Accessibility links

Діндар жастар ғылым-білімді шариғатпен қабыстыра игеруді қалайды

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Ақтөбелік жастар Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының өкілімен кездесуде. Ақтөбе, 27 ақпан 2009 ж.

Ақтөбелік жастар Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының өкілімен кездесуде. Ақтөбе, 27 ақпан 2009 ж.

Дінге бет бұрған ақтөбелік кейбір студент жастардың дүниетанымдық көзқарастары оқытушылармен арада қайшылықтың туындауына себеп болып отыр. Оқытушылар болса шәкірттері университеттің ішкі ережесіне бағыну керек деп санайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни уағыз, насихат бөлімінің меңгерушісі, исламға қатысты бірнеше кітаптың авторы, теолог Қайрат Жолдыбайұлы Ақтөбеде үш күн бойы белсенді жұмыс істеді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде, қаладағы «Нұрдәулет» және «Нұр ғасыр» мешітінде бірнеше рет жамағатпен кездесіп, ислам дініне қатысты дәріс өткізді. Діни басқарма мүшелерінің облыстарды аралап, жұртшылықпен ашық пікірлесуі сирек кездесетін жағдай.

Кездесу басталған бойы студенттер көп мәселелерде университет жүйесімен қайшылықтар туындап, келіспеушіліктер болып жатқанын ашықтан ашық білдірді. Мәселен, кейбір пәндер ислам қағидаларына қайшы дейді жастар. Университетке оқуға түскен соң исламды қабылдаған студенттер «мамандық таңдауда адасушылыққа ұрынғандықтарын», таңдаған мамандықтарына басқаша көзбен қарап, «сурет салу, кескіндеу, мүсін жасау өнерін харамға жатқызғандарын» жасырмады.

Дегенмен, студенттер мен университет оқытушылары арасындағы басты қайшылық – дүниетанымдық көзқарастарында. Университет басшылығы оқу ережесін бұзбау қажет деп санайды. Жастар исламға мойын бұрған студенттерді дәріс кезінде ұстаздар намазға жібермей, «оқу процесін бұзба!» деп ұрсатынын айтып, наразылықтарын білдірді.

Мұндай жағдайда студенттер оқытушыларының ескертулеріне құлақ салмастан сыртқа шығып кетеді, не аудиторияда намаз оқуларын жалғастырады екен.

Сондай-ақ, «атеист-оқытушылар исламға қарсы сөздер айтады», - деп шағымданды студенттер Қайрат Жолдыбайға.

Солдан оңға: теолог Қайрат Жолдыбайұлы, Ақтөбедегі "Нұр-ғасыр" орталық мешітінің имамы Бауыржан Есмағай, Ақтөбе қалалық мешітінің имамы Талғат Қожамұратов. Ақтөбе, 27 ақпан 2009 ж.
Осы жағдайлар Ақтөбедегі ЖОО студенттері мен оқытушыларының арасындағы кикілжіңді күшейтуде. Қайрат Жолдыбай: «біз ислами мемлекет емес, зайырлы мемлекет құру жолындамыз. Сондықтан да университеттің ішкі ережесін сақтаған абзал» деді. Бұл жерде өзіндік пікірлері қалыптасқан жастарға Діни басқарманың ресми өкілінің сөзі қалай әсер еткені де белгісіз. Себебі, көпшілік жастар «анау харам, мынау ширк» деп тұрып алды.

Студенттерді бастап келген Ақтөбе педагогикалық институтының кураторы да осындай дәрістерді жиірек өткізу керек деп ұсыныс айтты. «Қазіргі кезде ислам қағидаларына қатысты сауатты дәріс тыңдау да қиындап барады. Ғылым мен мұсылманшылдық жолдарының қабысуы жөнінде осы жерде айтылғандар өзекті» дейді оқытушы.

Сөздерінің басын «Ахи!» деп бастаған студенттерге Қайрат Жолдыбайұлы қарсы сын айтты.

– Өз ұлтымыздың «бауырым» деген тамаша сөзі тұрғанда, «Ахилаудың» қажеті қанша? – деді ол.

Жастар болса, «коммунистік тәрбие алған» оқытушылардың сөздерін қабылдамайтындықтарын ашықтан-ашық білдіріп жатты. Жиналғандардың дені мектеп мұғалімі мамандығын игеріп жатқан жастар.

Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Шалқар аудандарында 1990 жылдан бастап мешіттер көптеп ашыла бастады. Бүгінде мұнайлы аудандардың әр ауылында екі-үштен мешіттер бар. Соңғы жылдан бері вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқан мұнайшылар жұмыс берушілерге намаз оқуға лайықты орын салып, «халал» тамақ дайындасын деген талап қоя бастады.

Қалай болғанда да ҚМДБ өкілдері облыстарға ат басын тірей бастады. Себебі, дін тек құр уағыз емес, адамдар арасындағы қарым-қатынас тәсіліне айналып барады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG