Accessibility links

Алматыда Владимир Ниді соңғы сапарға шығарып салды


«Қазақмыс» корпорациясының президенті Владимир Ким марқұм Владимир Нимен қоштасу кезінде қаралы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

«Қазақмыс» корпорациясының президенті Владимир Ким марқұм Владимир Нимен қоштасу кезінде қаралы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстандық ықпалды бизнесмен Владимир Ниді ақтық сапарға шығарып салуға Қазақстан үкіметінің қазіргі және бұрынғы мүшелері келді. Марқұм жексенбі күні Алматы қаласындағы орталық зиратқа жерленді.


Жексенбі, қыркүйектің 12-і күні Алматы қаласында Владимир Ниді туған-туыс, дос-жарандары мен шәкірттері ақтық сапарға шығарып салды.

Ол 78 жасқа қараған шағында, қыркүйектің 9-ы күні, Швейцария ауруханаларының бірінде ұзаққа созылған дерттен кейін қайтыс болғаны осыған дейін хабарланған болатын.

Қаралы жиын кезінде марқұмның табыты жанында республикалық ұлан сарбаздары құрметті қарауылда тұрды. Бірақ марқұмның қабірі
Марқұм Владимир Нимен қоштасу кезінде Республикалық ұлан сарбаздары құрметті қарауылда тұр. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
басына құрметті қарауыл қойылмады, мылтықтан қоштасу залпы да атылмады. Владимир Ни Алматыдағы Орталық зиратқа жерленді.


«ОЛ ПРЕЗИДЕНТКЕ ҚЫЗМЕТ ЕТТІ»

Қоштасу жиыны Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар театрында өтті. Оған ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және үкімет мүшелері мен парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен қарапайым алматылықтар қатысты.

Қаралы жиынды Алматы қаласының әкімі ашты. «Ол президентке бар ықыласымен берілді, оған сенімді үзеңгілес бола отырып, барынша адал және шынайы қызмет етті», – деп атап көрсетті Ахметжан Есімов

Ахметжан Есімов марқұмның отбасына Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып, көңіл айтып шыққанын хабарлады. Сондай-ақ ол марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына президент Назарбаев жіберген жеделхатты оқып берді.

Қаралы жиында сөз алған Нұртай Әбіқаев «Қазақстан президентінің командасындағылардың барлығы да «Отанымыз бен президентімізге қалай қызмет ету керек екендігін» Владимир Ниден үйренді» деді.

– Владимир Васильевич «Мен президентке қызмет етемін, өйткені ол халыққа қызмет етеді деуші еді, – деді Нұртай Әбіқаев.


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘРІСТЕРДІҢ ӘКЕСІ

Сонымен қатар қаралы жиында миллиардер ретінде «Форбс» журналының тізіміне енген «Қазақмыс» корпорациясының президенті Владимир Ким де сөз алды. Ол марқұм өз отбасын ғана емес, Қазақстанда тұратын барша кәріс халқын да аса қатты жақсы көретін еді
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов (сол жақта) пен ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев (оң жақта) Владимир Нимен қоштасуға арналған қаралы жиында. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
деп атап көрсетті.

Ол өз сөзінде Владимир Нидің отбасына көңіл айтқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі кәріс диаспорасына қарата: «Егер Владимир Васильевич болмағанда Қазақстан кәрістері Қазақстанда бұлайша өмір сүрмес еді» деген сөзін келтіре кетті.

Владимир Кимнің сөзіне қарағанда, Владимир Ни Қазақстандағы «кәріс диаспорасының тұтас бір буынын тәрбиелеген».

– Біздің көпшілігіміз, соның ішінде өзім де бармын, Владимир Нидің арқасында осындай жайлы тұрмыс пен жақсы жұмысқа қол жеткіздік, – деді миллиардер Владимир Ким.


ДОСТАРЫ МЕН ҮЗЕҢГІЛЕСТЕРІ

Владимир Нимен қоштасуға саяси элитаның көптеген өкілдері келгені байқалды. Олардың арасынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев, бұрынғы қорғаныс министрі Даниял Ахметов, бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов, ҰҚК-нің бұрынғы
Солдан оңға: ҰКК-нің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев, бұрынғы қорғаныс министрі Даниял Ахметов,Қазақстан президентінің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
және қазіргі төрағасы Нұртай Әбіқаев, қаржы полициясының бұрынғы төрағасы, президенттің қазіргі іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев, қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков көзге шалынды.

Қаралы жиынға қатысқан үкімет мүшелері (бұрынғылары да, қазіргілері де) мен күштік органдардың өкілдері және облыс басшыларының барлығы да өздері атқарған және атқарып отырған мемлекеттік қызметтері бойынша Владимир Нимен қалай болғанда да тығыз байланысты. Мәселен, премьер-министр болған Даниял Ахметов, Астана әкімі болған Әділбек Жақсыбеков секілді. Қабылдау үйіндегі қаралы аста бұл жөнінде де сөз болды, әсіресе Астана қаласының құрылысында Владимир Нидің аса зор рөл атқарғаны әңгіме арқауына айналды.

Қаралы рәсімге қатысқан ығай мен сығайлардың арасында Нұртай Әбіқаев қана өзін қаза үстінде біршама маңғаз ұстағандай көрінді. Өзгелер оның жанына келіп құрақ ұша қолын алып әрі қарай кетіп жатты.

Ал парламент спикері Қасым-Жомарт Тоқаев қоштасу рәсімінде аса көзге түсе қоймады. Қаралы ас кезінде ол Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Нұртай Әбіқаевпен, сондай-ақ марқұмның жесірі және бауырымен бір үстелде қатар отырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі біршама ұстамды шықты: «Оны біздің жетекшіміз, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілгендігі үшін құрметтедік. Оның қазасына бәріміздің де жанымыз ауырды», – деді ол.


КҮТПЕГЕН ЖАЙТТАР

Белгіленген тізім бойынша сөйлеушілер қатары аяқталғаннан кейін қаралы асты жүргізуші Иманғали Тасмағамбетов тағы да тілек білдірушілер болса шығып сөйлеуіне рұқсат етті.

Жуан дауысты бір ер адам шығып, төрт ұлды болған әлдебір Митька туралы кісі ұзақ-сонар әңгімені бастады, ал тағы бір әйел өзінің
Солдан оңға: Болат Өтемұратов – Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы, Асқар Мәмин – «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті, Әділбек Жақсыбеков – Қазақстан қорғаныс министрі марқұм Владимир Ниге арналып берілген қонақасы алдында. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
ұлы актерлер әулетінен шыққанын айтты, екеуі де сөз аяғын марқұммен өйтіп-бүйтіп байланыстырған болды, бірақ әлдебір қолайсыздық бәрібір байқалып тұрды.

Ас соңында марқұмның жесірі Вера Ли шығып сөйлеп, қаралы рәсімді ұйымдастыру мен өткізуге қатысты барлық шаруаны өз мойындарына алғаны үшін бірінші кезекте Алматы әкімі Ахметжан Есімовке алғысын білдірді.

Қаралы ас аяқталып, жұртшылық марқұмның туыстарымен және жақындарымен қоштасып жатқанда, Митька туралы шешіле сөйлеген әлгі адам, үстелдерді айналып өтіп, дастарханда қалған тағамдарды үлкен қапқа сала бастады. Бірнеше қазақ әйелдері де қалған астан жинап алып жатты, бірақ олардікі түсінікті еді.

Қабылдау үйіндегі қаралы аста Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзге де сөйлеушілерді фотосуретке түсіруге мүмкіндік болмады, өйткені қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековті суретке түсіре бастаған сәтте-ақ ұйымдастырушылардың бірі Азаттық радиосының тілшісіне: «марқұмның отбасы бүгінгі асқа БАҚ өкілдерін қатыстырмауды сұраған еді. Келіп қалған екенсіз, қатыса беріңіз, бірақ суретке түсірмеңіз» деп ескертті.

Владимир Ни ұзақ жылдар бойы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасында жұмыс істеді. Ол Назарбаевқа тікелей шыға алатын атқарушы биліктегі ықпалды адам болып саналды.

Владимир Ни «ХОЗУ» корпорациясының» бас директоры болды, сондай-ақ негізінен мыс өндіру және қорытумен шұғылданатын «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің құрамына кірді. Аталған компания Назарбаевты қолдайтын қоғамдық ұйымдар мен үгіт-насихат науқандарын қаржыландыратын негізгі демеушілердің бірі болып табылады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG