Accessibility links

Жәмила Жәкішева: ҰҚК мені Қазақстаннан шығармай кепілдікте ұстап отыр


Жәмила Жәкішева, тұтқындағы топ-менеджер Мұхтар Жәкішевтің зайыбы. Алматы, 15 маусым 2009 ж.
Жәмила Жәкішева, тұтқындағы топ-менеджер Мұхтар Жәкішевтің зайыбы. Алматы, 15 маусым 2009 ж.

Жәмила Жәкішева ҰҚК өзін Қазақстаннан шығармай, кепіл есебінде заңсыз ұстап отыр деп мәлімдеді. Құқыққорғаушы Евгений Жовтис онымен келіседі. ҰҚК болса Жәмила Жәкішеваның айтқанын жоққа шығарды.

«АРНАУЛЫ ҚЫЗМЕТ ОРЫНДАРЫ МЕНІ КЕПІЛ ЕСЕБІНДЕ ҰСТАП ОТЫР»

«Арнаулы қызметтегілер мені Қазақстанда кепіл есебінде ұстап отыр!» деп мәлімдеді маусымның15-і күні Алматыда өткізген баспасөз-мәслихатында «Қазатомпромның» тұтқындалған бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева.

Жәмила Жәкішева өткен демалыс күндері қазақ-қырғыз шекарасындағы шекара бекетінің қызметкерлері оны Қазақстаннан шығармай қойғанын қысқаша айтып берді. Жәмила Жәкішева қызы Әйгеріммен бірге Бішкекте тұратын ата-анасына барып қайтпақ болған. Оның қалған төрт баласы да сонда. Олардың біреуі жақында он жасқа толыпты.

Жәмила Жәкішеваның айтуынша, шекарашылар оның «ешқайда кетпеу туралы қолхат бергенсің» дегенді алға тартып шекарадан өткізбей қойған. Бірақ Жәмила оларға бұл сөздің шындыққа сай келмейтінін айтып көздерін жеткізген соң, шекарашылар Жәкішеваның шетелдік төлқұжаты мен жеке куәлігі дұрыс емес деген сылтау айтқан.

«Менің қызым Әйгерімді олар жіберді. Сөйтіп, ол Бішкекке кетті. Сыйлықты біреуіміз апаруымыз керек қой», - деді Жәмила Жәкішева.

Жәкішева бұл оқиғаның сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша айыпталып, мамыр айының соңынан бері Астанадағы ҰҚК-нің абақтысында отырған күйеуіне байланысты екендігіне сенімді:

«Әзірге мен осында болғанда олар менің күйеуіме не болса соны айтатыны түсінікті. Ол біздің, мені мен балаларының өмірі үшін қорқатыны да түсінікті. Бұл – қысым жасаудың бір әдісі. Егер мен кетіп қалсам, кім арқылы қысым жасайды? Сондықтан да ҰҚК мені
«Әзірге мен осында болғанда олар менің күйеуіме не болса соны айтатыны түсінікті. Ол біздің, мені мен балаларының өмірі үшін қорқатыны да түсінікті. Бұл – қысым жасаудың бір әдісі. Егер мен кетіп қалсам, кім арқылы қысым жасайды?
жібермей, кепіл ретінде ұстап отыр. Олардың мені жібермеуге заңдық негіздері жоқ. Ал ҰҚК-не бағынатын шекарашылардың айтқандары мүлдем сенім туғызбайды».

Жағдайды анықтау үшін Жәмила Жәкішева 14-ші маусым, жексенбі күні ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың атына өзіне Қазақстан аумағынан шығуға қандай негізде тыйым салынғанын сұрап жедел телеграмма жібергенін айтады. Алайда, баспасөз-мәслихатын өткізіп жатқан уақытқа дейін, яғни маусымның 15-і, дүйсенбінің екінші жартысына дейін, Жәкішеваның айтуынша, оған жауап әлі келмеген.

Маусымның 15-і күні таңертең Жәмила Жәкішева әлгіндей сауалмен паспорт столына да барыпты.

«Паспорт столының қызметкерлері менің оларға айтып берген әңгімеме таң қалып, бұлай болуы мүмкін емес деп айтты маған», - дейді Жәмила.

Бірақ, оның айтуынша, паспорт столынан оның құжаттарының барлығы дұрыс екендігі туралы анықтама бермеген. Себебі, оның құжаттарының барлығы дұрыс.

Жәмила Жәкішева өз құжаттарының дұрыс екендігіне тағы бір дәлел келтірді. Өз айтуынша, ол «мамыр айының басында осы жеке басының куәлігімен Бішкекке барғанда ешқандай проблема болмаған». Басқа да мемлекеттік қызметтер бұған дейін оның құжаттарының дұрыстығына ешқашан күмән келтірмепті.

Осыдан кейін Жәмила Жәкішева оны Қазақстаннан күйеуі Мұхтар Жәкішевке байланысты шығармай отыр деп ойлайды. Арнаулы қызметтер оны кепіл ретінде ұстап отыр.

«ҚАЗАҚСТАН ЕҚЫҰ-на ЕМЕС, ТҮРКМЕНСТАН ЖАҚҚА ҚАРАЙ КЕТІП БАРА ЖАТЫР»

Жәмила Жәкішеваның бұл ойымен адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис келіседі. Алайда, ол бұл мәселеде ең алдымен, адам құқығы мен бостандығының дөрекі түрде бұзылғаны байқалып отырғанын айтады.

«Жәмила Жәкішеваны шекарадан не үшін өткізбей тұрғандары туралы түсінікті жауап бере алмағандықтан, құқықтық жағынан бұны Жәкішеваның еркін жүріп-тұру құқының бұзылуы деп бағалауға болады», - деді Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис бұл жерде арнаулы қызметтегілердің Жәмила Жәкішеваға қатысты заңнан тыс, заңға қайшы айла-шарғыға барып отырғанын жоққа шығармайды. Оның айтуынша, «шекарада болған оқиғаның өзі Мұхтар Жәкішев пен бұл іске байланысты
Евгений Жовтис, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры. Алматы, 15 маусым 2009 ж.
ұсталғандардың барлығының ісін ашық сотта қаратуға белсенді түрде ұмтылып жүрген «Қазатомпромның» бұрынғы басшысының отбасына дөрекілікпен қысым жасалып отырғанын тағы бір рет дәлелдейді».

Евгений Жовтис «Қазақстан біртіндеп арнаулы қызметтердің әрекетіне шек қоймайтын полицейлік мемлекетке айналып келеді. Шекараның ҰҚК тарапынан бақыланатыны түсінікті» деген байламға келді.

«Заң бойынша адамды тек үш жағдайда ғана елден шығармайды: біріншісі, ол адам мемлекеттік құпияларды білетін болса; екіншісі, тергеуде жүрсе және оған қарсы шектеу шарасы қолданылса; үшіншісі, сотталған болса. Басқа барлық жағдайда адамның елден емін-еркін кетіп және қайтып оралуына құқы бар», - деп түсіндірді Евгений Жовтис.

Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстанды бүгінде «еркін ел» деп айтуға болмайды. Оның айтуынша, керісінше «біз мемлекет адамдарды кепілге алатын Түркменстанға жақындап келеміз».
Біз мемлекет адамдарды кепілге алатын Түркменстанға жақындап келеміз


«Ал бұл болса халықаралық қоғамдастыққа мүше болуға ұмтылып отырған, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін еркін және демократиялық мемлекеттің идеясынан аулақтау», - деп Евгений Жовтис, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету алдындағы Қазақстан билігінің сөзі мен әрекетінің арасындағы алшақтықты атап көрсетті.

РАУШАН ЕСІРКЕПОВА ЖӘМИЛАМЕН БІРГЕ

Жәмила Жәкішеваның баспасөз-мәслихатына қатысушылардың арасында «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркеповтың жұбайы Раушан Есіркепова да болды. Ал, Рамазан Есіркепов қазіргі кезде «мемлекеттік құпияны жария етті» деген айыптау бойынша сот процесі біткенше Тараз түрмесінде отыр.

Азаттық радиосының тілшісі күйеулері қылмыс жасады деген күдікпен ҰҚК тергеп жатқан екі әйелдің танысуының куәсі болды. Олар «үміт аздау» болып тұрған істе бір-біріне табандылық пен табыс тіледі.

Раушан Есіркепова (сол жақта) мен Жәмила Жәкішева ҰҚК-іне сын айтылған баспасөз мәслихатынан соң әңгімелесіп тұр. Алматы, 15 маусым 2009 ж.
Бұдан бөлек, Раушан Есіркепова: «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тарапынан кез-келген заңсыз әрекетті күтуге болады» деп Жәмила Жәкішеваны ескертті.

«Мен бұрын бұл ұйыммен байланысып көрмегендіктен оның кез-келген оңбағандыққа баратындығын білмеген екенмін», - деп қосып қойды ол.

Раушан Есіркепова «ҰҚК ешкімнен қаймықпай өзінің заңсыз әрекеттерін жалғастыра бермесі үшін, сонымен бірге Жәмила Жәкішеваны кепілде ұстамасы үшін барлық заңды тәсілдерді пайдалану керек, соның ішінде БАҚ арқылы қоғамға үндеу тастау керек» деген пікірін білдірді.

ҰҚК ЖӘМИЛАНЫҢ ЕРКІН ЖҮРІП-ТҰРУ ҚҰҚЫҒЫНА ТЫЙЫМ ТУРАЛЫ ӨЗ ТҮСІНІКТЕМЕСІН БЕРЕДІ

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Жәмила Жәкішеваға қатысты болған оқиға туралы маусымның 15-і күні ҚазТАГ агенттігі тілшісінің қойған сұрағына ҰҚК баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров: «Тергеудің Жәмила Жәкішеваға қояр сұрақтары бар. Сондықтан ол бұл жерде керек», - деп жауап берді.

Сонымен бірге ҚазТАГ агенттігі, инсайдерлік көздерге сілтеме жасап, «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы төрағасын тұтқындауға санкцияны Ақмола гарнизонының әскери соты бергенін хабарлады.

ҰҚК баспасөз-қызметі бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ дейді агенттіктегілер.

«Соттың аты сот. Сот санкция берді», - деп жауап берген Кенжеболат Бекназаров оның қандай сот екенін айтқан жоқ деп хабарлайды ҚазТАГ.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG