Accessibility links

Төрағалықты төрт «Т» ұранымен бастаған Астанадан ресми Вашингтон өнеге боларлық іс күтеді


Қазақстанның мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің жиынында сөйлеп тұр. Вена, 13 қаңтар 2010 жыл.
Қазақстанның мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің жиынында сөйлеп тұр. Вена, 13 қаңтар 2010 жыл.

ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан Венада ұйымның Тұрақты кеңесінің отырысында төрт «Т» деген тың ұран көтерді. Елдегі оппозиция болса халықаралық қауымдастықтан Қазақстандағы демократия жағдайына байланысты тыңдау өткізуді сұрады.


НАЗАРБАЕВТЫ ДӘРІПТЕУ

Қаңтардың 14-і күні Венада ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстан ұйым төрағасы ретінде мақсаттарын белгіледі.

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өз елінің 2010 жылы ЕҚЫҰ-дағы мақсаттары лаңкестік пен тағы басқа қауіптерге назар аудару, Ауғанстанды қайта құру, ынтымақтастық пен төзімділікті алға тарту мәселелерін қамтиды, деп мәлімдеді.

Қанат Саудабаев Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етуінің барысында демократиялық принциптер мен әлем қауіпсіздігін алға тартуға назар аударылады деп мәлімдеді. Қазақстан мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бұл уәделердің орындалуы өз елінде басталатынын атап көрсетті.

«ЕҚЫҰ жұмысының адами аспектілеріне үлкен назар аудару арқылы біз ең алдымен өз еліміздегі бұл үдеріске деген міндеттемелерімізді көрсетіп отырмыз. Қазақстанда демократияландыру саласындағы келесі қадамдар ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіміз барысында алдымызға қойған мақсаттарымызға сай болмақ», - деді Қанат Саудабаев.

Ол өз сөзінде алдағы айда Оңтүстік Кавказ елдеріне сапар жасап қайтатындығын атап өтті. «Афиныда қабылданған ядролық қаруды таратпау жөніндегі министрліктер декларациясына сәйкес, әлемде жаппай қырып-жою қаруларын таратпау жөніндегі көшбасшылардың бірі саналатын Қазақстан ЕҚЫҰ-ның ядролық қарусыздануды жаһандық қолдау жөніндегі міндеттемелерін де орындауға үлес қосады. Біз, әсіресе, заңсыз есірткі айналымы мен терроризммен және қазіргі заманның өзге де қауіп-қатерлеріне қарсы күреске барынша күш салатын боламыз. Бұл ретте біз осы мәселеге байланысты Афиныда қабылданған шешімдерді қуана қолдаймыз», - деді Қазақстанның мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев.

ҚАЗАҚ ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ ҮНДЕУІ

Қазақстан өзіндегі адам құқықтары жағдайына байланысты бұл еуропалық ұйымды басқаруға дайын емес деген пікірлер бұған дейін халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар тарапынан бірнеше рет айтылған болатын.

Қанат Саудабаев Венада ресми Астананың ұйымға төрағалық кезіндегі мақсат-бағыттары жайында айтып жатқанда, бірқатар ақпарат
Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде жұмысқа кірісуіне арналған концертте домбырашы қыз өнер көрсетуде. Вена, 13 қаңтар 2010 жыл.
құралдарында Қазақстанның оппозициялық «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Еуропалық қауымдастыққа арнаған үндеуінің мәтіні жарияланды.

Онда Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті берілгеннен бастап, елде демократиялық ілгерілеушілік болады деген халықаралық қауымдастықтың үміті ақталмағаны өз алдына, керісінше, бұл тұрғыда кері кету байқалатыны баяндалған.

«Тек өткен жылы тәуелсіз ақпарат құралдарын қуғындау мен құқыққорғаушы, журналистерге қатысты әділетсіз сот процестері белсенді түрде жалғасты. Ал көзбояушылық сипаттағы жемқорлықпен күрес кланаралық қақтығыстардың құралына айналды. Бұған дейін талқылаусыз-ақ Парламенттен өткен Конституцияға енгізілген өзгерістер саяси институттардың рөлін бәсеңдете түсті. Қазақстан авторитарлық режимдегі ел ретінде өткен ғасырда «тұрып қалды» деген Фридом Хаус ұйымының пікірі айдан анық келді», - делінген мәлімдемеде.

Партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқбайдың пікірінше, Қазақстан аталмыш ұйымға төрағалық ету кезеңін пайдаланып, еуропалық стандарттарға сай өзгерістерге қарай ұмтылмаса, төрағалықтан ел үшін келіп-кетер пайда жоқ.

Қаңтардың 14-де Азаттыққа берген сұқбатында Жармахан Тұяқбай:

«Қазақстанның саяси жағдай мәселесі төңірегіндегі тыңдау біріншіден, Еуропадағы, жалпы осы ұйымға кіретін басқа да мемлекеттердің алдында Қазақстандағы бүгінгі хал-ахуалды анық-объективті түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Сол арқылы Қазақстан билігінің бүгінгі таңда халқына, еліне жасап отырған қудалауын тоқтатуымыз керек», - деді.

Алайда, осы партия елдегі өзге саяси-қоғамдық ұйымдарды бір үндеудің астына біріктіруді қажет етпегенге ұқсайды.

«Мұндай ұсынысты бұрындары да ЕҚЫҰ-дан келген адамдардың алдына талай мәрте қойғанбыз. Ал енді Азат партиясы сондай қағазға қол қойып жіберіп жатса, оған мен қосылам. Бірақ көпшіліктің, саясаткерлердің көңілін аударатындай маңызы болсын дейтін мәселелерге жалпы бұрын біз бірігіп қол қоятынбыз. Бұл жолы бізге бірігіп қол қою туралы ұсыныс түскен жоқ», - деді Қазақстанның Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына.

Ал Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмай жүрген оппозициялық «Алға» партиясының үйлестіру кеңесінің төрағасы Владимир Козлов:

«Мұндай бастаманың Қазақстандағы демократияның хал-ахуалына әсер ететініне күмәнім бар. Себебі, бұған дейін осы секілді жүздеген ұсыныстар болды. Дегенмен ұсыныстар неғұрлым көп болса, соғұрлым жылдам нәтижеге жақындамақпыз. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасайтыны билік үшін өзін демократиялық мемлекет ретінде көрсетіп, көкірек көтеру болса, халық үшін түк пайдасы жоқ. Ал елдегі демократиялық күштер үшін олардың өмір сүруін қиындатқаннан өзге ешнәрсе әкелген жоқ», - деді.

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының төрайымы Тамара Калеева партия көтерген ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

«ЕҚЫҰ-на төраға ел ретіндегі демократиялық бет-бейнеміз әрине, өте жұпыны. Бұл ұйымның мүшелері әлбетте, елдің ішінде не болып жатқанын білуі тиіс және Қазақстан қайткен күнде елдегі ішкі өмірді жақсартуға күш салуы керек. Біз қазір көп жағдайларды халықаралық қауымдастықтан жасыруға тырысамыз. Мұндай екіжақтылыққа жол бермеуіміз керек. Бұл тұрғыда оппозициялық партияның бастамасы қуантады», - деді Тамара Калеева.

ВАШИНГТОННЫҢ АҚОРДАҒА ТІЛЕГІ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысына қатысушыларға бейнежазба арқылы жолдаған үндеуінде, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде төрт «Т» ұранымен жұмыс атқарады деп атап көрсетті.

- Қазақстан бұл ұйымды Trust, Traditions, Transparency, Tolerance, - яғни сенім, дәстүрлер, ашықтық және төзімділік - деген ұранмен басқаратын болады, - деді Назарбаев.

АҚШ Қазақстанды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы барысында оның осы ұйымды үлгі ретінде басқаруы мен іс жүзінде ұйымның принциптеріне сай болуына қатысты әрекеттерін қолдауға әзір. Бұл туралы бейсенбі күні Венадағы Тұрақты кеңестің отырысында ЕҚЫҰ-дағы АҚШ миссиясының жетекшісі Кэрол Фуллер мәлімдеді.

АҚШ өкілі өз сөзінде ЕҚЫҰ-ның адам өлшемдері саласындағы жұмысы басымды бағыттардың қатарында екендігін еске салып, ол міндеттерді орындаудың маңыздылығына тоқталды. Ол ЕҚЫҰ аумағында соңғы жылдары журналистерге төнген қауіп-қатердің күрт көбейіп, тәуелсіз және балама баспасөз ауқымы жылдам тарылып кеткендігін; сайлау еркіндігінің шектелетіндігін; баршаның құқығын қорғауға арналған сот органдарының көбінесе шөкімдей ғана топтың сойылын соғатындығын атап айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG