Accessibility links

Жаңаөзен көтерілісі Назарбаев билеген 20 жылда ұмытылуға айналды


Жаңаөзендегі осы бұрынғы би алаңында шыққан жанжал жаппай қақтығысқа ұласқан еді. Сурет 2009 жылғы шілденің 6-сында түсірілген.

Жаңаөзендегі осы бұрынғы би алаңында шыққан жанжал жаппай қақтығысқа ұласқан еді. Сурет 2009 жылғы шілденің 6-сында түсірілген.

Маңғышлақта осыдан 20 жыл бұрын болған көтерілісті арнайы күштер тікұшақтар мен танктерді қолданып басты. Құрт ауруы бойынша республикада бірінші орынға шығып, газсыз отырған Жаңаөзендегі оқиғалар ұмытылуға айналды.

Геннадий Колбин Қазақстанды басқаруға 1986 жылдың 16 желтоқсанында келді. Келесі күні Желтоқсан оқиғасы басталды. Қан төгілді. Арада екі жарым жыл өткенде Колбинді Мәскеуге алып кетті. Қазақстанның батысында тағы да қан төгілді. Колбиннің орынтағына Нұрсұлтан Назарбаев жайғасты.

Осыдан жиырма жыл бұрын, 1989 жылдың 22 маусымында Назарбаев жеңісін тойлап жатқанда, оның билікке келгеніне көптеген қазақстандықтар Нұрсұлтанмен бірге шын көңілімен қуанды. Ал дәл сол кезде Қазақстанның батысындағы Новый Узень (қазір Жаңаөзен) қаласында және Маңғышлақтың (қазір Маңғыстау) өзге де елді мекендерінде халықтың көтерілісін енді ғана басып болған еді. Маусымның 16-сы мен 20-сы аралығында мұнда ұлтаралық қанды қақтығыс орын алған-ды.

Сол күндері Маңғышлақта не болды, көтеріліске шыққан жергілікті халық нені талап етті, бұл көтеріліс жайында неге аз жазылған, ұлтаралық қақтығыстың себептері мен салдарлары неге ақырына дейін толық зерттелмеді? Билік бұл оқиғаның 10 жылдығы мен 20 жылдығын неге атап өтпеді? Тарих қойнауына енген осы бір халық көтерілісін ұмыттыру кімге тиімді?

КӨТЕРІЛІС АЙМАҒЫ ЖӘНЕ ҚҰРБАНДАРДЫҢ САНЫ

Қанды қақтығыстың тарихын зерттеп жүрген аздаған зерттеушілер бұл шынында да нағыз көтеріліс болған еді дейді. Өйткені, түрлі
1989 жылдың маусымындағы Жаңаөзендегі толқулар. «Витязь» арнайы тобының ардагерлер кеңесінің сайтындағы (http://osn.bkb-vityaz.ru) сурет. Сайтта: «Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздік бұрқ етті» деп жазылған.
деректер бойынша оған 25-30 мыңдай адам қатысқан. Бұл бір шелек құлпынай үшін шекісіп қалған екі көршінің төбелесі емес еді.

Көтеріліс жалыны Маңғышлақтың барлық елді мекендерін шарпыды. Көтерілісті басу үшін жедел түрде Ресейден СССР Ішкі істер министрлігінің «Витязь» арнаулы мақсаттағы милиция тобының әскерлері әкелінді.

Көтерілісті басу операциясына қатысқан арнаулы мақсаттағы әскердің дәл санын қазір ешкім нақты айта алмайды. Бірақ, оқиғаға куә болғандардың айтуынша, екі мыңдай болғаны анық. Жергілікті және облыстық милициядан да осы шамадағы адамдар қатысқан.

Көтерілісті басу үшін адам күшімен қоса бронетранспортерлер, танктер, әскери тікұшақтар және басқа да әскери техникалар жұмылдырылды. Билік тек солардың көмегімен төртінші күн дегенде ғана көтерілісті баса алды, ал, халықты толықтай
1989 жылғы маусымда Жаңаөзенде бас көтергендерге қарсы іс-қимылға кіріскен арнайы топ. «Витязь» арнайы тобының ардагерлер кеңесінің сайтындағы (http://osn.bkb-vityaz.ru) сурет. Сайтта: «Қалқандар және таяқшалармен жұмыс істеді» деп жазылған.
«тыныштандыруға» тек 22-ші маусымда, яғни, стихиялы бас көтерудің басталуынан бір апта өткен соң ғана қол жеткізді. Бұдан соң да біраз уақытқа дейін әр жерлерде жиылыстар өтті. Олар да әркез бейбіт тарқай қоймайтын.

Осындай азын-аулақ деректерді саралай отырып, халық көтерілісінің қаншалықты ауқымды болғаны жайында қорытынды жасауға болады.

Ресми деректер бойынша бес адам опат болып, жүзден аса адам жараланған. Олардың жиырма бірі ауыр жарақаттанған. Жаңаөзенде 19 маусымда енгізілген коменданттық сағат бір айға жалғасты.

РАХАТ ӘЛИЕВТЕН ЕРЕКШЕ ЦИФРЛАР

Диссидент, саяси эмигрант Рахат Әлиев өзінің атышулы «Өкіл қайын ата» кітабындағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті иемдене бастағаны туралы баяндалатын «Біз Астанаға қалай жеттік» атты тарауында Жаңаөзендегі оқиғалар жайында атүсті айтып кетеді. Рахат Әлиев «билік халық көтерілісінің жалынын оқпен өшірді» деп жазады. Әлиев Жаңаөзенді бүкіл әлем айтып жүрген Әндіжанмен салыстырады. Бірақ Жаңаөзендегі трагедия жайы үнсіз қалды.

«Орналасқан жерлерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі қатаң құпия ұстаған (мұрағаттар президенттің
Совет кезіндегі Жаңаөзеннің кіре берісіндегі жазу. Сурет http://uz.eugk.com сайтынан алынды.
тапсырмасымен жойылған) белгісіз бейіттер ғана қалды. Кейін біраз уақытқа дейін ішкі істер министрі Сүлейменов шерушілермен айқасуға шешімді Назарбаевтың қатысынсыз жеке өзі қабылдағанын айтып халықты алдаумен болды. Назарбаев Сүлейменовты әлі күнге дейін қасында ұстап отыр. Содан бастап оның мойнында қазақ шерушілерінің қаны қалды ғой», – деп жазады Рахат Әлиев.

Бары осы ғана. Басқа ешнәрсе жоқ. Аутордың өзінің саяси амбициясын қанағаттандыруға арналған кітаптағы сараң екі цитата. Бірақ, Азаттық радиосының журналистеріне Рахат Әлиевтің өзінен кеңірек түсініктеме алуға мүмкіндік туды.

Телефон арқылы болған сұхбатта Рахат Әлиев былай деп түсінік берді: Қайырбек Сүлейменов ол кездері Қазақстан Компартиясы ОК-нің бөлім меңгерушісі болып, күш құрылымдарына жетекшілік еткен. Сайып келгенде, көтерілісті басуға байланысты шешім қабылдауда ол жетекші рөл атқаруы мүмкін. Қабылдады да!

Өйткені, Қайырбек Сүлейменов өзінің Назарбаевқа берілгендігін ол билікке алғаш келген сонау 1989 жылы-ақ көтерілісті күшпен басып дәлелдегенін айтып мақтанғанды жақсы көретін. Шенеуніктік түсінік бойынша, бұл дегеніңіз кейінірек ішкі істер министрі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне дейін көтерілген Қайырбек Сүлейменов кез-келген уақытта тағы да әлгіндей кесімді шешім қабылдай алады дегенді білдіреді.

Ал мұрағаттарға келсек, олардың барлығы құртылып-жойылған. Назарбаев 1986 жылғы Желтоқсанның мұрағаттарын да құртуға тапсырма берген дейді Рахат Әлиев. Сондықтан да, зерттеушілер енді ешнәрсе таба алмайды. Алғашқы құжаттар бойынша оқиға ауқымын анықтау енді мүмкін емес. Бірақ, бұл советтік кезең болатын. Мәскеу мұрағаттары сол күйі жатыр. Назарбаев ол жерде ешнәрсені тазалай алмады дейді Рахат Әлиев.

Рахат Әлиевтің айтуынша, ол ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болып тұрған кезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына
Қазіргі кездегі Жаңаөзеннің кіре берісіндегі жазу. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің ауторы - Ибрагим Газиков.
байланысты құжаттарды қолына түсіруге мүмкіндік алған. Ал, Жаңаөзен оқиғасы бойынша құжаттар, компромат жинау мақсатымен Әлиев оған қызығушылық білдіргенге дейін жойылып жіберілген болып шықты. Бірақ, Рахат Әлиев Жаңаөзендегі көтеріліске қатысы бар чекистермен сөйлескенін айтады.

Осы аттары аталмаған куәларға сілтеме жасай отырып Рахат Әлиев Жаңаөзен көтерілісі кезінде бірнеше ондаған адамдардың өлтірілгенін, олардың саны жүзге жуық екенін айтады. Бірақ оларды жаппай жерлеген белгісіз молалар табылар ма? Зейнетке шығып, ар-ұяты маза бермеген чекистердің бірі шындықты айтар ма екен?

Қайдам, олай болмайтын шығар дейді Рахат Әлиев. Өйткені, сол кезде билік әлі Совет өкіметінің қолында болғандықтан, көтерілісті басып-жаншу туралы барлық басты шешімдерді Мәскеудің өзі қабылдады. Мәскеу, әдеттегідей, жергілікті номенклатура мен арнаулы қызметтерге сенбейтін. Маңызды арнаулы операциялармен, соның ішінде атылғандардың ізін жасыру және құпия жерлеу жұмыстарымен Совет Одағының өзге өңірлерінен келген бөлімшелер айналысқан дейді «Өкіл қайын ата» кітабының ауторы.

ОҚИҒА НЕДЕН БАСТАЛДЫ ЖӘНЕ БҰНЫ СОВЕТТІК БАСПАСӨЗДЕ ҚАЛАЙ ЖАЗДЫ?

Жаңаөзен оқиғасы 1989 жылғы 16 маусымда басталды. Үлкен селдің кішкентай ғана тастан басталатыны сияқты бұл оқиға да кәдімгі кішкене ғана тұрмыстық төбелестен шықты.

«Түркістан» газетінде журналист Көлбай Адырбекұлы «Қазақ ісі» атты үлкен ауторлық зерттеу жүргізді. «Түркістан», «Жас Алаш» газеттері жақында жүргізген зерттеулерінде сүйенген сол оқиғаның куәларының айтуынша, ол былай басталған. Кешқұрым Жаңаөзендегі би алаңында жергілікті қазақ және лезгин жігіттерінің арасында жанжал болған.

Жанжал мынадан шыққан. Лезгин жігіт қазақ қызын биге шақырған. Қыз биге шығудан бас тартқан соң, меселін қайтарған қызды .кавказдық жігіт шапалақпен бір тартқан. Бірақ өзі де дәл сол сәтте жанында тұрған қазақ жігітінен таяқ жеген. Арада 10 минут өткенде жанжал жаппай төбелеске айналып, ұлтаралық сипат алған.

Бірінші шағынаудандағы осы көшенің бойында 1989 жылы маусымда сұрапыл қақтығыс болған еді. Жаңаөзен, 6 шілде 2009 жыл.
Жергілікті милиция дереу қимылдап, төбелесті тоқтатуға қажетті шараларды қабылдаған. Осымен барлығы біткендей еді. Алайда, сол түні-ақ қалада ұлттық белгілеріне байланысты топтар құрылып, содан соң олардың арасында қызылшеке төбелес басталған. Бұдан ары қарай оқиғаны ауыздықтау жергілікті тәртіп сақшыларының қолынан келмеді.

Толқу 17 маусым күні таңертеңгілік бүкіл қаланы шарпыды. Бейберекеттік тез арада жақын аудандарға да жайылды.

Жалпылай айтқанда, жанжалдың барлық кезеңінде оған 30 мыңдай адам тікелей қатысты. Көтерілісшілерді сол кездері Гурьев облысының құрамына кірген Маңғышлақ тұрғындарының (Маңғышлақ облысы 1988 жылы таратылған) басым көпшілігі қолдады.

Бұл оқиғалар жайында сол кездегі БАҚ-тарда қалай жазылды?

Бір кездергі Алматыдағы Желтоқсан оқиғаларындағы сияқты республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы Жаңаөзендегі толқудың жағымсыз қырларына ғана назар аударды. Халықты мұндай қадамға не итермелегенін түсінгісі келмеді.

Яғни, шындықты жасырып, біржақты жазды. Төменде «Түркістан» газетінің биылғы жылғы маусым айындағы санында келтірілген, сол кездердегі қазақстандық БАҚ-тардың хабарларынан үзінділер келтіреміз. Мағынасын өзгертпей, еркін қысқартып беріп отырмыз.

ҚазТАГ агенттігінің 1989 жылғы 20 маусымдағы хабарынан бастаймыз:

«Маусымның 16-нан 17-не қараған түні Жаңаөзенде бір топ жастар жүгенсіздік әрекетін жасады...Топтасып алған бұзақы элементтер
1989 жылы маусымда жаппай қақтығыстар болған бірінші шағынауданның қазіргі көрінісі. Жаңаөзен, 6 шілде 2009 жыл.
қолдарына таяқ, арматура, тас алып өтіп бара жатқан жүргіншілерге шабуылдап, дүкендерді, әкімшілік ғимараттарды қиратуда... Қалада көлік қозғалысы тоқтатылды, бірқатар сауда-өндіріс кәсіпорындарының жұмысы тоқтатылды. Оқ ататын қаруды пайдалану фактілері тіркелді. Адам шығындары бар...»

17-18 маусымдағы ҚазТАГ-тың алғашқы хабарларының өзі-ақ Жаңаөзен тұрғындарының ашу-ызасын туғызды. Келесі күні қала орталығына жиналған мыңдаған адам жергілікті биліктен Жаңаөзен қаласы мен сыртқы әлем арасында байланыс орнатып, БАҚ-тарда оқиға жайында шынайы ақпараттар беруді талап етті.

Тек осыдан кейін ғана Жаңаөзенге көтерілісті басуға арнайы келген Қазақ ССР ішкі істер министрі генерал Г.Князев аккредитациясы бар журналистерге ақпараттарды редакцияларға беруге рұқсат етті. Бірақ, ол ақпараттарда әлі обьективтілік жоқ еді.

Газеттер негізінен болып жатқан фактілер туралы ғана жазды. Көтерілістің тууына не себеп болғанын талдағысы келмеді. Мысалы, Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газеті 21 маусымда былай деп жазды:

«...19 маусымда Жаңаөзен қалалық атқару комитетінің алдына мыңдаған адам жиналды. Олардың алдына Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының төрағасы М.Сағдиев және республиканың өзге де басшылары шығып сөйледі. Сөз сөйлеушілер қала мен оның тұрғындарының әлеуметтік мәселелері шешіледі және осыған қажетті шаралар қабылдануда деді. Бірақ, адамдар оларды тыңдағысы келмеді. 150-200 адамдық топтарға бөлініп алып, жолдарындағының барлығын қиратып, машиналарды өртеп, қала көшелерінде басбұзарлығын жалғастыра берді.

...Базар маңында жаппай қақтығыс болды. Бес адамға оқ тиіп, жараланды. Милиция мен ОМОН отрядының күшімен шаралар қолданылды. Бірақ тез арада тәртіп орнату мүмкін болмады. 19 адам ауруханаға түсті. Тәртіпсіздікке қатысқан 50 адам ұсталды. Қаладағы өмірлік маңызы бар 13 нысанды ОМОН отрядтары қорғауына алды.

...Қалада кешкі 9-дан таңғы 6-ға дейін коменданттық сағат енгізілді. Қала коменданты болып Қазақ ССР ішкі істер министрі генерал-лейтенант Г.Князев тағайындалды».

Көтерілісшілерге қарсы қару қолданылғаны, коменданттық сағаттың енгізілгені, өмірлік маңызы бар нысандардың ОМОН-ның бақылауына алынғаны туралы осы сараң хабарлардың өзінен-ақ жаңаөзендіктердің көтерілісі 19 маусымда қатыгездікпен басылғанын байқауға болады. Алайда, газет одан әрі мынадай бір фактіні жариялайды:

«...Кеше, 20 маусым күні Мәдениет үйінің алдына мыңға жуық адам жиналды, бірақ оларды жылдам таратып жіберді».

«Оларды жылдам таратып жіберді» деген сөздің астарында адамдарды қару, сойыл қолданып, қуып таратқанын түсінуге болады.

Дәл сол облыстық газет 22 маусымда аймақтағы өзге кенттердегі оқиғаларды келтіреді:

«Одан ары жалғасқан тәртіпсіздіктердің салдарынан қаланың көптеген тұрғындары, әсіресе әйелдер мен балалар Жаңаөзен қаласынан кетіп қалды. Махачкала мен Грозныйға 600-ден аса адам кетті.

...Маусымның 20-нан 21-не қараған түні Жетібай поселкесі әкімшілік ғимаратының алдына 500-дей адам жиналды. Олар милиция бөлімшесіне қарай жылжып, поселкедегі барлық кавказдықтарды шығарып, кооперативтік нүктелерді жабу туралы талап қойды. Жергілікті билік адамдардан тәртіпсіздікті тоқтатуды талап етті. Тек таңғы сағат 5-ке қарай тәртіп орнатуға мүмкіндік туды.

...Шамамен осы уақытта көрші Мұнайшы поселкесінде қазақ және кавказдық жастар арасында төбелес болды.Оған екі жақтан 400-дей адам қатысты. Екі адамға оқ тиіп жараланып, төрт адам тұтқындалды. Біршама уақыт өткен соң түрлі жерлерде қайтадан топтар жинала бастады».

Осындай үлкенді-кішілі толқулар мен қақтығыстар бұдан кейінгі күндері де Маңғышлақтың өзге де көптеген аудандарында болды.

ГОРБАЧЕВТІҢ ЖАРИЯЛЫЛЫҒЫ БАСТЫҚТАРДЫ БАСПАСӨЗГЕ АЛЫП ШЫҚТЫ

21 маусым күні Алматыда орталық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары тілшілерінің қатысуымен баспасөз-мәслихаты өтті. Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге байланысты оқиға орнынан енді ғана келген Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының төрағасы М.Сағдиев, Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы Ө.Жәнібеков, республика прокуроры Ғ.Елемесов, Қазақ ССР КГБ-сының төрағасы В.Мирошниктер сөз сөйлеп, сұрақтарға жауап берді.

Партия басшыларының Жаңаөзенге қатысты айтқандарының Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты КПСС ОК-нің айыптау сөздерінен айырмасы болған жоқ. Бұл горбачевтік жариялылық кезеңі болатын. СССР халық депутаттарының сьезінде пікірталастар қызып жатқан кез. Сондықтан да, провинциалдық советтік Қазақстанда уыстан шықпайтын болса дағы баспасөзбен санасты. Алдымен жоғары дәрежелі шенеуніктер оқиғаның қалай басталғанын баяндап берді. Содан соң 21 маусымдағы оқиға туралы айтты. Олардың журналистерге айтқаны мынаған кеп сайды:

Қазіргі кезде қалалық мешітке айналған бұрынғы «Строитель» мәдениет үйі. 1989 жылғы бас көтеру осы жерде басталған еді. Жаңаөзен, 6 шілде 2009 жыл.
Тәртіпсіздіктер кезінде қыруар материалдық шығын келтірілген: 50-ден аса сауда және тұрмыстық нысандар зардап шеккен, алты автомобиль өртелген, арақ-шарап дүкені тоналған, көптеген әкімшілік, тұрғын үй ғимараттарының, жатақханалардың терезелері қираған. Бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің жұмыстары біраз уақытқа тоқтап қалған.

Қала мен қала маңындағы сол күнгі жағдай аса күрделі, көбіне қарама-қайшы деп сипатталған. Толқулар жалғасып, түрлі ұлттардан құралған қарсылас топтар арасындағы жекелеген қақтығыстар болып тұрды. Алайда Жаңаөзенде коменданттық сағаттың енгізілуімен жағдай тұрақтала бастады. Жаңа құрбандар жоқ, қаланың қалыпты жұмыс істеуіне қажетті көлік, өндіріс кәсіпорындары, қоғамдық тамақтандыру орындары, өмірлік маңызы бар нысандар жұмысқа кіріскен.

Сөйлеушілер бұл үлкен жанжалдың тууына, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар айтқандай саудада, қоғамдық тамақтандыру орындарында, жалпы алғанда қызмет көрсету саласында «кавказдықтардың жайлап алуы» емес, қаланың инфрақұрылымының қараусыз қалуы себепкер деді. Бұған СССР Мұнай өнеркәсібі министрлігі мен кейбір республикалық мекемелерді кінәлады.

Жаңаөзенде тұрғын үй, азық-түлік жетіспеген. Жастардың бір бөлігі жұмыспен қамтылмаған. Тұрмыстық қызмет көрсету орындары мен мәдениет мекемелерінің жұмысы тұрақсыз болған, спорттық ғимараттар жетіспеген. Бұған қоса алып-сатарлық қаулап, кооперативтер бағаны аспандатып жіберген, әлеуметтік әділеттілік принциптерін бұзу әдетке айналған. Атап айтқанда, пәтерді кезексіз беру, заңсыз негізде тіркеуге қою әдеттегі құбылыс болған.

Сөйлегендердің барлығы қаланың дамымай отырғанын, тұрғындарға жұмыс орындарының жетпейтінін айтты. Осының барлығы үшін олар жергілікті басшылық пен Мұнай өнеркәсібі министрлігін кінәлады.

«МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРТТЕЛУДЕ, ҚАРАЛУДА ЖӘНЕ ШЕШІЛЕТІН БОЛАДЫ»

1989 жылдың 22 маусымында Жаңаөзенде де баспасөз-мәслихаты өтті. Оған Қазақ ССР ішкі істер министрі Г.Князев, Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы Ф.Новиков, Қазақстан Компартиясы ОК-нің құқықтық мәселелер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Қ.Сүлейменов және Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Күмісқалиев қатысты. Айтпақшы, бұл дәл сол Қайырбек Сүлейменов болатын. Әлі генерал емес, министр де емес, алайда жоғары жаққа кіріп үлгерген еді.

Қойылған сұрақтар көп болды. Бірақ, шенеуніктердің берген жауаптары жаңаөзендіктер мен жақын маңдағы аудандардан келіп, кездесуге қатысқан азаматтарды қанағаттандырған жоқ.

Алдымен ішкі істер министрі Князев сөз алды. Ол тәртіп сақшыларының күшімен қалада тәртіп орнатуға қажеттінің барлығы жасалуда
Совет заманы кезіндегі Жаңаөзен қаласының маңы. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің редакторы - Евгений Хоруженко.
деді. Алайда, осы кезге дейін әр жерлерде тәртіпсіз элементтер бой көрсетіп, тыныштықты бұзуда деді министр. Атап айтқанда ол мынадай мысал келтірді: маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні аңшы мылтығымен қаруланған алты адам УАЗ машинасына мініп Орталық Азия газокомпрессор стансасына келіп, оны басып алмақшы болды. Алайда милиция қызметкерлері бұған жол бермеді.

«Түркістан» газеті бір фактіні, Жаңаөзендегі телефон стансасында жұмыс істеген қызметкер әйелдің куәлігін келтіреді. Князев Жаңаөзенде болған кезінде өзінің барлық әрекетін Мәскеумен келісіп отырған. Ол қару қолдануға Мәскеудің рұқсат беруін қайта-қайта сұраған. Бірақ, оған келісім ала алмаған.

Конференцияда жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі көтерілді. Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Күмісқалиев бұл мәселемен айналысатын арнайы комиссия құрылып жұмыс істеуде, атап айтқанда Мұнай өнеркәсібі министрлігімен келіссөздер жүргізілуде деді.

Совет заманындағы Жаңаөзен қаласының көрінісі. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің ауторы - Александр Семенов.
Халық қаланың азық-түлікпен және өндіріс тауарларымен дұрыс қамтамасыз етілмейтіні туралы сауалдар қойды. Неге барлық сауда нүктелерінде кавказдықтар отырады деп сұрады. Әрине, басты сауалдардың бірі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы болды. Атап айтқанда, қала басшысынан: «№5 автокөлік кәсіпорнындағы 600 жүргізушінің 460-ының баспанасының жоқтығын қалай түсіндіресіз?» деп сұрады.

Статистикалық деректер бойынша 1987 жылы қалаға жан басына шаққанда 51,4 келі ет бөлінгенін мысалға келтірді. Шындығында, қалада мемлекет бағасымен ет сатып алу мүмкін емес еді. Өйткені, мемлекеттік дүкендерде ет болмайтын. Ол ет, дүкенді айналып өтіп, алып-сатарлардың қолына түскен соң кооперативтік дүкендерде үш-төрт есе артық бағамен сатылатын.

1988 жылы «Узеньнефть» кәсіпорны мұнай мен газ өндіруден 110 миллион сом таза пайда тапты. Алайда, Жаңаөзеннің мұқтажына СССР Мұнай өнеркәсібінің министрлігі 3,5 миллион сом ғана бөлген. Яғни, одақтық министрлік аймаққа ешнәрсе қалдырмастан Маңғышлақтың байлығын аяусыз сорып алып жатқан-ды.

Тұрғындардың балаларын қазақ мектептеріне бере алмайтын фактілері келтірілді. Өйткені, оларда оқулықтар, парталар жетіспейді. Ал, кейбір қазақша сегізжылдық мектептер барак типтес ескі үйлерде орналасқан.

Теңге поселкесінің тұрғындарының бірі мынадай фактіні айтқан. Олардың ауылдарында 25 жылдан бері газ өндірілуде. Солай бола тұра жергілікті тұрғындар газсыз отыр. Оның айтуынша, олардың ауылдарынан шыққан газды көптеген одақтас республикалар пайдаланады. Тіпті, бұл газ Герман Федеративтік Республикасына дейін барады. Ауылдағы 5 мыңдай тұрғынның көпшілігі жұмыссыз отыр. Өйткені, жұмыс орындары жоқ.

Дәрігерлер өздерінің фактілерін келтірген. Мысалы, Жаңаөзендегі құрт ауруымен ауыратындар пайыздық өлшеммен алғанда республика бойынша бірінші орында екен.

Осы және өзге де сұрақтарға конференцияға қатысушылар «мәселелер зерттелуде, қаралуда және шешілетін болады» деп советтік рухта жауап берді.

Жалғасы бар. Журналистік зерттеудің келесі бөлімінде Жаңаөзен оқиғалары жайында оған қатысқандардың айтқанын келтіріп, ОМОН-дықтың куәлігін береміз. Жаңаөзендіктерді «Литературная газетаның» қолдағаны жайында және 20 жылдан кейінгі аймақтағы әлеуметтік-саяси жағдай туралы айтамыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG