Accessibility links

Ислам Каримов «мақта құлдығын» бұрынғыдан да күшейтіп жіберді


Өзбекстанның Сырдария облысында мақта алқабында жұмыс істеп жүрген балалар. Қыркүйек, 2009 жыл.

Өзбекстанның Сырдария облысында мақта алқабында жұмыс істеп жүрген балалар. Қыркүйек, 2009 жыл.

Әлемдік нарықтағы мақта бағасы аспандап шырқау шегіне жетті. Бірақ әлемдегі аса ірі мақта экспорттаушылардың бірі Өзбекстанда фермерлер күнін әзер көріп отыр. Мақта алқабындағы бала өлімі жағдайын да зерттеп жатқан ешкім жоқ.


ЖҰТАҒАН ФЕРМЕР

Мамуржон Азимов пен оның отбасы ұзақ жылдар бойы Өзбекстанның Жызақ облысында мақта өсірумен айналысты. Бірақ, белшесінен қарызға батқан Мамуржон Азимов мемлекеттен жалға алып, отбасымен жұмыс істеп жатқан жерінен былтыр айрылып қалды.

Қазір енді Мамуржон Азимов жұмыссыз. Отбасындағы бес адамды қайтсем асыраймын деген ой жанын жеген ол болған оқиғаға феодалдық ауыл шаруашылық жүйесін кінәлайды. Кедейленген фермердің пікірінше, осы жүйенің арқасында тек президент Ислам Каримовпен байланысы бар саяси элитадағы шағын ғана топ байып отыр.

«Халықаралық нарықта болып жатқан оқиғалардың фермерлерге еш қатысы жоқ. Мақта бағасы қымбаттағанымен бұл үшін фермерлерге ешкім қосымша ақы төлемейді. Егер халықаралық нарықта мақта бағасы өссе, оның пайдасын тек шенеуніктер ғана көреді», – дейді Мамуржон Азимов.

Өзбекстандағы мақта өсірумен айналысатын өзге де фермерлер Азаттық радиосына берген сұқбаттарында Мамуржон Азимовтың пікірімен келісті. Қазан айының соңында халықаралық нарықтағы мақтаның бір фунтының бағасы 1,2 долларға дейін қымбаттады. Бұл – әлемдік мақта базары тарихындағы ең жоғары баға. Бірақ соған қарамастан бұл бағадан өздеріне келіп-кетер пайда жоқ деп есептейді фермерлер.


МАҚТА МОНОПОЛИЯСЫ

Өзбекстандағы міндетті сатып алу жүйесіне сәйкес, фермерлер заң бойынша мақта өнімін елдегі мақта жинайтын 120 пункттің біреуіне өткізулері керек. Онда мақта талшықтарын дәндерінен ажыратып, экспортқа даярлайды.

Заң бойынша, өзбек фермерлері өз мақтасын үкімет белгілеген бағамен «Узхлопкопром» компаниясына өткізулері керек. Елдегі мақта тазалайтын барлық пункттер осы компанияға қарайды.

Фермерлерге ресми түрде ұсынылатын баға мөлшері мақтаның әлемдік нарықтағы бағасынан үш есе кем. Алайда, шындығында, көптеген фермерлерге тапсырған өнімдері үшін тиетіні бұдан да аз – олар әлемдік бағаның оннан бір бөлігіне шамалас қана ақша алады. Өйткені олардың жоғары сұрыпты өніміне «Узхлопкопром» компаниясы төмен сапалы мақта ретінде ақша төлейді.

Бұл саладағы монополист болып отырған «Узхлорпкопром» компаниясы акцияларының 51 пайызы Өзбекстан үкіметіне тиесілі. Ал қалған 49 пайыз кімнің иелігінде екендігі туралы ақпарат ешқашан жарияланған емес. Алайда журналистер мен құқыққорғаушылардың жекелеген зерттеулерінде, бұл акциялар президент Ислам Каримовтың саяси одақтастары мен олардың туыстарының қолында екендігі айтылған.

Британдық «Экологиялық әділсот қоры» үкіметтік емес ұйымының қызметкері Джульет Уильямс көптен бері экологиялық зардаптарды зерттеп, өзбектің егістік алқаптарындағы бала еңбегін пайдалануға қарсы күресіп келеді. Джульет Уильямстың айтуынша, мәселе Өзбекстанның осы күнге дейін советтік командалық экономика әдісін пайдаланытындығына байланысты болып отыр. Мақта, өзбек үкіметі үшін, стратегиялық шикізат болып табылады.

«Биліктегілер жыл сайын мақта сатудан миллиард доллардай пайда табады, сол үшін де фермерлерді тек мақта өсіруге мәжбүрлейді. Фермерлер үшін өзге өнім өндіруге мүмкіндік болмағандықтан олар президент Каримов пен ат төбеліндей ғана элита үшін пайда әкелетін экономиканың бөлігіне айналған. Мақта саудасы ашық жасалмайтындықтан жоғарыда отырған элита өкілдері бұдан пайда таба алады», – дейді Джульетт Уильямс.


НОМЕНКЛАТУРАЛЫҚ ФЕОДАЛИЗМ

Джульет Уильямстың айтуынша, Өзбекстандағы мақта барондарының бұлай баюына фермерлердің жүйе торына түсуі себепкер болған. Бұны номенклатураның посткоммунистік феодализмі деп сипаттауға болады.

«Тұқым сепкен кезден бастап фермердің барлық іс-әрекеті мемлекеттің бақылауында болады. Ол тұқымды үкіметтік мекемелерден сатып
Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимов Азия даму банкі басқарушылар кеңесінің жиынында сөйлеп тұр. Ташкент, 2 мамыр 2010 жыл.
алуы керек. Ол тұқымды қай уақытта, қанша және қалай сепкенін айтып беруі керек. Фермер, сонымен бірге, тракторының жағармайы мен тыңайтқыш үшін мемлекетке белгілі бір сома төлеуі керек», – дейді Джульетт Уильямс.

«Олар өз өнімдерін еркін нарықта сата алмайды, халықаралық сатып алушыларға немесе саудагерлерге тікелей ұсына алмайды. Бұның барлығы мемлекеттік мекемелер арқылы жасырын, жабық жолдармен жүргізіледі», – дейді британдық үкіметтік емес ұйымының қызметкері.


КЛАННЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Өзбек мақтасын сатып алатын және оны сыртқа сататын бірден бір мекеме – «Узхлопкопром» кәсіпорыны елдегі мақта өнімінің 70 пайызға жуығын мемлекеттік экспорттық үш ұйым – «Узпроммашимпекс», «Узмарказимпекс» және «Узинтеримпекс» компаниялары арқылы экспортқа шығарады.

Мемлекет бақылауындағы осы компаниялардың нақты құрылымдары да, оны басқаратын адамдар да қатаң құпияда ұсталады. Алайда, мақта саудасымен айналысатын фирмаларды Өзбекстанның сыртқы экономикалық байланыстар, инвестиция және сауда министрі Элёр Ғаниевтің бақылайтындығы белгілі. Элёр Ғаниев бағаны белгілеуге, сатып алушыларды табуға және мақта сатудан Өзбекстанға түскен валюталық қаржыларды бақылау жасауға жауап береді.

Қазіргі премьер-министрдің орынбасары және қаржы министрі Рустам Азимов сыртқы экономикалық байланыстар министрі болып тұрған кезде мақта экспортына мемлекеттік монополия жағына бақылау жасап, осы арқылы жеке басына пайда тапқан деседі.

Квотаны орындау президент Ислам Каримов тағайындаған облыстардың 13 әкіміне жүктелген. Мақта өндіруге қатысты бұл әкімдердің жұмысын премьер-министр Шавкат Мирзяев тікелей бақылауында ұстайды.


БАЛА ЕҢБЕГІН ҚАНАУ

Аталған квоталарды орындау үшін жыл сайын Өзбекстанда миллиондаған азамат мақта терімі кезінде егіс алқаптарына мақта теруге шығарылады. Олардың қатарында студенттер, мұғалімдер, дәрігерлер, өзге де мамандармен қоса жүздеген мың балалар да бар. Бұндай
Өзбекстандағы мақта бизнесі туралы немістің Der Spiegel басылымында жарияланған мақала. 1 қараша 2010 жыл.
жағдайға қатысты өзбек үкіметі «мақта – елдің стратегиялық шикізаты» дегенді алға тартып ақталғысы келеді.

Өткен жылдардағы сияқты биыл да балаларды оқудың орнына мақта жинауға шығарды. Бұдан бұрын құқыққорғаушылар мен журналистер балаларды мақта жинау кезінде тамақтандырмайтынын, олар өз азықтарын өздері алып жүретінін, оларға ішуге тек құбыр суын ғана беретінін жазған еді. Мақта жинау кезінде болған жарақаттану мен адам өлімі оқиғалары зерттелмейді.

Әлемдегі көптеген компаниялар Өзбекстандағы балалардың қолымен жиналған мақтаны сатып алудан бас тартуға қадамдар жасай бастады. «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы өзбек редакциясы Wal-Mart, H&M, Marks&Spencer, TESCO, Levi Strauss, «Халал өнімдермен сауда жасау жөніндегі бүкіләлемдік ұйым» сияқты әлемге белгілі сауда маркалары өзбек мақтасынан жасалған тауарларға бойкот жариялағанын хабарлады.


ҚИЮЫ КЕТКЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Өзбекстанда экспорттан түсетін валютаның 60 пайызы мақта сатудан келеді. Бірақ экспорт жүйесін қолында ұстап отырған билік мақта сатудан түскен пайданы қайтадан мақта саласын қолдайтын инфрақұрылымға жұмсамайды.

Совет кезеңінде салынған Өзбекстанның суландыру жүйесі қирап бітті. Мақта алқабын суаруға қажетті судың жартысы жол-жөнекей жерге сіңіп кетеді.

Оның үстіне қазір Арал теңізінің алғашқы көлемінен 15 пайызы ғана қалды. Арал қасіреті аса бір қорқынышты экологиялық апаттар қатарына жатады. Бұған адамдардың өздері кінәлі. Бір кездері өңдеуге келетін жерлер Арал теңізі тұзының салдарынан пайдалануға жарамай қалды.

Өзбекстанда мақтаны қайта өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасында. Мысалы, жаңа жұмыс орындарын ашатын тоқыма фабрикалары жоқ. Премьер-министр Шавкат Мирзяев жақында мақтадан түскен пайданың бір бөлігі жаңа тоқыма фабрикасын салуға жұмсалатындығын айтты.

Алайда сыншылар мұндай фабрика салынған күннің өзінде ол президент Ислам Каримовтың одақтастары мен олардың туыстарын асыраумен, яғни жұмысшыларды қанаумен айналысады деген пікір білдіреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG