Accessibility links

«Саяхат» әуе компаниясы Сомалидегі дауға қатысымыз жоқ дейді


Өткен айдың соңында Сомали әуежайына қару жеткізген Ил-76 ұшағы қазақстандық «Саяхат» әуе компаниясың меншігі болуы мүмкін деген ақпаратты «Саяхат» басшылығы жоққа шығарды. Аталған компанияның басшылығы тамыздың 9-күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, артқы қанатында Қазақстан туы бейнеленген ұшақтар тек мемлекеттік «Бүркіт» әуе компаниясында ғана бар екендігін алға тартты.

Осы жылы шілденің 26-28 күндері Сомали астанасы Могадишо әуежайына Ил-76 ұшағы екі мәрте қару жеткізгені, көліктің құйырғындағы белгі Қазақстанның туына ұқсайтын болғандықтан бұл ұшақ «Саяхат» әуекомпаниясының меншігі болуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығару мақсатында, тамыздың 9-күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Саяхат» компаниясының президенті Владимир Куропатенко өздеріне қарасты ұшақтардың бұл уақытта Қазақстанда болғандығын айтты.

- «Саяхат» әуе компаниясының меншігіндегі 76442-нөмірлі ұшақ шілденің 25-күні Қытайдан Орал әуежайына келіп қонып, шілденің 30-ына дейін ешқайда ұшпаған. Ал 76384 және 76385 нөмірлі ұшақтар бұл уақытта Алматыда тұрған. Интернет сайтында жарияланған сурет пен біздің компанияның иелігіндегі ұшақтардың айырмашылығы бар. 1995 жылы Азаматтық авиация комитетінің бекітуі бойынша, «Саяхат» әуе компаниясы ұшақтарының артқы қанатында компанияның дербес белгісі суреттелген. Ал Қазақстанның туы «Саяхат» деген сөздің алдында орналасқан», - деді В. Куропатенко.

«Саяхат» компаниясы өздеріне тиесілі ұшақтардың шілденің 26-28 аралығында Қазақстан аумағында болғандығына дәлел ретінде «Қазәуенавигация» компаниясынан алған жеделхатты келтіреді. Онда бортты нөмірі 764-тен басталатын ұшақтар Сомалиге беймәлім ұшақ қонған уақытта Қазақстан аумағында болғандығы айтылған. Сонымен бірге Владимир Куропатенко өздерінің ұшақтарына компанияның төл таңбасы басылатындығын алға тарта отырып, Могадишо «әуежайында түсірілген суреттегідей» ұшақтың безендірілуі «Бүркіт» әуе компаниясына ғана тән екендігін айтты.

- Азаматтық авиация комитетінің әуе көліктерін безендіру туралы ережесі бойынша Қазақстан Республикасының туын ұшақ килесінде бейнелеу құқығына тек мемлекеттік «Бүркіт» әуе компаниясы ғана ие. Яғни, мұндай ұшақпен тек президент қана ұшып жүре алады. «Бүркіт» әуе компаниясында да «Ил-76» типтес ұшақтар бар, - деді «Саяхат» компаниясының президенті В. Куропатенко.

Осы тақырыпқа орай сәрсенбі күні «Бүркіт» әуе компаниясына хабарласқанымызда, қойған сауалымызға жауап ала алмадық. Сомалиге қонған құпия ұшақтарға қатысты «Азаттық» радиосы өзінің бұған дейінгі хабарларында, сонымен бірге «Азаттықтың» тілшісі Ержан Қарабектің арнайы «Новое поколение» газетіне жазған мақаласында да батыстық ақпарат құралдары таратқан бірқатар болжамдар қамтылған болатын. Атап айтқанда журналист Крис Томлинсон беймәлім ұшақтың бортындағы «764» деп басталатын алғашқы үш нөмерді танып, соған орай ол Могадишо әуежайына қонған «Саяхат» әуе компаниясының меншігіндегі «76434» нөмірлі ұшақ болуы мүмкін деген болжам жасаған-тын. Ол ұшақтың қожайыны саналатын саяхаттықтар енді Крис Томлинсонды сотқа беретіндігін айтып отыр.

- Журналист Крис Томлинсонның жазғаны ешқандай шындыққа жанаспайды. Менің ойымша, ол заңның алдында жауап беруі тиіс. Біз оған қарсы міндетті түрді сотқа шағым түсіреміз және Қазақстан азаматы ретінде мен өзімнің атынан Крис Томлинсонға қарсы арызданамын, - деді «Саяхат» президенті В. Куропатенко.

«Әділ сөз» қоғамдық ұйымы сараптамалық орталығының жетекшісі Ғалия Әженова болса, журналист болжам жасағаны үшін сотқа тартылмауы тиіс деп отыр.

- Мақала барысында «болуы мүмкін» деген секілді сөздерді қолданса, онда ол журналистің жеке пікірі. Бұл жағдайда журналист өзінің айтқанын дәлелдей алатын болса, «Саяхат» әуе компаниясының әрекеті бекерге шығуы мүмкін, - деді Ғалия Әженова.

Соған қарамастан «Саяхат» компаниясындағылар Сомалидегі беймәлім ұшақты өз беттерімен зерттеуге кіріскен. В.Куропатенко мырза әңгіме болып отырған суреттің Могадишо әуежайында түсірілгендігіне күмән келтіреді. Оның пікірінше, ақиқаттың ашылуы компания үшін де аса маңызды.

Қазіргі таңда «Саяхат» әуе компаниясы Қазақстандағы жүк тасымалының 51 пайызын атқарады.
XS
SM
MD
LG