Accessibility links

Соғыстан кейінгі Шешенстанда көптеген адам туберкулез дертіне шалдыққан


Туберкулез ауруын қоздыратын таяқшалар. wikipedia.org сайтындағы сурет.

Туберкулез ауруын қоздыратын таяқшалар. wikipedia.org сайтындағы сурет.

Сарапшылар елдің ресмилерінің немқұрайлығынан денсаулық сақтау саласы артта қалып, қоғамда құрт ауруы асқынып бара жатқанын айтады. Соғыстан қираған Шешенстанның ескірген медициналық инфрақұрылымы мен кең етек алған өкпе аурулары бұл саладағы дағдарысқа алып келді.


ҚҰРТ АУРУЫ АСҚЫНЫП ТҰР

Алғашқыда Марет Маашева өзіне демнің жетіспеуін жүктілігінен болар деп жүрген. Бірақ баласы дүниеге келген соң өкпе ауруының белгілері күшейіп кеткен. Екі айдан кейін ол түн ортасында қысқан жөтелден тұншығып жерге құлағанын айтады.

«Мен түн ортасында тұншығып бара жатып ояндым. Жерге бұралып құлап, дем ала алмай қиналдым. Сосын мен қатты жөтеліп, тіпті сөйлей алмай қалдым.»

Одан кейін 35 жастағы жас ананы ауылдан 40 шақырымдай жердегі ел астанасы Грозныйдағы ауруханаға жеткізгенде, оған туберкулез
Соғыс оты шарпып өткен Шешенстан жайлы суреттердің бірі. Сурет ауторы - Наталья Медведева.
диагнозын қойған.

Үш жылдан кейін Марет Маашева тағы да ауруханаға түсіп, Грозныйдағы туберкулез диспансерінде 15 ай жатқан. Дәрігерлер ол тағы 5 ай емделіп барып, үйіне қайтса болады дейді.

Құрт ауруы өзі мен жас балаларының өмірін әбден қажытып жібергенін айтқан Марет Маашева:

«Бірінші рет мен ұлымды екі айында, қызымды бір жасында қалдырып кеттім. Қазір маған қызым ренжіп, мені ұмытып кеттің дейді. Мен балаларыма барғанда, олармен қала алмаймын. Дәрігерлер мені үйге балаларым анасының түрін ұмытпас үшін амандаса салып қайтам деген жағдайда ғана жібереді».

Шешенстанда Марет сияқты сергелдеңге түскендер саны өсе түскен.

СОҒЫСТЫҢ ЗАРДАБЫ

Туберкулез дерті азайып барып, бірнеше елде қайтадан өршіп отыр. Шешенстанның қақтығысты аймағындағы жергілікті жұрттың дұрыс тамақтанбау мен ұзаққа созылған күйзелісті өмірінен құрт ауруы көбейіп отыр.

Соғыстан қираған Шешенстанның ескірген медициналық инфрақұрылымы мен кең етек алған өкпе аурулары елді денсаулық
Грозныйдағы республикалық балалар клиникалық ауруханасы, сәуір, 2006 жыл.
дағдарысына әкеледі дейді сарапшылар.

АҚШ-тың халықаралық медициналық корпусының Ресейдегі өкілі Семен Расиннің айтуынша:

«Бұл эпидемия: Шешенстанда бұрын-соңды болмаған жағдай. Совет Одағы құлаған 20 жыл мен 15 жылдық соғыс туберкулез дертін қайта көтерді».

Шешенстанның 100 мың тұрғынының әрбір 325-шісі құрт ауруымен тіркелген. Оның нақты саны одан да жоғары болуы мүмкін. Салыстырмалы түрде айтсақ, мәселен, Ресейде 100 мың адамның әрбір 77-шісінде туберкулез дерті табылса, еуропалық елдерде ол ондық деңгейінде қалады.

Құрт ауруын емдемегендер жылына шамамен 15-20 адамға дертті жұқтыруы мүмкін.

Шешенстан билігі бұл проблемамен жақсы таныс. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі мен президент Рамзан Қадыровтың бақылауындағы «Ахмад Қадыров қоры» Грозныйда түберкулез диспансерін салуды қолға алған. Бірақ дәрігерлер тек 70 орындық болатын ол емхана республикаға кең тараған ауруды ауыздықтай алмайды дейді.

Шешенстан дәрігерлері биліктен ел астанасындағы соғыс кезінде бұзылған үлкенірек туберкулез ауруханасын қайта ашуды сұрап келеді.

Ресей үкіметі екі жыл бұрын Грозныйдағы диспансерді қайта жөндеу жұмыстарына 9 миллионнан аса доллар бөлуді қарастырған. Бірақ миналанған ол жерді тазалап, құрылысты бастауға жергілікті билік асықпай отыр.

Бүгінде елде жұмыс жасап жатқан кішігірім туберкулез диспансерінің басшысы Арби Сайдуллаев аудандық әскери департамент ол аймақты минадан тазартудан бас тартқанын айтады.

«Мен Октябрский ауданының әскери жетекшілігінде болдым. Олар минадан аршу жұмыстары жер бетінен тереңірек жасалуы керек деді. Олар оны өздері жасай алмайтындықтарын, оған арнайы германиялық жабдық қажет екенін айтып отыр»,- дейді ол.

Сайдуллаев бұл мәселені Шешенстанның Ханкала қаласында үлкен әскери базасын ұстап отырған Ресейдің Ішкі істер министрлігінің өкілдеріне де жеткізген. Алайда ол жауапсыз қалған.

Дегенмен Шешенстанда шешімін таппаған мәселе бұл ғана емес. елде медицина мамандары да жоқтың қасы. Өте төмен жалақымен шетелдік мамандарды жұмысқа шақыру да мүмкін емес. Оның үстіне елдің қауіпсіздік жағдайы тұрақсыз болып тұр.

КҮМӘНДІ ЕМ-ДОМ

Қоғамда адамдардың туберкулез ауруы жайлы білетіні аз болғандықтан, науқастар бар дәрінің өзін уақытылы қабылдамай, өз өмірлерін қауіпке тігіп, жұқпалы дерттің күшеюіне жол ашып келеді.

Сонымен қатар дертке шалдыққан кейбір шешендер жұқпалы ауруын жасырып, медициналық көмекке жүгінуді намыс көреді. Оның орнына көбісі дәстүрлі емдер жасауға тырысады дейді туберкулез диспансерінің медбикесі Нура Даурбекова:

«Кейбіреулер иттің майын ішеді. Тағы бірі кептіріліп, ұнтаққа айналдырылған қара шегірткені жейді. Мұндай адамдардың көбі ауруы асқынып, көмектесу мүмкін болмай қалғанда, зембілмен әкелініп жатады. Негізінен халықтық еммен ғана жүргендердің жағдайы осылай аяқталып жатады», - дейді 54 жастағы медбике.

Құрт ауруы өткен жылы 1 миллион ғана тұрғыны бар Шешенстанда 139 адамның өмірін әкеткен.
XS
SM
MD
LG