Accessibility links

Берлинге дейін барған Совет Армиясының ардагерлері нені жасырады?


Постсоветтік елдер елшіліктерінің өкілдері, соғыс ардагерлері, Германиядағы қоғамдық ұйымдар өкілдері фашизмнің күйрегеніне 56 жыл толуына байланысты совет әскеріне орнатылған ескерткіш маңында ресми шараға қатысуда. Трептов паркі, Берлин, 9 мамыр 2001 жы

Постсоветтік елдер елшіліктерінің өкілдері, соғыс ардагерлері, Германиядағы қоғамдық ұйымдар өкілдері фашизмнің күйрегеніне 56 жыл толуына байланысты совет әскеріне орнатылған ескерткіш маңында ресми шараға қатысуда. Трептов паркі, Берлин, 9 мамыр 2001 жы

Советтік және постсоветтік елдердегі соғыс ардагерлері жаппай неміс әйелдерін зорлау жайында тіс жармайды. Мәскеудегілері де, Алматыдағылары да. Шынтуайтына келгенде, соғыстың соңғы жағында не оқиға болып еді? Қазақстанда бұл тақырып зерттелмеген күйінде қалып отыр.


ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫП

Екінші дүниежүзілік соғыс жайында, әсіресе жалпы тақырыпта жазу - әуресі көп шаруа. Себебі, советтік және постсоветтік насихат халықтың миын тазалап, «керекті ақпараттарды» ғана қалдыруға тырысып баққан.

Ал, толық тыйым салынған мәселелердің жөні басқа - бұл мәселеге насихат жүрмейтін. Германия әскерінің Еуропа елдеріне басқыншылығы кезінде неміс сарбаздарынан туылған балалардың тағдыры да осындай тақырыптардың бірі болып шықты.

Әңгіме совет әскерінің Пруссияға кіруімен 1945 жылдың қаңтарында басталған советтік сарбаздардың жаппай немістің қыз-келіншектерін зорлауы турасында. Совет адамдары бұл жайында ештеңе білмеді. Соңғы уақытқа дейін бұған қатысты постсоветтік кеңістікті де үнсіздік басып келді.

Батыс та бұл тақырыпты қозғамауға тырысатын. Ал, неміс халқы оны өзінің Екінші дүниежүзілік соғысты бастағанына кінәлі сезінуіменен айналып өтетін. Басқаларға мұның қатысы шамалы еді.

ЗОРЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ

Тағдырдың жазуымен, осыдан көп жыл бұрын бұл тақырып туралы сұрапыл соғыс кезіндегі оқиға куәгері болған адамның өз аузынан мен де естіген едім. Бүгіндері украин ақыны және суретшісі ретінде танымал Эмма Андиевская Мюнхендегі «Азат Еуропа / Азаттық» радиосы Украин редакциясында менімен әріптес болды.

Соғыстың соңғы жағындағы сұмдықтарды мен сол кісіден естідім. Кейіннен оның естеліктері украин баспасөзінде жарияланды, ал, мен ол кезде Мюнхенде шындықты Эмманың өз ауызынан естіген аз ғана жандардың бірі едім.

Ол анасымен бірге 1945 жылы Берлинде болған. Жасы он төртте еді. Совет әскері қаланы басып алған кезде Эмма шешесімен бірге Берлиннің маңындағы тұрғын үйдің соңғы қабатында тығылған.

Эмма өздерінің ауданына әскер кіре салған сәтте зорлықтың басталғанын айтқан еді. Күндіз де, түнде де жаппай сарбаздар ұстап алып, зорлап жатқан қыз-келіншектердің жан айқайы әлі күнге дейін оның құлағынан кетер емес.

Ол бітпейтін бір шу еді. Эмма шешесімен бірге отырған бөлмеге бірнеше рет сарбаздар кіріп келген, бірақ, орыс сөздерін естігеннен кейін шығып кеткен. Олар немістің қыздарын іздеді, көрші бөлмеден тауып алған бетте зорлап жатты.

Әскери тілші, кейіннен белгілі жазушыға және диссидентке айналған Василий Гроссманның айтуынша, зорлықтың құрбаны болған немістің ғана қыз-келіншектері емес. Сарбаздар үргін-сүргінде кімнің кім екенін анықтап жатпаған, олар Германияға күшпен әкетіліп, жұмысқа салынған жас орыс, поляк, украин және белорус қыздарын да зорлаған.

МҰРАҒАТТЫҚ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР

Бұл тақырыпқа советтік идеология салған тыйымды тас-талқан еткен нағыз бомбы - 2002 жылы Батыста жарық көрген және біршама уақыт өткенде Ресейде орыс тілінде шыққан ағылшын тарихшысы Энтони Бивордың «Берлиннің құлауы. 1945» атты кітабы болды. Кітапқа тарихтағы ауқымды да беймағлұм қос қабат басқыншылықты ашатын мұрағаттық құжаттар мен куәгерлік айғақтар жинақталған.

Бір жағынан алғанда, ССРО-ның алып әскери күші гитлершілдердің соңғы қарсыласу ошақтарын жойып жатты. Ал, екінші жағынан, сол бірнеше миллиондық әскер Германияның бағындырылған аумақтарындағы неміс әйелдерін жаза-жәбірге жығып жатты.

Тек бір сандардың өзі ғана сұмдықтың бетін ашып тұр. Бивордың дәлелдемелеріне сәйкес, бір Берлинде ғана 130 мыңға жуық неміс қыздары мен әйелдері зорлықтың, және көбінесе, бірнеше дүркін зорлықтың құрбаны болған. 10 мыңдайы жантәсілім еткен. Олардың көбісі өз-өзіне қол салған.

Германияның аумағын түгел басып алу кезінде совет әскерилері екі миллионға жуық әйел жыныстыларды зорлаған деп санайды ағылшын тарихшысы. Ол келтірген деректерде, совет армиясы сегіз жасар қыз баладан бастап, сексен жастағы кемпірге дейін зорлағаны айталады.

Қызыл Армияның келесі бір әскери тілшісі Наталья Гессе мынадай естелік айтатын: «Орыс сарбаздар 8 бен 80 жас аралығындағы барлық неміс әйелдерін зорлады. Ол зорлаушылар армиясы еді». Наталья Гессе академик Андрей Сахаровтың жақын досы болатын.

Энтони Бивордың айтуынша, совет армиясының Германияда жасаған жаппай бейбастақтығының жабық тақырып болғаны сондай, ардагерлер әлі күнге болған жайтты жоққа шығарады.

ӘСКЕРИ ҚОРҚЫНЫШ

Бұл мақаланы жазу барысында мен Орталық Азиядан осыны растайтын ардагер іздеп табуға тырыстым. Бірақ, амал нешік, ештеңе таппадым. Бес миллионға жуық совет армиясының құрамы ала-ғұла болды ғой. Совет армиясының құрамында ондаған мың грузин, қазақ, өзбек, еврей, татар, армян – бүкіл дерлік «советтік карта» бар еді.

Сондықтан, Алматы немесе Тбилиси, Ташкент немесе Қазандағы кейбір ардагерлердің соғыстың сол сұмдықтарын мидың ең түкпірінде сақтап келе жатуы әбден мүмкін. Бәлкім, олар үшін бұл сұмдық емес шығар, керісінше, сол кезде көп адам солай санағандай, дүниежүзілік қырғынды бастаған неміс нәсілінің лайықты сазайын алуы болып көрінетін болар.

Бір рет мен шындықтың ізін тапқандай болдым. Бұл да сол Энтони Бивордың «Берлиннің құлауы. 1945» атты кітабындағы дерек. Аутор 24 жасар актриса Магда Виландтың оқиғасын суреттеген. Шкафқа жасырынбақшы болған қызды Орталық Азиядан шыққан сарбаз суырып алған.

Магда оған егер басқа орыс сарбаздардан қорғайтын болса, көнуге дайын екенін түсіндіруге әрекеттенген. Бірақ, әлгі сарбаз өзге жауынгерлерге қызды көрсеткен. Сосын солардың бірі қызды зорлап тастаған.

ЕКІҰШТЫ МЕМОРИАЛ

Бивордың кітабында әйелдері мен балаларына көрсетілген қорлықты көтере алмай өзінің сүйіктілерін өлтіріп, артынан өздерін өздері өлтірген немістер көп суреттелген.

Ағылшын тарихшысы «соғыс заманын көрген неміс әйелдері әлі де Берлиндегі совет армиясының мемориалын «Беймәлім Зорлықшының Моласы» деп атайды» деп журналист Дэниел Джонсонның жазғанын мысалға келтіреді.

Немістің қыз баласын қолына көтерген беймәлім азат етуші сарбаздың ескерткіші де күдіктен аман қалмады. Белгілі тарихшы-зерттеуші Марк Солонин былайша мысқылдаған болатын:

«Немістің қыз баласы совет жауынгерінің қолына басқалай мақсатта және қыз бала үшін салдары басқадай жағдайда тап болуы мүмкін...»

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақаладағы оның ой-көзқарасы Азаттық радиосының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG