Accessibility links

Ақ үй жансыздарға қатысты жанжал Ресей-АҚШ қарым-қатынасына сызат түсірмейтіндігін айтады


АҚШ-та Ресейдің пайдасына тыңшылық жасаған деген күдікке ілінген он адам Нью-Йорк сотында отыр. Шерли Шепард салған сурет. 28 маусым 2010 жыл.
АҚШ-та Ресейдің пайдасына тыңшылық жасаған деген күдікке ілінген он адам Нью-Йорк сотында отыр. Шерли Шепард салған сурет. 28 маусым 2010 жыл.

Сәрсенбі күні Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-та тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталғандардың арасында Ресей азаматтары бар екенін мойындады. Ақ үй өкілі ресейлік тыңшылар жанжалы екі елдің қарым-қатынасына әсер етпейді деп сенеді


Алғашқыда Мәскеу АҚШ-та қамауға алынған ресейлік тыңшыларға қатысты тіс жармай қойған еді. Тыңшыларға қатысты сауалдарға Кремль де, Ресей сыртқы барлау қызметі де пікір білдіруден бас тартқан болатын.

Сәрсенбі күні Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде, Ресей АҚШ тарабы екі ел арасындағы қазіргі жақсы қарым-қатынастардың оң бағытта дамуын ескере отырып, бұл мәселеге түсіністік білдіреді деп сенеді делінген.

Ресей ресми тұлғаларынан тек сыртқы істер министрі Сергей Лавров қана қоғам алдында осы тақырыпқа қатысты пікірін білдірді. Израилде сапарда жүрген Ресей министрі сейсенбі күні журналистерге айтқан жауабында, өзінің бұл мәселеге байланысты Құрама Штаттардан тезірек түсінік беруді сұрағанын айтты.

«Олар бізге әзірге бұл туралы еш жауап бермеді. Мен олар жауап береді деп үміттенем. Мен бүгін сіздерге тек мынаны ғана айта алам: бұны әдейі белгілі бір уақытта жариялап отырған сияқты», – деді Сергей Лавров.

Ал АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Гордон Дугуид ұсталған ресейліктер жайлы мәліметтерді АҚШ Әділет министрлігі жетекшілік ететін тергеушілер жариялағанын айтады. Олар мәлімдемені жариялау үшін дәл осы күнді әдейі таңдап алған дегенге ешқандай дәлелім жоқ деді Гордон Дугуид.

Сондай-ақ Ақ үй өкілі Роберт Гиббс тыңшылық жанжалы екі жақтың қарым-қатынасына кері салдарын тигізе қоймас деген ойын айтты.

«Мен бұл біздің Ресеймен орныққан қарым-қатынасымызға салқынын тигізеді дегенге сенбеймін. Біз өткен жарты жылда Ядролық қару таратпау жөніндегі келісім сияқты мәселелерде бірге жұмыс істеп, өзара мүдделі мәселелерде үлкен прогреске қол жеткіздік. Сондықтан мен осы жағдай сол байланыстарға кері әсер етеді деп ойламаймын».

Дүйсенбі күні АҚШ билігі Ресей үкіметіне қажетті ақпараттар мен саяси мәліметтерді жинауды көздеген тыңшылық топты анықтап, оларды қамауға алғанын хабарлаған еді.

АҚШ-тың Федералды барлау қызметі ұсталғандар он жылдан аса уақыт тыңшылық жасаған деп күдіктенеді. Ресейлік тыңшылардың қамауға алынғаны туралы ақпарат Ресей президенті Дмитрий Медведевтің американдық әріптесі Барак Обамамен сәтті өткен кездесуінен кейін жария болды.

Ресей агенттері деген күдікке ілінген он бір адамның оны АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы бірқатар қалаларда қамауға алынды. Біреуіне Құрама Штаттарда Ресей Федерациясы тыңшыларының заңсыз әрекеттеріне қолдау танытты деген айып тағылды. Егер оларға тағылған айыптар дәлелденсе, олар кемінде 5 жыл мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін.

Тұтқынға алынғандардың тоғызына ақша жымқыру сияқты астыртын әрекеттерге барды деген айып тағылып отыр, оларға 20 жылға дейін түрме жазасы берілуі ықтимал. Сейсенбі күні АҚШ-та тыңшылық жасаған деген күдікке ілінген он бірінші адам Кипрде қамауға алынды.

АҚШ-тың қылмыстық шағымы «тыңшылық романы» сияқты болып отыр. Ұсталған он бір адам қолдан жасалынған құжаттар пайдалану, жергілікті тұрғындардың аты-жөндерін алу, жасырын жазулар арқылы хаттар жазысу, көзге көрінбейтін сия пайдалану, сондай-ақ бір жерде кездесе келе өзара байқатпай қол сөмкелерін айырбастау сияқты күмәнді іс-әрекеттер жасады делініп отыр.

Сот құжаттарында Ресейден келген тыңшылардың мақсаты – Ресей үшін қажетті ақпарат алу және саяси жағдайды біліп отыру үшін АҚШ-тың саяси шешімдер жасайтын ортасына кірігіп, ақпарат құралдары мен ғалымдарымен біте қайнасып араласпақшы болған деп айтылған.

Жексенбі күнгі тұтқындаулар АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен оқиға болды. Және маңызы жағынан бұны 1957 жылы Нью-Йоркте әйгілі совет тыңшысы Рудольф Абельдің ұсталуымен пара-пар оқиға ретінде салыстырып айтып отыр.
XS
SM
MD
LG