 пайызды да алмайтын еді. Қазіргі Украина бұрынғыдан өзгерген, жаңарған ел. Және ол елде жоғары билікке тәуелді етіп, құлдық ұрғызатын қатаң жүйе жоқ.

Құрманбек Бакиев, Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов, Александр Лукашенко, Дмитрий Медведев және сол сияқтылар өз елдеріндегі
Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауының нәтижесі жарияланған күні үлкен қызы Дариғаның бетінен сүйіп тұр. Астана, 5 желтоқсан 2005 жыл.
бұқаралық ақпарат құралдарын толық бақылауда ұстайды. Ал Украинада президент бір мемлекеттік телеарнаға әзер деп ықпал етеді. Және ол өзінің дегеніне ылғи да жете бермейді.

Қалған қырықтан астам телеарналарға иелік жасайтын елдегі өзге ықпал ету топтары көбінесе билікке оппозицияда болатын.

Сондай-ақ, Украина президенті елдегі соттарға абсолютті ықпалынан да айрылып қалды. Бұл жайт ТМД елдерінің өзге басшылары үшін естен тандырарлық жағдай болуы мүмкін.

Мұндай «жаманшылық» олардың тіпті түстеріне де кірмейді. Украинада тіпті аудандық деңгейдегі жергілікті соттардың өздері ел президентінің бәзбір шешіміне бір емес, бірнеше мәрте қарсылық білдірді.

Және заңға сәйкес, жоғары сатыдағы сот орындары жергілікті деңгейдегі соттардың президентке қарсы шығарған шешімдерінің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізгенше, президент ондай даулы қаулыны немесе жарлықты күшіне енгізбей, доғара тұрады.

Яғни, елде баяғыдағыдай бір орталыққа құлдық ұру деген жоқ, жүйе мүлдем өзгерген. Және тіпті партияның билеуші блогы да осындай жүйемен жұмыс істейді. Яғни, президенттің жақтастары қатарында да орталыққа көзсіз бағыну жағдайы байқалмайды.

Билікті іске асырудағы ең басты жетекші мен бақылаушы – осы биліктің саяси субьектілерінің арасындағы өзара келісім. Барлық билікке президент көшбасшылық жасап, диктат жүргізу деген жоққа тән, ал президент пен биліктің өзге тармақтары арасындағы келісім биліктің барлық іс-әрекетінің реттеушісі болады.

Егер келісім нашар болса, онда жағдай да нашар болмақ. Ал егер мәміле табылған болса, онда бұл процестің ерікті-еріксіз қатысушыларының барлығын тәртіпке салады. Ондай жағдайда өздерінің біржақты көздеген жеке мүддесі бар адамдар процестен автоматты түрде шығып қалады.

Әрине, бұл ТМД елдерінде автократиялық билік басында отырғандардың зәре-құтын қашыратын қорқынышты теория, бірақ қазіргі Украина үшін нағыз шынайы тәжірибе осындай.

Бұл ел Ресеймен, Қазақстанмен, Беларуспен және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы деп аталатын ұжымдағы күш пен білекке бағынған өзге де режимдермен қатарласып бір сапқа тұрудан бас тартып келеді.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Украин редакциясының директоры болып жұмыс істеген. Аутордың бұл мақалада білдірген жеке ой-пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сай келмеуі мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG