Accessibility links

Әдебиет пен өнер адамдары әлі күнге өздерінің ауторлық құқын толық білмейді. Көбінің бұл тұрғыда заңдық сауаты да кемшін.

Ал, заңда автор өз құқығын өзі қорғайды делінген. Бұған қатысты мемлекет тарапынан ешқандай іс-әрекеттің жасалмай жатқаны қоғамда жиі сөз болып жүр.

Қазақстандағы ауторлар қоғамының басшысы Марал Ысқақбай кино саласындағы ауторлық құқықты жүйеге салатын арнайы заңнамалар күні бүгінге дейін жоқтығын айта келіп: «Францияда өткен бір жиыннан келген соң, кино саласындағы ауторлық құқыққа байланысты заң актілерін қабылдау үшін Үкіметтің арнайы қаулысы керектігін айтып, жалпы жұмыстың жобасын жасап жібергенбіз. Міне, төрт жыл болды тым-тырыс. Заң жоқ жерде ешкімнің құқын қорғай алмайсың» - деп отыр.
Бүкіл Қазақстандағы жалғыз ауторлар қоғамы әдебиет пен ән өнерінің кейбір салаларын ғана қамтиды. Бірақ, қаламгер қауымының көпшілігінің заңдық сауаты солқылдақ. Сондықтан өз құқын өзі қорғай алмайтын халде - деген ақын Аманхан Әлім ойын былайша өрбітті: «Ақын-жазушылардың заңнан хабары жоқ деуге болады. Өте нашар. Әдебиет идеология болып тұрған кеңес өкіметі кезінде оны ойламайтын едік. Қазір құқымызды білмейміз. Жалпы, мемлекет, оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі ой еңбегімен айналысатын адамдардың құқын қорғауға бірінші болып кірісіп, шығармашылық ұйымдармен тығыз жұмыс жасауы керек. Өз ақын-жазушысын, оның құқын қорғай алмаған министрлік кімге керек?!»

Осындай ойдағы ақын өз кітабының ауторлық құқығы қорғалғанын я қорғалмағанынан хабары жоқ екенін де айтып қалды.
Бүгінгі ән өнердің ең өтімді саласы қазақ эстрадасы әншілерінің ауторлық құқық жайлы білетіндері мен оны көрмек түгілі, естімегендерінің саны тең деп есептейтін әнші Тамара Асар өзінің де аутордың құқы жөнінде аз білетінін жасырмады: «Әншілер бұл жағынан елуде елу деуге келеді. Мысалы, менің орындауымдағы әндерімнің барлығының ауторлық құқы сақталған. Дегенмен, өз басым ауторлардың құқы деген нәрсені жарытып білмеймін».
Қазіргі таңда жиі түсіріліп жатқан киноларда идеяның, ойдың ұрланатындығы, соның салдарынан оңай олжаға бататындар көбейгенін сөзіне ілмек еткен "Ханталапай" фильмі сценарийның авторы Бақыт Беделханның айтқаны:
«Былтыр біз ауторлық құқығымызды тіркететін мекеме таппадық. Сөйтсек, бізде кино саласындағы ауторлық құқықты қорғайтын арнайы ұйым жоқ екен. Заңды орынның жоқтығының кесірінен ұрлап алып сатып екі ортадан пайда тауып жүргендер көп. Және оларды бақылап отырған ешкім жоқ. Ал, әлгі пысықайлар көрерменнің талғамын тұралатып тастады. Сондықтан, бәрін ретке келтіретін заңды мекеме ауадай қажет».
Алайда, әлеуметтанушы Дәлелхан Бейжінұлының айтары басқалардан өзгерек: «Қазақстанда ешқандай шығармашылық адамның құқы қорғалып отырған жоқ. Ауторлар қоғамы деген совет кезінен бері бар. Бар болғаны тонын айналдырып киді. Ақын-жазушының құқы қорғалып жатыр дегенді естіген емеспін. Әншілер де қорғай алмайды. Себебі, бас-басында продюсері, заңгері жоқ. Бұл нәрсе біздің мемлекетте әлі дамыған жоқ. Қашан қозғау болатынын да ешкім білмейді».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG