Accessibility links

Ташкентте өзбек жауынгеріне ескерткіш ашылып, совет сарбазының мүсіні қоймаға жіберілді


Тәшкенттің орталығындағы «Отанға ант беру» деп аталатын жаңа ескерткіш.

Тәшкенттің орталығындағы «Отанға ант беру» деп аталатын жаңа ескерткіш.

14 қаңтар Өзбекстанда Отан қорғаушылар күні. Биыл осы атаулы күннің қарсаңында Тәшкентте алынып тасталған совет сарбазының орнына өзбек жауынгеріне ескерткіш қойылды. Совет сарбазының және советтік басшылардың ескерткіштері қоймаға жіберілді.


СОВЕТ САРБАЗЫН ӨЗБЕК ЖАУЫНГЕРІМЕН АУЫСТЫРДЫ

Отан қорғаушылар күні қарсаңында, 12 қаңтарда, Ташкентте «Отанға ант» деп аталатын жаңа монумент ашылды. Бір қолына фуражкасын ұстаған, алтынмен апталған өзбек сарбазы жауынгерлік ерлікке батасын беріп тұрған анасының алдында бас иіп, Өзбекстаннның мемлекеттік туын сүюде.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов монументтің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ескерткіштің сұлбасы мен макетін Ислам Каримовтың тікелей өзі бекіткен деседі.

Өзбекстанда Отан қорғаушылар күні 14 қаңтарда аталып өтеді. Өзбек жауынгерінің ескерткіші өткен жылғы қарашаның соңында алынып
Бұрын Тәшкенттің әскери даңқ паркінде совет сарбазына қойылған «Отан қорғаушы» деп аталатын ескерткіш тұрған еді.
тасталған совет сарбазының ескерткішінің орнына тұрғызылды. Ташкентте Әскери даңқ саябағындағы Түркістан әскери округі тарихының мұражайы алдында 1973 жылы «Отан қорғаушы» деген атпен орнатылған ескерткіш 2009 жылғы қарашаның 21-нен 22-не қараған түні алынып тасталған.

ӨЗБЕК БИЛІГІНІҢ ӨТІРІГІ

Сол кездері бұл оқиға кремльдік «Наши» қозғалысы белсенділерінің ашуын туғызған. Олар Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің құрметіне Ташкентте орнатылған ескерткіштің бұзылуына қарсы шеру өткізетіндіктерін айтқан.

Бұған Өзбекстанның Мәскеудегі елшісі совет сарбазының ескерткіші қалпына келтіруге жіберілді деп жауап берген. Алайда кейінірек белгілі болғанындай, совет сарбазының ескерткішін экспозициялық қоймаға жіберген болып шықты. Осылайша, өзбек билігінің уәдесі кезекті алдау болып шықты дейді бақылаушылар.

Жақында Өзбекстанның қорғаныс министрлігі өзбек сарбазына жаңадан қойылған ескерткіш ел өміріндегі маңызды оқиға болып табылады деп мәлімдеді.

– Әрине, Отан қорғаушылар күнінің 18 жылдығына орай бұл маңызды оқиға болды, – деді Өзбекстан қорғаныс министрлігінің қызметкері.

Өзбек жауынгеріне арналған ескерткіштің ауторы мүсінші Джалолиддин Миртожиев. Азаттық радиосына белгілі болғанындай, Өзбекстанның көркемсурет академиясы өзбек жауынгеріне жаңа ескерткіш тұрғызу туралы шешімді бір айдың ішінде қабылдаған.

Аты-жөнін атағысы келмеген Ташкент қаласының тұрғыны «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының өзбек қызметіне берген сұхбатында өзбек жауынгерінің жаңа ескерткішінің бұрынғы совет сарбазына қойылған ескерткіштен көп айырмашылығы бар деді.

– Совет сарбазы қалшиып тік тұрған, ал өзбек жауынгері сәл басын иіп тұр. Совет сарбазының қолында советтік ППШ автоматы болса, өзбек жауынгерінің қолында белгісіз маркалы қару. Совет сарбазының сырт бейнесі славян тектес болса, жаңа сарбаздың бет-пішімі өзбекке келеді. Жаңа ескерткіште ай және он екі жұлдыз бейнеленген өзбек туы да көрініс тапқан. Бұл монументалды шығарма, – деді Ташкенттің тұрғыны.

ИДЕОЛОГИЯНЫҢ АЛМАСУЫ

Ал Өзбекстан қорғаныс министрлігінің өкілі совет сарбазының ескерткіші ескі құрылыстың идеологиясынан хабар беретін деді.

– Совет сарбазының ескерткіші біздің президентіміздің басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларға сай келмеді. Ол Өзбекстан қарулы күштерінде бүгінде жүргізіліп жатқан саясатты, реформаларды сипаттай алмайтын. Өзбек жауынгеріне арналған ескерткіштің артқы жағында ана бейнесі көрініс тапқан. Біздің ата-бабаларымыз ежелден аналарын құрметтеген. Бата беріп тұрған ана біздің жауынгерлеріміздің жүрегінде отанға деген патриоттық сезімді, ұлы ерліктерге деген құлшынысты оятады. Кейбір БАҚ-тар совет сарбазының ескерткішінің алынып тасталуын бұрмалап түсіндірді, – деді Өзбекстан қорғаныс министрлігінің қызметкері.

Оның пікірінше, жаңа ескерткіш және отан қорғаушының бет-бейнесіне ұлттық кескіннің берілуі өзбекстандықтардың жүрегінде отанға деген махаббат пен адалдықты оята алады.

Совет сарбазының ескерткіші де коммунизм жетекшілерінің артынан қоймаға жіберілді. Бұл жайында «Азаттық» радиосының өзбек қызметіне Ташкенттің әкімдігінен хабарлады.

– Совет сарбазының ескерткіші арнайы экспозициялық шеберханада сақталады. Ленинге, Дзержинскийге және басқаларға арналған барлық советтік ескерткіштер де сол жерде, – деді әкімдіктің қызметкері.

Алайда кейбір бақылаушылардың пікірлерінше, «идеологиялық айдауға» жіберілген совет ескерткіштерін уақыт өте келе кейін қайтарулары мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG