Accessibility links

АҚШ президенті Обама жылдық жолдауында сыртқы саясат пен экономикаға назар аударды


АҚШ президенті Барак Обаманың халыққа жолдау жасап тұрған сәті. Вашингтон, 27 қаңтар 2010 жыл.
АҚШ президенті Барак Обаманың халыққа жолдау жасап тұрған сәті. Вашингтон, 27 қаңтар 2010 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама президенттік тұғырдағы алғашқы жолдауында Ауғанстан мен Ирақтағы соғыстардың аяқталып келе жатқандығы туралы мәлімдеп, ел экономикасы мен жұмыссыздықты азайтуға қатысты жоспарлар жайлы баяндады.

Сәрсенбінің түнінде Конгресс алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Барак Обама сегіз жылға жалғасқан Ауғанстан соғысы Ирақтағы жеті жылдық соғыс аяқталып келеді деп мәлімдеді.

Сонымен қатар ол Конгресс алдындағы бұл жылдық жолдауында елдің экономикасы мен жұмыссыз қалған американдықтарға жаңа жұмыс орындарын ашу шараларын қалай жоспарлап отырғанын да баяндап берді.

АҚШ президенттігіне соғысқа қарсы үміткер ретінде түскен Барак Обама жылдық жолдауында өз әкімшілігінің Ирақ пен Ауғанстандағы соғыстарды аяқтауға табысты түрде қол жеткізіп қалғанын атап көрсетті:

– Біз Ауғанстандағы әскерлер санын көбейттік, олар сол елдің қауіпсіздік күштерін жаттықтырып жатыр, демек олар 2011 жылдың шілдесінде Ауғанстан қауіпсіздігін өз қолдарын ала алатындай деңгейге жетеді. Біз басқаруды жақсы жүргізуді қолдаймыз, жемқорлықты жоюмен күресеміз және барлық ауғандықтардың – әйелдер мен ерлердің құқтары сақталуы үшін күресеміз.

Ирақ соғысына Иллинойс штатынан сенатор болып тұрған кезеңнен-ақ қарсы болған Барак Обама сөз соңында былай деді:

– Біз әл-Қаидамен соғысқандықтан да енді Ирақты оның өз халқына қалдыруға да жауаптымыз. Мен президенттікке кандидат кезімде бұл соғысты бітіруге уәде еткен едім, президент ретінде мен соны жасап жатырмын. Осы жылдың тамыз айының соңына дейін біздің барлық әскерлеріміз Ауғанстаннан шығады. Біз Ирақ үкіметіне сайлау өткізуге көмектесіп, ирақ жұртының аймақтық қауіпіздігі мен дамуы жолында әріптестікті жалғастыра береміз.

Обама мұнымен қатар сыртқы саясат саласында атқарылып жатқан тағы бір шараға басты назар аударды.

Ол 1991 жылғы Қарулануды қысқарту келісімі стратегиясының екінші нұсқасы туралы еді. Сейсенбі күні Ресей сыртқы істер министрлігінің ресмилері аталған келісімдер бойынша келісссөз жүргізушілер алдағы бірнеше аптада нәтижеге қол жеткізеді деп айтқан-ды.

Сәрсенбіде Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев бұл мәселе турасында телефон арқылы сөйлескен болатын.

Обама өзінің жылдық жолдауының басым бөлігін АҚШ экономикасына, оның қазіргі жағдайына арнады десе болады. Көптеген экономистердің сөзіне қарағанда, техникалық жағынан алғанда АҚШ-тағы рецессия кезеңі артта қалды.

Бірақ жұмыссыздық әлі де белең алып отырғандықтан, жалпы ілгерілеушілік болса да, дағдарыс еңсерілді дегенге жұмыссыздар сенімсіздікпен қарайды.

Өткен жылы Америкада жұмыссыздар саны 10 пайыз деңгейінде болған. Және көптеген американдықтар жыл барысында Обаманы президенттік күш-қуатының көбін ұлттық медициналық реформаларға жұмсады деп те кінәлаған еді.

Барак Обама алда ынталандыру пакетінен тұратын экономикалық реформалар жүргізілетінін мәлімдеді. Реформа бойынша шағын кәсіпкерлік саласында жаңа жұмысшыларды қызметке алу үшін салықтық жүйені жеңілдету қарастырылған. Сондай-ақ қаржылық реформалар да жоспарланып отырғанын айтты президент Обама.

Жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың пікірі Барак Обама жақсы жұмыс жасап жатыр ма, болмаса оның жұмысы нашар ма деген тұрғыда екіге жарылған болатын. Бұл өзінің президенттік қызметтегі алғашқы бір айын 75 пайыз қолдаумен өткізген президент үшін онша жақсы жаңалық емес еді.

Нью-Йорк университетінің саяси ғылымдар профессоры Роберт Спайзер президент Барак Обаманың жыл ішіндегі басты баяндамасында экономикалық реформаларға көп көңіл аударылғаны жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп бағалайды.

– Сауалнамалар көрсеткендей, американдықтардың арасында экономика ең басты алаңдаушылық туғызатын мәселе. Бұл, сондай-ақ, президент Обама экономикаға басты назар аудармады деп сезінушілікке де қатысты. Сонымен президент енді жұмыссыздық әлі де 10 пайыз болып тұрған экономиканы басты бағыт етіп ұстанбақшы, өйткені жұмыс орындары баяу ашылуда, экономиканың еңсесі де шындығында баяу көтеріліп келеді, – дейді профессор.
XS
SM
MD
LG