Accessibility links

Америкалық лингвист влах тілін сақтап қалудың жолын тапты


Лингвист Звйездана Вржич (ортада), оның көмекшісі Вивиана Бркарич (сол жақта) және Роберт Доричич жазда Зейан қаласында влах тілінен семинарлар өткізді.

Лингвист Звйездана Вржич (ортада), оның көмекшісі Вивиана Бркарич (сол жақта) және Роберт Доричич жазда Зейан қаласында влах тілінен семинарлар өткізді.

Еуропадағы өте кішкентай ғана этникалық топтардың бірі – влахтар Хорватияның Истрия түбегінде тұрады. Олардың ана тілдері – влах тілі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бірақ, Нью-Йорктен келген лингвист бұл ежелгі тілді қалай сақтап қалудың жолын тапты.


ЖҮЗ ҚАРАЛЫ ҒАНА АДАМ СӨЙЛЕЙТІН ТІЛ

Адриатика теңізінің Истрия түбегіндегі хорватиялық бірнеше шағын деревняларда тұратын адамдар хорват тілінен мүлдем бөлек тілде сөйлейді. Славян тілдер тобына жататын хорват тілінен айырмашылығы, влах тілі романдық тілдер тобының диалектісі болып табылады. Бұл тілде қазіргі Румыния аумағынан ауып келген көшпенді-малшылар, влахтар сөйлейді.

Влахтар Истрия түбегіне XVI ғасырларда қоныс тепкен. Уақыт өте келе олар хорват тілінен өздеріне қажетті біраз сөздерді алғанымен, бұлардың тілі хорват тілінен мүлдем бөлектеніп тұратын. Лингвистер истро-румындық деп атайтын влах тілі Хорватия тұрғындарының басым көпшілігіне мүлдем түсініксіз және белгісіз болатын.

Бүгінде Влашка аймағындағы дәстүрлі деревняларда тұратын жүз елудей адам мен жақын қалалардағы бірнеше жүз ғана адам білетін влах тілі жойылып бара жатыр.

Влах тілі екінші дүниежүзілік соғыстан соң жойыла бастады. Осы кезде аймаққа жер ауған эммигранттардың үлкен толқыны тілдің қуатын әлсіретіп жіберді. 1981 жылы қала мен деревняны байланыстырған тоннельдің салынуы да тілдің қорғаныш қабатын сыпырып алды.

Бүгінде влах тілі хорват тілінің көлеңкесінде қалып қойған. Осы тілді жақсы білетіндердің бірі Вивиана Бркаричтің айтуынша, бұл – жойылып бара жатқан тіл.

«Тілді білетіндер біртіндеп азайып бара жатыр. Көп адамдар екінші дүниежүзілік соғыстан соң, ал кейбіреулері одан да бұрын көшіп кеткен. Бірақ бұл тілдің шешімін таппаған ең үлкен мәселелерінің бірі – ол құжат жүзінде бекітілмеген», – дейді Вивиана Бркарич.


ВЛАХ ТІЛІН ҚҰТҚАРУ КЕРЕК


Истрия түбегінен мыңдаған миль қашықтықта тұратын бір лингвист влах тілін жазып алып ғана қоймай, оны мұқият тіркеп, оның қайта дамуына көмектеспек болып отыр.

Хорватияның тумасы Звйездана Вржич түп-тамыры влахтардан өрбитін отбасында туып-өсті. Оның әжесі Жанковци хуторынан шыққан, влах тілін жақсы білетін адам еді. Жанковци – Истрияның солтүстік-шығысындағы тілдердің даму орталығын қалыптастыратын алты қаланың бірінің қасында орналасқан хутор.

Нью-Йорк университетінің профессоры болған Звйездана Вржич Нью-Йоркте влах тілін білетін адамдардың ортасына түсті. Атап
Шушниевица қаласындағы мектеп оқушыларының суреті, 1958 жыл. Вржичтің айтуынша, сол кезде олар ана тілінен өзге тілде сөйлемеген. Бүгінде бұл мектепте небары 6 адам бар.
айтқанда, Нью-Йорктегі Квинс ауданы – Хорватиядан тысқары жердегі влах тілін білетін адамдардың ең көп шоғырланған жері.

Звйездана Вржич осы тілдегі жиналған барлық материалдарды, соның ішінде өз жинағандарын да сақтайтын аймақтық электрондық мұрағат құрғысы келетінін айтады.

«Мен қоғамдастықтың мүшелері еркін пайдаланатын мұрағат жасағым келеді», – дейді Звйездана Вржич.

Ол жасаған веб-сайт биылғы маусым айында іске қосылып, қазіргі уақытта көптеген жобалардың үйлестіру орталығына айналып отыр. Сайтта влах тіліндегі аудиожазбалар да, бейнежазбалар да бар. Бұл жазбаларды Звйездана Вржич, оның ассистенті Вивиана Бркарич және өзге де адамдар жинаған.

Сонымен қатар сайтта тіл сабақтары, влах-хорват сөздігі, влах тіліндегі бірнеше әңгіменің электронды нұсқалары, карталар, тарихи деректер мен фотосуреттер бар. Звйездана Вржич осының барлығын пайдалана отырып влах тіліне толық талдау жасағысы келеді.

Ол, сонымен бірге, веб-сайтқа онлайн-сөздікті де қоспақшы. Бұл сөздік 1960 жылдары бір лингвист жасаған жұмысқа негізделген. Осылайша ол сөздіктің хорват-влах нұсқасын жасап, оны ағылшын тіліне аудармақ ойда.

Звйездана Вржич өзге де лингвистер, оның ішінде бұл тілді білетін екінші, үшінші буындағы ұрпақтар да өз жобаларын жасап, влах тілін өздерінше зерттейтін болар деген үмітте.

«Лингвист ретінде мен барлық жұмыстарды атқарып, барлық деректерді құжат жүзінде бекіткім келеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бұл үшін өздерінің ана тілін қайта жаңғыртуға ниет еткендердің қоғамдастығы қажет», – дейді ол.


ҚАЙТА ТІРІЛГЕН ӘН


Биыл жазда Звйездана Вржичтің тобы влах тілі бойынша бірқатар семинарлар мен Зейан қаласында балаларға арналған ойындар өткізді.
Зейандағы әншілер тобы жергілікті тұрғындардың ежелден айтатын дәстүрлі әндерін орындайды.
Бұл жерде влах тілінің жергілікті нұсқасын ауызекі тілде «зейан» тілі деп атайды.

Влах тілінің орталығын ашу үшін лингвист енді жергілікті тұрғындармен жұмыс істеп жатыр. Оның ассистенті Вивиана Бркарич ақша табылып жатса, жергілікті балалар үшін влах тілін меңгеру сабақтарын өткізеді.

Жобаның негізгі бөлігін аймақтық әкімшілік қаржыландырады. Бұған Хорватияның мәдениет министрлігі мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымы қосымша көмек көрсетіп отыр.

Қауымдастықтың кейбір мүшелері жергілікті тіл мен мәдениетті сақтау үшін өздерінше іс-әрекет жасап жатыр. 1997 жылы құрылған зейан топтары мен әншілері жергілікті тұрғындардың ежелден бері егін алқабындағы жұмыстан үйлеріне қайтқанда айтатын дәстүрлі әндерін орындайды.

Бағзы замандағы сияқты, қазіргі кезде де, бұл әндерде хорватша бір ауыз да сөз жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG