Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов зиратының басында оппозиция ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті


Оппозиция жетекшілері Заманбек Нұрқаділовтың әруағына құран бағыштады. Алматы, Кеңсай зираты, 12 қараша, 2008 ж.
Оппозиция жетекшілері Заманбек Нұрқаділовтың әруағына құран бағыштады. Алматы, Кеңсай зираты, 12 қараша, 2008 ж.

Кеше Қазақстан оппозициясы үш жыл бұрын жұмбақ жағдайда қаза тапқан Заманбек Нұрқаділовті еске алу шарасын өткізіп, марқұмның зираты басында рухына құран бағыштап, арнайы мәлімдеме де жасады.

Заманбек Нұрқаділовтың қаза тапқанына үш жыл толса да, шындықтың беті ашылған жоқ. Ресми тергеудің белгілі диссиденттің үш рет атып, өзін-өзі өлтіргендігі туралы қорытынды жасағаны белгілі. Бірақ көпшілік Заманбек Нұрқаділовтің осындай жолмен өлгеніне әлі күнге шейін сенбейді. «Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілов Заманбектің өліміне қатысты тергеу жұмыстарын қайта қарастыру керек деп санайды.

- Бүгін қайғылы оқиғаға үш жыл толып отыр. Біз оның саяси өлім болғанын сенімді түрде айта аламыз. Ешкім оның өзін-өзі өлтіргеніне сенбейді. Бұған нақты адамдар жауап беруі тиіс. Оның арасында тергеу жұмысын басқарған Бауыржан Мұхамеджанов та бар.

Қоғам қайраткері марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы Заманбек секілді тұлғаларды өмірден күштеп кетіру өкінішке қарай, бүгінгі Қазақстан қоғамына тән үйреншікті құбылысқа айналғанын тілге тиек етті.

- Өр мінезі, турашылдығы, батылдығы, қоғамға, елге, ұлтқа деген жанашырлығы, елдің мүддесіне қайшы келетін нәрсеге төзбейтін қасиеттері бұл кісінің жауын көбейтті. Жанға бататыны – бұл кісі өзіне-өзі қол жұмсаған жоқ, шейіт кеткен адам. Қастандықтың құрбаны болған адам. Кісі қолынан қаза тапқан адамды өзін-өзі өлтірді деу – бұл әруақты қорлау, әруақты айыптау. Кешірілмейтін нәрсе.

Ал «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик марқұмның өліміне қатысты шындықтың күндердің күнінде ашылатынына сенімді.

- Көпке Заманбектің өз-өзін үш рет атып өлтіргені жайлы айту — масқара нәрсе, жеке алғанда, бұл Ішкі істер министрінің масқаралық әрекеті. Бұл алдаушылық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Заманбекті өлтіргені анық. Не үшін өлтіргені туралы қазірдің өзінде негізделген болжамдар айтуға болады. Тіпті нақты орындаушыны айтпағанның өзінде оны өлтіруге саяси жүйе тапсырыс берді. Бұл жерде жасыратындай ешнәрсе жоқ.

Заманбек Нұрқаділовты еске алу соңында елдегі оппозициялық партия өкілдері ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың отставкаға кетуін талап етіп, оны жауапқа тарту туралы саяси мәлімдеме жасады.

«Азат», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның Коммунистік партиясы т.б. ұйымдар қол қойған аталған мәлімдемеде төмендегідей жолдар бар:

«Министр Заманбек Нұрқаділовтың «үш рет өзін-өзі өлтіргені» жайлы тергеу қорытындысын жариялау арқылы және биліктің оппоненті Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне жасалған қастандықты тергеу арқылы Ішкі істер министрлігінің «даңқын асырып, атағын шығарды" делінген мәлімдемеде.

Оппозиция серкелерінің айтуынша, «бұл қайғылы оқиғаға қатысты тергеуді басқару барысында министр шынайы тапсырыс беруші мен нағыз қылмыскерлерді қылмыстық жауапкершіліктен алшақтатып, құтқаруға тырысқан»

«Біздің ойымызша, Бауыржан Мұхамеджанов сияқты адамдар биліктен неғұрым тезірек аластатылған сайын елдегі саяси ахуал соғұрлым жылдам сауыға бастайды» деп жазылған Қазақстан оппозициясы өкілдерінің мәлімдемесінде.

Өмірінің соңғы жылдарында Заманбек Нұрқаділов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатал сыншысы болған еді. Заманбек Нұрқаділовтың мәйіті 2005 жылдың 12 қарашасы күні кешке жақын үйінен табылды, оның кеудесін көздеп атылған екі оқ пен басына тиген бір оқтан қаза тапқаны белгілі болды. Қазақстан билігі болса режимнің қатал сыншысына айналған қайраткердің өлімін өзіне-өзі қол жұмсау, демек өзін-өзі өлтірді деген тұжырымға келді. Содан бері үш жыл өтсе де, Заманбек өлімінің айналасындағы құпияға толы жұмбақ қоюлай түспесе, сейілген жоқ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG