Accessibility links

Бақытжан Қанапиянов кітабын банктен несие алып шығаратын ақын


Ақын, аудармашы, сценарист Бақытжан Қанапиянов.

Ақын, аудармашы, сценарист Бақытжан Қанапиянов.

Шығармаларын орыс тілінде жазатын ақын Бақытжан Қанапияновтың аты-жөні кино мен аударма саласында да жақсы таныс. «Қыз Жібек» дастаны мен Мағжан ақынды орыс тілінде сөйлеткен қаламгердің қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті төңірегінде өзіндік айтар ойлары бар.

АНАМНЫҢ АҚЫЛЫМЕН ДИПЛОМ АЛЫП, АҒАЛАРЫМНЫҢ АҚЫЛЫМЕН ӘДЕБИЕТКЕ КЕЛДІМ

Әдебиеттің арғы-бергі тарихында мамандығы басқа ақын-жазушылар аз емес, ал кейіпкеріміздің металлургтің дипломымен әдебиетке бет бұруына Шота Уәлиханов пен Олжас Сүлейменов себеп болған көрінеді. Бұл жайында Бақытжан мырза былай дейді:

- Мен мектепте математика, физика пәндерін жақсы оқыдым, оның үстіне сол уақытта металлург деген құрметті мамандық саналатын, сондықтан да осы жолды таңдадым. Дипломымды алған соң Асқар Қонаев басқаратын лабораторияға жұмысқа алындым.

Үшінші курста алғашқы өлеңдерім жариялана бастаған соң-ақ оқуды тастау ойда болған. Бірақ анам марқұм: «балам, осы дипломыңды менің қолыма тапсыр, содан кейін не істесең де өзің біл» деді. Анамның осы сөзінен кейін оқуды бітіріп, 2-3 жыл Ғылым Академиясында мамандығым бойынша жұмыс істедім.

«МЕТАЛЛУРГТЕР КӨП, АҚЫНДАР АЗ»


Кандидаттық жұмысымды бастап жазып қойғанмын, бірнеше ғылыми мақалаларым да жарық көрген. Сол кездерде Шота Уәлиханов «осындай бір жігіт бар» деп менің өлеңдерімді Олжасқа көрсетіпті. Ол кісілердің «металлургтер көп, ақындар аз» деген ақылынан кейін металлургиямен біржола қош айтыстым.
Шота Уәлиханов (сол жақта) пен Бақытжан Қанапиянов. Жеке мұрағаттағы сурет.

Содан кейін киностудияға келіп, режиссердің ассистенті, сценарист болып қызмет атқардым. «Қазақфильмнің» түсіру жұмыстарымен сол кездегі советтік елдердің біразын араладым, бұл сапарлардың шығармашылық тұрғыдан пайдасы көп болды.

«Простор», «Казахстанская правда», «Ленинская сменаға» өлеңдерім шығып тұрды. Бір де бір кітабым жарық көрмеген кезде Мәскеуде өткен VI бүкілодақтық жас әдебиетшілердің жиналысына қатыстым, онда сыналдым да, мақтау да естідім.

Осыдан кейін орыс тілінде «Түнгі самал» атты алғашқы жинағым шықты. Жұматай, Есенғали, Иранбектермен бірге жүрдік, олар менің бірнеше өлеңдерімді аударып, ол өлеңдер «Жалынға» басылды. Сол кездегі жас ақындарды мен де орыс тіліне тәржімаладым, екінші кітабым да жарық көрді.

Одан кейін Мәскеуде сценаристер мен режиссерлер дайындайтын курста оқыдым, «Мосфильмде» де қызмет атқардым. Елге қайтып келіп, біраз уақыт жұмыссыз да жүрдім. Марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыз «Жалын» баспасына шақырып, сол жерде редактор болдым. Олжекеңнің шақыруымен Жазушылар одағында да жұмыс істедім. Кинорежиссер ретінде «Бумеранг» атты фильм түсірдім. Қарап отырсам, осылай әдебиеттің ауылында біржолата тұрақтап қалыппын.

Мәскеудегі Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануым үшін Әбділда Тәжібаев, Валерий Антонов, Евней Букетов, Кәкімбек Салықовтар рекомендация берген, бұл кезде менің екі-ақ кітабым жарық көрген еді. Мәскеудің Әдебиет институтында оқып жүргенде, сонда дәріс оқитын Мұхтар Мағауиннен Шәкәрім туралы көптеген мәлімет алып, Шәкәрімнің шығармаларын аударуға кірістім, «Шәкәрімнің соңғы күзі» атты фильмнің сценарийін жаздым, оны Тұраш Ыбыраев түсірді.

ФЕСТИВАЛЬДІК ФИЛЬМДЕР БАР, КӨРІЛЕТІНІ АЗ

Әдебиетпен қатар кино саласында бірқатар дүниелер тудырған қаламгер Шәкен Айманов пен Камал Смайыловтың басшылық еткен уақытын «Қазақфильмнің» жемісті жылдары еді дейді Бақытжан.

«Бір кездері киностудияның маңында өлі тыныштық орнады, одан кейін фестивальдік фильмдердің науқаны басталды. Қазір елдің аузынан «Шымкент Пикчерс» түспейтін болды, менің айтатыным, өнерде шыңнан төменге бірден құлауға болмайды, белгілі бір деңгейді ұстап тұру керек.

Киностудия жүлдеден кенде емес, алған сыйлықтарынан тіпті мұражай жасауға болады, бірақ аты аңыз болған фильмдердің өзінің халыққа жақындығы шамалы. «Көшпенділерде» де, «Моңғолда» да әйтеуір бірдеңе жетіспей тұрады. Абылайлар өседі де, Ораздар бастан-аяқ бір шапанмен жүре береді, сол сияқты болымсыз нәрселер көп-ақ.

Фестивальдердің де өтуінің кемі жоқ, біз де қатысудан шаршамаймыз, жүлде де алып жүрміз, өзіміз де түрлі-түрлі байқаулар өткіземіз, бірақ халық ақырғы нәтижені көріп жатқан жоқ. Бұл мәселелер шешімін табу үшін жаһандану заманының талабына сай продюссер деген мамандықты кино саласында да жүзеге асырып, желілік жүйені дамыту керек, ал бұл мемлекеттің айналысатын жұмысы».

ӘУЕЗОВТІҢ 50 ТОМДЫҒЫНЫҢ ӨЗІН ӘЛІ ОҚЫП БІТКЕН ЖОҚПЫЗ

Әдеби қызметінің негізгі бөлігін аудармаға арнаған ақынның бұл салада да айтары жеткілікті. Аудармашы фольклорының өзі жүз томға жететін қазақ әдебиетінің құлдырауы деген мүмкін емес жағдай, біз Әуезовтің 50 томдығының өзін әлі шығарып та, оқып та біткен жоқпыз, сондай-ақ өзге тілдерге аударылмаған құнды дүниелер Әдебиет институтында жатыр деп қынжылады.

Солдан оңға қарай: Андрей Битов, Александр Ткаченко, Гюнтер Грасс және Бақытжан Қанапиянов. Жеке мұрағаттағы сурет.
«Бір кезде Жазушылар одағында Мұрат Әуезов басқарған аудармашылар коллегиясы деген болды, Ақселеу Сейдімбеков, Ғаббас Қабышев, марқұм Жарасқан Әбдірашев сонда жұмыс істеген кезде альманах шығарып тұрды, осы нәрсені қазір жаңғыртса жаман болмас еді. Бұрын екі тілді болуымыз керек болса, қазір ағылшын тілінсіз аттап баса алмайтын болдық, бұл да қаперде жүретін жай.

Мәселен «Абай жолын» басқа тілдерге аудару арқылы өзге жұртқа қазақты таныттық, онда басты кейіпкер Абай болғанымен, кішкентай Кәмшаттан бастап қаншама әйелдер образының галлереясы жасалды. Бұл аударма турасында да кезінде әртүрлі пікірлер айтылды.

Әсіресе, танымал жазушы Анатолий Кимнің тәржімәсі жөніндегі әңгіме аз болған жоқ. Әрине, онда «үйден көшеге жүгіре шықты» деген сияқты аз-маз кемшіліктер бар еді, Абайдың заманында қайдағы үй, жайлау мен қыстауда қайдағы көше? Мұндай жерлерін Мұрат Әуезов екеуміз баспаханаға тапсырар алдында соңғы корректурадан алып тастадық. Осындай бір тұстары болмаса, жалпы бұл тәп-тәуір дүние болды.

Көшпенділер мәдениетін көрсететін басқа да дүниелер аз емес. Жастардың әдебиетін де аударып бассақ, жаңа буынның көзқарасын басқаларға танытсақ қандай жақсы болар еді, мұның бәрі мемлекеттік деңгейде шешілетін шаруалар ғой, елшіліктер де осы бастамаларды қолға алса деп армандаймын.

Алыс-жақын шетелдерде өткен әдеби шаралардан байқағаным, олар негізінен біздің фольклорға құмартады. Басқа жұртты қызықтыратын фольклор тудырған халықтың ұрпағы жасаған әдебиет неге әлсіз болсын? Соған қарағанда аудармашыларымыз аздық қылып тұр-ау шамасы деп ойлаймын. Әлем әдебиетінің 100 томдық қазақша нұсқасы дайындалуда, сол сияқты біздің қаламгерлерді неге басқа тілдерге аудармасқа?

ЖАРНАМАСЫ ЖЕТКІЛІКСІЗ ӘДЕБИЕТ, КІТАП ОҚЫМАЙТЫН ҰРПАҚ

Бізде бәсекеге қабілетті әдебиет бар, бірақ өзімізді-өзіміз жұртқа жеткізе алмай жатырмыз, қысқасы, әдебиетіміздің жарнамасы жеткіліксіз. Бұл бір қиын да шаруа емес, жарты жылда-ақ тындыруға болатын іс, бірақ оған қомақты қаржы керек.

Мен поэзияның циклды бейнебаянын жасадым. Француз ақындарының өлеңдерінен тұратын «Бессонница: Париж» атты бейнебаян, неміс поэзиясына арналған «Вольный город – Франкфурт» сияқты өзім түсіріп, монтажын да өзім жасаған дүниелерім «Мир»
Бақытжан Қанапиянов пен Шыңғыс Айтматов. Жеке мұрағаттағы сурет.
телеарнасынан көрсетілді, байтақ еліміздің әсем табиғатын көрсетіп, ақындардың өлеңдерімен өрнектеп осындай нәрселерді өз тілімізде неге жасамасқа? Оқырман азайып, көрермен көбейген қазіргі тұста осындай тәсілдермен жол табуға болады ғой. Ең бастысы ниет пен құлық болсын деңіз».

Бес жыл уақытын «Қыз Жібекті» аударуға жұмсаған аудармашы теңеуге толы бай тілде жазылған қазақша шығармаларды аудару өте қиын екенін айтады. Сондай-ақ ол заман талабына сай әдеби туындыларды интернеттен оқудың мүмкіндіктері көбірек жасалғанына қуанышты, әйтсе де кітаппен өскен біздің буынға «аромат чтения» жетіспей тұрады дейді. Қаламгерлердің хал-ахуалына да алаңдаушылығы мол азамат қазақтың әдебиетінде бүгінгі күннің проблемалары көтерілмей жатыр деген пікірде.

«Қазір жазушыларға өмір сүру қиын. Орта жастағы жазушылар, яғни менің құрдастарым, қалай нан табуды білеміз, менің айтып отырғаным, қарт жазушылардың жағдайы. 700 жазушының 200-дейі зейнеткер. Кеден саласы зейнеткерлерінің жағдайымен зейнеткер-жазушылардың жағдайын салыстырсаңыз, жылағыңыз келеді. Кеденші деген көп қой, ал жазушылар аз-ақ, оның үстіне олардың әрбірі еліміздің енді қайталанбайтын байлығы емес пе?

Қазақстан сияқты бай елге үркердей ғана шағын топтың жағдайын жасау не тұрады? Әдеби қор дегенді қалпына келтірсек жөн болар еді, оған жиналған ақшаға үй салмасақ та, жастардың кітабын шығарып, ақсақалдарды ана дүниеге шығарып салуға жұмсалса да жарап жатыр. Одаққа қабылдарда қатаң сүзгіден өткізген дұрыс, ал мүшелікке өткен әрбір қаламгерге құрметпен қарауымыз керек.

ТАРИХҚА БОЙ ҰРҒАН ЖАҚСЫ, БІРАҚ БҮГІНДІ ДЕ ҰМЫТПАЙЫҚ

Анау-мынау деген әңгіме әр уақытта болады ғой, бәріне уақыт төреші. Әрине, баспагер ретінде әртүрлі шығармалардың алдыма келетінін жасыра алмаймын, оның ішінде автордың өзі жазбаған материалдар да бар, ондайларды жолатпауға тырысамын. 50 ақынның кітабын өзім тегін шығарып бердім, қазір оны доғардым, себебі бұл шаруамен мемлекет айналысуы керек.

Бір өкініштісі, біздің буын өзімізді алмастыратын ұрпақ тәрбиелеген жоқпыз, бұл менің поэзияға қатысты пікірім, менің бір-екі шәкіртім бар, Иран-Ғайып пен Күләш Ахметовада бар шығар мүмкін, бірақ жалпы алғанда осы жақсы дәстүр жалғасын таба алмады.

Ал прозада тарихқа бой ұру байқалады, тамырымызды тану үшін ол да керек, бірақ прозаиктер неге қазіргі күннің проблемасын көтермейді деп ойлаймын. 60-жылдары Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази сияқты қаламгерлер сол уақыттың тынысын көрсететін шығармалар жазды ғой, ол кездің тақырыбы ауылдан қалаға келгендер жайлы болатын, қазір қаланың проблемасын көтеру керек.

Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук Стамбулдың проблемасын жазды ғой, біздің жазушыларға ХХІ ғасырдың қаласы Астананың, мұнайлы астана — Атыраудың проблемасын неге жазбасқа? Және бұл нәрсе жоғарыға ұнай ма, ұнамай ма дегенді қою керек. Әрине, бұл менің оқырман, баспагер ретіндегі жеке пікірім.

ҚАЗАҚТЫҢ БАЙ ТІЛІНЕ ЖОЙЫЛАТЫНДАЙ ҚАУІП ЖОҚ, ҚҰЛЫҚСЫЗДЫҚ БАР

1995 жылдың қаңтарында Венада өзім куә болған бір көрініс есімнен кетпейді, бір фермер жігіт: «мұндай сүт пен нанды енді ешқашан көрмейтін боласыздар» деп, бір бөшке сүт пен қызының қолындағы «каравай» нанын тегін таратып тұр екен, сол жылдың 1 қаңтарында Аустрия Еуродаққа өтуі тиіс болатын.

Жаһанданумен бірге келіп жатқан мұндай проблемалар бізде де бар, мұның бәрі қалам ұстаған адамға әсер етпеуі мүмкін емес. Қоғамда температурасы көтеріңкі болып тұрған бірден-бір мәселе ана тіліміздің жайы ғой. Осы турасында айтатын болсам, меніңше, осынша бай әдебиеті бар қазақтың тіліне жер бетінен жойылатындай қауіп жоқ.

Алматыда жалғыз «Ертөстік» балабақшасы мен бір ғана қазақ мектебі болған кезде жойылмаған тіл енді құрымайды. Менің ойымша, ендігі белес экономиканы, банк саласын қазақ тілінде сөйлету, олай болмайынша тіліміздің болашағы туралы әңгіме аяқталмайды. Технология мен жаратылыстану ғылымдары қазақшалануы керек.

Бұл бірқатар министрліктердің мемлекеттік тапсырыс бойынша өнімді сатып алу жөніндегі түрлі нұсқауларына да қатысты. Мен екі жылдай біздің министрлікте баспа қызметі басқармасының бастығы болып істедім. Біз алғаш рет мемлекеттік тендер бойынша барлық актілер мен есеп беру жұмыстарын, сондай-ақ нұсқауларды тек қазақ тілінде жүргізу туралы шұғыл түрде бұйрық шығардық.

Оның үстіне тендерге қатысатын баспалардың барлығының дерлік директорлары көпшілікке танымал қазақ ақындары мен жазушылары ғой. Алайда бұл бастамамыз қолдау таппай, біз көп ішіндегі «ала қарғаның» кебін киіп қалдық, өйткені басқа құрылымдар мен министрліктерде құжаттама әлі күнге дейін бұрынғысынша орыс тілінде жүргізіліп келеді. Қазір үлкен кісілердің өзін сөйлетіп қарасаң, ана тілінде басы-аяғы бар әңгімені толық айта алатын ақсақалдар азайып бара жатқандай.

Ғалым Ахмедов, Сапарғали Бегалин сияқты Мұхтар Әуезовтің құрдастары қазақша қалай сөйлейтін еді, ал қазір шала қазақтар көбейді. Осыдан арылу мақсатында әр адам өзін-өзі тәрбиелегені жөн. Жан-жақтан келіп жатқан қандастарымыз таза қазақтың тілін алып келуде, бірақ оларда сол келген жерлерінің диалектісі бар деген сияқты, жалпы тіл мәселесінде күрделі жайлар көбейіп тұр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, оның да амалы табылып қалар деп ойлаймын.

Қазақта «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» деген дана сөз бар. Бірақ әлі қуырдақтың уақыты келген жоқ. Біз аяғын тәй-тәй басқан тәуелсіздіктің бозінгенін бағып-қағуымыз керек. Өркешін сала-сала қом басқан түйелердің уақыты әлі алда».

МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫ ҒАНА ЕМЕС, НЕНІ ЖАЗЫП, НЕНІ ЖАЗБАУДЫ ДА ТАЛҚЫҒА САЛҒАН ЖӨН

Қоғам мүшелерінің кітап оқитын бөлігі азайып кетті дегенді жиі айтамыз, бұл ақиқат, дегенмен оқырманды тәрбиелеу мақсатында ешқандай шараның жасалмай отырғандығы да рас, - дейді біздің сұхбаттасымыз.

«Қазақстанда шығатын кітап пен кітапхананың санын салыстырсаңыз, күлкіңіз келеді. Кеңес заманындағыдай кітапқа жазылу жұмысын жүргізу қажет. Әрбір облыс орталығында жергілікті билікке қарасты кітап дүкендері болғаны дұрыс, оларда баға да тиісінше халықтың қалтасына сай болғаны жөн, бір саптыаяқ сыраның бағасына кітап сатып алмайтын оқырманды осылайша тәрбиелеуге болады деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе, қазір қаламгерлердің жазғанынан еш нәтиже шығармайтын болдық, кезіндегі Бұқардың сөзі қандай өтімді болса, қазір сахнадағы «Волгаға» қарап қойып бірін-бірі «жерден алып, жерге салған» айтыс ақындарының сөздері айтылған жерінде қалып жатыр.

Солдан оңға қарай: Сорбонна университетінің профессоры, ақын Леон Робель, Олжас Сүлейменов және Бақытжан Қанапиянов. Жеке мұрағаттағы сурет.
Бұрын кез келген шығарма қоғамда тиісті бағасын алып жататын, тіпті сол кездегі малшының етігінің қонышында «Жұлдыздың» соңғы саны жүретін. Қазір дамыдық, компьютердің құлағында ойнаймыз дейміз, бірақ кітап оқымайтын болдық. Мәселен, ақыл тоқтатқан жастағы Олжастың «Язык письмасы», менің ойымша, жігіт Олжастың «АзиЯсынан» әлдеқайда деңгейі биік дүние, бірақ «АзиЯ» әлемді шарлап кетті де, соңғысы туралы бір-екі мақала ғана жазылды. Мүмкін уақыттың талабы солай шығар, бұл сіз бен біз шешетін мәселе емес, бірақ біз айтпасақ кім айтады? Кітаптың оқылуы үшін әдеби кештерді де көбірек өткізу керек пе деп ойлаймын.

Мүмкін бізде мықты шығармалар бар да, мықты сыншылар жоқ шығар деген де ой келеді, сараптамалық кеңестің қажеттілігі байқалады, мемлекеттік сыйлықты ғана емес, нені жазып, нені жазбауды да талқыға салсақ жөн болар еді. Жиынға келіп ұрандатып баяндама жасағаннан ештеңе бітпейді, бұл деген күнделікті тынымсыз жұмыстың нәтижесінде іске асатын шаралар.

Кеңес заманында толықметражды фильмге 360 мың сом бөлінетін, бірдей ақша төленсе де, бір кино жәй ғана киностудияның өнімі ретінде өмірге келсе, екіншісі құбылыс болатын. Сол сияқты қаламгерлерге де қамқорлық бірдей жасалуы керек, асылы мен жасығын уақыт өзі айырып береді».

ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫН АУДАРУ ЖАҒЫ АҚСАП ТҰР


Бақытжан Қанапияновтың аудармашы ретінде әлем әдебиеті турасында да айтары баршылық. Оның пікірінше, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетінен тиісті орнын иемдене алмауына қазақ қаламгерлері шығармашылығының өзге тілдерге аударылмай жатқандығы мен орысша жазатындардың аздығы кедергі болып отыр.

«Шетел әдебиеті дегенде біздің шығыспен ғана байланысымыз тығыз деуге болады, батыспен онша көп араластығымыз жоқ.

Әлихан Бөкейханов 1919 жылы 11-ақпанда Сібір уақытша үкіметінің өкілдеріне «Алашорда» үкіметінің міндеттерін түсіндіре келе, былай деп атап көрсеткен болатын: «Мы – западники. В своем стремлении приобщить народ к культуре мы не смотрим на восток... Наши взоры устремлены на запад. Получить культуру мы можем оттуда, через Россию. Мы пришли сюда с единственным желанием устроить порядок, необходимый для того, чтобы страна могла дойти до учредительского или национального собрания».

Мен мұны «Алаш» партиясы мен оның басшылары ұстанған негізгі принциптерінің прогрессивтік заңдылығы деп білемін. Ә. Бөкейхановтың бұл пікірі бүгінгі күнде «Алаш» партиясының қызметін тек шығыс мәдениетінің шеңберінде қарастыруға дағдыланған менің замандастарымның «Алашорда» үкіметінің қызметі туралы қалыптасып қалған таптауырын көзқарасын жоққа шығарады.

Ә. Бөкейхановтың ұстанымына сәйкес, «Алаш» партиясының принциптері қазіргі еуразияшылдық принципімен астасып жатыр. Тек Шығыс емес, Батысқа да көз тігейік».

Сұхбаттасымыз сөз соңында өзінің басқаруындағы баспа үйі мен жеке шығармашылығы хақында да әңгіме қозғады.

«Жібек жолы» баспа үйі тәуелсіздікпен құрдас. Бізбен қатар өмірге келген баспалардың көбі із-түссіз жоғалып та кетті. Қағазымызға дейін сырттан тасып отырғанымызды ескерсек, баспаның жұмысын тиісті деңгейде деуге болады. Бірақ қаржының тапшылығынан кітапты көп шығара алмаймыз.

Ал өзімнің шығармашылығыма келсем, мен оншақты жылдан бері Ыстықкөлдің оң жағалауына барып демалып тұрамын, кеше ғана тағы осы жақтан демалыстан келдім. Ол жерге құр демалу үшін ғана бармаймын, осы демалыстың негізінде «Тамга Иссыккуля» деген жаңа кітабымды дайындау үстіндемін.

Банктен несие алып, өзімнің 9 томдығымды шығаруға әзірледім, оның 6 томы шықты, 7-томы баспадан жақында жарық көреді. Абыл Өтембетұлы, Қашаған, Нұрым жырауларды, «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларының үзінділерін аударып жатырмын. Мен аударған «Қыз Жібек» дастаны өткен жылы Польшада поляк тілінде басылып шықты».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG