Accessibility links

АҚШ өкілі Вашингтондағы брифингте Қазақстанға сапары туралы бір сөйлеммен шектелді


АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі Ричард Холбрук.

АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі Ричард Холбрук.

Жақында Қазақстанда болған сапарында президент Назарбаевтың атына мақтау айтқан АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан бойынша арнайы өкілі Ричард Холбрук Вашингтондағы брифингте Қазақстан туралы жалғыз ауыз сөз ғана айтты.


«СТАН» ЕЛДЕРІНЕ САПАР

Наурыздың 2-күні Вашингтонда брифинг өткізген АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі Ричард Холбрук Ауғанстан, Пәкістан, Орталық Азия, Грузия және Германия елдеріне жасаған таяудағы сапарына жан-жақты тоқталды. Азаттық радиосы
АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі Ричард Холбрук (сол жақта) және Пәкістанның қаржы министрі Шаукат Тарин. Исламабад, 18 ақпан 2010 жыл.
Холбруктың Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қатысты айтқандарына ерекше назар аударып отыр.

«Соңғы 6 айда біздің делегацияларымыз Бейжің, Ресей, Түркия және Парсы шығанағындағы барлық мемлекеттерге, әрине, Еуропаға және Қытайға барды. Осы жолы біз алғаш рет Орталық Азияға жеттік. Мен бес «стан» елдерінің төртеуінде, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан мемлекеттерінде болдым. Бірақ техникалық байланыс проблемаларына байланысты Түркменстанға бара алмадық», - деді Ричард Холбрук.

Ол өзінің сапарының мақсаты Ираннан басқа аймақтағы барлық мемлекеттердің басшылығымен кездесу болғандығын атап көрсетті.

АЙМАҚТАҒЫ ЕЛДЕРДЕГІ КЕЗДЕСУЛЕР

«Ауғанстанмен ортақ шекарасы жоқ Қырғызстанда өте маңызды Манас транзиттік орталығы орналасқан. Осы орталыққа байланысты келісімнің жаңарту үдерісін бастап келдім. Біз қырғыз үкіметінің қолдауына өте ризамыз. Сонымен қатар мен Манастағы АҚШ күштерімен кездестім. Әр ай сайын Манастағы транзиттік орталықта 35 мың американдық сарбаз жаттығудан өтеді», - деді Холбрук.

Қырғызстанның «Манас» әуежайындағы транзиттік орталыққа келіп қонған ұшақтан түскен американ әскері. 26 ақпан 2009 жыл.
АҚШ өкілі Өзбекстанда Ауғанстандағы американдық күштерге арналған жүк тасымалы жөніндегі мәселені талқылағанын жеткізді.

«Ташкентте, әрине, біз Солтүстік тасымалы желісі мен оның бізге маңыздылығы туралы сөйлестік. Ауғанстандағы әскерилерімізге арналған жүк тасымалының басым бөлігі Өзбекстан арқылы өтеді», - деп атап көрсетті Ричард Холбрук.

Вашингтондағы мәлімдемесінде ол Қазақстанға сапары туралы тек жалғыз сөйлеммен шектелді.

«Қазақстанда өзіміз қызығушылық танытып отырған әуе қызметтері мен темір жол транзитін дамыту мәселесі туралы сөйлестік», - деп қысқа қайырды Ричард Холбрук.

АҚШ өкілі сондай-ақ Тәжікстанға сапарының мақсатына да тоқталды.

«Тәжікстанда біз солтүстік тасымалы мәселелерін талқыладық. Бұған қоса, ресурстар жөнінде сөз болды. Өзіңіз білесіз, Пәкістан мен Ауғанстанда су мәселесі үлкен проблема боп табылады. Ал Тәжікстан әлемдегі ең ірі су мүмкіндіктерінің біріне ие. Бұл туралы бізге президент Эмомали Рахмон егжей-тегжейлі мәлімет берді», - деді ол.

АСТАНА МЕН ВАШИНГТОННЫҢ АРАСЫ

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан бойынша арнайы өкілі ақпанның 21-де Астанада Қазақстан мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен және премьер-министр Кәрім Мәсімовпен жабық есік жағдайында
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қазан 2009 жыл.
кездескен болатын.

Сол жолы Астанада журналистерге өткізген қысқа брифингте Ричард Холбрук бұл жолғы сапарының мақсаты Ауғанстанмен байланысты екендігін айтқан болатын.

АҚШ өкілі Қазақстанның аймақтағы маңызы ерекше дей келе, елді 1991 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысына жоғары баға берген еді.

- Қазақстан аймақтағы дамып келе жатқан үлкен әрі бай ел. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен ел көп векторлы саясатты табысты жүзеге асырып келеді. - деген болатын Ричард Холбрук.

Сондай-ақ ол Қазақстан өзіндегі қуат қорын дұрыс пайдалана білгенде өркендеген елге айналып, үлкен табыстарға қол жеткізе алады деп атап өтті. Холбруктың пікірінше, Қазақстан энергия ресурстары бар өзге мемлекеттер шалдыққан мұнай қарғысынан құтылуға шара қолданып жатқан ел.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG