Accessibility links

Жолақыны 5 теңгеге арзандатуды бұйырған биліктің шешімі тасымалдаушылардың түсініспеушілігін туғызды


Қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар. Орал, БҚО, 3 ақпан 2009 ж.
Қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар. Орал, БҚО, 3 ақпан 2009 ж.

Орал қаласының билік орындары қала ішінде жолаушы тасымалдаушыларға автобус пен бағытты таксидегі жолақыны 2009 жылдың 1 ақпанынан бастап арзандатуды бұйырған еді. Жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар өздерінің шығынға бататындығын айтуда.

Оралда өткен жылғы қыркүйектің 1-інен бастап қала ішіндегі жолаушы тасмалдайтын көліктерде жолақы мөлшері 40 теңге болып белгіленген еді. Сол кездің өзінде-ақ автокөлік кәсіпорындарының басшылары мұндай баға олардың шығынын өтемейтінін алға тартып наразылықтарын айтқан болатын.

Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі елдегі дағдарысқа байланысты қайта есептеу жүргізу барысында, жолақы экономикалық тұрғыдан еш негізсіз 40 теңге болып белгіленген деген ұйғарымға келген. Сол себепті, облыстық билік жолақыны 5 теңгеге арзандатуды ұсынған.

«Оралтехсервис» компаниясының бас директоры Александр Баклан жолақы қазіргідей 40 теңге болған уақытта да өзі басқаратын кәсіпорынның үлкен шығынға батып отырғанын айтты:

– Біріншіден, қосалқы бөлшектер, май және автокөлік дөңгелектерінің бағасы қымбаттап кетті. Екіншіден, біздегі автобустар лизинг бойынша алынған болатын, оның несиесін әлі толық өтеп болған жоқпыз. Күніне жолаушы тасымалдауға жүзден аса автобус шығып, 41 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Осылайша біз тарифті төмендету арқылы айына 6 миллион теңге қаражатты жоғалтатынымызды есептеп шығару қиын емес. Біздің компания қызметкерлер штаты бойынша қаладағы ең ірі кәсіпорын болып табылады. Қосалқы бөлшектер мен отыннан басқа, біздер үлкен-үлкен автобустық бокстарды жылытып, оларға жаңа техникалар мен бөлшектер сатып аламыз. Ал мына жағдайдан кейін маған компания бюджетін түбірімен қайта қарастыру керек болып тұр.

Зейнеткерлердің ойынша, жолақыны төмендету арқылы биліктегілер күн өткен сайын тереңдеп бара жатқан экономикалық дағдарыстан қала тұрғындарын «құтқарғандай» түр байқатуда. Ал, қоғамдық көліктегі жол жүру бағасының бұлайша төмендеуі студенттердің де көңілінен шыға қоймайтын секілді.

- Одан да 10 теңгеге арзандатуы тиіс еді. Сонда ғана айтарлықтай жеңіл болар еді, - деп жергілікті университеттің студенті ойымен бөлісті.

Батыс Қазақстан облысы «Азат» партиясы кеңесінің мүшесі Болат Мұхамбетов бұны әлеуметтік наразылықтан қорыққан биліктің жолақыны төмендетіп, халықты алдарқату үшін ғана жасап отырған шарасы деп сипаттайды.

- Дағдарысқа байланысты бүгінде елдің жағдайы күрделі болып тұр. Жұмыссыздар саны артып келеді, студенттер болса оқуға ақшасын төлей алмағандықтан оқудан шығарылып жатыр. Шешімін таппай қордаланып жатқан әлеуметтік мәселелер бір күнде бұқараның толқуына әкелуі ғажап емес. Ал қоғамдық көлікке жолақыны төмендету - ол тек көзбояушылық қана. Егер тасымалдаушыларға келетін болсақ, олар жолақы 35 теңге болған кезде де үлкен табысқа қол жеткізе алады. Мысалы, көрші Ақтөбе қаласында автобуста жолақы 30 теңге. Осыдан-ақ нақты қорытынды шығаруға болады, - дейді Болат Мұхамбетов.
XS
SM
MD
LG