Accessibility links

Қалың қалай, қазақ әдебиеті?


Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты. Алматы.
Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты. Алматы.

Жұма күні Қазақстан Жазушылар одағында «Қазіргі заман және әдебиет» деген тақырыппен Қазақстан қаламгерлерінің кезекті пленумы өтпекші. Қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі мен даму барысына оқырмандар түгілі, қаламгерлердің өздерінің көңілі толмайды.

Әдебиеттің төңірегіндегі мәселелер турасында ақын-жазушылардың ой-пікірі мерзімді қазақ баспасөздерінде жиі айтылады. Оның арасында Қазақстан Жазушылар одағына қатысты пікірлер де бой көрсетіп қалады. Бұл сөзді жас ақын Қанат Тілеухан айғақтап отыр:

— Қазіргі қоғамда әдебиеттің өзіндік орны жоқ. Оған ешкім қызықпайды. Мемлекетке де әдебиеттің керегі шамалы. Биыл мемлекеттік сыйлықтың әдебиет саласы бойынша ешкімге берілмеуі соның дәлелі. Бірақ, мемлекет Жазушылар одағын өзінің ықпалында ұстап келеді. Қазақстан Жазушылар одағы қоғамдық бірлестік бола тұра, биліктің бір ведомствосы сияқты рөл атқарып отыр. Соның бағытымен жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан да одақтың басшылығына президентшіл, билікшіл және белгілі бір мәселеге қатысты өзінің нақты көзқарасы жоқ адамды тағайындайды. Мысалы, осыдан бір жыл бұрын сол кездегі «Отан» партиясы мен Жазушылар одағы бірлесіп отандық әдебиетті қолдау бағдарламасын жасаған еді. Содан бері ол бағдарламадан сыбыс жоқ. Неге? Бұл биліктің жарнамасы сияқты ғана нәрсе.
Сосын біздің қаламгерлерді екі бөліп қарастыруға болады. Бір тобын билікшіл, екінші бір тобын ұлтшыл ретінде. Бірінші топ жаппай билікті мақтап, мадақтап шығармалар жазып, сол еңбегінің өтеуіне бір нәрсе дәметеді. Мұндай ақын-жазушылардың қатары көп. Олар шен-шекпен, атақ-абырой жолында жүрген «күрескер» қаламгерлер. Екінші топ кез келген қоғамдық, ұлттық мәселелерге өзінің ашық әрі ащы пікірін білдіріп жүргендер. Атап айтсақ, Сапабек Әсіп, Ғаббас Қабышұлы, Иранбек Оразбаев, Темірхан Медетбек сынды қаламгерлер. Жазушылар одағы әлі күнге кеңестік басқару жүйесімен жұмыс істеп отыр. Заманауи үлгідегі жұмыс механизмдері енгізілмеген. Осының өзі көп дүниеге кедергісін келтіріп отырғаны жасырын емес.

Алайда, «ауызды қу шөппен сүртуге болмайтынын» еске салған ақын-жазушылар да табылды. «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Тұрысбек Сәукетай:

— Кейінгі кезде қаламгерлер бойкүйезденіп кетті, әдебиет дамымай жатыр дегенге өз басым қосылмаймын. Ақын-жазушылар қал-қадерінше әдебиеттің дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. Мен мұны әдебиет журналының күнделікті жұмысында көріп отырмын. Әр күн сайын жасы бар, жасамысы бар қаламгерлер жаңа шығармаларын әкеп жатады. Міне, бұл әдебиеттің дамып жатқанының дәлелі. Қандай да бір ұлттық мәселеге болсын, қоғамдық мәселеге болсын баспасөз бетінде қазақ қаламгерлері үнемі өз көзқарастарын, пікірлерін білдіріп жатады. Сондықтан әдебиетке қатысты айтылатын сын пікірлерді әдебиеттен хабары жоқ адамдар айтады.

Тұрысбек Сәукетай осылай десе, Қазақстан Жазушылар одағының қызметкері, ақын Жәркен Бөдеш тұрмыстың қамыты шығармашылық иелеріне қатты батып жүр дейді:

— Әдебиет пен оны жасаушылар жайлы әңгіме аяқталмайтын жырдай. Қаламгер деген де еңбек адамы. Оның көз майын тауысып жазған шығармасына қаламақы төленгенді қойды. Еңбегінің өтеуіне тұрарлық қаражат алыпты дегенді осы күнге дейін естіп көрген жоқпын. Толық ой айту үшін, адамның жағдайы да толық болу керек. Ал, әлеуметтік жағдайы шатқаяқтап жатқанда, қай ақын, қай жазушыдан соны шығарма күтуге болады.

Сондай-ақ, әдебиетшілердің арасында сыйлық алу, оның берілуі туралы мәселе де жиі бас көтереді.

Жас ақын Ерлан Жүніс:

— Асарын асап, жасарын жасап, берерін беріп болған ақсақал ақын-жазушыларға сыйлықты үлестіре бергенше, тым құрыса, соның 10 пайызын жас қаламгерге берсе жақсы болар еді. Әрине, жастар сыйлыққа тіленбейді де. Біз бүйтіп едік, сөйтіп едік, маған сыйлық бер деп жатқан да ешкім жоқ. Жастардың бойында әдебиетке деген адалдық бар. Сол адалдықтарымен жалаңаяқ-жағдайсыз қалпы әдебиетте жүр.

Бұл екі арада, «Қазақстан бүгін» ақпарат агенттігі Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Әділбек Жақсыбеков әдебиет және өнер саласы бойынша ҚР мемлекеттік сыйлығын алғанын хабарлады. Биыл мемлекеттік сыйлыққа түскен қаламгерлер арасынан озық деп танылған ақындар Несіпбек Айтұлы мен Серік Ақсұңқарұлы соңғы турдан өтпей қалған болатын.

XS
SM
MD
LG