Accessibility links

Иран президенті совет өкіметінің Батысты сынау әдістеріне салды


Иран президенті Махмуд Ахмединежад баспасөз-мәслихатында. Теһран, 28 маусым 2010 жыл.

Иран президенті Махмуд Ахмединежад баспасөз-мәслихатында. Теһран, 28 маусым 2010 жыл.

Махмұд Ахмединежад Батысты тағы да қатаң сынға алды. Мұндай тәсілді Кремль қырғи-қабақ соғыс кезінде пайдаланатын еді. ССРО өзіне «адам құқығын бұзып отыр» деген айып артылған сәтте-ақ «Батыс қос стандарт ұстанады» деп аттандап шыға келетін.


Қазіргі уақытта Иран президенті Махмұд Ахмединежад та осы тәсілге көшіп алған сыңайлы. Күйеуінің көзіне шөп салған деп айыпталған әйелді таспен ұрып өлтіру туралы Иран сотының үкімі Батыстың ашу-ызасын туғызғаны мәлім. Осыған орай Иран президенті де АҚШ-тың Вирджиния штатындағы өлім жазасына кесілген әйел тағдырына қатты алаңдаушылық білдіріп, «АҚШ десе, жұмған ауызын ашпайтын» Батысты екіжүзділігі үшін айыптады.

ТЕРЕЗА ЛЮИСТІҢ ТАҒДЫРЫ

Өз азаматтарын еңбекке еріксіз жегу, саяси тұтқындар ұстау секілді айыптарды Батыс тарапынан жиі еститін Совет өкіметі азаматтық құқық, жаппай жұмыссыздық немесе, мәселен Солтүстік Ирландиядағы саяси-әлеуметтік тартыс секілді жалпылама мәселелер бойынша Батыстың өзін сынап-мінеуді әдетке айналдырған еді. Бұл тәсілді жақсы игерген Махмұд Ахмединежад бұл жолы жалпыдан жалқыға көшті.

Қырық жастағы иран әйелі Сакине Мохаммади Аштианиді таспен ұрып өлтіру туралы сот үкімін батыс баспасөз кеңінен жазып жатыр. Ал БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке келген Иран президенті қарсы шабуылға шығып, күйеуі мен өгей баласын өлтіруге тапсырыс бергені үшін өлім жазасына кесілген америкалық әйел Тереза Люсті тілге тиек етті.

Иранның мемлекеттік Ирна агенттігі «бұл әйелді Америка өлім жазасына кессе де, «мұның қалай» дейтін ешкім көрінбейді» деген Ахмединежадтың пікірін сөзбе-сөз таратуда. Оның үстіне қырық бір жастағы Тереза Люистің ісін Иран парламентінің адам құқығы жөніндегі комитеті қарағалы отыр. Бұл әйелге шығарылған сот үкімі, қыркүйектің 21-і күні АҚШ Жоғарғы соты келісім бергеннен кейін, қыркүйектің 23-і күні орындалды.

Тереза Люис Вирджиния штатында тоқсан сегіз жылдан бері өлім жазасына кесілген алғашқы әйел. Сот оның күйеуі мен өгей баласын өлтірткізіп сақтандыру полисінің мол қаржысын қалтаға басуды көздегенін дәлелдеді.

Осы мақсатта Тереза екі ер адаммен ашына болып, оларға күйеуі мен өгей баласын өлтіру үшін ақша берген. Тереза Люистің қорғаушылары оның оқушы кезеңіндегі мінез-құлқында ауытқушылық болғанын ескеруді сұрап, жазаны сәл де болса жеңілдетуге тырысқанымен одан ештеңе шықпады.

Сакине Мохаммади Аштини ісіне байланысты батыс ақпарат құралдары көтерген шу жөнінде Махмұд Ахмединежад: «Интернетте осы әйел туралы жазылған 3,7 миллион парақ бар. Оның ісі әлі аяқталған да жоқ, ал Иран болса ақпараттық шабуылдың астында қалды», – деген болатын.

Америкалық арналардың бірі Эй-би-сиге берген сұқбатында Махмуд Ахмадинежад таспен ұрып өлтіру жөніндегі хабарды теріске шығарды. Сакине Мохаммади Аштианиге шығарылған үкім халықаралық наразылықтың белең алуына байланысты әзірше әліптің артын бағып тұр. Алайда туған-туыстары оны бәрібір дарға асады деп қауіптенеді.

АЙЫРБАС

Люис пен Аштиани ісінің қатар қойылуы – Иран мен АҚШ арасында моральдық тепе-теңдік орнату үшін жасалған алғашқы әрекет емес.

Жексенбі, қыркүйектің 19-ы күні Мамұд Ахмединежад Құрама Штаттарды Иранның сегіз азаматына рақымшылық жасап, тұтқыннан
Оның Нью-Йоркке АҚШ азаматтарын кепілге алған адам сияқты келгеніне қатты таңғалдым. Ол америкалық саяхатшыны АҚШ-та тұтқындалған Иран азаматтарына айырбастамақшы.
босатуға шақырды. Иран президенті оларды «Америкада заңсыз тұтқындалған» деп санайды.

Ол мұны «тыңшылық жасады» деген айыппен Иран абақтысына он үш ай қамалған америкалық саяхатшы Сара Шоурды босатқан соң іле-шала мәлімдеді.

Қалған екі америкалық, яғни Сараның болашақ күйеуі Шейн Бауэр мен Джош Фаттал әлі күнге қамауда отыр. Алда сот болуы да мүмкін. Бұл үшеуі Иран аумағына Ирак жері арқылы тап болған еді.

Нью-Йоркке орналасқан «Ирандағы халықаралық адам құқығы» ұйымының жетекшісі Хади Гаэми Иранда тұтқынға алынғандар мен Америкада сотталған ирандықтарды салыстырудың соңы күтпеген нәтижеге жеткізуі мүмкін деп санайды.

«Мен оның Нью-Йоркке АҚШ азаматтарын кепілге алған адам сияқты келгеніне қатты таңғалдым. Ол америкалық саяхатшыны АҚШ-та тұтқындалған Иран азаматтарына айырбастамақшы. Ал қалған саяхатшылар Иранда кепілдікте отыра тұрмақ. Яғни ол АҚШ-та сотталған ирандықтар босатылмайынша америкалықтар да жіберілмейтінін емеурінмен білдірді», – дейді Хади Гаэми.

Сондай-ақ Хади Гаэми Иран президенті Америкада сөйлеген сөзінде Сакине Мохаммади Аштианиді «таспен ұрып өлтіру жөнінде ешқандай да үкім шықпағанын айтып, жұртты алдамақ болды» дейді.

Таяу Шығыс саясаты жөніндегі Вашингтон институтының зерттеушісі Мехди Халаджидің пікірінше, Махмұд Ахмединежадтың Батысқа қос стандарт жөнінде таққан айыбы – ислами дәстүр мен батысқа қарсы бағытталған солшыл айтыстардың қоспасы.

«Ислам дәстүрінде тіпті Құранның өзін дұшпанға қарсы пайдаланатын айтыс тәсілі бар, оны «джадад» деп атайды. Яғни бұл ұғым бойынша сіз қарсылас дәлелдеріне сенбесеңіз де оны қажет жағдайда өзіне қарсы пайдалана аласыз деген сөз.

Батыс адам құқығы жөнінде сөз қозғаса, Иран билігі «Батыстың өзі қос стандарт ұстанып, адам құқына нұқсан келтіреді» деген желеуді көлденең тартудың шебері. Басқаша айтқанда, олар Батыстың көкейін тесіп тұрған мәселе адам құқығы емес дегісі келеді. Шындығында бұл Батысқа бағытталған саяси дөң-айбаттың бірі», – дейді Мехди Халаджи.

«БҰЛ САЯСАТ»

Иран президентінің Тереза Люис тағдырына ақ пейілмен алаңдамайтынын, яғни Иран саясатындағы кезекті әдістердің бірі екенін Махмұд Ахмединежадтың жақтастары да жоққа шығармайды.

Америка-Иран кеңесінің президенті, АҚШ-Иран қатынастарын қалпына келтіруді жақтаушы Хушанг Амирахмади «Тереза Люис пен Сакине Мохаммади Аштианиді қатар қоямын деп Махмұд Ахмединежад адасып отыр» деп санайды.

«Өз басым оны Тереза Люиске ет бауыры елжіреп отыр деп ойламаймын, бірақ бұл – саясат. Саясат болғандықтан да ыңғайы келген
Оның Тереза Люиске ет бауыры елжіреп отыр деп ойламаймын, бірақ бұл – саясат. Саясат болғандықтан да ыңғайы келген сәтте, «қос стандарт ұстанады» деп Батысты айыптағысы келеді.
сәтте, «қос стандарт ұстанады» деп Батысты айыптағысы келеді. Алайда Ахмадинежад Люис пен Аштиани секілділерді салыстырудың қисынсыздығын білгені жөн. Күйеуінің көзіне шөп салған әйел мен адам өлтіруге тапсырыс берген әйелді қатар қоюға болмайды. Рас, кейде Батыстың қос стандарт пайдаланатыны бар, бірақ менің ойымша, бұл аргументті кез-келген жайтқа қосақтай беру әділдік емес», – дейді Хушанг Амирахмади.

Зерттеуші Мехди Халаджи Махмуд Ахмединежадтың адам құқығы жөніндегі батыстық пайымға аяқ астынан арқа сүйей қалуының түбі жаман болмауы да мүмкін, бәлкім Ирандағы билік режимі аздап жұмсарар деп ойлайды.

Таспен ұрып өлтіруді қалай болғанда да жалпақ жұрт алдында ақтап ала алмайтынын білген немесе оның адам құқығына кереғар екенін мойындаған Иран билігі бұдан әрі ашықтан-ашық қатігездіктерге тәуекел етпей, аяқты аңдап басары анық.

Сонымен бірге ол мұнан да зор тағы бір түйткіл мәселе ретінде Иран заң жүйесінің аятолла Әли Хаменеидің ыңғайына жығылатындығын атап айтты.

«Біз сот құрылымының аятоллаға саяси тұрғыдан тәуелді екенін көріп отырмыз, сонан соң сот билігі қалай әділ болсын. Иран сот жүйесі мен батыс елдерінің сот жүйесі арасындағы ең басты айырма осы.

Бұл тұрғыдан келгенде кейбір сот үкімдерін басқалардан бөле-жара қарауға болмайды. Вирджиния соты мен Теһран соты арасындағы тағы бір айырма мынада: мәселен, Вирджиния сотының шешіміне ешбір саяси шенеунік ықпал ете алмаса, Иранда, керісінше, сот шешіміне араласпайтын шенеунік табу өте қиын», – дейді Мехди Халаджи.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG