Accessibility links

Қазақстан азаматтары Таиландта мол қару-жарақпен ұсталды


Ил-76 ұшағы (иллюстративтік фотосурет).

Ил-76 ұшағы (иллюстративтік фотосурет).

Таиланд әуежайына қонған Ил-76 ұшағы молынан тиеген қару-жарақ жүгімен ұсталды. Экипаждағы бес адам – төртеуi Қазақстанның, ал біреуі Беларусь елінің азаматтары – тергеуге алынған. Ұшақтың Солтүстік Кореядан ұшып келе жатқаны айтылады.

Оқиға желтоқсанның 12-күні болған. Бұл ұшақ Пхеньяннан шығып Шри-Ланкаға ұшып бара жатқан, деп хабарлады журналистерге Таиландтың әскери-әуе күштерінің өкілі. Басқа бір деректер бойынша, ұшақ Пәкістанға ұшып бара жатқан.

Ал тағы бір агенттіктер ұшақтың дәл қайда бара жатқандығы әзірге белгісіз дейді.

Кейбір агенттіктер Таиландтың ресми тұлғалары ұшақтың қай елдікі екендігін атамай отырғанын хабарлайды. Ресми тұлғалардың кейбірі ұшақ «шығыс еуропалық елдердің бірінен» деп айтқан. Сенбі күні кейбір ақпарат бұлақтарының алғашқы хабарламаларында ұшақ Қазақстанда тіркелген делінді. Ал жексенбі күні ақпарат агенттіктері ұшақтың Грузияда тіркелгендігін, экипаж құрамының басым көпшілігі – Қазақстан азаматтары екендігін нақтылады.

Әзірге мәлім болғаны, ұшақ жанармай құйып алуы үшін Бангкок әуежайына қонуға рұқсат сұраған. Сол жерде Таиланд полициясы күдікті деп тапқан ұшақтың жүгін тексерген. Ұшақтың ішінен шамамен 40 тоннадай қару-жарақ табылып, түгелдей тәркіленген.

bangkokpost.com сайтының хабарлауынша, тәркіленген қару-жарақ Нахон Сауан провинциясындағы авиабазаның қоймасына жеткізілген. Бұл ұшақ туралы ақпарат Таиланд билігіне Америка Құрама Штаттарынан жеткен деп хабарланып отыр.

Таиландтың орталық тергеу бюросының командирі ұшақтың бортынан табылған мол қару-жарақ жүгінің арасында көптеген гранататқыштар, зымыран оқтұмсықтары және өзгедей қарудың барын айтқан. Күдікті ұшақ ұсталған кезде Бангкоктың «Дон Муян» әуежайы өзге жолаушылар ұшақтары үшін ашық болған.

Жексенбі күні Беларусь сыртқы істер министрлігі Таиландта ұсталған қару-жарақ тиеген ұшақ экипажының құрамында өз елінің азаматы бар екендігін растады. Бұл туралы Беларусь СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап «Интерфакс» агенттігі хабарлады.

Сондай-ақ 13-желтоқсанда ақпарат агенттіктері, Солтүстік Кореядан қару-жарақ жүгімен ұшып келіп Таиландқа қонған ұшақ экипажының құрамындағы бес адамға – Қазақстанның төрт азаматы мен Беларусь елінің бір азаматына – айып тағылатындығын хабарлады. Таи үкіметі бұл оқиғаның терроршылдыққа қатысы бар-жоғын арнаулы қызметтер тексеріп жатқандығын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Қазақстан бұған дейін Солтүстік Кореямен қару-жарақ саудасына қатысты бір жанжалға іліккен болатын. 1999 жылы Қазақстан Солтүстік Кореяға бірнеше әскери ұшақ сатпақ болғаны анықталған-ды. Оның арты халықаралық дәрежедегі дау-дамайға ұласып, сол кездегі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев пен елдің қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев отставкаға жіберілген еді.

Алайда көп ұзамай ол екеуі де жоғары билікке қайта оралып, мемлекеттік наградаларға да ие болды. Қазақстан сол жолғы даулы операцияның негізгі кейіпкерлерін болмашы жазалаумен ғана шектелді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG