Accessibility links

Орталық Азиядағы диктаторларға төзімділік танытқаны үшін Вашингтон сынның астында қалды


Американдық сарбаздар «Манас» әуе базасындағы әскери ұшақтарды тексеруде. Бішкек, 15 сәуір 2010 жыл.

Американдық сарбаздар «Манас» әуе базасындағы әскери ұшақтарды тексеруде. Бішкек, 15 сәуір 2010 жыл.

Әскери мүдделерге бола Орталық Азиядағы жемқор басшыларға жалпақшешейлік көрсетіп отырған Вашингтон екіұдай саясатының кесірінен келешекте аймақтағы елдерде билікке келетіндердің алдында абыройдан айырылуы мүмкін деп ескертеді американдық сарапшылар.


НАШАР БОЛСА ДА ӨЗІМІЗДІҢ ЖІГІТ


Сәуірдің 22-і күні бір топ сарапшы Америка Құрама Штаттары Конгресіне АҚШ үкіметі Қырғызстандағы жемқор үкіметке жалпақшешейлік көрсетті деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, Ақ үй қырғыз елін Ауғанстандағы майданда іс-әрекет жасау үшін қолайлы алғы шеп ретінде қарастырғандықтан осындай қадамға барған деп жазады «Вашингтон пост» газеті.

Манас авиабазасы Ауғанстандағы майданға ұшып барып, кері қайтып отыратын жолда коалицияның әскері үшін басты транзиттік пункт болып табылады. Ол және де АҚШ пен халықаралық коалицияның бомбалаушы-истребительдеріне әуеде жанармай құйып беретін әуе танкерлерінің ұшып-қонатын айлағы.

Авиабазаның тіршілігі екі бірдей қырғыз президентінің жемқорлықпен тойынуының көзі болды. Осының нәтижесінде олар халықтың шамына тиіп, екеуі де елден қуылды деп атап көрсетеді басылым.

Жұрттың айтуына қарағанда, Қырғызстанның соңғы биліктен тайдырылған президенті Құрманбек Бақиев пен оның отбасы мүшелері ол
«Манас» әуе базасына келіп қонған әскери ұшақтан түскен американдық сарбаздар. 26 ақпан 2009 жыл.
президент тағынан тайдырылардан бұрын шетелге 200 миллион АҚШ долларын аударып үлгерген. Бұл туралы Нью-Йорктегі Колумбия университеті Барнард колледжінің доценті Александер Кули Америка Құрама Штаттары Конгресінің өкілдер палатасының ұлттық қауіпсіздік және халықаралық қатынастар жөніндегі кіші комитетіне баяндаған.

2001 жылы құрылғалы бері Манас авиабазасындағы американ әскерінің тыныс-тіршілігін бақылап келе жатқан Александер Кули жемқорлардың аталған базаны өздерінің қарнын қампиту үшін пайдаланып кеткенін айтып отыр. Манас базасы, оның сөзіне қарағанда, «қызмет ету келісім-шарттары мен жалдау ақысының көзіне айналды, ал бұл төлемдер үсті-үстіне Қырғызстанның билік элитасының жеке мүддесін қамтамасыз ету көзіне айналған» деп жазады газет.

«Осыдан соң, әрине, американ әскерінің елде орнығуына орай аталған мемлекетте «АҚШ (бұрынғы) президент Бакиевтің озбыр да жемқор режимін қолдайды екен» деген сыбыстың кеңінен етек алғанына таңдануға болмайды» деп атап көрсетеді Александер Кули.

ТӨЗІМДІЛІК РЕЦЕПТІ АДЫРА ҚАЛДЫ

Мәскеу мен Қырғызстандағы орыс тілді баспасөз Құрманбек Бакиевтің озбыр да жемқор үкіметін түк қоймай, әкесін танытып сынап жатқанда, қырғыз оппозициясы американ билігінің өз сынын бәсеңсіткенін тілге тиек еткен. Себебі, президент Бакиев американдарға авиабаза мәртебесіне қатысты қоқан-лоқы көрсетіп отырды, осының нәтижесінде американ шенеуніктері қырғыз оппозициясы мүшелерімен кездесуден жалтаруды әдетке айналдырды.

1997-2005 жылдар аралығында Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі болып қызмет атқарған Бақтыбек Абдрисаев Америка Құрама
Қырғызстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Бақтыбек Абдрисаев.
Штаттары Конгресінің бір топ мүшесіне былай деп мәлімдеді: «Барак Обама әкімшілігі Қырғызстанның Америка үшін құр әншейін «Манас транзиттік орталығы» ғана болып табылмайтынын түсіндіруі тиіс».

Уақытша үкіметтің жетекшісі Роза Отунбаева авиабаза туралы АҚШ пен Қырғызстан арасындағы басты келісім-шарттың күші шілде айында біткенде, оның күшінің «автоматты түрде» ары қарай созылатынын мәлімдеді. Ол келісім-шарт бойынша Вашингтон аталған авиабазаны жалға алып отыр. Алайда, қазір АҚШ-тың Юта аңғары университетінде (the Utah Valley University) дәріс беретін Абдрисаев уақытша үкіметтің құрамына кіретін адамдардың арасында Роза Отунбаеваның ұстанымымен келіспейтіндердің де бар екенін айтады.

Бақтыбек Абдрисаевтың айтуынша, Америка Құрама Штаттары уақытша үкіметпен дереу Манас авиабазасына қатысты жаңа келісімге қол жеткізуі тиіс. Әйтпесе, Манас авиабазасының мәртебесі алдағы қазан айында өтетін Қырғызстандағы президент сайлауында ахуалды шиеленістіріп, басты қиыншылыққа айналуы мүмкін.

Ол кейбір кандидаттардың «өз сайлауалды науқанындағы тұғырнамасын авиабазаның (Қырғызстан жерінде) орналасуына қарсы болу негізінде қалыптастыратынын» тілге тиек етті.

Александер Кули АҚШ-тың «Манас базасының жұмыс істеуіне негіз болып отырған қызмет ету келісім-шарттары мен жалдау ақысын құпия мәліметке ие дара тұлғалардың жеке басын байытатын көзден бүкіл Қырғызстан игілігіне жұмыс істейтін түсім көзіне қалай айналдыруға болатынын зерттеуін» ұсынды деп жазады басылым.

ОЗБЫР ТАҚТАН ТАЙҒАНДА

Газеттің ақпарына қарағанда, 2007 жылдан бері АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Манас авиабазасына реактивті отынды Гибралтар мен Лондонда тіркелген Mina Corp. фирмасы арқылы жеткізіп беріп отыр. Ол фирма иелерінің аты-жөні қауіпсіздікті қамтамасыз ету талабы себебінен құпияда ұсталып келді, дегенмен ол есімдер Пентагонға белгілі.

Бұған дейін төленген төлемақы мөлшері 1 миллиард доллардан асып кеткен. Келісім-шарт күшінің 2010 жылдың шілде айында бұдан әрмен созылуы аталған төлемнің жалпы көлеміне тағы 400 миллион доллар қосады деп мәлімдеді АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі логистика агенттігінің өкілі.

Аталған тыңдауда «Фридом Хаус» ұйымының ресми өкілі Сэм Пэттен Құрманбек Бакиевтің тұсында адам құқықтарының қалайша
Американдық сержант Брайн Фентресс өзбек қаласы Қаршиде орналасқан «Ханабад» әуе базасындағы қондырғыны орнынан қозғап жатыр.
елеусіз тасталып, аяққа тапталғандығының жай-жапсарын толық баяндап берді.

Ол президент Ислам Каримов билейтін Өзбекстанда 2005 жылы адам құқын бұзу жайтын сынаған соң, Вашингтонға Америка Құрама Штаттары жалдап отырған осы елдегі авиабазадан кет деп бұйрық берілгендігін айта кетті.

«Ислам Каримовтың Өзбекстандағы тираниясының түбінде ақырына жетіп, жер бетінен құрығанда, АҚШ өзбек елінде билік басына келетіндерге қай бетімен қарайды? Ол өзінің халқын озбырлықпен езіп-жаншып жатқанда біз бір де бір рет оған қой деп айта алмадық қой» деп атап көрсетті Пэттен.

Сонымен бірге ол «АҚШ-тың (Бакиев билігі кезіндегі оған қатысты) қадамдарын қырғыздар дәйекті түрде сатқындық деп бағалап отырса да», Қырғызстан уақытша үкіметінің Манас базасы туралы келіссөздер бастауға оң қабақ танытқаны АҚШ үшін үлкен сәттілік дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG