Accessibility links

Судья «Қазақгейт» ісін айыпкер Джеймс Гиффенді мақтаумен аяқтады


Солдан оңға: америкалық бизнесмен Джеймс Гиффен, Сара Назарбаева және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Солдан оңға: америкалық бизнесмен Джеймс Гиффен, Сара Назарбаева және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

АҚШ-та бизнесмен Джеймс Гиффеннің ісі бойынша сот процесі аяқталды. Судья Поули айыпкердің іс басталған сәтте қамақта болған уақытын жазасын өтеу мерзіміне жатқызды. Бұған қоса судья кезінде совет еврейлерін құтқаруға қосқан үлесі үшін Гиффенді мақтады.


Биыл тамыз айында өткен сот отырысында айыпкер Джеймс Гиффен өзінің шетел банктеріндегі есеп-шоттарына қатысты АҚШ салық қызметіне теріс деректер берген кінәсін мойындаған болатын. Ал Қазақстандағы мұнай өндіруші компаниялармен жасалған келісім-шарттардан заңсыз табыс алғаны туралы оған тағылған айып алынып тасталды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыластары «Қазақгейт» деп атап кеткен бұл атышулы сот ісі 2003 жылы басталған еді. 69 жастағы Джеймс Гиффен соңғы жылдары Нью-Йорктегі үйінде үйқамақта болды. Бірнеше жыл бойы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның маңайындағылар үшін қолайсыз мәселе болып келген бұл сот ісі осылайша аяқталып отыр. Қазақстан президентінің кеңесшісі болған Джеймс Гиффен Қазақстан үкіметінің шетелдік мұнай-газ компанияларымен келісім-шарттар жасау ісінде маңызды роль атқарды.

Қазақстан басшылығына ондаған миллион доллар пара беруге қатысқан деген айып тағылған америкалық ықпалды бизнесменге қарсы сот процесінің соңғы кезеңінде судья айыпкерге бір жыл түрме жазасына кесіп, 25 мың доллар айыппұл төлету туралы шешім шығаруы мүмкін екендігі туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.

Соттағы соңғы сөзінде Джеймс Гиффен сот тыңдауының нәтижесіне өзінің қанағаттанатындығын мәлімдеді.

«Енді ол - азат адам» деп хабарлады Ассошейтед пресс агенттігі. Өткен жұма күні сотты аяқтағанда осы істі қараған Нью-Йорк округінің судьясы Уильям Поули айыпкер Джеймс Гиффенді мақтады. Судья сот барысында Джеймс Гиффеннің кезінде мыңдаған совет еврейлерінің Батысқа кетуіне жәрдемдескенін айғақтайтын құпия құжаттарды көргенін айтты. Сондай-ақ судья Уильям Поули Америка Құрама Штаттары мен Советтер Одағы арасындағы «құпия» келіссөздерде Джеймс Гиффен маңызды роль атқарған деп атап өтті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG