Accessibility links

Дағдарыс Тәжікстаннан, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан келетін мигранттардың жағдайын ауырлатты


Құрылыс саласында жұмыс істеп жатқан Мәскеудегі мигранттар. 29 тамыз 2008 жыл
Құрылыс саласында жұмыс істеп жатқан Мәскеудегі мигранттар. 29 тамыз 2008 жыл

«Халықаралық дағдарыс тобы» орталықазияның үш мемлекетінен экспортталатын жұмыс күшінің жағдайына талдау жасады. Талдаушылар тығырықтан шығу үшін осы елдердің әлеуметтік енжар қоғамын реформалау керек дейді.


ЖҰМЫС ҮШІН – ШЕТЕЛГЕ


Ұйым сарапшылары әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарынан Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанның миллиондаған еңбек мигранттары экономикасы қарқынды дамыған елдердегі, атап айтқанда Қазақстан мен Ресейдегі жұмыстарынан айрылып қалды деп санайды.

Туған-туыстары талғажау етіп отырған ақша аударымдары бір мезгілде кілт тоқтады. Мигранттар үйіне қайтуға мәжбүр. Және бұл жағдай жоқшылық жалпы сипат алған елдердің үкіметін онан сайын тығырыққа тіреді. Тәжікстанда елдегі еңбекке жарамдылардың жартысы жұмыссыз отыр. Қырғызстанда жұмыссыздық ауылдық жерлерді белең алды.
Талғарда үй салып жатқан өзбек мигранты. Алматы облысы, қыркүйек 2008 жыл


Дағдарыс басталғанға шейін дейін осы елдерден бес миллионға жуық адам ақша табу үшін шетелге – Ресей мен Қазақстанға ағылды. Ол жақта мигранттар жергілікті тұрғындар істегісі келмейтін жалақысы төмен, қара жұмысқа жегілді.

Өз еліндегілер мигранттарға құрметпен қарайды. Өйткені олар өздерін және жақындарын жоқшылықтан құтқару үшін белгісіз жағдайға, қауіпке бастарын тікті.

Тұрақты жіберіліп тұратын ақша аударымдары бұл елдердің ішкі экономикасының елеулі бөлігіне айналды. 2008 жылы ақша аударымдары Тәжікстан ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) жартысына жетті. Қырғызстанда бұл сома ІЖӨ-нің төрттен біріне, ал Өзбекстанда сегізден біріне тең болды.

КВОТАЛАРДЫ ҚЫСҚАРТУ

«Халықаралық дағдарыс тобы» үкіметтік емес ұйымының сарапшылары байқағанындай, 2008-2009 жылдары болған экономикалық дағдарыс табыс табудың осындай түрін толықтай күйретті.

Алдымен мұнайдың бағасы түсті. Содан соң дағдарыс Ресей мен Қазақстанның банк секторына ауыз салды. Ақыр соңында дағдарыс еңбек мигранттарын жұмыспен қамтып отырған құрылыс бизнесіне де жетті.

Жұмыс күшіне деген сұраныс күрт азайып кетті. Қазақстан еңбек мигранттарының квотасын екі есеге – 66300 адамға қысқартты. «Халықаралық дағдарыс тобы» ұйымының деректеріне қарағанда, Қазақстанда жыл сайын үш миллионға дейін еңбек мигранттары болған. Солардың тек 200-300 мыңы ғана заңды түрде жұмыс істеген.

Компаниялар мигранттардан құтыла бастады, ал жекелеген жағдайларда жай ғана жалақы төлеуді тоқтатты. Ресей 2009 жылы өз квотасын төрт миллион жұмыс орнынан екі миллионға жетер жетпеске дейін қысқартты.

Милиционерлер Черкизов ауданында жұмыс істеген мигранттарды тұтқынға алып жатыр. Мәскеу, 19 шілде 2009 жыл
«Халықаралық дағдарыс тобы» ұйымы өз зерттеуінде Ресейдегі еңбек мигранттарының 27% өздерінің төлқұжаттарын милиционерлерге, не болмаса жұмыс берушілерге беріп қоюға мәжбүр деп атап өтеді. Еңбек мигранттарының төлқұжатын полицияның уақытша алып қою жағдайы Қазақстанда да бар.

НӘСІЛШІЛДЕР НЫСАНАСЫ

Ресейде ксенофобияның толқыны күшейді. Онда мигранттарға қарсы көңіл күй жылдам белең алды. Дәл осы Орталық Азиядан келген мигранттар нәсілшілдердің құрбандығына айналады.

Ресейдегі қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижесі бойынша, сұралғандардың 47% мигранттарды қылмыстың көзі деп санаса, 60% лаңкестер деп есептейді. Мигранттарға деген теріс қарым-қатынас әсіресе Мәскеу мен Санкт-Петербургте кең таралған.

ҚАРСЫЛЫҚ ПОТЕНЦИАЛЫ

Орталық Азия елдерінің үкіметтері дағдарыс оларға да әсер етеді дегенге әуелде сенгісі келмеді. Бірақ көп ұзамай туындаған күрделі жағдай биліктегілерді қиындықтан шығудың шешімін іздеуге мәжбүрледі.

Өйткені 2009 жылдың соңында жүздеген мың (ал «Халықаралық дағдарыс тобы» зерттеуінің ауторлары тіпті миллион деп те айтады) мигранттар Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға қайтып келді.

Қалыптасқан күрделі ахуал орталықазия мемлекеттерінің жұмыспен қамту мәселесіндегі әлсіздігін аңғартты. Бұрын олар жұмыссыздық проблемасын өздеріндегі жұмыс күшін шетелге жіберу арқылы шешіп келді. Және бұл кезде олар ел ішінде жұмыс орындарын ашу мәселесімен бас қатырған жоқ. Қазір бұл проблема тереңдей түсті. Мигранттардың жұмыс істеуі елдегі саяси жағдайдың тұрақты болуына да ықпалын тигізген.

Қосымша жұмыс күштерін шет елге жіберу ел үкіметтеріне, әсіресе, қарсылық танытуы мүмкін жастар арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге мүмкіндік берген.

Жұмыстан бір сәт тынығып жатқан тәжік мигранты. Екатеринбург, 1 қараша 2009 жыл
Халықаралық қаржы дағдарысы және еңбек мигранттарының жаппай елге оралуы - жұмыссыз қалғандарды радикалды исламшылардың ықпалында әкете ме деген қауіп туғызып отыр.

«Халықаралық дағдарыс тобы» үкіметтік емес ұйымы сарапшыларының атап өтуінше, радикалды исламшылардың еңбек мигранттары арасынан өзіне жақтастарды тарту мүмкіндігіне байланысты белгілер бар. Әсіресе бұл Ресейде етек алуда. Ұйым сарапшыларының қолында бұған қатысты біраз деректер бар.

ДАҒДАРЫСТЫҢ ӨТУІН КҮТУ

Көптеген мигранттар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға қайтып оралғанымен, олардың басым бөлігі ақша табу үшін Ресей мен Қазақстанда қалып жатыр. Дағдарыс жағдайында олар бұрынғыдан да нашар, бұрынғыдан да ақша аз төленетін жұмыстарды істеуге мәжбүр. Кейбіреулері дағдарыс өткенше туыстарының көмегіне сүйенуде.

Көпшілігі жергілікті құқық органдарының, шенеуніктердің жемқорлығын және компания қожаларының пысықтығын пайдаланып заңсыз жұмыс істейді.

Әсіресе Ресейде мигранттар, кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Миграция саласындағы дағдарыс әсер еткендердің барлығы экономикалық даму кезеңі міндетті түрде қайтып келеді деп үміттенеді.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ

Жұмыс күштерін қажет ететін Ресей мен Қазақстан тағы да әлемдік экономикадағы маңызды ойыншы болуға ұмтылуда. Орталық Азиядағы «Халықаралық дағдарыс тобы» зерттеген үш мемлекет – Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан қоғамы көптеген жылдардан бері езіп-жаншылған немесе саяси тұрғыда енжар болып қалған.

Ағаш жинап жатқан тәжік мигранты. Мәскеу, 29 қыркүйек 2009 жыл
Тәжікстандағылар азаматтық соғыстың қанды кезеңін ұмыта қойған жоқ. Қырғызстанда 2005 жылғы қызғалдақ төңкерісінен кейінгі қиялдар күйреп, арсыздық белең алды. Өзбекстан жоғарыдан төменге дейін қатаң әлеуметтік бақылауда.

Бұл елдердегі қорғансыздық бір жағынан ішкі тұрақсыздықтан, көп жағдайда Ауғанстанға жақын тұрғандықтан өсе түсуде. Инфрақұрылым үнемі қирау үстінде. Онсыз да әлсіз экономика одан ары күйреуде.

«Халықаралық дағдарыс тобы» бұл елдердің үкіметтерінде дағдарыстан шығар бір ғана жол бар, ол үшін өз қоғамдарын белсенді түрде реформалау керек деп есептейді.

«Халықаралық дағдарыс тобы» үкіметтік емес ұйымының сарапшылары бұл реформалар жақын арада бола қалады деп үміттеніп отырған жоқ.

Зерттеушілер Орталық Азия елдеріндегі өзгерістерді бастайтын күш Батыс болуы керек деп есептейді. Бір өкініштісі, зерттеушілер бұған ынталылықтың белгісін де әзірге көріп отырған жоқ.
XS
SM
MD
LG