Accessibility links

Оралдық кәсіпкер жартылай қираған шіркеулерден мұражай кешенін құрмақ


Жөнделіп, қалпына келтірілген "Христостың туған күні шіркеуі" (жеке мұрағаттағы сурет). Коловертное кенті, Батыс Қазақстан облысы, жаз, 2008 ж.

Жөнделіп, қалпына келтірілген "Христостың туған күні шіркеуі" (жеке мұрағаттағы сурет). Коловертное кенті, Батыс Қазақстан облысы, жаз, 2008 ж.

Батыс Қазақстан аймағындағы ескі, жартылай қираған шіркеулерді қайтадан қалпына келтірумен бірнеше жылдан бері шұғылданып жүрген oралдық кәсіпкер, ғалым Андрей Голубев әрбір жөнделген ғибадатхананың жанынан тарихи-мәдени мұражай кешенін құрғысы келеді.

Коловертное кентінде 1900 жылы бой көтерген Христостың туған күні шіркеуін совет өкіметі кезінде колхоз тұрғындары жем сақтайтын қойма ретінде пайдаланған. Совет Одағы ыдырағаннан кейін ешкімге керексіз болып, бөлшектене қирай бастаған шіркеу тек осыдан бірнеше жыл бұрын ғана қайта қалпына келе бастады.

Ескі шіркеуді жөндеуге өз тарапынан біршама қаражат жұмсап, бұл жұмысқа жан-жақтан демеушілер тартқан жергілікті ғалым, кәсіпкер Андрей Голубевтің мақсаты - болашақта осы жерде тарихи-мәденилік мұражай кешенін құру.

Өз айтуынша, алғаш ол жартылай қираған шіркеуді алыстан, Орал-Атырау күре жолымен кетіп бара жатқанда байқапты.

- Шіркеу ол кезде әбден тозып бітіпті: терезелері кірпішпен бітеулі, күмбездері жоқ, төбелері ашық-шашық, едендері түсіп кеткен шіркеудің іші қоқысқа толы, қабырғалары сызылып, қопсып құлап қалған. Шіркеудің жөндеу жұмысын қолға алғанымда, ол осыншама ұзаққа созылады деп ойламаппын, бірақ бастаған ісімді аяғына дейін жеткізуді жөн көрдім. Алдымен ішін барлық қоқыстан тазартып, еденді ауыстырдым, төбелерді жаңалап, есік пен терезелер қойып, алтарь орнатып, оны иконалар көшірмесімен безендірдім. Шіркеудің толығымен ең алғашқы кейпін қайтару мүмкін емес болды. Бұл жерде мәселе тек қана қаражатқа тірелмейді. Коловертное кентінде православ христиандары жоқтың қасы. Сондықтан, негізгі мақсат – шіркеуді жаңалап, сол күйі сақтап, әрі қарай қирауына жол бермеу болды, - дейді Андрей Голубев.

Коловертное кентіндегі шіркеу жөндеу жұмыстарына дейін осындай күйде болатын (жеке мұрағаттағы сурет). Батыс Қазақстан облысы.
2008 жылдың 8 қарашасында тарихи-мәдени мұражайдың ашылу салтанаты өтті. Онда Орал өңірінің ежелгі тайпалары мен ХХ ғасырға дейінгі тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен заттар қойылған. Сонымен қатар мұнда келушілерді орыс православ шіркеуінің тарихымен таныстыратын діни көрме қойылған. Болашақта мұражай кешені мұсылмандыққа, көшпенділер мәдениеті мен өлкетану бойынша фильмдер көрсететін кинолекториймен толықпақ.

Жоғарыда айтылғандай, ғалымның жоспарында мұражай кешенін құру мақсаты тұр. Қазіргі кезде кәсіпкер Мергеново кентіндегі Әулие Мария Магдалина шіркеуі мен Алмалы ауылындағы Смоленск Құдай-анасы шіркеуін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Андрей Голубев аталған құрылыстар туристерге олардың ата-бабаларының қандай жағдайда өмір сүргендігі жөнінде айғақ болады дейді:

- Мұражайлық кешен адамдарға өз көздерімен «бұрынғы тұрғындардың» өмірін көріп, өткен ғасырлардағы үйлердің колоритін крестьяндық ағаш үй арқылы, орыс халқының мәдениеті мен тұрмысын сезінуге мүмкіндік береді. Бұл жерде крестьяндық үйдің барлық интерьері тұрмысқа қажетті заттарымен бірге сол күйінде сақталған. Ал, көшпенділер өмірін, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын кешенді экспозиция – маңдай алды тасымалды баспананың бірі – ақ киіз үйде көруге болады.

Философия ғылымдарының докторы Андрей Голубев мұндай ауқымды жобаны тек қана кәсіпкерлердің қаражатымен іске асыру мүмкін еместігін, оған мемлекеттік қолдау қажеттігін айтады.

«Дамыған Еуропа елдерінде мұндай мұражайлар жұртқа әйгілі. Бұл салада Қазақстанның мүмкіндігі мол, тек оны ақылға салып, іске асыру керек», - дейді Андрей Голубев.
XS
SM
MD
LG