Accessibility links

Жаңаөзендік жұмыссыздар жұмыс орнына жарияланған конкурсқа қатысу үшін көлікте түнеді


«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ құрамындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына жұмысқа қабылдайтындығы туралы хабарландыру бойынша келген жұрт. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. 7 желтоқсан 2009 жыл.

«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ құрамындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына жұмысқа қабылдайтындығы туралы хабарландыру бойынша келген жұрт. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. 7 желтоқсан 2009 жыл.

«Өзенмұнайгаз» кәсіпорынына жұмысқа алуға жарияланған конкурс әділ өткен жоқ деп наразылықтарын білдірген Жаңаөзен тұрғындары тым болмағанда бір үйден бір адам жұмысқа алынсын деген талап айтады.


100 ОРЫНҒА МЫҢДАҒАН ҮМІТКЕР

Желтоқсанның 7-інде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ құрамындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының кең ауласына симаған жұрт кеңсенің темір қоршауының сыртына дейін шығып тұрды.

Бұл жерге осыншама көп адамның жиналуына себеп болған – «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы 100 адамды жұмысқа қабылдайтындығы туралы жергілікті баспасөзде осыдан бір ай бұрын жарияланған хабарландыру еді.

Бос орынға конкурс болады дегенді естіген жұрттың кейбірі бұл жерге бірнеше күн бұрын келіп алған, кейбірі тіпті осы жерде көлікте түнеп, желтоқсанның 7-сін кәсіпорынның есігінің алдында күтіп, таңды қарсы алды, дейді Азаттыққа телефон арқылы хабарласқан жұмыссыз тұрғындар.

Олардың айтуынша, конкурсқа қатысуға келгендер арнайы тізім жасап тіркеліп отырған. Тізімге алынғандардың саны үш мыңның маңайына жеткен. Алайда дүйсенбіде өткен конкурс нәтижесінде кәсіпорынға жұмысқа санаулы адам ғана алынған.

«БІР ҮЙДЕН БІР АДАМ ЖҰМЫСҚА АЛЫНСЫН!»

Азаттық радиосына телефон арқылы хабарласқан жергілікті тұрғындар жұмысқа іріктеу әділ болмады деп шағым айтты.

Өзін Жаңаөзен қаласының тұрғынымын деп таныстырған Дәмеш Сарқұлова Азаттық тілшісіне былай деп мәлімдеді:

– Қазір біз, ашуға қарайған халық, «Өзенмұнайгаздың» жиналыс залында отырмыз. Конкурсқа тіркелу үшін алдын ала келіп, 3 күн бойы өндірістің алдында машинаның ішінде жатырмыз. Кеше түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін бір дәптерді толтырып, жиналған адамдар тізімін
«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына жұмысқа қабылдайтын конкурсқа қатысуға тілек білдіргендер күні бұрын тізіммен жазылып, тіркелді. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. 7 желтоқсан 2009 жыл.
жасадық. Бірақ жарияланған хабарландыру жалған болып шықты. Көз қылып тек 5 адамға жолдама берілді. Олардан басқа 40-50 орынды бастықтардың тума-туғандары иеленіпті деп естідік. Келген комиссия болса компьютерлерін жинап, қашып кетті.

Өз айтуынша, отбасында 4 баласы, мүгедек шешесі бар жұмыссыз Дәмештің күйеуінің де тұрақты жұмысы жоқ екен.

Жұмыссыз тұрғындар бос орындар сырт аймақтардан келгендерге бұйыратындығына да наразы. Бір шаңырақта бірнеше адамы кәсіпсіз отырған отбасылар көптеп кездесетін қаладағы ең басты проблема – жұмыссыздық болып отыр.

– Билік басындағылар қылмыс көбейді, қыздар жеңіл жүріске салынды деген баяндамалар жасайды. Олар басқа не істеулері керек сонда? Қалай жан бағулары тиіс? Үйде балаларымыз аш отыр. Бұл мәселелер туралы 2004 жылдан бері Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаевтың атына, Жаңаөзен қаласының әкімі Ж.Бабахановқа талай хат жазып келеміз. Жауап жоқ. Қалалық әкімшілік құрғақ уәде бергеннен басқа ештеме тындырмайды. Егер жұмыс бермесе мына халық ұйымдасқан түрде митингке шығамыз, аштық жариялаймыз. Өйкені, біз онсыз да ашпыз. Біз тым құрымағанда бір үйден бір адамды жұмысқа алуды талап етеміз! – деді Дәмеш Сарқұлова Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне Жаңаөзен тұрғыны Баян Шерниязова да қосылады.

– Жоғары оқу орынын қызыл дипломмен бітірген екі егіз қызым да жұмыссыз отыр қазір. Талап жәшігіне жұмыс сұрап жазған арыздарымызға бір айдан соң жұмыс жоқ деген жауап келеді, – дейді Баян Шерниязова.

Тұрғындардың айтқан арыз-шағымдары бойынша түсініктеме сұрамақ болып «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Дауылбай Абылханов мырзаға және оның орынбасарларына бірнеше мәрте телефон шалғанымызбен тұтқаны ешкім көтермеді.

«ТЕРЕЗЕМНЕН КӨРІП ОТЫРМЫН, «ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» АЛДЫНДА ЕШКІМ ЖОҚ!»

Ал Жаңаөзен қаласы әкімі Жалғас Бабаханов мырзаға хабарласқанымызда, ол кісі біз іздеген «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Дауылбай Абылхановтың да, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының өкілі Қайырғали Ережеповтің де өзімен бірге отырғанын айтты.

Тұрғындардан естіген әлеуметтік проблемалар жайында қала әкімінен сұрағанымызда ол ашулы елдің әңгімесін «бос сөз» деп теріске шығарды.

– Міне мен қазір тереземнен көріп отырмын, дәл қазір «Қазмұнайгаздың» алдында наразылық білдіріп, талап айтып тұрған ешкім жоқ. Ол жерде полиция қызметкерлері жұмыс жасап жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, адамдарды тіркеу бірнеше сағатта аяқталмақ, қазір тек 100-дей адам қалды. Ресми қабылдануы тиіс 100 адам болғанымен келгендердің бәрі тіркеуге алынып жатыр. Ел аман, жұрт тыныш. Ал жалпы жұмыссыздықтың Жаңаөзенде басым екенін жасырмаймын. Бүгінде 5205 адам жұмыс сұрап отыр, – деді Жаңаөзен қаласының әкімі Жалғас Бабаханов Азаттық тілшісіне.

«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ӨЗ ТАЛАПТАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН КҮТУДЕ

«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ құрамындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалында жыл басынан бері жұмысшылар еңбек құқықтарына байланысты бірнеше рет наразылық акциясын өткізгені туралы Азаттық хабарлаған болатын.

Соңғы рет өткен айда мұнда аштық жариялаған 37 жұмысшылар мен әкімшілік арасында жасалған мәміле бойынша, екі тараптан құрылған бітімгершілік комиссиясы жұмысшылардың талабын орындауға уәде беріп, желтоқсанның 30-на дейін мұрсат сұраған еді.

Жұмысшылар өз талаптары орындалмаса 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаппай ереуілге шығатындарын ескертті.

Жұмысшылардың қойған талаптарының қатарында еңбекақы мәселелерімен бірге кәсіпорын орталығын Ақтауға көшіру және оның жұмысына жұмысшылардың араласуына қол жеткізу, кәсіпорын басшыларын ауыстыру, Жаңаөзен қаласының әкімі мен облыс әкімі орынбасарларын орнынан алу жайлы тармақтар да болды.

Өткен айда Қазақстан преезиденті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысының әкімімен бірге Жаңаөзен қаласындағы жұмысшылардың мәселесін талқылағаны хабарланған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG