Accessibility links

Ширек ғасырдан соң немесе Горбачевтің билікке келуі Қазақстанда несімен есте қалды?


Совет Одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев. Фарая, Ливан, 2 ақпан 2010 жыл.
Совет Одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев. Фарая, Ливан, 2 ақпан 2010 жыл.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын, бүкіл әлемді қайта құруымен және жариялылығымен таң қалдырып, ССРО-да Михаил Горбачев билікке келді. Оның билікке келуімен кәрілік жеңген, қаусаған бас хатшылардың дәуірі де өтті. Азаттық радиосының дөңгелек үстелі Горбачев дәуіріндегі Қазақстандағы оқиғаларға арналды.


Михаил Горбачев, сәл кейінірек бүкіл әлемге танымал болған «Жариялылық. Қайта құру. Жеделдету» деген популистік ұрандармен билікке келді. Оның билікке келуімен бірге бұрынғы Совет Одағының барлық аумағында ауқымды өзгерістер ғана болып қойған жоқ, сонымен бірге бірқатар одақтас республикаларда қантөгіске ұласқан ұлтаралық қақтығыстар болды.

Ақырында Михаил Горбачевтің саясаты бір кездері мызғымастай көрінген Совет Одағының күйреуіне және әлемнің саяси және географиялық картасынан оның толық жойылуына алып келді. Горбачевтің ССРО-да билікке келуі Қазақстанға қалай әсер етті? Азаттық радиосы кезекті дөңгелек үстелін осы тақырыпқа арнайды. Оған қатысатындар:

Серікболсын Әбділдин – сол кездері тек Қазақстан ғана емес, ССРО-да жоғары партиялық функционер болған, ал бүгінде ол Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі;

Серік Әбдірахманов – Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, бүгінде президенттік «Әділет» партиясы жетекшілерінің бірі;

Төлеген Жүкеев – сол кездері Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің жауапты қызметкері, соңғы бірнеше жылда оппозициялық «Азат» партиясы жетекшілерінің бірі болды, ал қазір еркін шығармашылық жұмыста;

Сергей Дуванов – сол кездері Қазақ мемлекеттік университетіндегі социологиялық зертхананың қызметкері, қазір тәуелсіз журналист.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан-Хан Аққұлыұлы жүргізді.

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ ИНТЕРНАЦИОНАЛИЗМ

Жүргізуші:


– Михаил Горбачев билік басында болған жылдары, басқасын айтпағанда, бірқатар одақтас республикаларда қантөгісті ұлтаралық қақтығыстар, тіпті бауырлас екі республика арасында қарулы қақтығыс болды.

Осы қантөгісті жанжалдар мен қақтығыстар Горбачев саясатының қателігі мен кемшілігі деп айтуға болады ма? Бір кездері мызғымастай, біртұтас көрінген ССРО халықтары мен бауырлас деп аталған республикалар арасындағы бұл жанжалдардың туындауын қалай түсіндіруге болады?

Сергей мырза, сөз сізде.

Сергей Дуванов:

– Бұл жерде мәселеге кешенді түрде келу керек сияқты. Бір жағынан бұл, әрине, басшылықтың жіберген қателіктері, демократия жағдайында мұндай күрделі проблемаларды шешуге шамасының жетпеуі. Ал екінші жағынан, халықты ұзақ уақыт қыспақта ұстап
Михаил Горбачев Совет Одағы Компартиясының 27-сессиясында мінбеге келе жатыр. Мәскеу, 1 наурыз 1986 жыл.
отырып еркіндікке жіберіп қалғанда осындай ұстамсыз қылықтар бой көрсетуі мүмкін. Горбачев билеген кезеңде дәл сондай ұстамсыз қылықтар болды. Республикаларда, ұлтаралық қатынастардың салдарынан, әлеуметтік жанжалдар туындап жатты. Қоғамды қысып тұрған бұранданы босатқан соң Совет Одағында, адамдарда, қоғамдық санада, психологияда жылдар бойы қордаланып қалған дүниенің барлығы сыртқа шықты. Мен осылай деп ойлаймын.

Жүргізуші:

– Төлеген мырза, Горбачевтің билік құрған кезеңінде пайда болған ұлтаралық жанжалдардың себебі неде деп ойлайсыз?

Төлеген Жүкеев:

– Бұл осылай болуы керек еді. Жалпы, бүкіл большевиктік-коммунистік насихатқа қарамастан совет халқы деген біртұтас ұлт, біртұтас қоғам болмаған екен.

Сол кездері билікке келгендердің, оның ішінде Горбачевтің еңбегі, бұл, әрине, қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы еді.

Ал ұлтаралық қатығыстарға келсек, бұдан бұрынғы коммунистік режимнің бүкіл саясаты осыған алып келді.

Одақтас республикалардың арасындағы халық пен шекараны бөлу волюнтаристік жолмен жүргізілді. Ұлттық сипаты бар дүниенің барлығы басып-жаншылды, «біртұтас совет халқы» деген идеологиялық бағдармен орыстандыру өте қатаң түрде жүргізілді.

Бүгінгі Қазақстанның режимі ештеңенің байыбына бармастан орындалмайтын, қияли идеяларды көтеруі арқылы дәл сол қателікті қайталап отыр. Бұл осыдан бар болғаны 20 жыл ғана бұрын болған оқиғалар. Сол кездері бұл адамдар әлгіндей түсініктерді айыптаған болатын. Егер қазіргі президенттің сол кезеңдегі кейбір сөздерін қарайтын болсаңыз, онда «біртұтас совет халқы» деген терминді қалай сынағанын көресіз. Ал енді бүгін келіп осыған ұқсас идеялар көтеруде.

Жүргізуші:

– Серік мырза, сіздің де пікіріңізді білгіміз келіп отыр.

Серік Әбдірахманов:

– Горбачевті жақсы білгендіктен және онымен адам, тұлға ретінде араласып көргендіктен, ол жайындағы пікірім қатаңдау. Мен өзімнің оған баға беруімде қателескен жоқпын деп есептеймін және жыл өткен сайын осыған көзім жетіп келеді.

Бүгінгі талқылауға қатысушылардың назарын мына бір жайтқа аударғым келеді: Брежнев кеткен соң Советтер Одағы Коммунистік партиясы орталық комитетінде ұлттық кадр жөніндегі лениндік саясатқа өзгеше көзқарас қалыптасты. Пайыз қуушылық басталды. Аппарат кадрлардың пайызын есептеумен айналысып, номенклатурадағы орыстарды көбейте бастады, оның ішінде Қазақстанда да
Соғыс зардабын шеккен ескі үй. Шуши елді мекені, Таулы Қарабақ.
осылай болды.

Мен 1991 жылдың қыркүйек айында Қарабақта Назарбаев пен Ельциннің басшылық жасаған миссиясына қатыстым. Таулы Қарабақта мен нені көрдім? Мен Советтер Одағы Коммунистік партиясы орталық комитетінің аппараты біреулерге бір сөз айтып, екіншілеріне басқаша сөйлеп, халықты, екі тарапты бір-біріне қарама-қарсы қойғанын көрдім. Осының салдарынан бір кездері бейбіт өмір жайлаған жерде қанды қақтығыс, соғыс, құрбандар болды. Халықтар арасында жанжал туындады. Бұл жанжалдарға Горбачевтің көрегендік саясат жүргізбеуі себеп болды деп есептеймін. Бұл жанжалдар үшін басты кінәлі адам сол.

Жүргізуші:

– Серікболсын жолдас, бұрынғы Совет Одағында ұлтаралық жанжалдардың тууына Михаил Горбачевтің жүргізген саясаты кінәлі ме? Өзіңіздің айтуыңызша, сіз Горбачевке жақындау болыпсыз. Демек, сіз қазақстандық барлық партиялық функционердердің ішінен Горбачевке жақынырақ болдыңыз, оны жақсы білдіңіз емес пе?!

Серікболсын Әбділдин:

– Советтер Одағы Коммунистік партиясы орталық комитетінің жай қатардағы хатшысы Горбачевтің көмекшілерімен әңгімелескенімде олар маған Горбачевті пісуі жетпеген адам деп ашық айтатын. Міне мәселе қайда жатыр?!

Шынтуайтына келгенде, билікке оның келуі және Совет Одағы сияқты алып державадағы бірінші адамға айналуы аласапыранмен,
Совет Одағының басшысы Михаил Горбачев Германия демократиялық республикасы Компартиясының бас хатшысы Эрих Хонекермен құшақ айқастырып тұр. 17 сәуір 1986 жыл.
бей-берекеттікпен байланысты. Шындап келгенде, ол мемлекетті басқарған жоқ. Сондықтан біз ұлтаралық жанжалдарға куә болдық.

Тарихи кезеңге лайықты, обьективті баға беру керек. Мен әріптестерімнің осының барлығына коммунистік режим кінәлі деген қорытындыларымен келіспеймін. Бұл режимнің, жауыздық империясының тарих сахнасынан кеткеніне міне 20 жыл болды. Ал бұдан әлемдегі қантөгіс азая қалған жоқ.

Совет Одағы тарқағаннан кейінгі қантөгістердің ауқымдырақ сипаты бар деп ойлаймын. Совет Одағы әлемдегі екінші алып держава болғандықтан, дәл қазір әлемде болып жатқан жанжалдарды тежеп тұрды. Сондықтан, мен Горбачевті осал басқарушы деп есептейтін әріптестеріммен келісемін.

ЖЕЛТОҚСАН ЖӘНЕ ГОРБАЧЕВ

Жүргізуші:

– Енді келесі сұраққа көшсек: Михаил Горбачевтің билік құрған кезеңіндегі Қазақстан үшін ең маңызды да елеулі оқиға 1986 жылғы қазақтың жұмысшы және студент жастары қатысқан желтоқсандағы бас көтеру екені анық. Сіздердің ойларыңызша, оның пайда болуындағы, содан соң оны қатыгездікпен басып-жаншудағы Совет Одағы Коммунистік партиясының басшысы Михаил Горбачевтің
Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев (сол жақ шеткі), одан кейін тұрған Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев , Совет Одағы Компартиясының бас хатшысы Михаил Горбачев (оң жақ шеткі). Целиноград, 1985 жыл.
рөлі қандай?

Серік мырза, Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде сол күндері сіз жастарға бәрінен де жақын тұрдыңыз. Сөз сізде.

Серік Әбдірахманов:

– Совет Одағы ыдыраған соң Горбачев Алматыға келіп, президенттің резиденциясында болған кезде мен оған жазбаша сауал жолдадым. Оны Горбачевке қатар отырған Нұрсұлтан Әбішұлы берді. Осы жазбаша сауалымда мен Горбачевке: «Желтоқсан оқиғалары – қазақ халқының жазылмайтын жарасы. Алматыда, осы жерде отырған кезіңізде сіз өз қателіктеріңіз үшін кешірім сұрауды қажет деп ойлайсыз ба?» - деп жаздым. Сондықтан да, Горбачев өзінің біліксіз әрекеті арқылы ұлтаралық қатынастардың ширығуына себепкер болды, атап айтқанда, Алматыда осындай диктатқа жастардың қарсылығын тудырды деп есептеймін. Мен оны басты кінәлі адам деп санаймын.

Дәл сол желтоқсан күндерінде, сол оқиғалар болып жатқан кезде не болғанын бағамдау өте қиын болды. Құпия құжаттарға қолы
Мәскеудің шешіміне қарсы Алматының Брежнев атындағы (қазір Республика) алаңына наразылық шеруіне шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Сурет Алматының орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды.
жететіндердің қолынан Горбачев қол қойған саяси бюроның құпия қаулысын көрдім. Ол Совет Армиясының әскерлеріне күш қолдануға алдын-ала құқық беріп қойған.

Яғни, Желтоқсан оқиғалары алдын-ала жоспарланып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арандатуымен жүзеге асқан. Бұған рұқсатты Горбачевтің өзі берді. Бас хатшының рұқсатынсыз мұндай оқиға болмауы керек еді. Онсыз әскер мұндай істерге араласа алмайтын еді.

Бұл жанжалға алып келген Горбачевтің сценариі. Мен өз сөзіме сенімдімін. Мен Горбачевті кітаптардан, оның тәтті сөздері арқылы білген адам емеспін. Мен бұл адамды жақыннан көрдім және ол өте лас, әзәзіл адам. Оған өзге теңеуді таба алар емеспін.

Жүргізуші:

– Сергей мырза, 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының толқуларында Горбачевтің рөлі мен орны қандай деп ойлайсыз?

Сергей Дуванов:

– Совет Одағындағы мұндай шешімдердің ең жоғары деңгейде ғана қабылданатындығын есепке алсақ, күш қолдану туралы бұйрықты Горбачев берсе керек. Ал енді Горбачев болсын, Черненко немесе Андропов, тіпті Сталин мен Ленин де дәл осындай бұйрық беретіндігі
Борис Ельцин (оң жақта) Михаил Горбачевтан путчты қолдаған кісілердің аты-жөні жазылған тізімді оқып беруді талап етіп тұр. Мәскеу, тамыз, 1991 жыл.
екінші әңгіме. Яғни, бұл дәл сол режимнің сипаты. Сондықтан, Горбачев жаман адам, Черненко мұндай бұйрық бермейтін еді, Ленин тіпті жастарға аяушылық білдірер еді дегеніміз ешқандай дұрыс емес.

Бұл – соның өзі бет-бейнесі болып отырған режимнің ісі. Ол коммунист болып қала отырып Совет Одағын сақтап қалу үшін ақырына дейін күресті деп бекерге айтып отырған жоқпын. Одақты ол қиратқан жоқ, оның артынан келгендер қиратты. Ол қолынан келгенше сақтады, жақсартқысы келді. Ол осы қызыл өкіметті сақтап қалғысы келді. Сондықтан Әбділдин оған жармасып, оны мақтауы керек еді. Бірақ, неге екендігі белгісіз, ол Горбачевті сынап отыр.

Тарихты естеріңізге түсіріңіздерші, ол революционер болған жоқ, коммунист болатын. Ол мұндай жағдайға байқамай алып келді. Барлық оқиғалар оның еркінен тыс, өздігінен туындап жатты.

Ал енді мына сұраққа жауап берсем, Желтоқсан оқиғасына Горбачевтің тікелей қатысы бар. Бұйрықты берген сол.

Жүргізуші:

– Серікболсын жолдас, сол бір сүреңсіз күндері сіз Кремльде жұмыс істедіңіз. ССРО-ның партиялық басшылығының алғашқы реакциясының қандай болғандығы, толқуды басудың Мәскеуден қалай жүргізілгені сізге көбірек байқалған шығар?

Серікболсын Әбділдин:

– Желтоқсан оқиғасы кезінде мен әлі Алматыда болатынмын. Мемлекеттік агроөнеркәсіп министрі болғандықтан тура алаңда орналасқан ғимаратта жұмыс істедім. Мен бұл оқиғаларды өз көзіммен көрдім. Кейінірек Қазақстанның орталықпен дипломатиялық, экономикалық
Совет Одағының президенті Михаил Горбачев пен Қазақ ССР прездиенті Нұрсұлтан Назарбаев қол алысып тұр. 1990 жыл.
және қызметтік қатынастарын жолға қою үшін мені Мәскеуге жіберді.

Менің ойымша, Горбачев шынайы коммунист болған жоқ. Егер ол өзін коммунистпін деп санаса, онда жай ғана құбылмалы біреу болды. Ол әңгіменің неден басталып, қайда апаратынын білместен, қабілетсіз менеджер сияқты осы апаттық жағдайлардың, оның ішінде Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының тууына себепкер болды.

Мен барлықтарына қарсы сұрақ қойғым келеді: егер сол жолы Колбиннің орнына Назарбаев сайланғанда Желтоқсан оқиғасы болатын ба еді? Ешқандай оқиғаның болмайтындығына жүз пайыз сенімдімін. Сол кезде болған оқиғаға елімізде әлі күнге дейін саяси баға берілген жоқ. Неге? Оның себебі бәрімізге белгілі – билік басындағылардың саясатына байланысты.

Бұған бұрынғы орталық – Мәскеу де, сонымен бірге сол кездегі Қазақстанның элитасы да бірдей кінәлі. Енді азырақ уақыт өткен соң барлығы жария болып, халық 1986 жылғы желтоқсанда болған қантөгістің шынайы себебін білетін болады деп ойлаймын.

ИМПЕРИЯНЫҢ ЫДЫРАУЫ

Жүргізуші:

– Енді екі ауыз сөзбен жауап беруге болатын соңғы сұрақ: Советтік Социалистік Республикалар Одағының ең соңғы бірінші басшысы Михаил Горбачевтің тарихи миссиясы неде? Қазақстанның тәуелсіздігін алуында Горбачевтің жеке еңбегі бар ма?

Серікболсын жолдас, сіз бастасаңыз.

Серікболсын Әбділдин:

– Мен Горбачевтің барлық қызметіне теріс баға беремін. Совет Одағының тарихи жолының өзі республикалардың дербестеу, тәуелсіздеу болуына алып келе жатты. Сол кездегі Совет Одағының Конституциясында әрбір одақтық республика өзінің тәуелсіздігін жариялап,
Солдан оңға: Нұрсұлтан Назарбаев, Станислав Шушкевич, Михаил Горбачев, Борис Ельцин. Мәскеу, 14 қараша 1991 жыл. Бұл күні ССРО Мемлекеттік кеңесі егемен мемлекеттердің одағы туралы келісімнің жобасын қарап, оған бірқатар толықтырулар енгізген соң қол қою жөнінде ұйғарымға келген еді.
ССРО-дан бөлінуіне құқы бар деген бап бар болатын.

Жалпы, прогресстің өзі осыған алып келе жатқан. Егер Горбачев жылдамдатып жібермегенде, бәрібір одақтас республикалар қазіргі біз сынап жүрген режимге қарағанда әлдебір еркіндік алған болар еді.

Қазақстанның тәуелсіздігін алуында Горбачевтің ешқандай еңбегі жоқ.

Жүргізуші:

– Серік мырза, сіздің пікіріңіз?

Серік Әбдірахманов:

– СССР обьективті түрде ыдырауға келе жатқан. Егер Черненконың денсаулығы болып, ол орнында азырақ отыра тұрғанда, Совет Одағы соның билігі кезінде-ақ тарқайтын еді. Бұған біз обьективті түрде келе жатқанбыз. Сондықтан мен Горбачевті тарихқа кездейсоқ
Фороста бірнеше күн үйқамақта болған Совет Одағының президенті Михаил Горбачевтің отбасымен Мәскеуге оралған сәті. 22 тамыз 1991 жыл.
түсіп қалды деп ойлаймын. Ол тарихты жасаушы емес. Ол тіпті не істеп жатқанын өзі де білген жоқ, тек ағыстың ығымен жүзе берді.

Горбачевтің қателігінен біздің жасайтын ең басты қорытындымыз – оны қайталамау. Бүгінде біздің аппарат Горбачевтің қателіктерін қайталауда, депутаттарды, үкіметті горбачевше сайлайды. Горбачевтің ішкілікпен күрескені сияқты сыбайлас жемқорлықпен күреседі. Сондықтан, ең бастысы, Горбачевтің қателіктерін қайталамау.

Жүргізуші:

– Сергей мырза, сіздің ойыңыз?

Сергей Дуванов:

– Ол жақсы менеджер, аппаратшы, бас хатшы болды ма, мен ол жағын айта алмаймын. Бұл әңгімеде ол принципті мәселе емес. Менің көзқарасым бойынша, оның өзіне жауапкершілік алып, өзі жасаған қадамға баруы маңызды. Ол процеске бастамашы болды. Мүмкін ол
Совет Одағының президенті қызметінен өзінің отставкаға кеткендігі туралы Михаил Горбачевтің халыққа теледидардан хабарлап отырған сәті. Мәскеу, 25 желтоқсан 1990 жыл.
бұлай болғанын қаламаған да шығар. Бірақ, осы жердегілердің барлығы айтып отырған оның қате әрекетінің арқасында осылай болды. Оның еңбегі дәл осында.

Осында отырғандар ол туралы көмекшілерінің әлі піспеген деп пікір білдіргендерін айтты. Иә, номенклатура тұрғысынан солай болуы мүмкін. Ол бұрыстау коммунист болатын. Бірақ тарихи тұрғыдан қарағанда ол Ұлы француз революциясымен салыстыруға болатын революция жасады.

Жүргізуші:

– Төлеген мырза, қорытынды сөз сізде.

Төлеген Жүкеев:

– Бұл тек соның ғана еңбегі деп айта алмаймыз. Процестің өзі осыған алып келді. Әрине, философияда да, тарихта да, адамзат дамуында да жаңа дәуірді құрған Ұлы француз революциясымен Совет Одағының ыдырауын салыстыру сәл артықтау. Бұл мүлдем бөлек жағдай.

Империяның күйрейтіндігі сөзсіз болатын. Бұл ең соңғы ұлы империя еді. Оның күйреуі керек болатын, өйткені империялық формалар көпке бармайды. АҚШ та, Еуроодақ та классикалық мағынада болсын, өзге де мағынада болсын империя болып табылмайды. Сондықтан бұл шешілген мәселе болатын.

Дәл Қазақстанның тәуелсіздік алуында Горбачевтің тікелей еңбегі жоқ. Ол тәуелсіздік беру туралы ойлаған да жоқ. Жүйе күйреп, Совет Одағы тараған соң біз тәуелсіздігімізді алдық.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы «Билікке Горбачевтің келуі Қазақстанда несімен есте қалды?» атты дөңгелек үстелін аяқтайды. Баршаңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG