Accessibility links

Мұсылмандардың қос мерекесінің тойлану үлгісі


Бүкіл өмірін Алланың тыйғандарынан тыйылып, бұйырғандарын шамалары жеткенінше орындап өткізуге тырысатын пенделері үшін сол Жаратушы Ие Исламдағы ең ұлық қос мерекеде атқарылуы тиіс әрекеттерді нақтылай көрсеткен ғой. Атап айтқанда...

Мұсылманның 5 парызының бірі қажылыққа бару мен құрбан шалу жөнінде қасиетті Құранның бірнеше сүрелерінде Алла тарапынан былайша бұйырылған.

“Әнғам” сүресінің 162-ші аятында: “Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін” де”,-делінген. Яғни шалған құрбан малы ғана емес, қажет болған жағдайда мұсылман баласының өз өмірін де Алла жолына арнауға әзірлігін білдіреді.

“Кәусәр” сүресінің 2-ші аятында: “Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал”,-деп айқын түрде бұйырылған.

“Хаж” сүресінің 26-30 аяттарында: “Қасиетті үйдің орнын Ыбрайымға көрсеттік те, оған былай дедік: “Маған ешнәрсені ортақ қоспа. Менің үйіме зиярат етіп келушілер: оны айналып шығып және тік тұрып, иіліп, сәждаға барып құлшылық етушілер үшін ол үйді тазала. Қажылыққа адамдарды шақыр. Олар жаяу немесе небір алыс елдерден көлікке мініп, саған жетсін. Олар осылайша өздеріне жіберілетін нығыметтерге өздері куә болсын. Үй жануарларын өздеріне қорек етіп берген Алланың атын белгілі күндерде еске алсын. (Құрбан шалсын).

Олардан өздерің де жеңдер және жоқ-жітіктерге де беріңдер. Содан соң олар қажетті тазалықтарын орындасын (шаш, тырнақтарын алып, ыхрамнан шықсын). Айтқан уәделерінде тұрып, Қағбаны айналып жүрсін. Осылай істеңдер. Алланың қасиетті бұйрықтарын ұлықтаған адамға Жаратушының жіберер нығметтері мол. Сендерге харам деп хабарланғаннан басқа малдар халал қылынды. Нәжіс пұттардан аулақ болыңдар. Сондай-ақ өтірік сөздерден сақтаныңдар,”- делінген.

Ал, осы “Хаж” сүресінің 33-38-ші аяттарында:

“Құрбандыққа арналған малды белгілі мерзімге дейін қажеттеріңе пайдалансаңдар болады. Содан кейін оны Қағбаның жанына жеткізіңдер. Біз әрбір үмбетке, өздеріне берілген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуға бұйрық бердік. Себебі, Алладан басқа сыйынуға лайық тәңір жоқ. Оған бой ұсыныңдар. (Мұхамед!) бой ұсынушыларды қуандыр. Олардың жүрегі Алла аты аталғанда лүпілдеп кетеді. Олар өздеріне келген ауыртпалыққа төзеді, намаз оқып, оларға біздің берген несібелерімізден тиісті жерлерге үлестіреді.

Түйе, сиырларды сендердің құрбандыққа шалуларың үшін белгіледік. Олардан сендерге пайда көп. Әлі аяқтарында тұрғанда, олардың үстінен Алланың атын атап, ниет етіңдер. Қашан олардың жамбастары жерге тигенде олардан өздерің де жеңдер және өздеріне бергенге қанағат етушілер мен сұраушыларға да үлестіріңдер. Осылайша шүкірлік етулерің үшін ол малдарды еріктеріңе бағындырдық.

Аллаға құрбан малдың еті мен қаны жетпейді. Оған сендердің тақуалықтарың жетеді. Сендерді Тура жолға салған Алланы ұлықтауларың үшін ол малдарды Жаратқан Ием сендерге бағынышты етті. (Мұхамед!)Жақсылық жасаушыларды қуандыр”,-делінген қасиетті Құранның “Хаж” сүресінде.

Мұхаммед салла Аллаху алейхи уассалам пайғамбарымыз, мұсылман баласының өзге де парыздарымен қатар, Исламның қос мерекесін қалай тойлауы қажеттігі жөнінде жеке үлгі-өнегелерімен де өсиет қалдырып кеткен. Бұл туралы әл Бұхаридің жинақтаған Сахих хадистерінен молынан мағлұмат алуға болады.

Мысалы, Құрбан айттың алғашқы күнінің таңы атқаннан кейін қандай іс-әрекет алдымен атқарылуы тиіс, деген сауалға келер болсақ, бұл жөнінде “Сахих” жинағындағы ”Қос мереке кітабында” бірнеше хадистер келтірілген. Атап айтқанда, 951-ші хадисті жеткізуші әл-Бара бір жолы Расулалланың (с.а.у.) былай дегенін естіген екен:

“Бұл күні біз ең әуелі намаз оқуымыз керек. Содан кейін қайтып барып, құрбан шалған жөн. Осылай істегендер біздің сүннетімізге лайық әрекет етеді”.

Ал, 960-шы хадисті жеткізуші Ибн Аббас және Жабир бин Абдулланың айтуларынша, Мұхаммед салла Аллаху ғалейхи уассалам тұсында Ораза айтында да, Құрбан айтында да азан шақырылмаған екен. Енді бір сәт 955-ші хадисті жеткізуші әл-Бара бин Азибтің айтқандарына құлақ түрсек:

“Бір жолы Құрбан айтта Мұхаммед (с.а.у.) айт намазынан кейін бізге былай деді: “Біз құсап намаз оқып, содан кейін біз сияқты құрбан шалғандардың ниетін Алла қабыл етеді. Ал, кімде-кім малды айт намазынан бұрын шалған болса, онда ол құрбан шалған боп есептелмейді” деді...”

Сондай-ақ “Сахихтегі” 953-ші хадисте Анас былай дейді: “Ораза айтында Мұхаммед (с.а.у.) айт намазына ешқашан үйінен бірнеше құрма жемейінше келмейтін еді”,-дей келе осы хадистің келесі бір нұсқасында: “Әдетте Пайғамбар (с.а.у.) тақ санды мөлшердегі құрманы жейтін”,-деген екен.

Жабир бин Абдулланың 986-шы хадисте айтуынша: “Айт мерекелері күндері Пайғамбар (с.а.у.) Айт намазынан кейін үйіне басқа жолмен қайтатын (яғни мешітке келген жолынан басқа жолды таңдайтын). Сондай-ақ Алла Елшісі (с.а.у.) Исламдағы бұл қос мереке кезінде шектен аспай көңіл көтергендерді де сөкпеген екен.

Бұл жағдайға мысал ретінде 987-ші хадистегі Айша анамыздың сөзін келтірейік: “Мина жазығында болған кездерінде Әбу Бәкір қызы Айшаның шатырына кірген екен. Ол жерде Алла Елшісі (с.а.у.) өз киімін бүркене жамылып жатқан еді. Және Айшаның қасында екі қыз музыкалық аспапта ойнап отырған болатын. Ол қыздарға Әбу Бәкір зеки сөйледі. Сол кезде Пайғамбар (с.а.у.) бетін ашты да: “Әбу Бәкір, оларды жайына қой. Бүгін Мина жазығындағы мереке күндері ғой”.-деген екен.
XS
SM
MD
LG