Accessibility links

Қазақстандағы АҚШ-тың бұрынғы елшісі Уильям Кортни, «Нью-Йорк таймс» газетінде жарияланған мақаласында, қазіргі ЕҚЫҰ төрағасына кезігетін проблемалар туралы жазыпты.


НАЗАРБАЕВ БӨТЕН КӨЗҚАРАСТЫ БАСЫП-ЖАНШУДА

Адам құқын қорғаушылар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі өзгеше көзқарасты басып-жаншып отырғандығын айтып сынауда; енді біреулер бұрындары ЕҚЫҰ тұғырларын шайқалтуға ұмтылған Ресей енді өз мүддесін қанағаттандыру үшін Қазақстанды пайдаланбақшы деп алаңдаулы екендігін жазады дипломат Уильям Кортни «Нью-Йорк таймс» газетінде жарық көрген мақаласында.

«1991 жылы осы ел тәуелсіздігін алған соң Қазақстанда американ елшісі боп жұмыс істеген тәжірибеме сүйене отырып, бұл пікірлердің мәнін түсінуге болады, алайда олар асыра айтылған дер едім. ЕҚЫҰ, басқа мақсатпен қатар, қақтығыс аймақтарына бақылау жүргізіп, қоғамның азаматтық дамуына қолдау көрсетеді», – деп жазады дипломат.

Сонымен қатар, ЕҚЫҰ талаптары бойынша, оған мүше мемлекеттер өз аумағында адам құқын қорғау мен демократияның анықталған стандарттарын ұстануы тиіс. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін көп оң іс атқарды, деп жазады Уильям Кортни.

Алайда енді биыл ЕҚЫҰ-ға жемісті басшылық етуге моральдық беделі мен дипломатиялық салмағы жете ме – ол бұл елдің өзгелердің тарапынан ие болатын қолдауына әрі аталған басшылықты іс жүзіне қалай асыратындығына тәуелді болмақ, деп жазады аутор.

Оның айтуынша, тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан өз істерін бірнеше салада сәтті бастады. Ол советтік биліктен мұраға қалған ядролық қарудың алып қорынан құтылуға өзінің келісімін тез берді. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, инвестиция тарту үшін АҚШ және Еуропа елдерімен тығыз байланыс орнатуға ұмтылды.

Бұл мемлекет Нанн-Лугар бағдарламасын орындауда үлгі алуға лайық серіктес рөлін атқарды. Аталған бағдарлама жаппай қырып-жою қаруының тарап кетуіне жол бермеуге бағытталған, деп атап көрсетеді дипломат «Нью-Йорк таймс» басылымындағы өз мақаласында.

ҚАЗАҚСТАНДА ЭТНОСАРАЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІК ОРНАҒАН

Қазақстан этносаралық қарым-қатынастар саласындағы табысымен ерекшеленеді. Сепаратистік қақтығысты бастан өткерген басқа бұрынғы совет республикаларымен салыстырғанда Қазақстан өз аумағында өмір сүріп жатқан жеті миллион украин мен орысты тыныштандыра білді. Өнеркәсіптің түрлі саласында жұмыс істеген славяндар өз жұмыс орынын сақтады немесе жергілікті кадрлармен біртіндеп ауыстырылды, деп жазады Кортни.

Этникалық қазақтардың өкілі саналатын саяси жетекшілер либерализм мен төзімділік жолын таңдап, байыпты исламды ұстануда. Ресеймен салыстырғанда, Қазақстан өзімен көршілес барлық елмен жақсы қарым-қатынас ұстап келедіғ және бұлардың экспортқа кететін өнімі бір-бірінің аумағы арқылы тасылады.

Қазақстан өз экономикасының энергоресурстар саласына қаражат салған шетелдік инвесторларға да, Ресеймен салыстырғанда, жақсырақ қарап, жылы қабақ танытты. Бұл инвесторлардың қаражаты Қазақстан экономикасының қарыштап дамуы мен ел тұрмысының жақсаруының басты көзі болып отыр, деп атап көрсетеді Уильям Кортни.

ҚАТЕРЛІ ӨЗГЕРІСТЕР

Алайда бұл елде, сонымен қатар, бірқатар істерде кері кету құбылысы байқалды. Қазақтарды Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барған сайын күшейіп бара жатқан авторитарлық билігіне бағынуға көндірді. Бұл үшін, Корнтидің пікірінше, президент: «әйтпесе елдегі халықтың өршіп кеткен наразылығын Ресей мемлекеттегі ахуалды тұрақсыздандыру (не басып кіру) үшін қолдануы мүмкін» деген сөзбен қазақтарды өзіне имандай үйіріп алған.

Түрлі айла-шарғылар арқылы президент Назарбаев Қазақстанда өзінің айтқанын мүлтіксіз орындайтын, әр айтқанына құлдық ұруға келгенде советтік дәуірден де өткен көнбіс парламентті қалыптастырды.

ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы бақылаушылары ел тәуелсіздік алған соң өткен алғаш сайлау кезіндегі алаяқтықты қатаң сынға алды. 2002 жылы Қазақстанның басты оппозициялық газетінің редакциясы өртеліп, қиратылды. Менің сол кезде редакцияның кеңсесіне барғаныма президент Назарбаев өзінің өте разы еместігін танытты, деп еске алады Уильям Кортни.

Аутор өз мақаласында оппозиция жетекшілері Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімдерін, тәуелсіз журналист Сергей Дуванов пен адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтиске тағылған айыптар бойынша шығарылған үкімдерді атап өткен.

Адам құқын қорғаумен айналысатын «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы Қазақстандағы адам құқына қатысты ахуал «үздіксіз нашарлап барады» деп мәлімдеп отыр. «Фридом Хауз» ұйымы болса бұл елге «азаттығы жоқ мемлекет» деген баға берді.

ҚАЗАҚСТАН ДЕМОКРАТИЯШЫЛДЫҚ ҮЛГІСІ БОЛА АЛМАЙДЫ

Дегенмен, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев ел ішінде беделге ие болып қалып отыр және мұндағы билік тарабынан болатын қуғын-сүргін деңгейі, мәселен, көршілес Өзбекстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен, де жазады Уильям Кортни.

Ал жемқорлық Қазақстанда тіпті дес бермес ауқымда тамыр жайып кеткен. Әлі есімде, бірнеше американ компаниясына жергілікті ұйымдасқан қылмыспен байланысты фирмаларға серіктес болу ұсынысы жасалды. Бұндай ұсыныстан әлгі американ компанияларының зәресі ұшып, елден тайып тұруына тура келген болатын, деп еске алады дипломат.

Жемқорлық көптеген жыл бойы өсіп-өніп, билік жүйесін шырмауықтай шырмап алды. Американ соты Нұрсұлтан Назарбаевты өте көп мөлшердегі ақша сомасының ізін жасыру мен пара беру ісіне санасыз түрде дем беруші деп тапты, деп жазады Кортни. Бұған қоса, оның балалары мен күйеу балалары Қазақстан ұлттық экономикасының көптеген маңызды саласында шешуші билік пен ықпалға ие адамдар, деп түсіндіреді американдық дипломат.

ЕҚЫҰ-ға басшылық етуге келген Қазақстан демократияшылдық пен адам құқын қорғаудың үлгісі бола алмасы анық. Алайда, егер күш-жігерін осы бағытта жұмылдырса әрі оған ЕҚЫҰ-ның басқа мүше мемлекеттері көмекке келсе, бұл ел үлкен жетістікке жете алады, дейді американ дипломаты.

Біріншіден, Қазақстан өз мүддесі үшін Ресеймен тығыз байланысын пайдаланып, Мәскеуді ЕҚЫҰ-ның тұғырын теңселтуге бағытталған іс-әрекеттерді жалғастырды тоқтатуға ынталандыра алады. Қазақстан шешімін таппай, тұралап қалған қақтығыстарды реттеуге көбірек күш жұмсауға әрі ресми Астана зорлық-зомбылық етек жайған Солтүстік Кавказда ЕҚЫҰ-ның әрекет етуін қалпына келтіруге себепші бола алады, деп жазады Уильям Кортни. Оның пікірінше, тіпті Ресейдің іс-әрекеті ол мәселелердің күрделенуінің жалғыз себебі болмаған күннің өзінде де Ресей қимылы ахуалды нашарлаған үстіне нашарлата түсуде.

Екіншіден, Қазақстан өзінің оңтүстік көршілерінің ЕҚЫҰ-мен тереңірек қарым-қатынас орнатуына қолдау көрсете алар еді. Қазақстанмен көршілес Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттерінде зорлықшыл билік режимі мен этникалық белгісі бойынша топтасудың қауіпті қоспасы біте қайнасып кетіп отыр, дейді аутор.

Ауғанстанда жүріп жатқан соғыс бұл ахуалды одан әрмен күрделендіре түсуде. Бұл елдердегі саяси либерализация аталған қиын ахуалдың реттеліп, болашақтағы қауіптің азаюына сеп болар еді. Батыс елдері Қазақстанды демократияландыру жөнінде берген уәдесін Ақорданың орындауына түрткі болуы қажет. Кезінде Ақорда ЕҚЫҰ төрағасы тағына отыру құқына ие болу үшін осындай уағда берген болатын, деп атап көрсетеді елші.

Алайда, шындығында, Қазақстанның нәтижелі әрекеттеніп, неғұрлым жемісті үлесін қосар саласы – ол қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық сферасы деп пайымдау керек.

Ауғанстанда, Орталық Азияда және Кавказда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты Батыстың маңызды мүддесі бар. Аталған аумақтарда қауіп өрши түсіп отыр. ЕҚЫҰ-дағы Батыстың басты басымдығы – Қазақстанның қолдауына сүйеніп, аталған мәселені шешу үшін осы ұйымнан көмек алуды қамтамасыз ету болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының биыл Астанада осы ұйымның жоғары деңгейлі кездесуін өткізу жайлы Ақорда бастамасына қолдау білдіруін олардан жалынып-жалпайып сұрап жүр. Егер бұндай жиын әлгі аталған мәселелерді шешуде ЕҚЫҰ-ның алға ілгерілеуіне септігін тигізер болса ғана өзін ақтай алады, деген сөзбен аяқтайды «Нью-Йорк таймс» газетінде жарық көрген өз мақаласын Уильям Кортни.
XS
SM
MD
LG