Accessibility links

ҚР Ауылшаруашылық министрлігі күзде астық бағасының қымбаттайтындығын хабарлады. Сарапшылар бұл ахуалдың нан бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін екендігіне түрлі пікір білдіріп отыр.

24 жасар Серік есімді азамат құрылыста жұмыс істейді. Серікті елдегі азық-түлік өнімдеріне деген бағаның өсуі қатты алаңдатады екен:
- Нан бағасының қымбаттауы дұрыс емес. Халыққа қиын болады. Үкіметтегілер бір жолын қарастырса дұрыс болар еді. Астық өзімізден шығады. Өзге елдерге қымбат берсе де, өзімізге арзан бағамен сатулары керек.
Қарапайым жұртты нан бағасының қымбаттауы алаңдатады.
Серік сияқты құрылыста жүргеніне 3 жыл болған Ернардың да жалақысы мәз емес. Ол астық өнімдеріне бағаның қосылуы орынсыз дейді:
- Жалақымызға мың-екі мың теңге қосылады. Оның есесіне азық-түлік өнімдерінің бағасы күн сайын қымбаттауда. Жалақымыз 50-55 мың теңге. Оның өзі жалдамамалы пәтерге, жолға кетеді.
Қытайдың Қайыңды Қарасу деген жерінен келген Бекзат есімді жігіт Қазақстанды астық өндіруші елдердің алдыңғы қатарына жатқызады. Алайда соңғы кездері астық бағасының өсетіндігін естіген сұхбаттасымыз қатты қапаланыпты:
- Жалақымыз тамағымыздан артылмайды. Бала-шаға бар дегендей. Сырттан ел-жер деп келгенде, азық-түліктің қымбаттап жатқандығына қапаланасың. Үкімет басындағылардан астық өніміне деген бағаны төмендетсін деп сұраймын.
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев БАҚ-на берген сұхбатында, биыл Қазақстанда Ресеймен салыстырғанда жоғары сапалы бидай өндірілетіндігін мәлімдеді. Ағымдағы жылы астықтың 70% астам бөлігі үшінші кластан жоғары болмақ, сондай-ақ көршілес Орталық Азия республикалары мен Иран тарапынан Қазақстан астығына деген сұраныс жоғары болып отыр. Сол себепті ішкі нарықта күзде астық бағасы өседі деген еді.
Рахман Алшанов: Астық бағасына доллардың құнсыздануы әсер етеді.
Біз осы мәселеге қатысты экономист сарапшыларды әңгімеге тартқан едік. Экономист Рахман Алшанов, астық бағасының күзде қымбаттауына доллардың құнсыздануы себеп болып отыр деген болжам айтты:
- Доллардың құнына байланысты астыққа деген бағаның өзгеруі мүмкін. Жалпы, Қазақстанның екі-үш облысында құрғақшылық болды. Күріш те биыл судың аздығына байланысты аз болды.
Ал экономика ғылымдарының докторы, профессор Айтқали Нұрсейіт, астық бағасының күзде қымбаттауына еш негіз жоқ деген пікір білдірді:
- Биыл егіннің өнімі былтырғыдан кем болған жоқ. Аз ғана айырмашылық бар. Халықты толығымен астықпен қамтамсыз етуге үкіметтің жағдайы бар. Жекеменшік азық-түлік корпорациялар бағаны өсіріп жібермесе, нан бағасының өсуіне еш дәлелді фактор жоқ.
Осы күндері 848 мың гектар, яғни егіс алқаптарының 8%-ынан егін орылып, 832 мың тонна астық жиналыпты. Былтыр осы уақытта егістіктердің 9%-ынан 1,3 млн тонна астық жиналған екен.
Алайда ауыл шарушылық министрлігі құрғақшылық салдарынан Қазақстанның оңтүстік аймақтарының өздерін астықтың керекті көлемімен қамтамасыз ете алмайтындығын хабарлап отыр.
XS
SM
MD
LG