Accessibility links

Мақпал Жүнісова ҰҚК басшысынан Заманбек Нұрқаділов қазасының құпиясын ашуды сұрайды


Еуропа сапарынан оралған Заманбек Нұрқаділов Алматы әуежайында журналистерге сұхбат беріп тұр. 3 ақпан 2005 жыл.

Еуропа сапарынан оралған Заманбек Нұрқаділов Алматы әуежайында журналистерге сұхбат беріп тұр. 3 ақпан 2005 жыл.

Белгілі оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің Алматыда жұмбақ жағдайда қаза болғанына тура бес жыл толды. Оның жесірі Мақпал Жүнісова осы бес жылда қандай өзгерістер болғанын Азаттық радиосына әңгімелеп берді.


МЕРЕЙ ЗАМАНБЕКҚЫЗЫ

Біз Мақпал Жүнісова және оның қызы Мереймен оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің Алматының айтулы аудандарының біріндегі музей-үйінде әңгімелесіп отырмыз. Мерей өзін - Мерей Заманбекқызы деп таныстырды. Бірінші сыныптан бастап ағылшын және француз тілін үйрететін Алматыдағы қазақ гимназиялардың бірінде екінші сыныпта тәлім алып жүрген Мерей сабағын түгел беске оқиды.

Осыдан үш жыл бұрын, 2007 жылы 12 қарашада небәрі бес жастағы Мерей әкесі Заманбек Нұрқаділовті еске түсіруге арналған концертте мамасымен бірге ән салды. Әрине, әуелгі сауал осыдан басталды.

– Біз таяуда мамам екеуміз Естай Әлікеевтің әндерін шырқаймыз, – дейді Мерей.

Мақпал Жүнісованың сөзіне қарағанда, мамасының ізін басып, әнші боламын десе Мерейдің қабілеті жетеді, дауысы да бар. Біздің
Мақпал Жүнісова қызы Мереймен бірге Заманбек Нұрқаділовтің музей-үйінде. Алматы, 19 қазан 2010 жыл.
өтінішіміз бойынша Мерей фортепьяно тартып, жеке өзі де, мамасы Мақпал екеуі дуэт құрып та ән салды.

– Биыл Республика сарайында өткен концертімде Мерей өзі жеке ән айтты, – дейді Мақпал Жүнісова мақтанышпен.

Мақпал қызының жаратылыстану ғылымдары бойынша өтетін пәндерге көбірек бейімделгенін дұрыс деп санайды. Өз аяғынан тік тұруға септігі тиетін осы бағыттағы бір мамандықты игеріп алса дейді.

Сонымен қатар Мерей арнайы оқытушыдан фортепьяно аспабы бойынша сабақ алады. Мақпал Жүнісова Мерейдің шахметпен де шұғылданып, қабілетін шыңдағанын қалайды, оның үстіне «әкесі Заманбектің де шахматпен әуестенгені бар емес пе?».

Мақпал Жүнісова қызы ән салып, музыкамен шұғылданамын десе қой демейтінін, бірақ сөйт деп те мәжбүрлемейтінін жеткізді.

– Мен оған қайтсең де ән сал демеймін. Егер қатты ықыласы ауып тұрса, сөз басқа. Бір ай бойы жүріп-жүріп, бір күні караоке қосып екі-үш сағат ән салады. Есте сақтау қабілеті өте жоғары. Ырғағын да дәл табады. Вокалдық қабілеті бар. Қасында болсам ән сала алмай, ұялып қалады. Ал көрінбесем, әдемі шырқайды. Өзі де: «Мама сіз сияқты ән айта алмаймын» дейді. Әншілік жолға түсе ме, түспей ме, 13-14 жасқа келгенде белгілі бола бастайды ғой, – дейді Мақпал Жүнісова.


НҰРҚАДІЛОВТІҢ МУЗЕЙ-ҮЙІ

Заманбек Нұрқаділовтың музей-үйін жесірі Мақпал Жүнісова осыдан төрт жыл бұрын, 2006 жылы қазан айында ашқан еді. Сол кезде музей-үйге келушілерге арналған график жасау жөнінде Мақпал Жүнісовамен әңгіме болғаны да есте. Мақпал қазақ халқының дәстүрлі
«Бұл суретті Зәкең ерекше ұнатушы еді» дейді Мақпал Жүнісова. Заманбек Нұрқаділовтің музей-үйі, Алматы, 19 қазан 2010 жыл.
мәдениеті бойынша өз отағасы Заманбек Нұрқаділовтің атын айтпай, «Зәке, Зәкең» дейді құрметпен.

– Алғашқы екі жылда халық үзілмейтін. Кейін біртіндеп азая берді, азая берді. Қазір ешкім келмейді десе де болады. Соңғы екі жылда Зәкеңнің туған күні мен қаза болған күнінде ғана адамдар келді, – дейді Мақпал Жүнісова.

Үйдің жылытылмайтыны бірден байқалды. Оның жалғыз ғана себебі бар – ақша жетпейді. Мақпал Жүнісова қазір ешкімнен де жәрдем алмайтынын айтып отыр.

– Ешқандай демеуші жоқ – бәрін өзім жасаймын. Мемлекетке өтініш айтпадым. Ән саламын, концерт беремін, тойға барамын, әйтеуір әзірге осы үйді ұстап тұруға шамам жетеді. Менің демеушім – халық, – дейді Мақпал Жүнісова.


МАХАББАТ ПЕН ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ЖЫЛДАР

Соңғы жылдары билік Мақпал Жүнісоваға сахнаға шығуға рұқсат берді, қазір оның концерттері бұрынғыша, «Зәкеңнің көзі тірі кезіндегідей» аншлагпен өтеді.

– Зал үнемі толады. Зәкең мәлімдеме жасаған кезде (2005 жылы) тыйым салып, сахнаға шығармай қойды ғой. Кейін ол әрекеттерінен түк те шықпайтынын, халықтың мені іздейтінін түсінген болуы керек, кедергі жасауды қойды. Қазір сахнадамын. Негізінен жеке концерт беремін. Рас, концерт барысында киім ауыстырар сәтте Қазақконцерттен келген екі-үш әнші сахнаға шығады, – дейді Мақпал Жүнісова.

Мақпал Жүнісованың сөзіне қарағанда, қызы жетімсіреп, жалғыздық сезінбес үшін «сырт жерлерде ұзақ болмауға» тырысады. Өзі жоқта қызына өздерімен бірге тұратын Мақпал Жүнісованың туған апасы қарайды.

Қазіргі уақытта Мақпал Жүнісова «тек қана Қазақстан ішінде» гастрольге шығады. Шетелге жол түспейді. Осы жазда Қазақ құрылтайына
Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісова үйлерінің алдында тұр. Алматы, 2002 жыл.
қатысу үшін алматылық делегациямен бірге Моңғолияға барудың сәті түсіпті.

– Шетелге ешкім шақырмайды. Рас, биыл сондағы қазақтардың шақыруымен Моңғолияға бардым. 100 мың қазақ өмір сүретін Баян Өлгей аймағының 70 жылдығының құрметіне. Үш-төрт күн болдым. Ұлан-Батордың басшылығы келді. Концерт болған стадионға 30 мың адам жиналды. Бір сөзбен айтқанда, концертім жақсы өтті, – дейді Мақпал Жүнісова. Оның сөзіне қарағанда Моңғолияда өткізген жеке концертін тамашалауға келген «қариялар көздеріне жас алыпты».

– Олар қуаныштан жылады. Менің келгеніме, мені көргеніне қуанды. Зәкеңе арналған әнімді онда да айттым. Барлығы қайғыма ортақтасып, көңілдерін білдірді. Зәкеңді ол жақта да бәрі біледі, тіпті бір ақын Зәкең туралы поэма да жазыпты, маған беріп жіберемін деді, – дейді Мақпал Жүнісова.

Мақпал Жүнісова бұрынғы шетелдік гастрольдерін еске алды.

– 1992 жылы Түркияда болдым. Зәкең қаза болар алдында ғана Қытайдағы Құлжаға барып келдім. Ол жақта қазақтар көп қой. Құлжа мен Үрімжіде екі-екіден концерт қойдым. Өте табысты өтті… Қайтып келгеннен кейін екі аптадан соң Зәкең қаза болды, – деп еске алады Мақпал Жүнісова.

– Мен концерт беріп жүргенде Зәкең үйде қызымызбен қалатын. Алайда қатты сағынатын еді. Әсіресе Қытайға бір аптаға кеткенімде әрең шыдады, – дейді Мақпал Жүнісова.

Қытайға барарымда Зәкең: «Жарайды, барсаң бара ғой. Әйтпесе аналар мені әбден шаршатты» деген еді. Менің жолға шығуым Зәкең арқылы шешілді. Әуелде жібергісі келмесе де соңынан рұқсат етті. Қайтып келгенімше әбден тағаты таусылыпты… Шашы ағарып кетті-ау деймін. Күніне алты рет телефон шалады. Менімен бірге барған әншілер Саят Медеуов пен Досымжан Таңатаров «Алла-ай! Сізді қалай жақсы көреді, сізсіз өмір сүре алмайды екен ғой» деп таңғалады. Қайтып келгенімде Зәкең: «Келгенің жақсы болды, сен кеткелі ұйқы көрмедім» деген еді, – деп Мақпал Жүнісова Заманбекті сағынышпен еске алды.


ЗАМАНБЕКТІҢ СҮЙІКТІ ӘНДЕРІ ЖАЗЫЛҒАН ДИСК

Заманбек Нұрқаділовтің қаза болған күніне орай 2007 жылғы 12 қарашадағы секілді еске алу концертін беру жоспарда бар ма деген сауалға Мақпал Жүнісова жоқ деп жауап қайтарды.

– Өкініштісі, қазіргі жұмыс орным Қазақконцерт 12 қарашада «Қазақконцертке 50 жыл» деген концерт өткізуді жоспарлап қойыпты. Дәл
Әнші Мақпал Жүнісованың 12 қараша 2007 жылы марқұм жары Заманбек Нұрқаділовтің рухына арнап берген концертінің бейнежазбасы жазылған күйтабақтың мұқабасы.
осы күні Қазақконцерт ашылған. Қазақконцерт басшылығы, әрине менімен ақылдасқан жоқ. Сондықтан 12 қараша күні Қазақконцерттің мерейтойына араласуыма тура келеді, – дейді Мақпал Жүнісова.

Бірақ оны сөзінше, Заманбек Нұрқаділовтың қайтқан күніне орай атқарылатын дәстүрлі рәсімдер биыл да өткізіледі.

– Бұл күні үйде бәрібір ас береміз, құрбандық шалып, қабірінің басына барып дұға бағыштаймыз. Зәкеңнің қабірінің басына онсыз да айына екі рет барып тұрамын, – дейді Мақпал Жүнісова.

Заманбек Нұрқаділовті еске алу концерті жөніндегі әңгіме ауанына қайта оралған Мақпал Жүнісова мұндай концерттің болмай қалуына Қазақконцерт мерейтойының кездейсоқ сай келуі ғана әсер етпегінін тұспалдады.

– Қазір бәрі қымбат... Зәкеңнің сүйіп тыңдайтын әндерін орындаған 2007 жылғы концертімді телеарналардан көрсетпеді. Концерт өз қаражатыма ұйымдастырылған еді. Бірақ мен оны лазерлік дискіге жазып шығардым және оған Зәкең туралы видеоматериалдарды қосып, жақын адамдарға тараттым. Қолдан келгенді істеп жатырмын, – дейді Мақпал Жүнісова.

Осыны айта келе ол өзінің 2007 жылы 12 қарашада Алматыда өткен концерті жазылған дискіні Азаттық радиосына берді. Бұл концертте Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің сүйікті әндерін шырқаған еді. Дискінің аты – «Сағындым» Бұл дискіде Заманбек Нұрқаділовтің қалай ән айтқанын, Мақпалмен қалай дуэт құрғанын көрсететін видеожазба да бар.

Мақпал Жүнісованың айтуынша, Заманбек Нұрқаділов өлгеннен кейін екі жыл бойы келіп-кетіп жүрген оппозициялық партия жетекшілер бүгінде төбе көрсетпейді.

– Қазір мүлде ешкім келмейді. Бірақ оларға ренішім жоқ, – дейді Мақпал Жүнісова.


АЛМАТЫНЫҢ ҒҰРЫПТАРЫ

Мақпал Жүнісова 2007 жылы «Нағыз Ақ жол» партиясының сол кездегі лидерлерінің бірі Болат Әбілевтің көрсеткен көмегін разылықпен еске алды.

– 2007 жылы 12 қарашада өткізген концертіме Болат Әбілев жәрдемдесті. Көп рахмет! «Қарындасым, мынау менен» деп ақша берді, – деп еске алады Мақпал Жүнісова.

Әнші өзінің демеуші іздеп жүгірмейтінін, сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев көмектейін дегенде қатты
Заманбек Нұрқаділовтің зираты басындағы ескерткіші. Алматы, 12 қараша 2008 жыл.
таңғалғанын айтады.

– 2007 жылы Болат Әбілев және Болат Назарбаев көмектесті. Таңғалдым! Бір себеппен Болат Назарбаевпен кездесіп қалдым... Олар мені әртүрлі шараларға, той-томалақтар мен мерейтойларға, немерелерінің туған күніне әрдайым шақырып тұрады. Ол менен: «Мақпал, халың қалай?» деп сұрады. «Концерт бергелі жүрмін» дедім. «Менен көмек керек пе?» дейді. Содан соң: «Сұрап бергенше, ұрып бер» дедім. Ол бірден түсінді де, біреуден қаражат беріп жіберді. Мен одан: «Сізді демеуші деп хабарлайын ба?» деп сұрап едім, «Жоқ, керегі жоқ!» деп бас тартты», – деп күліп еске алады Мақпал Жүнісова.

Болат Назарбаев, сірә, қорқып кеткен болуы керек, – дейді ол.

– Мен оған тағы «Демеуші - Болат Назарбаев» деп хабарлайын деп едім, «Ойбай, керегі жоқ. Мен оны жай әншейін бердім!» деп шошып кетті, – деп еске алады Мақпал Жүнісова.

Соңғы екі жылда оппозиция жетекшілерінің ешқайсысы да мені есіне алмайды дейді ол.

– Өздерінің бас аурулары да жетіп жатқан шығар. Бұрын Розлана Таукина жанымнан табылатын еді. Бірақ ол қатты ауырып, операция жасатты деп естідім, – дейді Мақпал Жүнісова.

Оның сөзіне қарағанда оппозициялық БАҚ атанып жүргендер де Заманбек Нұрқаділовті ұмыта бастапты.

– Өткен жылы «Свобода слова» газеті Зәкеңнің туған күнінде де, қаза болған күніне орай да ештеңе жазбады. Бұ дүниеде Зәкең болмағандай тіпті. Аздап торығып қалдым. Бірақ әдейі телефон шалып айтуды дұрыс көрмедім… Қайтем? Ал «Тасжарған» газетінің журналистері менің емеурінімсіз-ақ жыл сайын телефон соғып, суретін, өлеңдерін сұрап жатады, – дейді Мақпал Жүнісова.

Әңгіме Заманбек Нұрқаділов көп жылдар басқарған Алматы қалалық әкімдігіне қарай ойысқанда Мақпал Жүнісова «олардың қабылдауына» бармайтынын айтты.

– Қазіргі әкім Ахметжан Есімовке де, бұрынғы әкімдер Иманғали Тасмағамбетов пен Шалбай Құлмахановқа да барған емеспін. Зәкеңнің өлімінен кейін олардың ешқайсысына бармаймын. Олармен тек тойларда, тағы да басқа түрлі шараларда ғана кездесіп қалам. Амандасады, бірақ жанына жақындатпайды, мен оларға, олар маған кедергі жасамайды, – деп күледі Мақпал Жүнісова.

Мақпал Жүнісованың айтуынша, Алматы әкімшілігі оны «концерттерге шақыра бастапты».

– Алматыға Ахметжан Есімов әкім болғалы концерттерге шақыра бастады. Бұрын қалалық концерттерге, мереке-мейрамдарға шақырмайтын, – дейді ол.


ӘРДАЙЫМ БИІКТЕ

Мақпал Жүнісова уақыттың зымырап өтіп бара жатқанын айтады. Зәкеңнің қазасына да әне-міне дегенше бес жыл толды дейді..

– Маған Зәкеңнің арамыздан кеткеніне бес жыл болды дейді. Бірақ маған ол күні кеше ғана кеткен сияқты көрінеді де тұрады. Үнемі түсіме кіреді, – дейді Мақпал Жүнісова.

Тыңдармандардың сұранысына қарай оған репертуарын өзгертуге, сахнада көбірек қимылдауды талап ететін әндер айтуға тура келеді Ал
Мақпал Жүнісованың Заманбек Нұрқаділовтің рухына арнап берген концертіне халық көп жиналды. Алматы, 12 қараша 2007 жылы
ол үшін дене бітіміңді де үнемі ширақ ұстау керек.

– Жасыратын несі бар? Менің туған күнім қай күн екенін бүкіл халық біледі. Екі-үш жыл бойы репертуарымда ауырлау, сөздерінің мағынасы терең әндер көп болды. Адамдар концерттерімде көздеріне жас алып отыратын. Кейін «сахнада жарқырап күліп, бақытты болып жүргеніңізді, көңілдірек ән айтқаныңызды көргіміз келеді» дейтін хаттар да келді, әркім телефон шалып та айтып жатты. Оның үстіне түрлі шараларға, тойға шақырады, ал ондай жерлерде көңілді ән тыңдағысы келеді. Сосын қозғалуға тура келеді, – дейді Мақпал Жүнісова.

Әнші сағаттар бойы жүретін концерттердің қиындығына шыдас беру үшін өзін әлі жас сезінетінін айтады.

– Бірде қатарынан үш ән айтып, билеймін деп ентігіп қалғаным бар. Сосын: «Кешіріңіздер, 46 жас дегеніңіз өстеді екен» дедім. Ал маған: «Қарай гөр, жасына қарамай қалай-қалай билейді» деп таңғалып жатады. Менің жасымдағы ауыл әйелдері егде әйелдер болып саналады. Ал мен өзімді 25-30 жастағыдай сезінемін, – дейді Мақпал Жүнісова.

Әңгіме барысында Мерейдің 2002 жылы 6 шілдеде, Мақпал Жүнісованың 1964 жылы 11 қаңтарда, Заманбек Нұрқаділовтің 1944 жылы 15 қаңтарда дүниеге келгені сөз болды.


ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛСА

Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовті есте қалдыру мәселесін де қозғады.

– Зәкең өз халқының ұлы болды, қазақ халқы үшін көп нәрсе істеді. Мемлекет пен қоғам алдында Алматының бір көшесін Зәкеңнің атымен атау мәселесін көтергім келеді. Зәкеңнің мына музей-үйі қаңырап тұр. Мүмкін ағаш үйден болса да шағын музей жасау керек пе... Алматы болмаса, Алматы облысынан салса да болар еді. Халықтың аяғы жететін жерде болсын. Жұрт бұл жерге келуден де қорқады. Бұл музей менің ғана емес, бүкіл қазақ халқының музейі болсын, өйткені Зәкең халықтың, елдің ұлы еді ғой, – дейді Мақпал Жүнісова.

Ол бұл мәселен қоғам өзі көтеріп, өзі шешуі керек деп санайды.

– Мен бұл мәселемен қала әкімінің алдына барғым келмейді, өйтіп төменшіктегенді ұнатпаймын. Қоғам өзі пісіп-жетілуі тиіс. Сондықтан мұны әзірге көтермей, күте тұрамын, – дейді ол.

Сонымен қатар ол Алматы облысының Нарынқол ауданында – Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің туған жерлерінде – бір көше мен мектепке Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілгенін айтып өтті.

– «Жас Алаш» газетін оқысам, – бұл солардың газеті ғой, Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы үнемі жазады да, Зәкең туралы үндемейді. Ептеп ренжігендей болдым, – дейді Заманбек Нұрқаділовтің жесірі.


ҰҚК ТӨРАҒАЛАРЫ ЖӘНЕ КІСІ ӨЛІМІ ТУРАЛЫ ІС

Мақпал Жүнісова осыдан бес жыл бұрынғы, 2005 жылы 15 қарашадағы Заманбек Нұрқаділов өлімінің құпиясы әлі де болса ашылады деп үміттенеді.

– Содан бері ҰҚК-нің үшінші төрағасы болып отырған Нұртай Әбіқаевқа кіріп, мені қабылдаса әрине, қылмыстық істі қайта қарауды сұрағым келеді. Тергеу Зәкең өзі-өзі үш рет атты деген ертегіні айтты да, ізім-ғайым жоқ болды! – дейді Мақпал Жүнісова.

Сондай-ақ ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың алдында өз үйінен қолды болған 930 мың доллардың мәселесін де көтергісі келеді. Мұның
Заманбек Нұрқаділовтің музей-үйінде тұрған мына суретте президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Заманбек Нұрқаділов (оң жақта) бейнеленген.
хикаясы Алматыда жақсы белгілі: Заманбек Нұрқаділов оппозицияға кеткен кезде үйндегі сейфтен аса қомақты қаржыны ұрлап кеткен. Мақпал бұл қаржыны концерт қойып тапқанын айтады. Дегенмен де осынша мол қаржыны олар банк депозитариінде емес, күзетілетін жеке үйдің сейфінде сақтаған.

– Зәкең бар кезде ұрлаған ақшаны сол күйі қайтармады, – дейді Мақпал Жүнісова.

Мақпал Жүнісованың сөзіне қарағанда ол бұрынырақта ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевпен кездескен екен.

– Амангелді Шабдарбаев ҰҚК төрағасы болып тағайындалғаннан кейін бір жылдай өте алдына бардым. Ол мені жылышыраймен қарсы алды. Мен оған «ақшаны маған қайтарып беріпті-міс» деген қауесет тарап кеткенін айтып, сол ақшаның қайда екенін сұрадым. Ол маған: «Істі кім жүргізгенін қазір білейін» деді де, сол сәтте телефон арқылы біреумен сөйлесіп: «Курбатов екен. Ақша қайтарылды деп жүрген сол екен» деді. Ал керек болса, дедім, ақшаны ол маған қалай қайтарады? Қашан қайтарыпты, қандай куәсі, құжаты бар екен дедім, – деп еске алады Мақпал Жүнісова.

Оның сөзіне қарағанда, Амангелді Шабдарбаев тағы да біреуге телефон шалып, Мақпалға: «Курбатовтың қашып жүргенін білесіз. Ол 500 мың долларды қалтасына басып Израильге кетіп қалды» деген.

– Ал мен: «Енді не болады – ақша сол күйі қайтпай ма? Енді мен не істеймін?» дедім. Сонымен бірге Зәкеңнің өлімі жөнінде де мәселе көтердім. «Адам өзін-өзі үш рет атуы мүмкін емес» дедім. Оның үстіне әуелі бір жерде, кейін басқа жерде жатқанын өз көзіммен көрдім ғой. «Қасақана өлтірілгені анық. Кім тапсырыс берді, қалай тапсырыс берді – білмеймін, бірақ сіз мұны ашып, халыққа көрсетуіңіз керек» дедім. Шабдарбаев маған: «Ой, Мәке, Зәкеңнің өзін-өзі үш рет атуы мүмкін емес екенін бәріміз де білеміз. Біз бұл істі қайта қараймыз. Сен алаңдамай әніңді салып, қызыңды тәрбиелеп жүре бер. Барлығы ашылады, ақша да келеді, басқа да келеді» деп жік-жіпар болды, – деп еске түсіреді Мақпал Жүнісова.

Алайда «ақша да жоқ», Заманбектің өлімі де ашылмастан қалды, сөйтіп жүргенде бұл мәселелерді шешуге уәде берген Амангелді Шабдарбаевтың өзі ҰҚК төрағасы қызметінен алынып қалды.

– Оны кей шараларда алыстан көріп қаламын. Жақындаудың өзі ыңғайсыз, – дейді ол.

Енді Мақпал Жүнісова бұл мәселе бойынша ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевқа кіргісі келеді.

– Сондай жоспарым бар, одан бірдеңе шыға ма, шықпай ма, білмеймін, – дейді Мақпал Жүнісова.


2005 ЖЫЛДЫҢ 12 ҚАРАШАСЫНДАҒЫ ҚҰПИЯ

Мақпал Жүнісованың айтуына қарағанда дәл қазіргі уақыта ол бір кездері ұрланған ақшасына қатты мұқтаж болып отыр.

– Ең болмаса 200 мың долларын қайтарса ғой, Мерейге арнап банкке салып қояр едім. Ән салып тапқан ақшам үйіміз бен музей-үйді ұстап тұрудан, күнкөріс пен Мерейді оқытудан артылмайды. Жүргізуші мен күзетшісіз тағы болмайды. Қазір бәрі қымбат. Концертке киетін бір көйлегімнің өзі үш мың доллар тұрады. Туған-туысқандарымның барлығы, бас-аяғы отыз адам менің мойнымда. Бәріне жәрдемдесетін жалғыз асыраушыға айналдым, – дейді Мақпал Жүнісова.

Әңгіме соңында Мақпал Жүнісова домбыра шертіп отырып, кезінде Заманбек Нұрқаділов сүйіп тыңдаған әндерінің бірін айтып берді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты аса қатаң сынға алған оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың 2005 жылы 12 қарашада Алматыдағы өз үйінен өлі денесі табылды. Жүрек тұсынан екі рет және басынан бір рет тапаншамен атылғаны анықталып, өзін-өзі өлтірген деген ресми қорытынды жасалды.

Осы оқиғаның алдында ғана Заманбек Нұрқаділов өзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қылмысын айғақтайтын «бір қапшық компромат» барын мәлімдеген еді. Заманбек Нұрқаділов ұзақ жылдар бойы Қазақстан президентінің сенімді адамдарының бірі болды. Сөйте тұра ол өзінің тәуелсіз саяси келбетін сақтап қалды. 2004 жылы Назарбаевпен ара-қатынасын біржола үзіп, Назарбаевты ашық пікірталасқа шақырды, сөйтіп Қазақстандағы авторитарлық режимді құртуға уәде берді. Алайда Заманбек Нұрқаділовтің ғұмыры 62 жасында өз үйінде жұмбақ жағдайда үзілді.

Оппозициялық саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазаларына қатысты Азаттық радиосының веб-сайтында жарияланған дүниелерді мына жерден ҚАРАҢЫЗ
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG