Accessibility links

ІІМ Ғалымжан Жақияновқа қарсы іс қозғалғанын жоққа шығарады, сонда да ол елден кетіп қалған


Демократиялық ұйымдар өкілдері бостандыққа шыққан Ғалымжан Жақияновты темір жол вокзалында күтіп алды. Алматы, 15 қаңтар 2006 ж.

Демократиялық ұйымдар өкілдері бостандыққа шыққан Ғалымжан Жақияновты темір жол вокзалында күтіп алды. Алматы, 15 қаңтар 2006 ж.

Соңғы ақпараттар бойынша, павлодарлық кәсіпкердің өлтірілуіне қатысты қылмыстық істің аясында Ғалымжан Жақиянов пен Төлен Тоқтасыновқа қарсы жаңа айып тағылуы мүмкін. Бірақ İİМ бұл деректі растаған жоқ. Тоқтасынов та оны жоққа шығарады, дегенмен өзі елге қайтқысы келмейді.

Сәуірдің 8-і күні «Республика» порталында сот үкім еткен қылмыстық жазасын биылғы 2-ші сәуірде толық өтеп біткен Павлодар облысының бұрынғы әкімі, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін салушылардың бірі Ғалымжан Жақиянов сотталушының орындығына қайтадан отыруы мүмкін деген қысқаша хабар таратты.

Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасынов сынды оппозиция жетекшілерінің «қылмысты жасырғаны үшін» деген айып бойынша қылмыстық қудалануындағы басты мақсат олар емес, Ғалымжан Жақияновтың өзі екенін Қазақстанның саясаткерлері мен құқыққорғаушылары бұған дейін де бірнеше мәрте атап өткен.

Бұл жолы «Республика» порталының мұндай болжам жасауына басылым редакциясына өзін «адал мент» деп атаған адамнан келіп түскен хат себепкер болған. Хат авторы Жақияновқа қарсы қылмыстық іс қозғалғандығы, нақтылай айтқанда, «2001 жылы Борис Костановтың өлтірілуіне қатысты қозғалған қылмыстық істен бөлек өндіріске бөлінгені» туралы Ғалымжан Жақияновты ескертеді.

«Адал менттің» хабарлауынша, тергеу «ағайынды Байсақовтар қылмыстың нақты ұйымдастырушылары мен тапсырыс берушілер, бірақ олар облыс әкімі Ғалымжан Жақияновтың тапсырмасын орындады» деген бағытта жүруде. Тергеу бойынша, «Төлен Тоқтасынов ағайынды Байсақовтар мен Ғалымжан Жақияновтың арасында делдал болған».

Бірақ, Борис Костановтың өлтірілу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істен Ғалымжан Жақияновқа қарсы істің бөлек өндіріске шығарылуы жайында биылғы жылғы ақпан айының соңында Азаттық радиосына берген эксклюзивті сұхбатында полковник Машанло екіұштылау тұрғыда былай деген:

«Бұл жерде, меніңше, ешқандай саясат жоқ. Жақиянов та, мәселен, мен білмеймін, Жақияновқа қатысты ондағы материалдар, иә, біз бөлгенбіз. Бөлгенбіз. Бірақ, ол жерде сақтайтын кейбір процесуалдық мәселелер бар. Онсыз бұны жасауға болмайды. Тиісінше, мен материалдарды бөлдім, ал Жақиянов бізге...яғни, қалай десем... мен оны жауапқа тартайын деп отырған жоқпын».

«Республика» порталында жаңа ақпараттың жариялануымен байланысты, 8-ші сәуір күні Гаши Машанло бұл ақпаратқа пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Дегенмен де, Азаттық радиосының осы мәселе бойынша İİМ-не жолдаған өтініш -сауалына келген жауапта былай деп атап көрсетіліпті: "Б. Костановтың өлтірілуіне байланысты тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша İшкі істер министрлігі мен оның бөлімшелерінде Ғ. Жақиянов пен Т. Тоқтасыновқа қатысты қылмыстық істер қозғалған емес".

Оппозиция жетекшілеріне қарсы істе де, Ғалымжан Жақияновқа қарсы жаңа істе де аты-жөні аталып қалған Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасынов Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында жаңа іс жайында бізден біліп отырғанын айтты. Бірақ ол өзіне және Жақияновқа қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалып жатса, ол «гитлер насихаты тұрғысындағы адам шошырлық өтірік» деп атады:

– Мен бұған не деймін?! Мен бұл жайында тек сіздерден ғана білдім. Менің бір-ақ айтатыным бар. «Өтірік адам шошырлық болған сайын оған сену оңай». Бұл, шамасы, гитлер насихатының басшысы Геббельстің сөзі болса керек. Дәл қазір әңгіме осы туралы болып отыр. Олар «өтірік адам шошырлық болған сайын, қоғамды оған иландыру оңай» деп есептейтін шығар.

Бұдан бөлек, «Республика» порталының редакциясына келіп түскен хат авторы «Жақиянов пен Тоқтасынов елге келер болса, оларды жаңа айыптау бойынша тұтқынға алады» деп ескерткен. Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, «әзірге өзінің елге қайтатын ойы жоқ». Кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, сотталған мерзімі бітісімен, Ғалымжан Жақиянов та елден кетіп қалған.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жетекшілерінің бірі, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновты 2002 жылы Павлодар соты «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін» 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған-ды.

Қамаудағы мерзімінің жартысын өтеген соң, 2006 жылдың қаңтарында, Екібастұз қалалық сотының оны мерзімінен бұрын шартты түрде босату жөніндегі шешіміне сәйкес, Ғ.Жақиянов бостандыққа шыққан болатын.
XS
SM
MD
LG